АБАЙ ДА, ГЕССЕ ДЕ ЗАМАНЫНЫҢ ДЕРТІНЕ ЕМ ІЗДЕГЕН
10.09.2019
1323
0

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы:

Әйгілі Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат», – депті. Әр оқырманның өзге оқығандарын бір төбе сынды оқшау көретін сүйікті шығармалары болары да сөзсіз. Жас ерекшелігіңе сай талғам да өзгеріп отыратыны бар. Әйтсе де, бір нәрсе анық – кітапты шын серік еткен адам одан ешқашан ажырамайды. Өйткені «жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей». «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі қонағы – ардагер журналист, жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан. Біз «оқырманымызға» мынадай сауалдар қойдық: Сүйікті жазушыңыз кім? Сіз үшін жазушының шығармашылық қолтаңбасы несімен ерекшеленеді? Қазір кімді және не үшін оқып жүрсіз? Өз шығармашылығыңызға қандай да бір жазушының әсері болды ма?

1. Шебер жазушылардың барлығын бағалаймын. Оның ішінде жаныма ерекше жақын тұтатындарым да болады. Бірақ бұл көзқарасым жылдар өтіп, талғам-танымым өскен сайын өзгереді. Оған отандық, әлемдік деңгейдегі саяси-қоғамдық жағдайлар да әсер етеді. Мәселен, жоғары сыныпта оқып жүргенімде Ғабит Мүсіреповті қатты ұнаттым. Әсіресе, «Оянған өлкені». Ғабиттің тілі мен шеберлігіне тәнті болдым. Бұл кезде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» терең түсінбедім. Әсіресе, үшінші, төртінші кітаптарын. Оны түсінетін дәрежеге жеткенде мен үшін Мұхаңнан асқан жазушы болған жоқ. Таза шындықты жазуға мүмкіндігі болмаса да. Бұл пікірімді жаңадан шыққан жас пері Шыңғыс Айтматовтың шығармалары да өзгерте алмады.
Ал соңғы жылдары жарияланған прозалардың арасынан Тұрысбек Сәукетайдың романдарынан жаңашылдық көріп жүрмін. Оның «Мен – жындымын» және «Ай қараңғы» атты романдары – нағыз бүгінгі өмір шындығы. Бүгінгі өмірді көрсетуде өзіндік соқпақ салғанымен кейінгі толқыннан Дәурен Қуат пен Асқар Алтайдың әңгімелері ойыма жиі оралады.
Әрине, біз жасымыздан орыс, одан соң Батыс әдебиетімен сусындап өстік. Есейген соң бүкіл әлем әдебиетінен қолымыз жеткенді оқыдық. Комедиялық та, трагедиялық та, лирикалық-романтикалық та шығармалар жаза алғаны үшін Гогольдің шеберлігіне күні бүгінге дейін бас иемін. Бірақ Толстой мен Достоевскийдің орны бөлек. Кейде «Соғыс және бейбітшілік» пен «Абай жолын» салыстырып отырамын. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтары» кейіпкерлерінің Жаратушы мен жаратылыс, сол жаратылыстың бірі – адамзат пен оның қоғамы туралы пікірталастарына қазақ әдебиетінде «Абай жолы» кейіпкерлерінің ғана ойталастары шендеседі.
2. Тап қазір менің үстелімде жатқан кітаптар – Абай мен Герман Гессенікі. Олардың қай шығармасын, не үшін жақсы көремін? Абайды қажетсінуімнің басты себебі: біздің қоғамды қазіргі дертінен айықтыратын бірден-бір ем –ақын шығармалары екенін сезіне бастауым. Отаршылдық, одан кейін атеистік жүйе қазақ халқының санасын Абай заманынан бастап сайтанның сапалағымен сабалап келеді. Санасы сабалғанның болмысы уланады. Абай осыны көріп-білген. Көріп-білген де, қазақтың өзін-өзі сақтап қалу жолын іздеп тауып, бүгінгі тілмен айқанда, бағдарламасын жасаған. Ол – «Толық адам ілімі». Қазіргі қазақтың трагедиясы – осы ілімді әлі игере алмауында. Игере алмағандықтан да, санамызда сайтанның сапалағы әлі ойнақ салады. Кезеңдік науқан-шаралар ол сайтанды қуып шыға алмайды. Оны қуып шығатын – санаңа жас кезден шым-шымдап кіріп, бүкіл болмысыңды тазалап, жаңғыртатын Абайдың «Толық адам ілімі» екенін түсінетін уақыт жетті.
Герман Гессе де заманының дертіне ем іздеген. Сөйтіп, өзі өмір сүрген XX ғасырдағы дүниежүзілік екі қырғын соғысты қайтып болдырмаудың бірден-бір емі – адам санасын ізгілендіру деп тапқан. Оның романдарының («Демиан», «Сиддхартха», «Паломничество в страну Востока», «Степной волк», «Игра в бисер» т.б.) кейіпкерлері шетінен тақуа болып келуі, Батыстағы қырғынды болдырмаудың амалын бірде Шығыстан, бірде тәрбиеден іздеуінің себебі – содан. Осылардың ішінде маған көбірек ұнайтыны – «Игра в бисер». Оның бас кейіпкерінің Еуропаның қақ ортасында өмір сүріп-ақ былғаныш, қатыгез қоғамнан оқшаулануы, тақуалануы, бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнауы, бала үшін отқа да, суға да түсуі, ақыры өзі суға кетіп, бұл өмірден ың-шыңсыз, жым-жылас жоқ болып кетуі эпикалық шығармалардан артық әсер етпесе, кем соқпайды. Абай да, Герман Гессе де бар гәп – санадағы шайқаста жатқанын баса суреттейді, әрі дәуірінің дертіне ем іздеу – қаламгер үшін ең басты парыз екенін ұқтырып айтады.
3. Соңғы бітірген жұмысым – «Анажар» романым­ның жазылуына («Жұлдыз». №6-7, 2018 ж. – ред.) осы екі суреткердің әсері болды деп ойлаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір