Кері есептің кереметі
Қазақстан жоғары мектебінің көрнекті қайраткері, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, математикалық физиканың кері есептері, информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі, білім беруді ақпараттандыру салаларының бас маманы Есен Ықыласұлы Бидайбеков 1945 жылы қазан айының 2 жұлдызында ауыл мұғалімінің жанұясында дүниеге келді. Орта мектепті медальмен, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (ол кезде – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) механика-математика факультетін қызыл дипломмен бітірді. Факультет ұстаздары есептеуіш математика кафедрасының лабораториясына математик-программалаушы лауазымына жұмысқа алды. Лаборатория өзінше бір ғылыми-зерттеу мектебі сияқты белгілі салада ең озық, өзекті ғылыми идеялар бойынша жұмыс жасайтын. Білімге құштар, ғылымға ынталы, алғыр жас физикалық-математикалық құбылыстардың құрамдас бөліктері арасындағы себеп-салдарлық қатынастардың сырын, кері есептің бірден-бір шешімінің өрнегін осы лабораторияда жүріп іздеді. Ол үшін лабораторияда өткізген екі жылдың әр күні, жетекші ғалым-ұстаздармен бірге жұмыс жасаған әр сағаты ғибратты, жемісті болды. Талантты жас шыңдалды, қанаттанды.
Жас ғалым, жас маман қанша талантты, қанша дарынды болғанмен, жаңалық ашуға, жаңа білім өндіруге өзін-өзі қамшылаумен, зорлаумен жете алмайды. Ол үшін қалыптасқан ғылыми ортада жетекші ғалымдардың жұмысын байқап-бақылаудың өзі – үлкен табыс. Ойлы жас үшін осындай байқаулар мен бақылаулар, аңдау мен аңғарулар шығармашылық ойлаудың таптырмас қайнар көзіне айналады. Университетті жаңадан бітірген жас математик-программалаушының шығармашылық ойлауына математика кафедрасының лабораториясы осындай кең өріс ашты. Ойы алып-ұшқан, қиялы қанатты жас маман ғалым-ұстаздарының ақыл-кеңесімен, сүйеуімен талабын ұштап, талантын ашты, жаңашыл идеяларын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етуге мүмкіншілік алды.
Жас маманның ғылым жолындағы қиын асудан, сындарлы кезеңнен мұқалмай, қиналмай өтуі оның ғылыми және ғылыми-ұстаздық өмір жолының сәтті болуына әсер етті. Аспирантураға түсіп, зерттеу жұмысын КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің (Новосибирск қаласы) есептеу орталығындағы ғалымдардың тобында жүргізудің де тағылымы мол болды. Қазақ университеті ғалымдарының ортасы, КСРО ҒА Сібір бөлімшесі ғалымдарының ортасы жас ғалымның нағыз ғалым болып қалыптасуына ықпал етті. Есен Ықыласұлының ғалым, ұстаз ретінде қалыптасу кезеңінің интеллектуалдық әлеуеті ересен күшті екі ғылыми ортада өтуі оның ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметінің байыпты да баянды, жемісті де келісті болып жалғасуына негіз болды.
Нағыз ғалымды орта қалыптастырады. Талант, дарын – табиғаттан. Табиғатында болмаса, ешкім тіленіп – талант, сұранып дарын бола алмайды. Талант пен дарын – табиғаттың үлкен сыйы. Кісі талантты, дарынды бола тұрып, кісі қатарына қосыла алмай қалса, талант үшін де, дарын үшін де, адам үшін де одан асқан бақытсыздық жоқ. Таланттың, дарынның да бағы болады. Нағыз адамға, адамшылық негізі берік кісіге бітсе, дарыса ғана таланттың, дарынның бағы ашылады. Есен Ықыласұлына біткен, дарыған талант пен дарынның бағы ашылып, нұры тасыған болар деп шамалаймын.
Жас ғалым аспирантураны «Дифференциялдық және интегралдық теңдеулер» мамандығы бойынша бітірді. «Гиперболалық типті кейбір квазисызықтық теңдеулер үшін кері есептің бірден-бір шешімі» деген тақырыпта физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациялық зерттеуін ойдағыдай аяқтап, қорғауға ұсынды. Ізденуші өз зерттеуінде өзекті және ғылымдар тоғысында шешілетін күрделі де қиын мәселені көтеріп, оны биік талаптарға сай шешті. Кері есептің кереметі ашылды: зерттеуші қол жеткен ғылыми нәтиженің (салдардың) себебін анықтау жолында ғылым мен білім салалары өзара тоғысып жатқан кең өріске шықты.
Ол кездерде ғылыми ортада кандидаттық диссертация үлкен ғылымға барар алғашқы баспалдақ ретінде есептелетін. Есен Ықыласұлы өзінің диссертациясында шешілген әлеуметтік мәні бар ірі мәселенің ғылыми және практикалық маңызының жоғарылығымен, қолдануға сұранып тұрғандай ғылыми нәтижелерінің құндылығымен диссертациялық кеңес мүшелерін де, факультеттің ғұлама ұстаздарын да ойландырып, олардың ықыласына бөленді.
Зерттеушінің кері есеп теориясын байытқан ғылыми нәтижелерінің бір саласы жоғары білім беруді ақпараттандыру ісін дамыту бағытында қолдануға өзінен-өзі сұранып тұрды. Ғалым университеттің ЭЕМ (электронды есептеу машинасын) математикалық қамтамасыз ету кафедрасында, қолданбалы талдау кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметтерін атқара жүріп, білім мазмұнын көп деңгейлі өлшемдер бойынша жүйелеу, оның математикалық, компьютерлік моделін жасау бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, оқыту технологиялары мен ақпараттық технологиялар арасындағы қатынастар, өзара байланыстар өзегінде практикалық маңызы айқын, қолданбалы мәні үлкен ғылыми мәселелермен айналысты.
Зерттеулері жариялана бастағанда, ғалымның ғылыми ізденістерінің бағытының, нәтижелерінің білім беру ісінің дамуына, оқыту сапасының жақсаруына тың серпін беретін мүмкіншілігі бары белгілі болды. Іргелі ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізудің ғылыми және методологиялық негізін жасауға айрықша мүдделі болған және бұл бағытта талантты жастарға қолдау көрсетіп келе жатқан университет ғалымдары Есен Ықыласұлына сенім артып, арнайы міндет жүктеді. Соған орай оның бастаған ғылыми зерттеулерін жалғастыруына, ғылыми ізденістерінің арнасын кеңейтуіне, докторлық диссертациясын жазуына қажетті жағдай жасалды: екі жылға КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне (Новосибирск қаласы) есептеу орталығының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеуге жіберілді. Қазақ ғалымы КСРО ҒА Сібір бөлімшесінің маңдайалды ғалымдарымен бірлесіп қызмет етті, ғылыми зерттеулер жүргізді, тәжірибе алды, ғылыми зерттеу саласындағы әдістер мен тәсілдерді меңгерді, жаңа методология жүйелерін игерді.
Есен Ықыласұлы Новосибирскіден Алматыға информатиканы оқыту теориясы, білім мазмұнын математикалық моделдеу, білім беруді ақпараттандыру технологиясы саласындағы салмақты табыстарын ғылыми қауым жете таныған және елдегідей екінің бірі емес, бірден-бір маман болып оралды. Бұл ғалымның өмір жолындағы, Қазақстанның білім беруді ақпараттандыру саласы бойынша ғалым-ұстаз дайындау ісіндегі үлкен жетістік еді.
Жаңа тұрпатты ғалым-ұстаздың информатиканы оқыту теориясы, білім беруді ақпараттандыру саласындағы ғылыми жетістіктері, кәсіби мүмкіншіліктері министрліктің, Алматыдағы жоғары оқу орындары басшыларының назарын бірден аударды. Олар жоғары білікті маманды өздеріне шақырып, білім беруді ақпараттандыру ісін заман талаптарына сай тиісті жүйеге салуды сұрады. Солардың бәрінен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің (Ол кезде – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының) уәжі негізді болып шықты. Педагогикалық университет информатиканы оқытудың теориясы мен практикасын, білім беруді ақпараттандыру ісін білім берудің барлық деңгейлері мен салалары бойынша жолға қою мәселесін көтеріп, оған қажетті жағдайдың бәрін жасауға уәде етті.
Екі жоғары оқу орнының өзара келісуімен Есен Ықыласұлы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне есептеуіш математика және дифференциалдық теңдеулер кафедрасының меңгерушісі болып ауысты. Бұл – 1984 жыл еді. Содан бері өзінің ғылыми мамандығы саласында кафедра меңгерушісі бола жүріп, ғылым мен білімнің дамуына қызмет етті, бар күш-қуатын, ерік-жігерін, ақылы мен ойын, қабілетін білім беруді ақпараттандыру ісіне арнады. 1985 жылы КСРО Оқу министрлігінің есептеуіш математика және бағдарламалау бойынша ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшелігіне сайланды. Іле-шала осы министрліктің информатика және есептеуіш техника бойынша ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі болып сайланды. Аталған екі кеңес КСРО аумағында есептеуіш математика, бағдарламалау, информатика, есептеуіш техника салалары бойынша ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстардың бағыт-бағдарын анықтап, үйлестіруде орасан зор қызмет атқарды. Есен Ықыласұлы осы кеңестерде ғылым мен білім беру ісін, ақпараттандыру ісін КСРО кеңістігінде біртұтас жүргізу туралы идеяны көтеріп, оны жүзеге асыру ісін бастаушылардың қатарында ерен еңбек етті. Ғылыми-ұйымдастырушылық, үйлестірушілік істерде, зерттеулерінде, ұстаздық қызметінде технологиялық тұрғыны басты ұстанымына айналдырды. Жоғары мектептің ғылымы мен білім беру, жоғары білімді мамандар даярлау ісін ұйымдастыруда алғырлығын, жаңашылдығы мен талапшылдығын, әр істе нақты және пайдалы нәтижеге жетуге қабілеттілігі мен іскерлігін көрсетті.
Оқытудың математикалық-ақпараттық технологиялары, математикалық модельдеу, сандық әдістер, логикалық бағдарламалау, мәліметтер қоры және ақпараттық жүйелер, электронды оқу құралдарын жасаудың ғылыми-әдістемелік негіздері мен технологиялары, мультимедиялық үйретуші программа мәселелері секілді іргелі және қолданбалы зерттеу салаларында кешенді ізденіс жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің өзегінен туған ойлары мен идеяларын дамыта отырып, әлеумет өміріндегі күрделі құбылыстарды, солардың ішінде білім мен ғылым жүйесіндегі ахуалдар мен жағдайларды концептуалдық және логикалық-құрылымдық деңгейлерде бірдей танып-білудің технологиясын, типтік моделін жасады. Оны метатехнология, макротехнология, мезотехнология, микротехнология сияқты деңгейлер бойынша саралап, жетілдірді.
Ғалымның іргелі теориялық ойлары тәжірибе жүзінде пайдалануға дайын қолданбалы сипаттағы идеяларымен, технологиялық ойлауы математикалық ойлауымен ұштасып, өзара тоғысып, тіпті бірбүтін шығармашылық қасиетке айналды.Пікірлері, тұжырымдары ғылыми ақиқатқа айналған, толық дәлелденген құбылыстарға негізделді, математикалық дәлдіктің шегінен шықпады. Ой мен ойлаудағы осы ерекшелік ғалымның шығармашылығына, ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметіне тән интеллектуалдық құндылық ретінде орнықты.Қазақстан Республикасы университеттерінде информатикамен сабақтас бейінде даярланатын мамандарға информатиканы оқытудың әдістемелік жүйесін дамыту мәселелері бойынша жүргізген зерттеулері негізінде Ресей білім беру академиясында докторлық диссертация қорғағанда ол осындай кәсіби және азаматтық биік белестерге көтерілген кемел шағында еді.
Есен Ықыласұлы Қазақстанда білім беру жүйесін оның барлық деңгейлері бойынша ақпараттандыру бағытында жүргізген зерттеу жұмыстарының ғылыми және практикалық маңызы айқындала берді, айқындала берген сайын олардың өзектілігі арта түсті. Білім беру ісін барлық салалары мен деңгейлері бойынша ақпараттандыру, ақпараттық және коммуникациялық жаңа технологиялармен қамтамасыз ету республика көлемінде кең өріс жайды. Ол өзі басқарған және басқарып отырған ұжымның ғылыми-ұйымдастырушылық қызметін ұдайы жетілдіріп, жақсарта отырып, оны информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесінің өзекті мәселелерін шешуге, жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологиялар жасауға, оларды білім беру саласы бойынша өндіріске енгізуге, сөйтіп білім сапасын ұдайы жақсартуға жұмылдырды.Білім беруді ақпараттандыру, білім берудің ақпараттық және коммуникациялық технологиялары саласында педагогикалық, ғылыми-педагогикалық мамандар даярлаудың теориялық және әдістемелік негізін нығайтты. «Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі» ғылыми мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін құрылған диссертациялық кеңестің төрағасы бола жүріп, елімізде жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық мамандар даярлауға үлкен үлес қосты. Ол тікелей өзінің жетекшілігімен 12 ғылым докторын, оның ішінде 1 PhD докторын, 31 ғылым кандидатын даярлады. Қазақстанның, ТМД елдерінің, сондай-ақ, алыс шет елдердің ғылыми басылымдарында 540-тан астам еңбектері жарияланды, олардың ішінде 60-қа тарта монография, оқулықтар мен оқу құралдары бар.
Е.Ы.Бидайбеков – Қазақстанның жоғары мектебінің, білімі мен ғылымының дамуына, қоғамдық санасының жаңғыруына, елдің интеллектуалдық әлеуетінің нығаюына лайықты үлес қосқан және қосып келе жатқан ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз. Ғалым-ұстаз бүгінде кемеліне келген, шығармашылық ойлары піскен, күш-қайраты толған қалпында. Асар асулар, шығар биіктер алда да аз емес.
Жанғара Дәдебаев.
ПІКІРЛЕР1