Бейімбеттің биігі
08.10.2019
1975
0

(Қостанайда Бейімбет Майлиннің 123 жылдығы аталып өтті)

Әділеттілік қайта орнап, Би-ағаның атын алған ауданға келген адам жолдың ұзақтығын да, кедір-бұдырын да сүт пісірім уақыт болмай ұмыта бастайды. Би-аға туған жердегі жасыл кілем төселгендей қыратты-ойпаңды, тау-тасты болып келетін даланың көркі көзді арбап, көңілді баурайды. Осындай сұлу өлкеден қарақанаттанып, халықтың ай мен жұлдызға теңейтін ұлдарының біріне айналған айтулы тұлғаның туғанына 125 жыл болды.

«Бейімбет туған жерде ешқандай ауызға ілінбеді» десек оның әруағының алдында да, ар алдында да күпірлік болар, бәлкім. Би-аға 1957 жылы ақталып, ел есін жиған соң, 1964 жылы Әйетте оның 70 жылдығын қуаныш пен мұңнан көз жасын сүрте жүріп, ерекше көңіл-күймен атап өткен екен. Бейімбетінің арқасында биікті де, бейнетті де көрген, ажал жоқ болған соң, бейнет пен қорлықтан да аман қалып, «АЛЖИР»-де отыруға тиісті 8 жылын сонда 5-6 жыл қой бағып өтеп, бала-шағасын әр балалар үйінен теріп алған Күнжамал шешеміз де төрде отырыпты. Содан кейін Би-ағаның 80, 90, 100, 120 жылдығы туған жерде, осы Әйетте аталып өтті. Бірақ ол кезде Би-аға туған жеріне жолаушы түскендей еді, аудан аты да, аудан орталығының аты да Таран болатын. «Туған жерде Бейімбет Майлиннің аты болсын» дегенді айтып, Олжас Сүлейменовтен бастап, зиялы қауым талай жазды, мәселе көтерді. Бірақ қызыл империя кезінде қызыл комиссардың биігі байқалмаса да, бәсі басым болды. Бірақ Таран – жерде, Би-аға – биікте, аспанда тұрғандай болушы еді. Жұрттың іші соны сезетін. Алайда өзіміздің салғырттығымыздан Тәуелсіздіктің 28-ші жылы Би-ағаға жасалған тағы бір әділетсіздік қалпына келді. «Ештен кеш жақсы» деген. Туған жерде Таран аттан түсіп, Би-ағаға орын берді – ауданның аты Бейімбет Майлин, аудан орталығының аты Әйет деп аталды. Қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына орасан үлес қосып, тотыдай түрлендірген жазушының тойы бірінші рет өз атымен аталатын ауданда бастау алды. Қос қуаныш рухты көтерді.

Осы жолы Би-ағаның тойы қызылды-жасылды, желеулеген даңғаза емес, жаңаша өріс алды. Той «Бейімбет Майлиннің мұрасы – ұлттың асыл қазынасы» атты ғылыми-практикалық конференциядан басталды. Оған облыс, аудан жұртшылығымен қатар, республика Жазушылар одағының Төрағасы, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулетов, Мемлекет тарихы институты Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, Алматы қаласындағы Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық кешенінің директоры, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділқазы Қайырбеков және Бейімбет Майлиннің ұрпақтары қатысты. Бас басылым «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығы арнайы шақырылды. Оның себебі бар. Бейімбеттің қызметі мен шығармашылығы еліміздің бас басылымы, бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетімен тікелей байланыста болды. Ол өткен ғасырдың 20-30 жылдары газет «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан» деп аталғанда қызмет істеді, жауапты редактор қызметін атқарды, мақалаларын, әңгімелерін жариялап отырды. «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ төрағасының орынбасары, бас редакторы Айбын Шағалақ той қонағы болып, ғылыми-практикалық конференцияда Бейімбет Майлин мен газет жылнамасы туралы мазмұнды әңгіме айтты. Тойда облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан той қонақтарын құттықтады.

????????????????????????????????????

Қазақ «тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Бейімбет туған, өскен орта туырлығы тесік қараша үйден тұрмайтын еді. Би-ағаңа біткен дарын, аса биік адамгершілік пен тектілік туған жер топырағының құнары мен ата-бабаның рухани қуатынан дарыған еді. Оны конференцияның модераторы, белгілі ақын, әдебиетші Ақылбек Шаяхмет былай кестеледі.

– Сіздер Бейімбет Майлиннің туып-өскен жеріне, ақындар мен батырлардың, билердің ата мекеніне келіп отырсыздар. Ел аузында жүрген шежіре дерегіне сүйенсек, Қарабалық Қыпшақтан – Шоманақ, Қарсақ, Танабұға, Жолыншы және Жолжақсы тарайды. Жолыншыдан – Сопы, Сопыдан  – Қарта туады. Қартадан – Қошқар, Жауар, Мамажар, Мәмеке, Әлеке, Әлекеш туады. Жабағы батырдың ата-тегін таратар болсақ, Қошқардан – Тәуке, Тәукеден – Сыма, Сымадан –Тоқмамбет, Ақжігіт, Ақмәмбет кетеді. Абылай ханнан бата алған Түгел батыр осы Ақжігіттің баласы. Ал Түгелден – Ипан, Ипаннан – Жабағы батыр туады. Батырдың немересі де атасына тартып батыр болған. Ал Ақжігіт – Би-ағаның түп атасы. Таратып айтсақ, Ақжігіттен – Өтеген, Қожық, Түгел, Атан, Жобал туған. Атаннан Тәукебай, Тәукебайдан – Майлы, Майлыдан – Жармағамбет, Жармағамбеттен – Бейімбет туған, – деді Ақылбек Қожаұлы.

ХХ ғасырдың қазаққа көрсетпеген құқайы жоқ. Бірақ бергеніне де шүкіршілік еткендейміз. Қазақ елінің болашағын ойлап, күрескен алаш азаматтарын былай қойғанда, халқымызға әдебиет пен өнердегі алыптар тобын берді. Сол ірілердің әу басында тұрғанның бірі – Бейімбет еді.

Бейімбет Майлин

– Бейімбет қазақ прозасының негізін салушы екеу болса – біреуі, біреу болса – өзі. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып, реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен және тақырыбының әралуандығымен дараланады. Ұлылық қарапайымдылықтан туады десек, бұл Майлин шығармаларына дәл келеді. Оның туындыларында өз дәуіріндегі большевик, совет жазушыларына тән патетика, жалған пафос, әсірелеу, ұрандату, жалаулату жоқ. Кедейінің болсын, байы мен орташасының болсын дәл шынайы типтік бейнелерін жасады. Және соның бәрін тарихи өзгеру тұрғысынан суреттеді, – деді Ұлықбек Есдәулет. Ол аудан­ның Би-аға атын алғанына құтты болсын айтып, қазақ әдебиетінде Бейімбет қалыптас­тырған мектептің жасай береріне сенім білдірді.

Конференцияға Би-ағаның ұрпақта­рының да қатысқанын айттық. Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында тұратын Зәуреш Сейтжанова Би-ағаның немересі, Рәзияның тұңғыш қызы. Атажұрты апайдың рухын көтергендей, атасының әруағын қастерлеген жұртқа да шексіз алғысын айтумен болды. Атасы ақталғанда Зәуреш апай 10 жаста екен.

– Бейімбет атам ақталғанда Сәкеннің, Ілиястың әйелі және Күнжамал мамамды Алматыға ерлерінің ақталған қағазын алуға шақырады. Сәкен мен Ілиястың қағазын бірден берген, ал Бейімбеттің ақталғаны туралы қағазы жоқ болып шыққан. Соны Күнжамал мамам күтіп, Алматыда екі көзі төрт болып, екі ай жатты. Ақыры табылмаған соң, еңсесі түсіп үйге келді. Сөйтсе, оны Жаңарқаға жіберген екен. Өйткені менің анам Рәзия әкесін іздеп, хаттың барлығын Жаңарқадан жазған ғой. Ақталу қағазын алғаннан кейін Күнжамал мамам балаларын құшақтап жылай берді, барлығы бірін-бірі құшақтап, жұдырықтай жұмылып, айырылмай біраз жылады. Біз баламыз ғой, селтиіп қарап тұрдық, – деп еске алады Зәуреш апай. Конференция соңында Бейімбеттің жиеншары, атасы атындағы қордың директоры Салтанат Мұстафина Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына арналған мерекелік медальді табыс етті.

Би-ағаның кіндік қаны тамған Әйет бойынан басталған той Қостанайда жалғасты.

Нәзира СЫРОВА,

Қостанай

 

«Бейімбеттің биігі» деп аталған аламан жиын, аста-төк тойдың ерекшелігі – осы шара аясында Майлин шығармашылығына арналған жас ғалымдардың ғылыми конференциясы өтті. Бұл өз кезегінде шығармалары толық жиналмай жатқан классик жазушының әлемін тануға деген тың талпынысты, соны ізденісті білдірсе керек.

 

Айнұр ТӨЛЕУ, әдебиеттанушы, мифолог

«Шариғат бұйрығы» мифтік шығарма

Біз Майлин прозасынан неліктен мифтік тін іздеп отыр­мыз? Осыған тоқта­лайық. Тақы­рып­ты көргендер, бірден, «Бей­ім­бет мистик емес қой. Оның шығармашылығының өзегі мифке негізделмеген» деген уәж айтуы мүмкін. Ол үшін миф және мифтік шығармалар бізге не үшін қажет, осыған аз-кем көңіл бөлуіміз керек. Мифтік ойлау мәдениеті ең алдымен культтерді қалыптастырды. Ал адам культ негізінде ойланады. Культ – адамды көмкеріп тұрған үлкен таным. Бейімбеттің заманында культтер қақтығысы жүріп жатты. Осы процесті ол шығармасына дер кезінде енгізді. Мәселен, «Шариғат бұйрығы» деген әңгімесіндегі Кәрібай молданың образын алайық. Кейіпкер «дұғаны бірнеше рет қайталап оқысам, кесенің түбіне сиямен ішірткі жазып, соны ішсем дұшпанымды жеңемін» деген тоқтамға келеді. Бұл әдеткі оқырманға күлкілі, дүмшелік пен надандықтың элементтері болып көрінеді. Ал, өз кезегімізде біз Кәрібайдың бойынан типтік образ көреміз және бұл образдың әлі күнге дейін бар екенін байқаймыз. Тұмар жазу, дұға оқып су ішу, құран кітап арқылы өзіне араша іздеу – бұның барлығы мифтік шығармаларда болатын сюжет.

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы

Майлиннің «Майданы»…

Задында, Бейім­бет ‒ күлкі қаншалықты алапат күш екенін ерте ұғынған қаламгер. Ал «Майдан» ‒–  тек қа­рым­­ды қаламгердің ғана емес, тұтас қазақ әдебие­тінің қоржы­нын тол­тырған тарихи негізі бар драма. Оның алтын арқауы – ‒ коллективизацияның алып келген зардабы, қайғы-қасіреті. Қолдан жасалған сайқал саясат кесірінен халықтан маза қашады, бей-берекетсіздік басталады, ретсіздік-хаос орнайды. Нәтижесінде, Карл Маркс айрықша айтқан «әлеуметтік класстарға» бөліну науқаны белең алып, ұлттың ұзақ уақыт бойы тарихи-эволюциялық жолмен қалыптанған пласты айтарлықтай күйреп, аса қажетті делінген көптеген құндылықтың жойылуына жол ашады. Бұл – Алаш тауарихындағы ауыр да алмағайып-аласапыран кезеңдердің бірі. Өзекті өрттей өртеген өкініштің орны тола қоймас, әлбетте. «Жаптым жала, жақтым күйе» дегендей, бай-бағланның мал-мүлкі талан-таражға түсіп, өздері түрмеге қамалды, итжеккен, Ібір-Сібірге айдалды, азапталды, атылды, асылды, сөйтіп ұлт генофонды құртыла бастады. Өйткені қазақ сүт бетіне шығар қаймағынан айырылды, соның әсерінен Майн Рид романындағы бассыз салтаттыға айналды, өз бет-бейнесін, идентификациясын жоғалтты, қамсыз қазақ жартысынан көп бөлігінен айырылды. Холокост, Освенцим, Голодомор, Пол Пот геноциды… Параллель. Қалған жұрт жан сақтау мақсатында жер ауды, жан-жаққа қашты, көшіп кетті. Екіжүзді билік мұны жасырды, жалған ақпар берді, шынайы деректерді терістеді. Алайда Бейімбеттей адал азамат аталған тарихи феноменды нағыз реалист есебінде суреттеп шықты.

 Елдос ТОҚТАРБАЙ,

ҚР «Дарын» мемле­кет­тік жастар сый­лығының лауреаты

Шұға – идеалды қазақ қызының бейнесі

Бейімбет Майлин – алдымен ірі прозаик. Оның «Шұғаның белгісі» хикаятымен қатар, түрлі тақырыпта жазған әңгімелері, повестері мен романы әдебиетіміздің тақырып пен идея, мазмұн мен түрін жан-жақты байытқан көркем туындылар. Бұл ретте әйел тағдырын шынайы суреттеген классикалық туындысы «Шұғаның белгісі» жайында ерекше әңгімелеген жөн. Шығарманы зерттеушілер француздың классикалық туындыларымен салыстырады. Айтса айтқандай, автордың бұл туындысы әлем әдебиетіндегі Густав Флобер, Ги де Мопассан сынды классиктердің үлгісімен әйелдің ішкі әлеміне үңілуге, сырын түсінуге арналған классикалық әдебиеттің бір парасы деп айтуға толық негіз бар.

Шұға өлең де, жыр да оқиды, кесте тігіп, ән де салатын жұрт қызықса қызыққандай, тамсанатын сұлу еді деп баяндалады шығармада. Оған шығармадағы мына жолдар дәлел: «…Осы күнгілердің бір тапқаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда, Құдай сана берсін десейші..»[1;7]. Бұдан қазақ қызының идеалды образын айқын көре аламыз.

Заңғар КӘРІМХАН, әдебиет тарихшысы

Таранды алдық…
әйтсе де, талапты күшейте беруіміз керек

Біздегі отарсыздану процесінің өте баяу жүретіні сонша, тәуелсіздіктің 26-ыншы жылы дегенде Таранның атын құрт­тық та, Бейімбетке алып бердік. Бірақ қуа­нуға әлі ерте, Л. Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы жазушының есіміне бермейінше тоқтамауға тиіспіз. Бұл – кезек күттірмейтін ең бірінші мәселе.

Екіншіден, әдебиеттануда қазір тұлғалық энциклопедиялар шығаруды қолға алып жатырмыз. Осы ретте айтарымыз: ақпараттың сан алуан жиынтығын қамтитын қарыстай кітаптардың қатарынан «Бейімбет Майлин» тұлғалық энциклопедиясын да көргіміз келетінін жасырмаймыз.

Бейімбеттану ғылымында түпкілікті осы саламен айналысып, ұзақ жылдар зерттеген Т. Нұртазин, Т. Бейісқұлов, С. Байменше сынды ғалымдардың еңбектеріндегі деректерге қарағанда 43 жасына дейін үйінің жарығы түн ауғанша сөнбей жазу жазған қаламгердің әдеби-публицистикалық мұрасы толық түгенделген жоқ. Тіпті, Тоқтар Бейісқұлов өмірінің соңына дейін жазушының жаңа шығармаларын тауып, ғылыми айналымға енгізумен болды. Демек, Бейімбеттің жарияланбаған шығармалары әлі де бар деген сөз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір