Қара сөзбен картина салатын қаламгер
20.09.2019
1613
0

Рухани қазынасы бай адам бағыт-бағдарынан ешқашан адаспайды. Өйткені оның кемелдікке, көрегенділікке, кісілікке һәм мәдениеттілікке жету жолында құрыштай шыңдала түсуіне жәрдемші болатын «кітап» атты айнымас та сенімді серігі бар. Ал, «мәдениет оқылған кітаптардың санынан емес, түйген ой-түсініктердің жиынтығынан көрінеді» дейді. Бұл сөздің растығына – «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманының» ой-толғамы айқын дәлел бола алады. Ендеше, белгілі журналист, жазушы Сәкен Сыбанбайдың біздің сауалнамамызға берген тұшымды жауабын оқи отырыңыз. Сұрақтарымыз әдеттегідей: Сүйікті жазушыңыз кім? Оның шығармашылық қолтаңбасының ерекшелігі неде? Жазушының әсіресе қай шығармасы жаныңызға ерекше жақын?

1. Шығармашылығын ерекше құрметтейтін, кітаптарын жиірек қолға алып, сырласатын жазушыларым аз емес. Аттарын атасам, сала құлаш тізімге ұласуы мүмкін. Бірақ әдебиетіміздің сол классиктерінің мол мұрасына ынтық адам мен ғана емес қой, оларды көзі қарақты бүкіл қазақ сүйіп оқымай ма? Салыстырмалы түрде бергі кезеңдегі қаламгерлердің арасында да небір майталмандар бар емес пе?

Солардың бірі – осыдан бір жарым жыл бұрын дүниеден озған жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев. Қаламынан сөз саулаған Рахаңның қай шығармасын бірінші оқығаным қазір есімде жоқ, бірақ оның бірден өзіне баурап алғанын білемін. Оның бүкіл туындысының өн бойынан ұлттың бір уайымын, қоғамның көкейін тескен бір мәселесін көремін. Шығармалары көркемдігімен қатар тақырыптық уәжінің, әлеуметтік түрткісінің өткірлігімен айшықталып тұрады. Жазушы оқырманын қиялдың қалың орманына қамап тастап, терең толғаныстарға жетелейді. Кей тұстарда кітаптың бетін қайыра бүктеп, басыңызды көтеріп, әлдебір белгісіз нүктеге қадала қарап, тұңғиық ойға батып кеткеніңізді байқамай да қаласыз. Оның шығармасын оқығаннан кейін дүниетанымыңызда әлдебір өзгеріс болып, өмір мәні, тіршілік түйткілі жайында бас қатырып, тіпті жаныңыз тазарып, санаңыз сілкініп сала береді.

«Адамзаттың Айтматовы» – Шыңғыс Айтматовтың өзі «интеллектуалды қазақ прозасының ХХI ғасырдағы озық өкілі» деп бағалаған Рахымжан Отарбаевтың қай шығармасында да айрықша айшықты мәнерде көрініс табатын сатиралық элементтер оқыған жанды әрі көзінен жас аққанша күлдіреді, әрі көкірегін қаздай шулатып ашындырады. Мысалы, «Актриса». Бұл – «Өмір дегеніміз – театр» ғана емес, «Театр дегеніміз – өмір» екенін де көрсете білген туынды. «Соңғы спектакль», «Болған оқиға», «Аяқталмаған хикая» атты әңгімелері де солай: алдымен рахаттана күліп аласыз. Сосын ойланып қаласыз.

2. Р.Отарбаев қазақ тілінің бар шұрайы мен шырайын артық ағызып-тамызбай да, кем қып қақтап-қаңсытпай да, орын-орнымен, жөн-жосығымен мүлтіксіз қолданады. Сөздік қорының, тіл байлығының көл-көсірлігі, сюжет сыпаттаудағы, образ жасаудағы көркемдік шеберлігі таңдай қақтыратыны сонша, оның шығармасын оқығаннан кейін кейбір басқа кітаптарға көңілім шаппай, қоңылтақсып қаламын. Былайғы жұрт жадағай шолып, жалаң баяндаумен шектелетін тұстарды, асығыс айтып, жай сөзбен судыратып өте шығатын көріністерді ол басқаша кестелейді, қазақы нақышпен әдіптеп, сөзбен сурет салады. Ол кісінің жазуында пойыз күншығысқа бет түземейді, «…қайыстай созылып күнге маңдай төсейді» («Атырау-Алматы пойызы»), күн батып бара жатпайды, «батысқа еңбектей жығылады» («Жасырынбақ»), ауыл теңіз жағасына қоныс теппейді, «теңіз тамағына төніп отырады» («Біздің ауылдың амазонкалары»), үйге кіріп келген кісі жай «малдас құра» салмайды, «екі бұтын құшақтастырып отыра кетеді» («Американың ұлттық байлығы»).

Яғни, Рахымжан Отарбаев әбден көз үйреніп, қалам қалыптасып кеткен бейнелеу әдістерінен, сіңісті суреттеулерден, дағдылы сөз тіркестерінен әдейі қашады. Таптаурын тәсілдерден үнемі іргесін аулақ салады. Тың теңеу, соны сипат іздейді. Мұның бәрі – сөз өнерінің киесін ұққан, кепиетін бойына сіңірген, сол кие алдындағы жауапкершілікті «бұлжытпай орындауға тиіс қасиетті борышым» деп санаған көркем әдебиеттің адал құлына ғана тән ұмтылыстар. Соқталы тілдік құнардан гөрі сыпырта баяндап шығуға әуестік жеңіп бара жатқан кейінгі кезеңде Рахымжан аға өзін «табиғаттағы ақ қарға» сезініп қалған да секілді. Кей сұхбаттарындағы тұжырған ойларынан осыны аңғарғандай болдым. Бірақ кейінгі бір әңгімесінде: «Лайланған су тұнбай қалған кезде, лай судың астында асыл жатыр ма, ақық жатыр ма – білмей жүргенде, «менімен бірге орыстың айшықты тілі өледі» деген Иван Буниннің сөзі есіме түсетін еді. «Әй, осы біз қазақтың қасиетті де мәнерлі сөзінен айрылып қалдық-ау, жазу кетті-ау» деуші едім. Құдайға шүкір, талантты жігіттер өсіп келеді…» – деп келешектен күдер үзбейтінін де ұқтырыпты.

Жазушының өзіме ерекше ұнаған шығармасы – «Бас» романы. Рас, «адамның басы – Алланың добы», алайда адамның басымен адам ойнай бастаса, біткен жеріміз осы емес пе? Физиологиялық тұрғыдан еш кемістігі жоқ, иығында кәдімгі басы бар, бірақ сол басымен бас пайда, жеке мүддеден басқа ештеңе ойламайтын тоғышарлар қауымы қалай қалыптасты? Махамбеттің жоғалған басының хикаясы арқылы жазушы осы мәселелерді қозғап, ұлттың, адамзаттың тағдырына алаңдайды.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір