Ұлтымыздың рухани ұлы тұлғасы
13.09.2019
1532
0

 2009 жылы Әбіш ағам жетпіске келді. Маған қаншама ағалық қамқорлығы мен жан жылуын берген асыл ағам жайында түгел болмаса да, ойымда жүрген қадау-қадау тұстары туралы көлемді мақала жазғым кеп жүргем-ді. Іздегенге сұраған дегендей, Алматыдағы бір тойда Респуликалық «Егемен Қазақстан» газеті АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахмановпен кездесіп қалып, дастарқан басында  қатар отырдық та, оған «Әбіш ағам туралы мақалама газеттен екі бет қиясың ба?» – деп, қайта-қайта қолқа сала бердім. Әрине,  Сауытбек  – Әбекең туралы мақалаға тұтас бір нөмірін де қия алатын жігіт. Бірақ ол кісі туралы пікір айтқысы келетін адамдар да көп қой. Солардың есебінен түгел екі бетті Әбекеңе емес, маған қия алмай біраз ойланып әрі-бері алып қашып отырды да, мен тақымдап қоймай бара жатқаннан кейін «ал, жаза қойыңыз», – деді. Мен мұны мойныма ілінген үлкен жауапкершілік деп ұқтым да, бірден мақалама кірісіп кеттім.  Әрине, Әбіш Кекілбаев туралы жазу оңай емес. Ол – шыңдай биік, даладай кең, шыңыраудай терең. Бір мақаламен оның биіктігін де, тереңдігін де ада-күде адақтап шыға алмайсың. Ол – жазған сайын жаңа қырынан ашыла беретін алып тақырып. Оның биіктігіне жету үшін қаншама асу-белеңнен асып, оның кеңістігін қамту үшін аптап пен аңызақ, бораны мен борасынына бой бермей өтіп, тереңдігіне жету үшін қаншама қыртыс пен қатпар аударуың керек. Оны ғұмыр бойы жазып, тауыса алмайсың.  Ешкімге  түбегейлі алдырмайтын да, шалдырмайтын  да ұлы тақырып.

Ондай ғұлама туралы жас, балаң кезіңнен қалыптасқан әсерлерің болады ғой. Алдымен соны жазуға ынтық болатының рас. Мен сол әсерлерімді жаздым. Есейген кездегі қалыптасқан ойларымды айттым. Тәп-тәуір мақала болып шықты. Көп ұзамай жарық та көрді. Ол мақаланың жарық көруі Дәмеш апайымның қайтыс болған кезіне тап келмесі бар ма?!

Күтпеген жерден Әбекең телефон соқты. Бір жігіттерден естіген болу керек, маған көңіл айтты да, ал, «Темірхан, мақалаңды оқыдым, саған шексіз ризамын», – деді. Оның осы сөздерді айтқан қоңыр дауысы әлі күнге құлағымда. Мақала «Шыңырау» деген атпен жарық көрді. Әрине, Әбекеңнің риза болғанына, апайымның қайтыс болғанына қайысып жүрсем де, кәдімгідей арқаланып қалдым…

Сонымен мен Әбекеңнің Маңғыстауда өткен тойына бара алмадым. Барған жұрт керемет боп өткенін тамсанып, таңырқап тұрып айтып келді. Ол жерде де менің мақалам жайлы жақсы сөздер айтылыпты. Оны да есіттім.

Басқа баспасөз беттерінде де, телеарналар мен радиолар да Әбекеңнің жетпіс жылдығын кеңінен атап өтіп жатты.

Астанадағы тойына шақырылсам да, бара алмай қалдым. Ол мерейтойды теледидардан қарап отырдым. Президент «Еңбек ері» атағын бергені туралы жарлығын жариялап, төс белгісін омырауына тақты. Әбекең ол кісіге ризашылығын білдіріп қолын сүйгендей болды. Мен өз басым осы бір көріністен ешқандай да не әбестік, не ерсілік көрген жоқпын. Қайта ол кісінің орасан зор еңбегі лайықты аталып жатқанына қатты қуанып отырдым. Ертеңіне, сонан кейін де кейбір газеттер ұлардай шулап қоя берді. Мен үшін нағыз әбестік, нағыз ерсілік сол шу болды. Құдай-ау, сол бір қол сүйгенінен мына жұрттың сұмдық сұмпайылық, жағымпаздық көргендеріне әлі күнге таңмын. Әбішке ондай сөз таңу үшін, алдымен оны біліп алу керек қой. Ал мен Әбіштің мінез-құлқын әп-әжептәуір білем деп ойлаймын. Маңғыстауға барған сайын мен оның қасынан табылатынмын. Талай-талай жиындарда да, қыдырыста да, кездесулерде де бірге болдым. Сонда, тіпті, сексеннен асып кеткен ақсақалдардың өзін бала құсатып еміреніп, бауырына тартып, айналып-толғанып, маңдайларынан иіскеп, қолдарын сүйетін. Ондай кезде әлгі сексендегі ақсақалдардың өзі шынында да баладай мәз-мейрам болып Әбекеңнің құшағына кіріп бара жататын. Ықыласы ауған кезінде ылғи солай ететін. Теледидардан көрген көрініс те маған сол көріністердің жалғасындай боп көрінгені содан болса керек.

Ал әлгіндей бір шоғыр жұрттың қайран Әбекеңді сынға алуы, елге, жұртқа опасыздық жасағандай даурығып, дабыра салуы ұят-ақ болды.

Әбекең Президентке (экс-президент Н. Назарбаевты айтады.-ред) жағымпаздық жасаса, сөзбен жасар еді. Әрине, ол кісінің Президентті қоштап, құптап сөйлеген сөздері бар. Ол рас. Олардың бірінен де сіз жағымпаздық сөздерді таба алмайсыз. Белді-белді деген адамдардың біразы Президентті Мұхамбет пайғамбарға, Нұх пайғамбар мен Мұса пайғамбарларға теңеп жатты ғой. Құдайға шүкір, Әбекең ондай күпірлікке барған жоқ. Бар бәле ол кісінің табиғатын, болмысын білмегендіктен шығып тұр.  Төс белгі таққанда ықыласы ауып кетті де, өзінің бойына біткен мінезімен қолынан сүйе салды. Сол үшін оны жерден алып, жерге салғандары несі?

Әлгі жалаулатып айқайлап, алаулатып от жағып жүргендер еліне, жеріне өлшеусіз еңбек еткен Әбекеңе қандай ауыр қиянат жасағандарын білсе ғой.  Содан кейін-ақ ол кісі өле-өлгенше кейіп, тұнжырап, түнеріп өтті. Сол бір кездегі оның түтіккен түр-түсін көз алдыма келтірсем, әлі күнге өзегім өртенердей боп қатты қиналам.

Маған біреулер «мұны кезінде неге айтпадың?» деуі мүмкін. Айтар ем, әлгі алаулатқандар мен жалаулатқандар бұрынғыдан бес бетер өршіп кете ме деп қорықтым. Бірақ қазір айтылса да – кеш емес…

Тағы да ойда жүрген бір мәселені айтпай кетуге болмас. Мен сол жылдары ешқандай оппозициялық партияда болмасам да, біздің қоғамның басқа өріске түсіп, яғни халықтың сөзін ешуақытта қабылдамайтын өктемдікпен басқаруға көшіп бара жатқанына төзе алмастан оппозициялық көзқарасымды мақалаларымда да, өлеңдерімде де ашық айтып жүрдім. Сол сөздерімді біліп отырған жоғары жақ мені шетқақпай етіп, бар-жоқ екенімді көзге ілмей тастағандарына көзім әбден жеткен. Оған мен, әрине, түсіністікпен қарадым. Сынап жатқан адамды маңдайынан ұрмаса, арқасынан қақпайды ғой. Бір күні бір тойда Әбекеңмен кездесіп қалдым. Оңаша бір сәтті пайдаланып Әбекеңнен «Әбеке, өзіңіз байқап жүрген шығарсыз, мен қазір ешқандай оппозициялық партияларға кірмесем де, бәрібір жоғары жақ «оппозициялық пікірлер» деп қабылдайтын сөздер айтып жүрмін. Менің бұл әрекетіме ренжіп жүрген жоқсыз ба?» – деп сұрадым. Тұнжырап тұрған Әбекең маған жалт қарады да: «Мен саған неге ренжиін?! Демократиялық ел құрамыз деп жатқан жоқпыз ба, ал демократияның ең басты белгісі – пікір алуандығы ғой. Сондықтан менің саған ренжитін жөнім жоқ. Тек арандап қалма! Абай бол!» – деп, шамалы уақыт қолымен иығымды сығымдап ұстап тұрды. Мен де жеңілденіп сала бердім. Өйткені ол кісі үндемей қоя ма, жоқ әлде кейістік таныта ма деп ойлап едім. Мен сол сөзден бұдан қаншама жыл бұрын, яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтқан «демократиялық жолмен дамысақ қана ел боламыз», – дегені есіме түсті. Мен ол кісінің әлі күнге іштей болса да, сол позицияда екеніне көзім жетті. Бірақ бір жерге келіп кептеліп тұрғандай кейіп танытты. Оның иығымды сығымдап ұстап тұрғаны іштегі бір қыжылдан хабар бергендей болды.

Мен өзімнің кейбір көңілге қонбайтын мәселелерге қарсылығымды білдірген кезден бастап Әбекеңмен хабарласуымды сиретіп кеткен болатынмын. Жаңағы әңгімеден кейін де ол кісімен хабарласуым жиілеген жоқ.

Неге өйттім? Оның басты себебі, менің ол кісімен ертеден жақын екенімді жұрттың бәрі жақсы біледі. Ал мен, өз кезегінде, ол кісінің үнемі белгілі органдардың аңдуында екенін жақсы білем. Яғни ол кісіге бұрынғыдай телефон соғып, үйіне жиі барып тұрсам, «Темірхан Медетбекті осы Әбіш Кекілбаев айдап салып жүр» деген әңгіме шығып, ол кісіге жала жабыла ма, әлдебір кесірімді тигізіп алмайын, әрірек жүрейін деп ойладым. Бұл ісім дұрыс болды ма, дұрыс болмады ма, Әбекең мұнымды ең болмаса, іштей болса да құптады ма, құптамады ма, білмеймін. Бірақ менің шыным осы, яғни ол кісіге сөз келтірмеу болатын.

Сол бір кездерден бастап, бәріміз жақсы білеміз, халқымыздың ең бір парасатты, ең бір пайымды, ең бір ақылды деген азаматтарының атына небір сұмдық, небір сұмпайы сөздер айту, қанша жусаң да – кетпейтін майлы күйе жағу барынша етек алып бара жатты. Ондай үрдіс тап қазір де тиылып тұрған жоқ.       Әлі есімде, ертеректе Президент қатысып отырған бір Парламент отырысында екі-үш қазақ депутаттың орыс тілінде бірінен бірі озып Президенттің астына «құс жастық лақтырғандары» тыңдап отырған жұртты ыңғайсыз жағдайға қалдырған-ды. Сол кезде мынадай орынсыз, өрескел марапаттарға шыдай алмаған Әбіш ағамыздың «Президент мұндай диферамбаларға зәру емес», – деп, әлгілерді тыйып тастағаны есіме түсті. Мұндай сөзді айтқан адамды жағымпаз деу нағыз жала жабу да, күйе жағу да болып шығады. Құдай-ау, оның жүрісі мен тұрысына, сөзі мен ойына көз салсаңызшы. Жағымпаз адам солай жүріп, сондай биік парасатты сөз айта ма?

***

Мен өзімнің өмірімде Әбіш ағам мен Шерхан ағамнан көп жақсылық көргем. Біреулер, «үлкенді сыйлау деген болмай ма, Темірханның алдымен Әбішті айтатыны несі» деуі де әбден мүмкін. Бірақ мен он тоғыз жасымнан бастап Әбіш ағамның қамқорлығын көрдім де, ал Шерағамның маған деген ықыласын қырық бес жасымнан көре бастадым. Бар гәп осында.

Әрине, өзің жақсы көрген, тағы да бір емес, әлденеше рет қамқорлығын көрген адамдарға деген құрметтен өзге, олардан үлгі-өнеге де аласың ғой. Әбекең мен Шер-ағаң екі мінездің адамы. Біреуі – көсілсе – көсем, шешілсе – шешен де, екіншісі – бірден кесіп сөйлейтін бірбеткей. Яғни біреуі – қандай да күрмеліп, байланып қалған түйінді бабымен отырып шешімін айтатын сұңғыла да, екіншісі – күрмеліп байланған түйінді Ескендір патша секілді, шешімін іздеп сарсылмастан, шорт кесіп тастайтын тік. Екеуі мінез жағынан мүлде қиылыспайтын тұлғалар. Бірақ екеуі – бір-ақ мәселеде ағалы-інілердей. Екеуі де қазақты бөлмейді. Әбекеңнің жазған мақалаларын бәрін оқуға мүмкіндігіңіз болмаса, ең болмаса, көз жүгіртіп қарап шығыңызшы. Қазақтың тұлға деуге лайық талантты азаматтарының бәрін, мынау Алтайдан, мынау Алатаудан, мынау Сарыарқадан, мынау оңтүстік немесе солтүстіктен демей, көлемді-көлемді мақалалар жазған. Көбісімен өле-өлгенше бауырласып кеткен. Қазақтың нағыз әділетті абызы болды. Ол ешкімнің географиясына да, биографиясына да қараған жоқ. Бәрін бір қазақ деп ойлады. Тек талантты болса, қазақ мүддесін қорғайтын азамат болса, бітті, оны өз туысым деп білді.

Шер-ағаң да солай болды. Талантты адамды жер түбінде жатса да, тіпті өзін көрмесе де, жазған мақаласы мен шығармасынан талантын танып Алматыға шақырып отырған ғой. Мәселен, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шахановтар әдебиетке, үлкен ортаға солай келген. Мұндай ірілік, әрине, ілуде біреудің-ақ қолынан келетін болса керек.

Ойпырмай, бүкіл болмыс-бітімі де, кісілігі мен азаматтығы да аса биік осындай дара тұлғаларды да беттері бүлк етпей күстаналайтындарды көргенде өз-өзіңнен қапаланасың.

Міне, мен осы екі ағамның өнегелерін, қолымнан келгенше, мүмкіндігім жеткенше, үлгі тұттым. Әрине, ол үлгіні соншалықты биіктетіп, асырып тастадым деп айта алмаймын. Бірақ сол кісілігі мол үлгіні өзіме бағдаршам етіп ұстанып келемін. Абайдан бастап, Махамбет, Мағжан, Қашағандарды бір толғап, Қасым, Әбділда, Әбу ақсақалдардың өріс өлкесін кезіп, олардан Шерхан, Тоқаш көкелерім мен Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Сағи, Әбіш, Өтежен, Төлеген мен Фаризалардың алып әлемдеріне еніп, солар туралы оқырман қауыммен ой бөлістім.

Сондай-ақ, өз тұрғыластарым Тынымбай мен Мархабаттың, Жәркеннің өрелі дүниелеріне үңіліп, Кеңшіліктің кеңістігін кезіп, көбе сөгер жебедей өткір Жарасқан шығармаларын қарастырдым. Бізбен өкшелес келе жатқан Ұлықбек, Мереке, Жүрсін, Несіпбектердің берекелі де құтты бекеттерімен Қуандық, Есенғали, Рахымжан, Ғалым, Әділғазы, Қасымхан, Бауыржан, Болат Шарахымбай, Қазыбектердің өлеңдері де менің рухани дүниемді байыта түскендерін жасыра алмаймын. Осылар туралы мақалаларымның бәрі де кітаптарымда жарық көрді.

Бұларға Маралтай, Әмірхан, Жарастар бастаған жастар туралы «Алтынкөпірліктер» атты мақаламды қосыңыз.

                              ***

… Бір күні қазақтың қадірлі азаматтарының бірі Нұрмахан Оразбеков дүниеден озып, сол кісімен қоштасу болады деген соң, Жазушылар одағына бардым. Басқасын айтпағанда, ол кісі ГКЧП-ның кезінде үлкен қайсарлық пен батылдық көрсеткен тұлға ғой. Ол кісімен қоштасуға қалай бармассың. Сол жерде Мереке, Қажығалилар көздері шылауланып тұрып Әбіш ағаның да өткен түнде о дүниелік болғанын айтты. Жан-жүрегім алай-дүлей болып, көзімнен ыстық жас ыршып түсті.  Мерекемен ертең бірге ұшатынымызды келісіп, үйге қайттым…

Үйге қайтып келе жатып та, үйге келген соң да Әбіш ағамның маңдайы жарқыраған асыл бейнесі көз алдымда тұрып алды. Әдебиеттегі әкемдей болған Әбу Сәрсенбаевпен бірге «Лениншіл жасқа» барғанда көрген мол денелі, бұйра қара шашы шалқасынан қайырылған, келбеті кемеңгер сипаттағы Әбекеңнің өлеңдерімді оқып көріп «өлеңдерің ұнады, оқуға түсіп алғаннан кейін қатысыңды үзбе, келіп тұр», – деп қолымнан қысып шығарып салғанынан бастап, көп-көп көріністер көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты…

Әбекең «Лениншіл жастан» Мәдениет министрлігіне ауысты. Біраз уақыт өткеннен кейін жиналып қалған өлеңдерімді сонда алып бардым. Оқып көріп, «сен бала, бір ізді шиырлай бастапсың. Іздену керек, оқу керек», – деді. Сөйтіп, Эмиль Верхарн, Гарсиа Лорка, Бодлер, Аполлинерлерді оқуға кеңес берді. Соларды біртіндеп оқып жүріп жаңа өріске шыққандай болдым. Бұл ақындардың кейбірін көп жыл өткен соң аудардым да. Иә, ол кісінің алдына талай рет бардым, талай рет кездестім. Нағыз кемеліне келіп тұрған кезде біреулердің қысастығымен армияға алып бара жатқандағы күйінгеннен қап-қара болып кеткен кейісті жүзі, одан босап келгенде үйінде болған отырыста әлдекімдерді, оның әскерден босап келгенін көре алмағандай, оғаш сөздер айтқаны, ол оғаштыққа шыдай алмаған Әбекеңнің қатты түтігіп, жер тепкілеп тұрып ашулы ызасын төккені дәл бүгінгідей көкірегімде жаттаулы…

…Бірде Әбекең Шерхан ағамен бірге шығармашылық сапармен Маңғыстауға келді. Қастарында тағы бірер жігіттер бар. Қалада, ауыл мен аудандарда кездесулер өткізіп жүрдік. Барлық жерде де адамдар жақсы жиналды. Салмақ, негізінен, сол кісілерде. Бірде тарихтың терең қойнауларына, бірде бүгінгі күннің проблемаларына тоқталып, екі ағамыз шешіліп те, көсіліп те сөйлейді. Олардың әңгімелеріне тек жиналған жұрт қана емес, қастарына еріп жүрген біз де байып қаламыз.

Бірде сол әңгімелерден алған әсерден бе, бір кездесуден кейін: «Ойпырмай осыншалықты ұланғайыр даланы мекен еткен қазақтың тілі бір қалыпқа құйылғандай ғой. Кейбір ара-тұра кездесетін диалектілер мен жаргондар болмаса, алып бара жатқан айырмашылық жоқ. Ал өзбектердің бір қышлағы мен екінші қышлағындағы тілдерінде өзгешеліктер бар. Мәселен, өзім туып өскен Түркістан маңындағы Иқан мен Атабай ауылдарында өзбектер бір-бірінің тілдерін келемеж етіп отырады», – деп едім, Әбіш ағам  менен: «Қазақ тілінің тұтас түсінікті болатыны неліктен?» – деп маған қарсы сұрақты төтесінен қойды. Мен шамалы абдыраңқырап барып, «көшпелі халықпыз ғой, кейбір қуаңшылық жылдары Маңғыстаудың өзінен сонау Ырғызға дейін көшіп барады екен. Немесе керісінше. Бар аймақ бір-бірімен қаншама алыс болса да, интенсивті түрде аралас-құралас болған», – дедім. «Дұрыс», – деді Әбекең. Ал Шерағаң: «Алматыдан алыста жүрсең де, санаңның саңылауы бар екен», – деп ішімнен түйіп қалған еді…

…Парламент сайлауының қай шақырылымы екенін білмеймін, анығы, әйтеуір алғашқы шақырылымдарының бірінде Әбіш ағам депутаттыққа кандидат ретінде түу қиырдағы Павлодар облысының Баянауыл сайлау округіне тіркелгенін есіттік. Неге солай болды, оның себеп-салдарын білмеймін. Ол кезде тізім арқылы сайланбайды. Пәленбай адам тартысатын додаға кіріп кетесің. Маңдайыңа не жазса, соны көресің. Мықты болсаң, қақ айырып жарып шық… Әбекең сол сыннан абыроймен оралып, ұшақтан түскен бойда  туған ауылындағы немере ағасы Мұқырдың үйіне тоқтады. Мен қасындамын. Өзіне етене жақын ауыл азаматтары Әбекеңді депутат болуымен құттықтап орталарына алып, Әбекеңнің әңгімесін тыңдады… Бәріміз құлақ түрдік.

Сол қыста ол жаққа қар қалың түсіпті. Бір ауылдан бір ауылға жету дегеннің өзі мұң. Кейде борасын тұрып жол бермесе, кейде сақылдаған сарышұнақ аяздың өзі құтыңды қашырып жібереді.

Ол ел анау-мынау ел емес, бір шағын ғана Баянауылдың өзінен ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев бастаған он екі академик шыққан ел.  Ол жерде қай кезде де, елге, жерге қадірлі білімді, тегеурінді жігіттер, Құдайға шүкір, жетерлік. Әбекеңмен бірге Баянауылдан абыройлы екі азамат сол сайлауға қатысып бағын сынамақ болған. Әбекең алдымен елдің қадірлі ақсақалдарымен, ел жақсыларымен кездесіп ұзақ әңгіме-дүкен құрыпты. Олар да Әбекеңді тыңдап, оның айтқан сөздері мен ойларына ден қойып, содан кейін «елді Әбекеңе қарай бұрған жөн» деп бәтуаласыпты. Әбекең, әрине, өзін-өзі қалай мақтасын, бірақ сөзінің нобайына қарағанда, алдарына келіп отырған азаматтың өре деңгейіне риза болғандықтан да осындай бәтуаға келсе керек.

Әңгіменің соңында, Әбекең, Баянауыл азаматтарына, ақсақалдарына, сол азаматтар мен ақсақалдардың сөзін жерге тастамаған, өзіне риясыз сенім көрсеткен елге шын ризашылығын тебірене, төгіле айтып еді. Оның сол бір шағын отырыста аса пейілденіп сөйлеген сөзінен бүкіл еліне деген зор сүйіспеншілік сезіліп тұрған бейнесі жадымда сол қалпында тұр…

…Ол кісі киностудияда бас редактор болып жүрген кезінде, Маңғыстаудан үш-төрт күнге келіп жүрген мен, сәлемдесейін деп барып ем, жиналыс болайын деп жатыр екен, таныс жігіттер «көшеде тұрасың ба, сен де қатыс», – деген соң солармен ішке кірдім. Жиналыс ширығып басталды, бара-бара күрделеніп бара жатты. Әсіресе, ұйымдасып келген ғой деймін, үш-төрт жігіт Әбекеңе тікелей шабуыл жасап, тіпті үстемелетіп кетті. Кейіптері де, бет алыстары да жаман. Сөздері барған сайын шиыршық атып барады. Қаралауға ойысып бара жатқандай.  Ол сөздер еттен өтіп, сүйекке жетті-ау деген кезде Әбіш ағам сөз алды. Алғашқыда абдыраңқырап, тұтығыңқырап басталған сөз кеңістікке бір шығып алған соң, көсіліп бір кетті дейсіз. Кесек-кесек сөздерді көсіп алып қарсы алдында отырған әлгі жігіттерге тонналап лақтырғанда, олардың кірерге жер таппай жапақтап жан-жаққа қарай берген бейшара сықпыттарын көріп іштей қошымның келгені-ай… Көңілімді бір демегендей болып, сөйлеп тұрған Әбекеңнің жүзіне қарап ем, шошып кеттім. Аузы тола қып-қызыл қан. Құдай-ау, Әбекең қан жұтып сөйлеп тұр…

Неге екенін білмеймн, Әбекең туралы көбірек ойланған кезімде ол кісінің сол бір қан жұтып сөйлеп тұрған сәті көз алдыма кеп тұра қалады…

Әбекең қарсыластарын жерге тығып жіберердей тағы да бес-алты минуттай сөз сөйлеп, орынына отырды. Әлгі өшпенділікпен келгендей болған қарсыластардың бір-екеуі бірден-ақ Әбекеңнен кешірім сұрағандай кейіп танытты да, қалғандарының мойындары салбырап отырып қалды.

…Кейіннен білдік, қан қысымы көтеріліп кеткенде Әбекеңнің қызыл иегі қанап кетеді екен…

Көз алдымда тағы да… тағы да… Әбекеңнің бейнесі. Ол кісінің алп-алп басқан жүрісі. Дүниеге тұңғиық ойлы көзімен қарап тұрған дара да дана тұрпаты… Енді бірде үлкен демей, кіші демей адамдарды кең құшағына алып, бауырына басып, қолынан сүйіп мейірімін төгіп тұрған шуақты кезі…

…1989 жылғы белгілі оқиға кезінде Жаңаөзенге барып, көтеріліп кеткен ел-жұртқа басу айтып, оларды сабасына түсіріп, Ақтауға түнделетіп қайтып келген Әбекеңнің және ол кісімен бірге жүрген Әбдіжәміл, Зейнолла, Әнуар ағаларымыздың хал-жайын білейін деп ертелетіп қонақүйге бардым.

Барсам, Әбекең сыртта жалғыз жүр екен. Түрі шаршаулы. Бірақ ширатылған бұйра шашы толқын аунап өткендей бұрынғыдан да бұйраланып кетіпті. Салмақ пен сабыр шақырып тұратын ойлы көзі әлденеден тіксінгендей ызалана қарайды. Сәлемдесіп хал-жай сұрастық. Сәлемімді алып, басын сәл изеп, «Осылар Маңғыстауды тентек баладай кілең бұрышқа тұрғызып қоятынын қашан қояр екен?!» – деді де, тамағына әлдене кептеліп қалғандай қинала жұтынып, тағы да үндемей қалды…

Тек біраздан кейін қасындағы серіктестері де далаға шығып, шай ішуге кіргенде ғана Әбекең өзіне-өзі келгендей болды. Бірақ Әбіш ағаның әлгі сөзі әлі күнге құлағымда…

…Міне, енді Әбекеңнің ескерткіштерді қорғау қоғамында істеп жүрген кездегі алқалы отырыстардағы лекциялары мен баяндамалары. Оған біреулерден есітіп Әбекеңнің сөзін тыңдау үшін шақырылмаған адамдар да келетін. Ғасырлардан ғасырларға оп-оңай өтіп, ондағы оқиғаларды, бейне бір өзінің басынан өткендей етіп айтатын Әбекеңнің дана да данышпан бейнесі. Неткен білім, неткен білік, неткен жад. Басы компьютер сияқты. Ұшы-қиыры жоқ ұшан-теңіз оқиғалар мен мағлұматтар, факторлар мен фактілер, атаулар мен анықтамалар… Бәрі-бәрі бір басқа қалай сыйып тұрғанына таң қалам…

…Енді міне, оның білімдарлығы мен біліктілігін, көсемдігі мен шешендігін, ой суаты мен рух қуатын көре алмағандар түкке алғысыз бірдеңелерді шиге шаншып ап шиебөрідей шулағандары Әбекеңнің адал да арлы жанын талады.  Содан да ол өмірінің соңғы кездерінде көсіліп те, шешіліп те сөйлемей қойды. Мына қайырымсыз безбүйрек дүниеге сыртын беріп, томаға тұйық тоңтеріс кейіпке түсті. Бірер сөз ғана айтады. Бітті…

Осы көріністер де, Әбкеңнің басқа да бейнелері көз алдымнан өтіп жатты. Өзім білетін Әбекеңнің әлеміне, тұңғиығына сіңіп бара жатқандай болдым да, бір кезде аласапыран, арсы-гүрсі күйдегі ішкі дүниеде лықсып көтерілген қуатты бір күш тұла бойымды сығып, кернеп кетті…

Әбекеңнің о дүниелік болып кеткеніне жаным күйзеліп тұрған менен  азалы өлең туды:

 

Қайран Әбіш аға!

Алтай мен Алатаудай

Биік едің!

Сарыарқадай кең,

Маңғыстаудай бөлек едің.

Атыраудай терең едің.

Шетсіз-шексіз

Тұтас бір әлем едің.

 

Сенің де кеткенің бе?

Ешкімге опа бермейтін

Мына жалған тірліктен…

Сенің де өткенің бе?!

Әлде сенің өлімің де

Қалың қазақ үшін

Атаулы күн боп қалар

Текті өлім бе?!

 

Алдында жанып тұратын

Қазақтың жарығы едің.

Елің мен жеріңнің

Хал-күйін ойлап

Қаншама күйініп,

Қаншама жанып едің.

Тамыры тереңге кеткен,

Ұшар басы бұлтқа жеткен

Алып едің.

 

Дәл қазіргі

Сенің өліміңнен

Қара жер белдеуі

Қайысқандай болып тұр.

Таулардың белдері

Майысқандай болып тұр…

 

Қош бол, Әбеке!

Ғұмыр бойы өзің

«Елім» деп өттің ғой.

Еліңнің белі

Болаттай бекем болсын!

Мәңгілік орның

Бар қазақ тағзым етер

Қасиетті мекен болсын!

 Әумин!

Жалпы алғанда, Әбіш Кекілбайұлы дегенде біздің көз алдымызға етек-жеңі мол пішілген сахаралық кеңдік, арғы мен бергіні, өткен мен бүгінді қатар қамтып жатқан парасаттылық, ең бір түпсіз шыңырау-шүңеттерден сөйлеп тұратын тереңдік, күрделі өмірдің күрмеулі тұстарына көрегендік жасай алатын пайымдылық, далалық дарқан болмыс, ірі философиялық бітім, әлемдік деңгейдегі үлкен білімпаз білгірлік, тарихи сарабдал саналылық пен құлашты ойлылық, кең дүниетаным, келісті кісілік пен көрнекті қайраткерлік келіп тұра қалатыны сөзсіз.

Ол жазған-сызғандарынының бәрін бір шоқып, екі қарайтын Кеңес өкіметі тұсындағы қиын да қысталаң тұстарда-ақ ұлт пен ұлыстың тарихи жады мен тарихи санасына жасалып жатқан жауыздықтарға қарсы әйгілі «мәңгүрттік метафорасы» арқылы күрес ашты. Бұл метафора бүгінде, несін жасырамыз, бұрынғыдан да – тағылымды, бұрынғыдан да – көкейкесті.

Рухани өміріміздің табалдырығын әп деп аттағаннан, соңғы демі біткенге дейін Әбіш Кекілбайұлы қоғам мен адам арасындағы қарама-қайшылықты, қоғамның адам санасы мен психологиясына әсер-ықпалын, адамның қоғамда алатын орнын, болмысы мен табиғатын, драмасы мен трагедиясын барынша қазып көрсетіп, қазымырлана сөйлеп өтті. Оның ішкі ағымдары мен қат-қат боп жатқан терең қабаттарына үңілді.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінде бүкіл қазақ халқының аса зор құндылықтарына айналған оның мол рухани қазынасы келер ұрпақтардың игілігіне қызмет ете берері сөзсіз. Мұндай мол рухани қазына қалдырған қазақ арғы-бергі тарихымызда сирек, қадау-қадау ғана.

Сондықтан да Ол – тарихи дара тұлға!

Темірхан Медетбек, ақын

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық кітабынан)

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір