Кешкі әңгіме
10.09.2019
2226
1

Берік Шаханұлы

Шілденің шығуындағы шағы­р­мақ, аптап әбден дендеп, даланың ыстықтан түтеп тұрған күндерінің бірі еді. Үнемі жұбын жазбай жүретін, жастары он үш-он төрттегі ауылдың екі тентегі түс ауа, ел күннен қорғанып, үйден әлі шыға қоймаған мезгілінде «ақжолтай» жасамақ болып, биік біткен бұта-бұтаны тасалана, өзендегі үлкен көпірдің маңындағы жазыққа егілген қауындыққа қарай бет алған. Әңгелектердің сарғайып, пісе бастағанынан хабардар-тын. Бұлар өзеннің екі жағалауы биік жартасты қылта кезеңіне салынған үлкен көпірге келгенде, арғы жақтағы тау етегіндегі тұмсықтан бұлаң етіп ақ «Жигули» машинасы шыға келген. «Өтіп кетсін, көзіне түспейік», – деп, екеуі жартастың көлеңкесіне жып-жып сүңгіп кеткен. Машинаның үстерінен өтіп, қашықтағанын аңдып, бір уыс болып отыр екеуі. Мына қырсықты қара, тап бір бұларды аңдып жүргендей «Жигули» көпірге таяна бере тоқтады. Сықырлай ашылған есікті жаппай, сол күйінде қалдырып, осылай қарай беттеген зор денелі, орта жастан асқан, үлкен кісі көпірдің шетіндегі жол жиегіне келіп, қалшиып тұрып қалды…
– Өй, мынау Бекасыл аға ғой, – деді бірі ақырын сыбырлай.
– Иә, сол кісі. Бізді аңдып жүргеннен сау ма?! Қалай біліп қойды екен?! – деді екіншісі үрейі ұша. Мына ойдан зәрелері зәр түбіне кете, тастың қуысына тығыла, бір-біріне жабыса түскен… Енді байқаса, ол кісінің бұлармен шаруасы жоқ тәрізді. Төңірегіне барлай қарап қойып, әлденені өлшегендей әрлі-берлі адымдап, өзімен-өзі болып жүр. Қорқыныштары сейіліп, көңілі жайланған екеуі енді оны аңдуға көшкен.
Бекасыл қасында ешкім жоқ, жалғыз өзі. «Арғы жақтағы тау ішіндегі ауылға барып келе жатқан шығар» деп ойлады бұлар. Бірақ мына жүріс-тұрысы, қалпы біртүрлі көрінді. Тап осы жерге келіп тоқтай қалып, мына сенделген күйіне түсіне алмай көңілдері алаңдай бастаған. Ол кісі үстінен көпір өтетін биік жартастың қарсы беткейіндегі қылыштай қырлары күн сәулесімен жарқ-жұрқ шағылысқан қызыл қатпарларға шұқшия үңіліп тұр. Бір кез бойын тіктеп, айналаға зер сала ұзақ қарап алып, кейін бұрылып, машинасына қарай жүрді. Машина алға емес, келген кейінгі жағына бет алды. Қос тентек «қарасы ұзасын, белден асып кеткен соң тұрайық» дес­кен. Алайда ақ «Жигули» тұмсықтың биігіне көтеріле бере кері бұрылып алып, төменге – көпірге қарай асқан бір жылдамдықпен зулап берсін. Машинаның даусы таянғанда бұлар бұға түскен, сол сәт не болғанын білмейді, көз алдарынан бір түйдек ақ жалындай болып зымырап ұшқан ақ «Жигули» бұлар тығылып отырған қуыстың оң жағындағы жартас беткейге соғылып, гүрс еткен алапат үнмен бірге төңірек теңселіп кеткен. Мына көріністен зәре-құты қалмаған екі бала тез жетіп, хабар бермек ниетпен жүректерін қолдарына ала, жанұшыра ауылға қарай безген. Шеткі үйлердегі есік алдында жүрген кісілер зәрелері ұша, пора-пора болып, аттаңдап келе жатқан екеуінің алдынан шығып:
– Әй, не болды?! Не болды?! Мына жүріс­терің қалай? – деп қаумалай берген. Бұлар солықтарын баса алмай, сасқалақтаған, абыржыған күйлері, ентіге, ежіктей болған жайды жеткізген.
– Не дейді мыналар?! Не сұмдық айтып тұрғандары?! – деп дабырласқан көп аты бары атымен, мәшинесі бары мәшинесімен көпірге қарай шұбыра жосыған. Бұлар келгенде мұнда біраз адамдар шоғырланып қалыпты. Әрлі-берлі жүргендер көпірден құлаған машинаны көріп, тоқтап, жиналып қалған. Енді біреулері жапырылып, екі бүктеліп, ұмар-жұмар болған машинаның онсыз да мылжаланып кеткен есігін сындырып, ішіндегі қанға боялған кісінің өлі денесін шығарып алудың қамына әрекет жасауда. Алғашқы келгендер аудан орталығына – дәрігерге, милицияға шұғыл хабар шалған екен. Ә дегенше, дабылдатып олар да жетті.
– Алып кетеміз ауданға, ауруханаға, – дегендеріне ағайындары тоқтау айтты:
– Әй, ол жаққа апарып, өлген кісіні емдемейсіңдер ғой. Мынау ыстықта сүйе­гін сүйрелеп қайтесіңдер, мәйітті үйіне апарайық. Тергеу жүргіземіз десеңдер, жүргізе берерсіңдер. Біз ретімен жерлеудің қамын жасайық. Рұқсат, кеңшілік етіңдер, – деді.
Осыған келісім болып, Бекасылдың дене­сін ауылға қарай алып жүрген…
Екі баладан қайталап, тәптіштеп сұрап, болған жайдың анық-қанығана көздері жеткен жұрт:
– Бұл әбден ойланып, өзінің ұйғарымымен жасаған шаруасы болды ғой.
– Иә, солай тәрізді.
– Япыр-ай, неге бұлай етті? Ақылы бар, елге жөн-жоба айтатын, саналы жан емес пе еді?! Мұндай іске қалай барды? – десіп дал болды.
Енді біразы себеп-салдарын өздерінше топшылап:
– Осы кісі кейінгі кезде қалаға, дәрігерге барып, тексеріліп жүрді. Бір үмітсіздеу науқас­тың белгісі болды ма екен бойында. Соны сезіп, кәріп боламын ба деп уайымдады ма екен?! Өмірі басы еңкейіп көрмеген, табиға­тынан тәкаппар кісі еді, жарықтық.
– Әйелінің қазасы да ауыр тиді, білем. Осы соңғы кезде өзінде қажу, шаршау бар тәрізді еді. Ой деген де адамға қиын ғой.
– Әйелінің өлімімен қоса қабаттасып, сенің мына бір ағайындарың да жоғарыға үстінен арыз жазып, кісі салып, болмай қойды емес пе? Қызметінен кетіреміз деп. Онсызда жасым жеткен күні пенсияға шығамын деп отырған адамды түртпектеп. Бар тіршіліктері соның ферма бастығы қызметіне қарап тұрғандай.
– Қазіргі өкімет те қызық болып кетті ғой. Тамыр-таныстықпен, пәремен ғана жұмыс істейді. Әйтпесе, бұл ауылға, бұл ағайынға еңбегі де, кісілігі де асқан, орны бөлек жан еді ғой, қайран Бекасыл.
– Сыпа, таза тұрмысты қолай көрген, бекзат болмысты жан ғой. Осы баласы мен келінінің тіршілігі де көңіліне үйлеспеді ме екен, қалай?! – десіп, біраз жұрт жандары
ауыра қынжылыс білдірсе, енді біреуі «әп, бәлем, осылай болдың ба?!» деп іштей жы­мың-жымың табалап, сырттай басалқылық айтқансып:
– Өзі де әу бастан елден ерекшеленіп, төңірегін менсінбей, қошқар жонданып жүретін жан еді, жазған. Менмендік деген де арты қиын нәрсе ғой. Мұндай әрекет мұсылманшылыққа қайшы тірлік қой. «Өзіне-өзі қол салған жанға дүниеде қиын болады», – деп жатушы еді. Батырың, оған да мән бермеген-ау, ә, – деп кісімси сөйлеп тұрды.
Оның айтқанын іштей құп алып, басын изеп қойып, ал былайғы жұртқа қарап: «Қайран бауырым-айлап» қайғырған болып көрініп, жөнелту шаруасының басы-қасына белсене араласып біреулер жүр.
Мондыбастау ұлы ешнәрсенің байыбына жете алмай мәңгіріп қалды.
– Атам-ай! Атам-айлап, – дауыс айтып отырған келіні ара-тұра тыныстаған сәтінде «өзімен кетпей, мініп жүретін машинаны құртып кеткені-ай» деп опынып қойды…
Бекасыл «сен жақсы ма, мен жақсы ма» пендешіліктің ырқындағы кейбір ауылдастарына «көзге шыққан сүйелдей» көрінгенімен, жалпы көпке қадірі бар азамат еді. Жерлеуіне жиналған кісі аз болмады. Солардың ішінде осы ауылда туып-өсіп, мектепте бірге оқыған, қазір үлкен қалада бірі – журналист, бірі дәрігер болып қызмет жасайтын Өркен мен Қоныс та бар еді. Қоныстың туыстығы; Өр­кеннің кім-кімге де «жақсыда – жаттық жоқ» деген пейілмен қарайтын, бауырмал Бекасылдың әділ, тура мінезіне, оқыған-тоқығаны мол білімдарлығына ризашылықтан туындаған рухани інілігі болатын. Екеуінің де қабырғасы қайысты.
Өркен осы оқиғаға куә екі тентекті оңаша алып, журналистік ыждағатпен егжей-тегжей сұрастырған. Әңгіменің барысында бұл оқыс оқиға – біреудің әрекеті емес, өзінің әбден дайындалып барып жасаған ерікті шаруасы екеніне көзі жетті. Сырттағы ел «жол апатынан» кетті деп жориды деген сенім, есебі болған. «Алладан басқа ешкім көріп тұрған жоқ» деген тірлігіне бір емес, екі куә адам табылып, бұл құпиясының әшкере боларын білмеген…
«Неге бұлай жасады екен?!»
Бір өзі ғана емес, жалпы көптің көкейіндегі осы сұраққа жауап іздеген беймаза көңілі өткен-кеткен күндердің елес, естеліктерін шиырлап кеткен…
Бекасылды есі кірген бала күнінен бері білетін еді. Естуінше, әкесі «отыз жетінің» науқанында «халық жауы» болып ұсталып, сонан қайтпаған. Үлкен-кіші бауырлары аштықтың салдары бар, аурудың салдары бар, жастай шетінеп кетіп, өзі шешесінің жетегінде жалғыз өскен. Балғын балалық шағы қырық бірінші жылы басталған соғыстың қасіреті мен жоқшылығында өтіпті. Ел басына түскен осы азапты жеңілдетуге өз үлесімді қоссам деген періште – перзенттік жүректің үкімімен он төрт жасқа келгенде ауданның әскери комиссариатына келіп:
– Мені майданға жіберіңіздер. Отанымды қорғауға барамын, – деп өтініш білдірген. Әскери басқармада отырған, мұны, мұның әкесін білетін таныс кісі:
– Әй, сен әлі он төрт жасқа да толған жоқсың. Майданға барғың келсе, екі жыл күте тұр, – деп қайырып жіберген.
Бұл күткен. Бірақ соғыстың бітуі күтпепті. Бұл он алтыға толамын деп тұрғанда елге жеңістің хабары жеткен.
Осыдан бірер жылдан кейін аудан орталығындағы мектеп-интернатты үздік бітіреді. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл балаларының Астанаға, жоғарғы оқу орнына деген құлшынысы басталған кезі болды бұл. Солардың алдыңғы легінде келіп, институтқа түсіп, оны тәмәмдаған соң: «Сенің білімге ынтаң зор, осында қал. Ғылыми жұмыспен айналыс», – деген ұстазына: «Ағай, елге де оқыған маман қажет қой. Барып, ауылымды өркендетуге қызмет еткім келеді», – деп қайтып оралып, көрші отырған ұсақ колхоздарды біріктіріп, ашып жатқан жаңа совхозға зоотехник болып орналасқан. Қызметін бар ынтасымен адал атқаруға жан салды. Ауылдастары да ризашылықпен, сыйластықпен қарай бастады. Жас маманның іске қабілеті, білімділігі аудан басшыларының да назарына ілікпей қалмады. Аз уақыт өтпей партияға мүшелікке қабылдап, ауылдағы шаруашылығы сан-салалы үлкен фермаға бастық етіп тағайындады. Бұл қызметті де абыройлы атқарып жүрді. Бірақ енді мұның қызмет сатысында ілгерілеу болмады. Ауданды бұрын басқарып келген көнекөз, елдің жай-жапсарын жақсы білетін кісі қызметінен босатылып, орнына келген жаңа бастықтың ұстанымы басқалау болған тәрізді. Ауыл, ауданда алып-қашпа сөз өріс алып, істің сапасынан гөрі, желеулеген саны, боямалы сипатына мән берілетін болды. Ел арасында осы кезде рушылдық, топшылдық, арызқойлық деген бәлелер арам шөптей қауламасы бар ма.
«Балық бастан шіриді» деген. Жоғары жақтың өзінде де жолбике тіршілік белең алып, бостекі ұраншылдыққа, көпсөзділікке бой ұрған әдет қалыптасқандай. Ауыл-ай­мақ­тағы мына келеңсіздіктер соның нәти­жесі сияқты. Адамдардың да ниет, пиғылы өзгеріп шыға келді. Күні кеше бір үзім нанды бөліп жеп отырған қайырымды көршілік қалыптан ажырап, бірін-бірі көре алмау, бәсеке, бақастық күйге көшкен. Сандаған ғасырлар бойы қоян-қолтық, бірге өсіп, бірге көшіп, бірге ауып жүрген; жеті ата түгілі кемі он-он бес атадан бері құда-жекжат, нағашы, жиен болып, шатысып кеткен мына жұрт енді ата-атаға бөлініп шыға келетінді шығарған.
Кім сайлап, кім тағайындағанын, кімнің нұсқауымен жұмыс істейтінін, Құдай білсін, әрқайсысының өз бишікештері бар. Әрі бұлар үлкенді-кішілі бір қызметтің тізгінін ұстап жүргендерден болады. Олардың «абыройлы» міндеті – бөліп-бөліп алған қауымдарын бір-бірімен алакөз етіп ұстау. «Міне, қазақтың қамы!» дерсің. Және бұрынғының жалпыға ортақ өнегелі тірліктерін, қағидалы сөздерін өздеріне тели, өз әулетіне меншіктей, өзгелерінен «біз артық едіні» алға тарта сөйлеу бұлардың әрқайсысына тән әдет болатын. Сонымен иықтанып, жалданып, көсем болып көзге түсуге пейілденген бір тыраштық. «Азған ұрпақ атасын айтып мақтанады» дегеннің кері осы ма екен?!
Әрқайсысы өзінің аузына қараған қа­у­ым­­дарды бір-бірімен араздастырып-қо­раз­дастырып жүргенімен әлгі бишікеш­тер­­дің жеке бастарының мүддесі түйіскен сәтте олардың сыртынан ауыз жаласып кете беретіндері тағы бар. Бірақ сәт-сәт мәмі­лелес­кендерімен аңдысқан, мақсатсыз, дұш­пан­дықтарынан ешуақытта бой тартқан емес. Көзге көрінбес жаулық жебесін бір-біріне кезенген күйлері итырқылжыңмен өмір өткізе береді.
Қалай дегенмен, бұл шаруаның да алға басып, өркендеуіне жағдай туғызып, «жемісін» теріп отыратын «иелері» бар екеніне екінің бірі ой жүгірте бермейді, өкінішке қарай. «Өктем күштің астарлы әрекеттерінің бірі – «бөлшекте де билей бер» екені аян. Ал бұл саты-сатымен жүзеге асырылатын саясат екен ғой. Арғы жағын сөз етпей-ақ қояйық, қазақтың үстінен осы шаруаның ең бір «мәуелі жемісін» терген патшалық Ресей болған шығар. Онан кейін кешегі кеңестік қызыл билік те бұл істің қызығын көрудей-ақ көрді. Байқап қараса, бұл шаруа-саясат мына аудандарды басқарып отырған бастыққа да «пайдалы» іс екен ғой. Алдына бұлаңдап кіріп, бірінің үстінен бірі «әңгіме» айтатын әлгі бишікештерді тыңдап алып, оңашада арқасынан қағып, «сен менің сенімді серігімсің» деп қой да, алатыныңды алып, сайлайтыныңды сайлап, шаруаңды дөңгелете бер.
Ал, Бекасыл – бұл бишікештердің санатына қосылған емес. Қайта олармен күресте «жеке батыр» шығып, өмірін мүйіздесіп өткізді деуге тұрады. Мұның тірлігі олардың іс-әрекетімен қабыспайтын.
«Ешкіммен мәміле, ұжымы жоқ, өзін басқалардан артық санап, кісікиіктеніп, кекиген неме ғой» деп сыртынан кекетіп-мұқатып, қоңаштайтын олардың қазір әмпей-жәмпей отырып, сырт айнала бере өзгеріп кететін екіжүзділігіне, күні түседі-ау дегенге жасайтын көзбояушы, жантық қалыптарына, реті келсе, әкесін де сатып жіберуге пейіл пайда­күнем, дүние-қоңыздықтарына жиір­кене қарап, ұнатпайтын. «Қоренделер» деп мүсіркейтін. Әрі осы ыңғайын өздеріне ашық сездіре жүретін.
Сонан соң да олардың бұған тісі қайраулы болатын… Күншілдікпен сыртынан түрлі әңгіме өрбітіп, елге ауыш етіп таратуға тырысатын.
Бекасыл, әсілі, бүлдіршін балалық шағын көз алдына елестете бермейтін. Тіпті, есіне алғысы келмейтін тәрізді еді. Ол кез бала көңіліне тұла бойды қалтыратқан, паналауға таса жоқ қызыл ызғырықтың өті ме, үрей мен зар жайлаған қара түнек пе, солай тәрізді әсер ететін. Әкесі ұсталғаннан кейін бұрынғы іргелес отырған ет-жақын туыстары бұлардың үйінен шешек шыққандай аулақтап, безіп, жоламай кетті. Шешесімен екеуіне далада кездесе қалса, көрмегендей қарамай өтетін. Есесіне қаймана ағайын, ауылдастарының жанашыр – ықыластарын сезіп өсті. Кемпір-шалы, естияр ересектері мұны көрген жерінде:
– Әкесінен аумай қалғанын, айналайын-ай! Құдай өмір берсін, несібеңді кем қылмасын! – деп маңдайынан сипап, сонан соң шешесіне бұрылып: – «Көрінген таудың алыстығы жоқ». Қарайып, адам болып қалыпты ғой. Жетіліп кетерсіңдер әлі», – деп елжірей айтқанда, мұның тұла бойы мына айналасынан бір жылылық сезініп, жүрегі лүпілдеп кететін.
Әкесі зор денелі, қарасұр, мейірімді жүзді бейнесімен көз алдында қалып қойыпты. Басқа көп жағдаятын біле бермейді. Есі кіре келе төңірегіндегі үлкендердің «Қайран азамат! Ер көңілді, батыр мінез, кісіге қайырымы мол, ақкөңіл жан еді ғой» деген лебіздерінен әкесінің ағайынға қадірі бар, жақсы кісі болғанын топшылайтын.
Шешесі ажарына мінезі жарасқан келісті кісі еді. Аз сөзді, ойланып, түйінді ғана сөйлейтін сабырлы, бипаз болмысымен төңірегіне сесі, сыйы бар жан-тын. Анасының үйіне келген, араласқан кісілердің әңгімесінен қызыл төңкерістен кейін қадірі төмендеп, тоз-тозы шыққан, белгілі, үлкен әулеттің ұрпағы, айтулы әкенің қызы екенін білетін. Етжақындарынан кешегі аштықта айырылған, онан қалған, әлі аяқтанып үлгермеген бір-екі інісі соғыстан қайтпай қалған шешесі кей-кейде: «Ей, Жаратушы жалғыз! Жалғыздың жары өзің дейді. Біз жалғызға жар бола гөр!» – дейтін. Бірге туыспағанымен, шешесінің төркіндерінен бұларға көңілін де, қолында барын да бөліп беруге пейіл, естияр кісілер болды. Жан жылуын көрген нағашыларына Бекасыл ризашылықпен, құрметпен қарайтын.
Тағдыр тауқыметін тартқан жалғыз шешенің көңіл ауанына қарап өскендікі ме, бұл әу бастан балалық аусарлыққа, масылдық пиғылға бой алдырған емес-ті. Тек өзіне сеніп, өз еңбегіне арқа сүйеуге әдеттенген. Сонан да ма екен, әрнәрсені басқалар тәрізді қауымдық көзқарастың ыңғайымен емес, өзінше танып, бағалауға бейім-тін. Қатарлары жаппай, жастай темекі тартып, ішкілікке бой ұрып, құмар ойындарға әуестене бастағанда бұл оларға қосылмады. Әрі өмір бойы бұл тірліктерге жоламай өтті. Ал мына заманда мұндай «сопылық» ер жігітке кемшілік болып телініп, өгейсітілетін де жағдай жоқ емес еді. Қатарларынан оқығаны, тоқығаны артықтау бұл әлдене жиын, басқосуларда әлгі бишікештердің біреулерден естіген, бір жерден тиіп-қашып оқыған жайларды шат-пұттап, көсіле сөйлеп; оған тағы қайсысы өзінің бұл әңгімеден шала-пұла хабардарлығына қарамай, білгішсіне қосарланып, желпіне, кісімсіген қалыптарына «жыны» келіп: «Әй, ол олай емес, бұлай. Білмейтін нәрселеріңде нелерің бар? Тиесілі әңгіме айтсаңдаршы», – деп қайтарып тастап отыратын кейде бұл.
Аналар қарсы дауға келмегенімен: «Аузы­мыздағы сөзімізді қағып алып, өзі қоры­тындылайды үнемі. Осының білгірлігінен-ақ көрдік-ау» деп іштей кектенетін. Енді бірі бұл бар жерде суырыла алмай, тартыншақтап, ішқұса күйде отыратын.
Мұның бәрі өзіне жау шақыратын жайлар еді, әрине.
Бұл ақжүрек, туралығының өзіне аса пайдалы емес екенін Бекасыл білмеді деуге болмас. «Бүкір түзелмейді. Мінез түзелмейді» деп бұрынғылар айтыпты деген сөз бар. Бекасыл аға да сол әу баста Құдай берген мінезбен кетсе керек. Оны мына төңірегіне, заманға қарап икемделейін, ыңғайланайын деп тырыспаған да болар бәлкім. Соның салдары шығар. Осындай білім-білік, қайрат-жігер, еңбекқорлық, іскерлік, кісілік, әділдік бір басынан табыла тұра, қызмет бабының өсу, өрлеуге жалғаспай, сонау алғаш сәтте жас маман ретінде сенім артылып сайланған ферма бастықтығымен тұйықталып қалуы. Бұл қызметте абыройлы жұмыс істеп, көрініп келе жатқан алғашқы жылдары бір-екі мәрте кандидатурасы совхоз директорлығына ұсынылып, «біреулер үстінен арыз жазыпты» деген желеумен сайланбай қалғаны бар. Сонан кейін мұның қызметтен өссем, өсемін деген ойы да болмаған сияқты. Бұл жұмысынан алып тастауға сылтау да, себеп те жоғын өзі де сезеді. Пейіліндегі қанағатшылдықтан болар, бұл ә дегеннен тиісті жалақысынан басқа, қазынадан қызмет бабын пайдаланып, бір үзім нан алып жеп көрген жан емес. Алған айлығы отбасының қажетіне жетіп тұрды. «Балалар өсіп, өз-өзімен болса, тірі жүрсе, зейнетақысы бар емес пе?» деп тәуекел ететін.
Жоғарыға жағыну, ол жақтан адам іздеу, біреулерді қол қусыра шақырып, ыстық-қаумет жасау дегенге әу бастан жолаған жоқ. Келген қонақтарға құшақ жая барын беретін. Мезгіл-мезгіл малын сойып, ауылдың шал-кемпірін жинап, әке-шешесіне құран оқытатын әдетін үзбейтін.
Кісінің ала жібін аттамайтын. Бірақ бетің бар, жүзің бар демей тура айтатын тік мінезі бар-тын. Сондай бір сәтіне Өркеннің өзінің де куә болған жайы бар еді…
Мұның студент кезі. Ауылға демалысқа келгенде үлкендерге сәлем беріп, ықыласы түзу ағаларымен әңгіме-дүкен құратын әдеті бойынша Бекасылдың кабинетіне келген. Алдында отырған екі-үш ауыл адамы шаруаларын апыл-ғұпыл айтып, шығып кеткенше бұл үстелдің үстіндегі жаңа келген газеттерді ақтарып қарай бастаған. Қолына алған газеттің бірінші беті жақында Мәскеуде өткен Партия Орталық Комитетінің кезекті Пленумының хабары, Бас хатшы Н.С.Хрущевтің табақтай суреті, сол жиында жасаған баяндамасымен сіресіп тұр. Бұл соларға шұқшиып кеткен екен.
Бекасылдың:
– Бұл таз құртты! –деген оқыс үнінен селт етіп, оған жүзін бұрған. Бекасыл Бас хатшының табақтай суретіне ұнатпаған қабақпен тесіле қарап қалыпты.
– Бұл таз құртты! – деді, әлгі сөзін қай­талай. – Мына Кеңестер Одағының қазығын босатты бұл. Сталиннің қажыр-қайраты мен темірдей тәртібінің арқасында бүкіл дүниені дірілдетіп, алақанына ұстай бастаған мемлекетті ыдыратуға апарады бұл.
Өркен мына тосын әңгімеге қалай қосылудың ретін білмей аңтарылып қалған. «Ой, ол не дегеніңіз» деп сұрай да алмай, «мұ­ныңыз жөні бар сөз екен» деп қоштай да алмай, мүдірді. Мұның осы қалпын қапысыз сезгендей, ол әңгімені өзі қайта бастап кетті:
– Елді ел еткен еңбек пен тәртіптің қадірі түсіп барады. Ортақ мүдде, көпшіліктің қамы деген ұғымдар көлеңкеленіп, жекебастың күйін күйіттеу, оңаша отау құру әрекеті, осы әрекеттердің ыңғайынан келіп туындайтын көзбояушылық, жемқорлық әдеттер етек алуда. Қоғам өміріндегі сөз бен істің арасы қабыспайтын болды. Даурықпа, науқаншылдық, жалғандық өрістеп тұр. Осыларды байқаған қара халықтың билікке, саясатқа деген сенімі, үміті азайып бара жатқан сияқты. Мұның арты жақсылыққа апармайды.
Қалтасында табақтай партбилеті бар, ау­дандағы көрсеткіші жоғары, үлкен бір ферманы басқарып отырған коммунистің мемлекеттің бірінші басшысы туралы бұлай қарсы пікір білдіруіне: «Япыр-ай, тым қатты айтып отыр-ау. Мұндай әңгіменің өзіне зияны тиіп жүрмесе…» – деп жанашырлық білдіре ойланған.
Бекасыл аға сол ренішті қалпы сөзін жалғастырды:
– Құдай қайтып көрсетпесін, біздің жастық кезіміз қиындықта, жоқшылықта өтті. Бірақ Отанға, қоғамға деген сеніммен, үмітпен өсіп едік. Жоқ-жітік бола тұра, бір үзім нанын бөліп жескен қайырымды, бауырмал қалыптан шығып едік. Оқыған мектебіміз де, жүрген ортамыз да өгейсіткен жоқ. Оқимыз дегенімізді оқытты; қызметін беріп, талабымызға қарай өсірді. Еңбек еткендердің еңбегін бағалады. Мен орта мектепті бітірген соң шешемнің «пойыз пұлға» деп тауып берген азын-аулақ ақшасын қалтамның түбіне тігіп, жолға деп дайындаған бір дорба талқанын арқалап, аттанып едім Алматыға. Тиісті емтихандарын ойдағыдай тапсырып, оқуға түстім, стипендиямен күнелтіп, ауылға жоғары білімді зоотехник болып оралдым. Енді естимін – оқуға түсуді баланың білімі емес, тамыр-танысы, ақшасы шешетін жағдай қалып алыпты бүгінде. Оның шет-жағасын өзің де көріп, сезіп жүрген шығарсың? Солай ма?
– Солай сияқты, – деді Өркен жауапсыз қала алмай (шынында, бұл әуелгіде қойдың, онан кейін сиырдың, жылқының құнымен сатылай жоғарылап, кейін «Жигули», «Волга» автокөліктерінің бағасына көтерілген; әр баланың оқуға түсуінің кепілі болған; білімнің, ілімнің, керек десең, қоғамның болашағына шырмауықтай жабысқан, зардабын тигізген дертті тірлік еді).
– Солай болса, бұл – мына мемлекеттің келешегіне зиянды шаруа. Бұл – теңгермешілік емес, тексіздендіру. Әркім қабілетіне, ыңғайына қарай тіршілік жасауы керек. «Бірің тойшы болсаң, бірің қойшы бол» деп бекер айтпаған аталарымыз. Кім табиғатынан оқуға ынталы, білімге бейім болса, ол жолды сол қусын, сонда жақсы нәтиже болады. Ал зердесі төмен, талабы кемшін баланы ақ­ша­ның күшімен оқытқанымен, түптің тү­бінде халыққа пайдасы болмайды. Олар алдындағы қабілетті жастың жолын кеседі тек. Дүмбілездік деген осыдан шығады. Қайдан, қалай тамыр тартып өсіп келе жатқанын білмеймін, бүгінгі қоғамның әр саласын осындай жылымқұрт тірлік дендеп барады.
Бекасыл аға бұл әңгімелерді шын қапала­нып, жаны күйе айтып отырды…
Осы сәт Өркен бала кезіндегі мына бір жәйттерді есіне алған.
Өткен жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарының басы болатын. Мұның алтыншы сынып оқып жүрген кезі. «Сталин қайтыс болыпты» деген тосын хабардан қараша жұрттың аспан жерге құлап түскендей ме, алапат құйын соғып өткендей ме, әлде дүние ішегін ішіне тартып тыныссыз қалғандай ма, қандай да бір үрейлі дағдарысты, қайғылы сәтті бастан кешкені аян-тын. Мектептегі бұлар да сәби жүректері езіле өксіп-өксіп жылаған-ды.
Сол шақта бұл қазаға қалың көптің қайғырғаны; арқа сүйер қамқорынан, жолбасшысынан айрылып, аңтарылғандай күйзелгендері – көрген жанның көз алдын­дағы шындық. Осыдан бірер жылға жетер-жетпес уақытта өткен КПСС-тің кезекті құрылтайында Кеңестер Одағының Бірінші басшысы Н.Хрущевтің жасаған – Сталинді әшкерелеген әйгілі баяндамасы Кеңес халқының көңіліне үлкен дүрбелең салған оқиға болып еді…
Бала Өркеннің сонда сезгені – көпшіліктің, жігіт болып сөзге араласа бастаған осы Бекасылдардың әңгіме-лебіздері, ықылас-пейілі әлгі баяндаманы құптап, қошуақ алудан гөрі, Сталинді жақтап, оны мынандай жамандықтарға қимаған ниетте еді. Және сол пікірлерінен кейін де айнымаған тәрізді,
«Хрущевтің жылымығы» аталған бұл саясаттың тарихтың бүркеулі жатқан бір қаралы беттерін ашып, халыққа жазықсыз жапа шеккен, құрбан болған біраз асылдарының есімін, рухын қайтарып берген елеулі оқиға болғаны шындық. Бірақ осындай іс істеді деп ризашылық білдіріп, құрметтеп, осы тұлғаға жүректерінің төрінен орын берудің орнына, неге екенін, қалың көпшілік оны әу баста ұнатпаған қалыпта кекетіп, мұқатудан бір танбады. Дүрілдетіп, оншақты жыл отырған тағынан қуып түсіріп жатқанда да «әттеген-ай» деген ешқайсысы жоқ. «Сталиннің киесі атты ғой, барсын» деп, артынан қолдарын бір-ақ сермеді.
Басқа тірліктерін қайдам, көпшілік оны осы Сталинді қаралағаны үшін ұнатпған тәрізді көрінетін Өркенге. Кешегі «халық жауының» баласы, бүгінгі коммунист мына Бекасыл аға да – осы көптің бірі. Сталинге деген қыжыл, наласынан гөрі, құрметі басым.
«Бұл қалай?» деп ойлаған Өркен сонда?! – Біреулер айтқандай, «жеке басқа табынудың» санаға сіңіп қалған үрейі мен көрсоқырлықтың салдары ма, шынында да? Жоқ әлде, мұртты көсемнің халықтың жүрегіне ұялауға лайық қолбасылық, кемеңгерлік дара қасиеті; елге сіңірген ерен еңбегі бар ма?!»

* * *

«Тек» деген, «тектілік» деген киелі ұғым бар. Ешкім өзін тексізбін, тексіздік жасадым деп ойламайды, әрине. Бірақ оның кім екенін, не жасағанын былайғы жұрт біліп, бағалайды. Солар таразылайды. Қолына тізгін ұстап, атқа мінгендердің жақсы болғысы, жақсы атанғысы келмейтіні жоқ, әсілі. Бірақ «барғызбасың – барғызбас» дегендей, сен өңмендеп ұмтылғаныңмен, жақсы атыңды да, жаман атыңды да шығаратын – әлгі көпшілік. Оған қарсы тұрар қайраның жоқ. Олардың кісіге тірлігінде берген бағасы ол кеткен соң да соңында тарих болып жалғаса беретін тәрізді.
Қызыл өкіметтің – большевиктердің халықты адастырған, келешегіне зиян тигізген солақай саясаттарының бірі – «кедейді қолдау», «бай-манаптардың тұқымын құрту» әрекеті болғаны белгілі. Соның әсері шығар Өркендердің бала кезінде «бидің тұқымы», «байдың баласы»», «тектінің ұрпағы» деген сөздер құлаққа жағымсыз, түрпідей естілетін. Ондай атаудан ел үрке қашатын. Ал осы «тек», «би» деген сөздің адам баласына жат ұғым, өгей нәрсе емес екенін бұл алғаш өз әкесі мен осы Бекасылдың лебіз-нәмінен аңғарған болатын. Көпті көрген, сол көргендерінен жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен надандықтың төркінін жіті зерделеп, сабақ ала білген; төңірек-тірліктің қалтарыс-бұлтарысын қалтқысыз аужайлап, бағамдай отырып айтатын түйінді сөзі, қарақты көз қарасы бар әкесіне есі бар жас жігіттер сыйластықпен сәлем беріп, орайы келсе, сөзге тартып, әңгімесін естуге бейім тұратын. Солардың ішінде айрықша, ықылас білдіріп, жиі-жиі келіп «тәжікелесіп» жүретіні осы Бекасыл еді.
Өркеннің бала кезіндегі әкесі мен Бекасыл­дың арасындағы бір әңгіме әлі есінде. Бекасыл аудан көлемінде жауапты қызметте жүрген әлдеқандай жігіттің жасаған ұятты шаруасын күйіне айтып отырды:
– Мен ондай кісі деп ойламаған едім. «Адам аласы ішінде» деген осы ма екен, қария? – деп қойды.
– Ой, батыр-ау! – деді әкесі, – «иттің боғы­нан қыл шықпай тұрмайды» деп бұрынғылар неге айтқан?! Ол кешегі Бәленшенің тұқымы емес пе?! «Көн тартса – қалыбына» деген, шырағым. Атасы жақсыдан – жақсылық, атасы жаманнан – жамандық шықпай тұрмайды түбінде. Ол баланың тегінде сондай бір кем­шілік бар ғой. Аты шыққан кісілердің бәрі ізгілік иесі бола бермеген. Атына заты сай еместері баршылық. Жаңағы айтып отыр­ған жігітің, естуімше, кешегі сол Бәленше болыстың ұрпағы.
– Иә, солай көрінеді, – деп сөз қосты Бекасыл.
– Ә, олай болса, мына әңгімені естуің бар ма? – деп бастап, әкесі өткен бір тарихты, әлгі жігіттің болыс болған атасының кезінде төңірегіндегі елге көрсеткен қиянатын, ақ патшаның жандармдарына тыңшылық қызмет атқарып, елдің бас игі жақсыларының үстінен «донос» жасап, талай кісілердің обалын арқалағанын, онысы сезіліп қалып, әйгәпір болып, жұрттың онан теріс айналған оқиғасын айтып берген.
– Е-е, Бәленше болысыңыз сондай болған кісі ме еді? – дейді Бекасыл.
– Қара жер хабар бермесін, әлгіндей-әлгіндей істері болыпты. Әсілі, бай, болыс атанған кісілердің бәрі бірдей малы мен билігінің арқасында аты шыққанымен, айттым ғой, ізгілік иесі бола бермеген. Иманды, парасаттылары ғана кісіліктің жолын кірлетпей ұстап, ел-жұртының жағдайын аужайлап, ертеңіне алаңдай білген. Жер қайысқан малдарының шаңынан көздерін шел басып, Құдайды ұмытқандары, обал-сауапты керек етпегендері, кедейге тізесі батып, нашарға қамшысын тигізгендері де аз емес. Оларды көзіміз көрді. Кешегі «кәмпескеде» атылғандар мен жер аударылғандардың ішінде жазықсыз жақсылармен бірге жаңағыдай қиянат иелері де болды. Солардың кезінде ат үстінде жүргенде пенделік асқақтығы болғанын түсінген, онысына Алладан кешірім сұрағандары да бар шығар. Өзімдікі жөн едімен кеткені де бар шығар. Қай-қайсына да Алланың рахымы болсын. Ертеректе құлағыма тиген, осы мына Жетісу жағының тумасы, Пішән деген болыс абақтыда атылайын деп жатқанда айтыпты деген бір әңгіме есімде қалыпты.
Баласы Жәлменденің Пішән едім,
Кезінде Николайдың кісі-ақ едім.
Кісі ақысы кісіге кетпейді екен,
Мен де өзім талайларды қысап едім, –
деген екен, қайран ерің. Өмірдің жақсысын да, жаманын да бастан өткерген, қызығын қызықтаған жанның Алланың алдындағы ақ сөзі бұл. Осыларды естіп, білген адам сабақ алмас па?!
Әкесінің мына әңгімесі тұздық болғандай ендігі сөздің ауаны арғы-бергі өткен жайларға ауысып, талай әруақтардың аты аталмасы бар ма. Елге қайырымы тиген, кісіліктің, кемеңгерліктің үлгісін көрсеткен талай жақсылар мен жайсаңдарға «Құдай рақмет етсін» айтылған. Өркеннің пайымдауынша, мұндай ескі әңгімелер көнеқұлақ қариялардың сұхбатына тиесілі тәрізді еді. Институт бітіріп келген мына жас қызметкер жігіттің ел әңгімесіне соншалықты ыждағаттылығына, онан мол хабардарлығына таң болып әрі осы жай өзіне тосын, қызық көрінгендей сезінген.
Бекасыл өткен бір істі, кісіні өзі бас­тап сөз етеді де, оның тарихын, шежіресін түптеп, түгендеп алғысы келгендей әңгіменің ұзын-ырғасын әкесіне қалдырып, ара-тұра нақтылай түскендей сұрақ тастап, араласып қойып отырады (жасында естіген осы әңгімелер Өркеннің есінде ұмытылмай, сондағы аты аталған жақсыларға деген құрмет сезімі әлі күнге дейін жүрегінде сақтаулы).
Әңгімені сурет салып отырғандай бояуын қандыра, келісті, шырайлы, жинақы желілейтін әкесі:
– Ой, небір дүлдүлдер өткен ғой. Солардың көбінен тұқым қалмады қазір. Кешегі «кәмпеске», аштық, соғыс түптеріне жетіп кетті, – деп күрсініп қоятын.
Сонан кейін екеуінің сұхбатының тақырыбы «кімдерден кім қалды?», «кімдер бар бүгінде?», «олар қайда, қандай?» деген орайға ауысатын.
Осы ұзақ-сонар әңгімені әкесі былай түйіндер еді:
– Жақсыдан туғандардың бәрі жақсы бола бермес. Бірақ имансыз, нәлеті болмаса керек еді. Әсілі, адам текке тартпай тұрмайды. Текте бар жақсылық та, жамандық та соқпай өтпесі кәдік. Бірақ заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, бүгінгілердің қалпы басқа болып бара жатқандай ма, қалай?! Кезінде еліне абырой болған жақсының қазіргі кейбір ұрпақтарына қарасаң, қарның ашады, Сөзінде де, ісінде де бәтуа, береке жоқ. «Әруақтың арты – жын болады» деген осы ма екен? Әлгілер сөйтіп жүріп, «сол кісінің тұқымымыз» деп ауыздарын кере сөйлейтіндерін қайтерсің. Атасының атынан садаға кеткір. Ондай кісінің баласы екенін білетін болса, атаның атын кірлетпейтін тірлік кешпес пе?! Әз әзіл біреулердің шағыстырып, айдап салғанына, айтақтағанына еріп, «ой, ол кім еді, сонша, Сен ғой – Сен!» деген жалған қолпаш, әжуа-мазағына елігіп, туысы мен досына дұшпандық жасаудан тайынбайтын парықсыздар; арам, жымысқы іске мәйім тымпибайлар көбейді. Осы ұры ниеттерді егіп, өсіріп, таратып отырған «бағбан» бар сияқты көрінеді маған мына дүниеде. Байқап қарасаң, адал жан жамандықтан жүдейді, ал арамза кісі жамандықтан түлейді екен. Бекасыл батыр! Жақсының қадірін жақсы біледі. Жаманға өзінен басқаның бәрі жаман. Пендесін Құдай жақсы пиғылынан айыра көрмесін.

* * *

Өркен қазір осы әңгіме, осы естеліктерді ой елегінен өткізе отырып, көңілінде көлденеңдеп тұрып алған «неге?», «қалай?» деген сұрақтарға тағы да жауап іздеп, не түрлі қисын, жорамалдарды шарлап, солардың қайсысына жүгінерін білмей, дай-дай күй кешкен.
«Бірбет, қайсар, өр мінезді жаратылыс жан еді. Жаңағы ағайындары айтқандай, бойында әлдеқандай жазылмас дерттің белгісі пайда болып, алдағы тірлігінде біреуге күні түсіп, қолға қарап, қор болудан сескеніп, қашты ма екен, шынында…» – деген тұспал да көңілінде қылаң берген. Бірақ бұл байламға тоқтай алмады. «Ерік-жігері мықты, қайратты, ақылды кісі еді ғой. Неге олай етсін» – деп ойлады.
«Бірақ, әйтеуір, бір гәп бар ғой, – деп қайта толғанды. – Бұл не жағдай болды екен?!»
Соңғы бір кездесулеріндегі ол кісінің кө­ң­іл­сіздеу кейпі, айтқан ренішті сөздері есіне оралды.
– Аға, жағдайларыңыз қалай? Ауылдың хал-ахуалы жақсы ма? Шаруашылықтарыңыздың көрсеткіші жаман емес сияқты, – деген бұған:
– Шаруашылықтың көрсеткіші тұрыпты ғой. Алайда адамдардың жан дүниесінің, ниет-пиғыл, кісілігінің көрсеткіші төмендеп бара жатыр ғой, – деп көңіліндегі алаңын білдіре отырып, әңгімесін онан әрі сабақтай түсіп, мына жайларды толғана баян еткен еді:
«Бейнетімен жан сақтаған жұрт қой бұл. Ел айналайын, еңбек етеді. Соның нәти­жесінде егіні көгеріп, малы төлдеуде.. Осы­лардың арқасында атқа мініп жүрген үлкенді-кішілі мына «чиновниктеріңнің» іс-әрекеті дұрыс болмай барады. Осы ел ел болсын, мына шаруа өсіп-өркендесін деп жан ауыртып жүргендері шамалы. Тек өз басы үшін қарақтанып, бұлаңдап жүрген «шолтыраңбай» біреулер. Жалғандықтың да, қиянаттың да не түрінен тайынбауға бар. Келе жатқан өскін жастарға жаман жол, жаман үлгі болды бұл. Айналаңдағы адамдардың имансызданып, азғындап бара жатқан мына тірлігіне қалай шыдарыңды білмейсің. Сонан соң жаның ашып, біреулерін іні тұтып, біреулерін замандас, тағдырлас, сырлас тұтып, «бұл бұлай емеспені» айтсаң, адал сөзің әдіре қалып, олар әлгі «жетекшілерінің» қосына барып, солармен қосылып өзіңді келемеждеп, көзтүрткіге айналдырады. «Жаман әдет жұққыш келеді» деген. Осы азғана жылдар ішінде бұрын, аш болсын, тоқ болсын, жақсы заман, мейлі, жаман заманда өмір кешсін; қай ғасыр, қай қоғамда болса да қайырымды, қонақжай, адал, ақкөңіл, кең пейілінен; бір Құдайға сеніп, тәуекел еткен иманды болмысынан; атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүрінен, әні мен өнерінен ажырамаған мына жұрт осының бәрінен аулақтанып, өзге нәсілге айналып бара жатқандай көрінеді маған. Азаматтары ұсақталып, еркектік сес, қасиеті төмендеп, кісілігін жоғалта бастаған соң, әйелдік шолжың-шайпаулық үстемдік құрады, әрине. «Мен осы әулеттің келінімін ғой, менен шыққан перзент осылардың нәмі ғой, бұлардың өзіне тән қалыптары қандай, бұрынғы-соңғы ел аузына іліккен кімдері болған» деген шаруаларға назар салып, соларды баласына үлгі, өсиет етіп, қоғамдаудың орнына, төркініне қарай тартпақтап, бұл ауылға мұрнын шүйіре қарап, кердеңдей басқан көкірек қатындар көбейеді сонан соң.
Міне, қазағыңның қазіргі жағдайы…
Әрине, заман да, адам да өзгеріп тұратыны табиғаттың заңы ғой. Ал, мына «түрлену» ол өзгерулерден бөлек. Иманды керек етпей, тек байлықты қуған кәззап пиғылға орай Тәңірінің өзінің адам баласына әкеле жатқан зауалы тәрізді. Адамзатты әрісі Алланың ақ жолынан, берісі ізгіліктен айыратын нәрсе – менмендік. Менмендіктің төркіні – Мен. Маған. Тек өзіме болсын пиғыл. Ал, «маған да болсын, саған да болсын» ниет үстемдік құрса – дүние мұнан гөрі әлдеқайда таза, жарық, қуанышты көрінер еді. Осыны ойлай білген жан көр пендешіліктен, өзімшілдіктен бойын аулақ салса керек-ті. Адам басынан өткен жайға ой жіберіп, онан сабақ алса керек қой. Ал мына жұрттан ондай қалып байқалмайды. Жасаған қулық-сұмдығының өтеуіне Тәңірі зауал беріп, қара жамылып, аһ ұрып отырып, көкейіндегі сол арам пиғылынан ажырамай, соған сүйеніп отырып жылайтындары бар ғой, тағы да. Сондайларды көргенде: «Ой, бұл арамзалыққа дауа жоқ екен-ау. Дүниені түбі осы жұтып тынатын шығар», – деп жағаңды ұстайсың.
Ханы бар, қарасы бар, алды-артына ой жіберіп, «не болып барады?» деп зерделеудің орнына, жел қуған қаңбақтай осы әзәзіл тірліктің алдына түсіп алып емпеңдеуде. Ал, бұл «бүлкіл» жүріс қайда апарып тірейді?! Осыны ойлап, мына төңірегіңдегілердің өсек-аяң мен жалғандықтың, көрсоқыр қызғаныштың, шолақ менмендіктің буына бөккен іс-әрекеттерін; көлгір, көрбілте, жымысқы болмыс-пошымдарын көре-көре мына дүниеден түңіліп кетесің…».
Осылай деп күйініп, күрсініп еді, Бекасыл аға.
«Әлде, – деп ойлады Өркен, – табиғаты таза, ақпейіл азамат айналасындағылардың түгесіліп бітпейтін қулық-сұмдығына, опасыздығына мұнан әрі жаны шыдамай, мына дүниеден шынында жерініп, түңіліп кетті ме екен? Жалғанның жалғандығынан безінді ме екен?! Сөйткен шығар».

* * *

Бекасылды жерлеп қайтқан соң кешке таман Өркен Қонысты ауылдың алдындағы жоңышқалықтың шетіне ертіп алып шығып, өзін толғантқан осы жайларды әңгімелеген еді. Екеуі де: «Бұл – Бекасылдың саналы, шешімді түрде, өз ықтиярымен жасаған әре­кеті. Мұнысы – сырт көздің табасына, сөзіне қалмау үшін «жазымнан кеткен» болып көрінуге жасаған айласы» деген қорытындыға тоқтаған.
– Жақсылы-жаманды өмір сүруге қақылы болған адамның өз еркімен өлуге неге қақысы болмау керек? – деді Өркен ойлана тұнжырай, өзімен-өзі сөйлескендей күйде.
Оның мына сөзінің мәнісіне түсінбей:
– Не дейсің? Не айтып отырсың? – деді Қоныс аңтарыла қарап.
– Өмірде естіп, көріп жүрсің, «біреу атылып, біреу асылып, біреу бауыздалып өліпті» деп жатады. Бәрі бірдей солардың өздері жасаған нәрсе ме, жоқ жанама қолдардың қатысы бар ма, ол жағын, енді Құдай біледі. Ал мұндай іске өзі барған болса ше?! Оның себебі беймәлім, жұмбақ күйде қала береді. «Неге олай болды» деп зерттеп, зерделеудің орнына бәріне бір-ақ үкім шығарып, ауру, жынды, ауышқандардың санатына қосып, сан-саққа жүгіртеміз. Біріміз күлкі етіп табалаймыз. Біріміз «ой, сұмдық-айлап» жағамызды ұстаймыз.
– Енді өмір ғой. Өмірде не болмайды?
– Иә, өмірде бәрі болатын шығар. Бірақ сол өмірде өзің көрген әр тірлікке Құдай берген зерде-санаң жеткенше зер салып, әділ таразылап, адал пайымдауға, қайғыға жана­шырлық танытуға ұмтылсақ қой. Баға­нағы бір ағамыздың айтқан сөзін, айызы қанғандай түрін көрдің бе?! «Өзіне-өзі қол жұмсаған жан тозаққа кетеді» деп кесіп-пішіп тұр.
– Енді солай дейді ғой.
– Дейді ғой… Құранның қай сүресінің, қай аятында тура солай айтылыпты?
– Енді адамзаттың ұғымында солай деп қалыптасқан жағдай емес пе?! Күнә саналады емес пе?!
– Сонда елін басқыншылықпен жаулап алған озбыр патшаға қатын болуға арланып, өзін-өзі өлімге қиған сұлуларды, Қозыны өлтірген Қодарға қор болғысы келмеген Баянды күнәһар дейміз бе?! Жетегінде ұстаған иттерін арсылдатып төніп келген фашистердің қолына тірі түскісі келмей, беліндегі тапаншамен өзін-өзі атып салған жаралы жауынгерді ше?! Кінәлап, күстаналауымыз керек пе?! Адамзаттың Айтматовы атанған әлемдік тұлға Шыңғыс ағамыздың «Ақ кемесіндегі» өзін-өзі суға батыратын бүлдіршінді ше?! Қылмысты етейік пе?! Осы жандарды Тәңірдің өзі тозаққа қияр ма екен?!
– Ой, сен журналистік фантазияңның теңізіне жүзіп кеттің, білем.
– Фантазия дейсің бе, реал дейсің бе, мен саған мынандай бір әңгіме айтайын. Алдымен өзіңнен сұрарым: Бекасыл аға осындай іске имансыздығынан, ақыл-есінің кемшіндігінен, кісілік болмысының төмендігінен немесе ауыш-деліқұлылығынан барды деп ойлайсың ба?
Қоныс шоқ басып алғандай шошып кеткен.
– Ой, сен не деп отырсың! Мен Бекасыл ағаны танымайтын, білмейтін біреумін бе?! Бұл не дегенің?! Рас, «бұл қалай» деген аң-таң күйдемін. Мұндай жағдайға қалай барды?!
– Әсілі, мұндай жағдайға адамдар, үлкен болсын кіші болсын, қандай себебі барын Тәңір біледі, бұл өмірден түңілгенінен, бұл тірлікті енді керек етпегенінен не бұл тірлікке өзінің керек емесін сезінген өгейліктен баратын тәрізді.
– Солай шығар. Бірақ, Бекасыл аға жұрт­тың алдында абыройы бар, атқарып жүрген қызметі бар, мынау деген азамат емес пе еді?!
– Біздің көзімізге солай, әрине. Алайда ол кісінің ішкі дүниесінде не барын, жанын не жайлар ауыртқанын білмейміз ғой. Ағамыз тек өзіне сеніп, өз еңбегіне арқа сүйеген, туралықты ұстаным еткен, бірбеткей, қайсар, адал болмысты кісі еді ғой. Айналасындағылардың өсек пен өтірікті тамызық еткен көлгір, ашкөз, қанағатсыздығынан әбден жерініп, мына дүниеден көңілі қалған. Бәрібір жалған екенсің ғой деп мына жалғаннан түңілген. Сонан соң осындай жоспармен жұмыс істеген. Жоспарлы демекші. Әркім өз білгенімен, өз шешімімен істейді ғой. Ол енді өз шаруасы. Біреудің өмір сүргісі келмейді. Оны неге басқамыз кінәлап, күстаналауға тиіспіз? Оны да адамзатқа тиесілі бір жағдай ретінде неге қарастырмасқа? Құқықтық, медициналық тұрғыдан неге заңдастырмасқа?
– Заңдастырғаның қалай?! Нені заңдас­тыру керек?
– Айтып отырмын ғой. Біреулердің өмір сүргісі келмейді. «Неге?» деген сұраққа әрине бір сөзбен жауап бере алмайсың. Себеп-салдары сан түрлі. Оларды түгесіп, тізіп шыға алмайсың. Басына түскен ауыр қайғыны көтере алмауы мүмкін. Біреудің қысым, қиянатына, өмірдің басқа да тауқыметтеріне шыдай алмауы мүмкін. Тіпті, жаңсақтықтан ба, жоқ пендешілік ниеттің ырқымен бе, жасаған әлдеқандай қателігін өзіне кешіре алмай, өз-өзінен жерінуі де мүмкін ғой…
– Ой, сен мынандай қияли әңгімелерді қайдан қазып отырсың?
– Көңіліме қай-қайдағылар түсіп кетті. Тағдырдың азабын татқан асыл ақын ағамыз «Бұл өмір абақты екен, саналыға» деп жайдан-жай айтпаған шығар. Ақылың мен туралығың, имандылығың үшін де әзәзіл біреулерге жақпай, аяр әрекеттерінің зардабын тартатын болсаң, бұл өмірдің абақтыдан айырмасы қанша?! Абақтыдағылардың онан қашқысы, құтылғысы келмейтіні бар дейсің бе?! Ал әлгі пақырлардың әлгі ісі сол абақтыдан, азаптан қашуы, құтылу үшін тапқан жолы емес пе екен?! Осы жағдайға да ой жіберіп көрсек.
– Сонда айтпағың не?
– Айтпағым – осындай күйге түскен жандарды бақылап, зерттеп, мүмкіндігі болса, көмектесетін, олай болмаса, мәселенің мәнін біліп отыратын заң қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінен бірге жасақталған арнайы бір мекеме неге ашпасқа? Ол мекеменің жұмысы жария емес, аса құпия болуы керек. Бұл жерге кімдер келді, кімнің ісі түсті – аз ғана тиісті кісілерден басқа ешкім білмесін. «Жабулы қазан – жабулы» қалуы керек. Байқасаң, адам баласының, жас болсын, кәрі болсын, осындай әрекетке баруының арғы жағында жалғандық, опасыздық, озбырлық, безбүйректік тәрізді қиянат-кісәпірліктер тұр. Осыларды бойына ұялатып, қолына қару етіп ұстаған тірлігіне кәсіп еткен қарғыс атқырлар тұр.
– Бұларың адамзат бойына әу баста жабысып, бірге келе жатқан бәлелер емес пе?! Оған не істей аласың?
– Тәңірі өзі жаратқан құлдарын сынамаққа дүниеге әкелген бұл қарау пиғыл, әрекеттерді ешкім біржола жоя алмайды, әрине. Бірақ жаппай осылар үстемдік алатын болса, мына тірліктің арты не болады дегенді де ойлауымыз керек-ау. Әділдік, шындық, имандылықтың сағын жаңағылардың алдында сындыра бермеуді ескерсек. Өзін саналымын дейтін әр пенде осыған мән берсе… Бірді айтып, бірге кетесің… Әңгімені созып алдым ғой деймін. Жаңағы «ашылса» деп отырған жаңа мекеме жайлы ойым. Ол мекеме өзіне өтініш білдірген кісімен сұхбаттасып, сырласып, жағдайын зерттеп біліп, қолдарынан келгенше көмектесіп, лажы болса, оны аман алып қалып, әрі қарай өмір сүруіне көмектессе. Ал, тіпті, райынан қайтпағандар болса, тиісті дәрігерлер бір дәрімен бе, жоқ бір уколмен бе, жаны қиналмай кетуіне жағдай жасаса. «Атылып өліпті», «асылып өліпті» деген гу-гу де жоқ, кімнен, неден деген күдік-күмән әңгіме де жоқ. Қоғамға да, төңірекке де сол тыныш болмай ма?!
– Сен, бауырым, дәрігерлерді Гип­-
по­к­раттың заңынан бездірмекпісің?! Не деп отырсың?!
– Гиппократ – бүкіл адамзат баласына ортақ данышпан, әулие тұлға, сөз жоқ. Гиппократтың заңы – қасиетті қағидат екеніне де дау жоқ. Бірақ ата-бабамыз, жалпы адам баласы әспеттеген қай ізгі ұстаным сақталып, жүзеге асуда бұл заманда? Қай әділ заң үде­сінен шығып, орындалып жатыр? Кеше де, бүгін де біреулер саяси қарсыласын, біреулер кәсіптегі бақталасын, тағы-тағы сондай жек көрген жандарын дәрігерлердің қолымен де о дүниеге жөнелтіп жүрмегендеріне куәлік бере аласың ба?! Жоқ, әлде, өмір ғой, өмірде не болмайды дейсің бе?
– Сен сонда адамды қолдан өлтіруді заңдастырмақсың ба?!
– Қолдан емес, қалауымен.
– Қалауымен дегенің қай қисынға келеді? Білмедім. Иә, адам баласының әртүрлі себептермен өмірден түңілетін кездері болар. Сонда өле беруі керек пе?!
– Ал өлгісі келгендер болса ше?! Ондай адамдар жоқ дей аласың ба? Жас кезімізде қария кісілердің көз алдындағы бала-шағасына қарап отырып: «Құдай-ау, жаманшылығын көрсетпей, осылардың алдында ала гөр! Аманат жан өзіңдікі, қиналтпай ала гөр!» – деп тілегенін талай естідік қой. Солар соны шын пейілімен айтатын.
– Ол енді үлкен кісілерге тән әдет, қалып болған жағдай емес пе?
– Жоқ, жәй дағдымен емес, олар соны шын пейілімен айтатын. Әрі қарттардың, үлкендердің бәріне тән сөз емес бұл. Бұл – иманы бар, санасы бар жанға тән, жақсыны да, жаманды да көріп, сонан сабақ алған кісінің сөзі. Көз алдындағы амандық, саулыққа шүкірлік білдіріп, солардың бір қайғы-қасі­ретін көрмеуді шын тілеген адамның сөзі. Тіпті, басқасының бәрін айтпағанда, алда келетін азған, алжыған кәріліктің салдарынан қорыққан пенденің сөзі дер едім мен.
– Сен де айтасың-ау. Кәріліктен қорқып адам жасамауы керек пе, сонда?
– Кәріліктің де түр-түрі бар ғой. Ақ қа­ғаздай әдемі бір кәрілік бар. Көрсең, сүйсініп, құрметтейсің. Мына өмірдің ол-дағы бір жарастығы тәрізді. Елдің төрінің көркі болатын да кәрілік бар. Тоқсанның үстіне шықса да, сергектігін сақтаған маңғаз кәрілік бар. Саған беріспеймін дегендей құнжыңдай қимылдаған жігерлі кәрілік бар. Ол кәріліктердің жөні бөлек, әрине. Оларды көргенде, «жарайсың, қартым, жүзге жет» дегің келеді.. Ал, енді, «әттеген-ай» түгілі, «нәлеті» дегізетін кәрілікті қайтесің. Қорқыныштысы сол ғой… Қалай қартаятыныңды қайдан білесің, ол Құдайдың қолындағы нәрсе. Кейбір азып, әрсізденген, ауыштанған, жиіркенішті кәрілікті көргенде зәрең ұшпай ма?! «Әй, мынаған душар болғаннан гөрі» дегенді ойға алмайсың ба? Сөйтіп жүріп те, неше түрлі мүсәпірлік күйде жүріп те өлгісі келмейтін пенделер аз емес. Қанша қартайса да, осы өміріне, осы тірлігіне риза; қанша аурудың азабын тартса да, алдан үмітін үзбей өмір сүргісі келетін жандар да аз емес шығар. Құдай оларға ұзақ ғұмыр берсін. Ондай жандарға рақмет! Менің сөз етіп отырған әңгімем олардан басқа. Кәріліктің бе, тағдырдың ба, мазағына, қорлығына көнгің келмей, «ал, ендеше» деуге неге қақың болмауға тиіс?! Жан өзіңдікі ғой. Табиғаттың өзіне қарашы. Мына тал-дарақтар көктемде гүл ашып, жапырақ жайып, қазір мына жазда жанға сая болып, дүниені сұлулыққа бөлеп тұр. Енді сәлден кейін, күзде осы көрікті жапырақтар сарғайып қурап, жерге түсіп, желмен ұшып, төңіректі ыбырсыған ыбылысқа айналдырмай ма?! Адам баласының өзінің ғұмыры да осы жапырақ тәріздес екенін неге мойындамасқа? Табиғаттың бұл құбылысы тірліктің жаңарып, өзгеріп тұруы үшін қажет бұлжымайтын заңдылық болса, адам баласы да өлім туралы ойланып, оны да өзінің тиелісі, өзіне тән ғажайып деп сезініп, алдыңғы дүниеге адал жолмен барудың қамын қарастырса ғой, онан да. Сүлдеріңді құр сүйрете бергенде не мәре бар.
– Дүние жаралғалы бері адам баласына үрей, қорқыныш болып саналған өлімді сен шәй үстіндегі жайма-шуақ әңгімедей әспеттеп сөз қыласың.
– Меніңше, зерделеген жан өлімнен соншалықты үрейленбеуі керек. Өлімнен адал пенделерден гөрі, кісі өлтіргіштер мен қылмыскерлер қатты қорқады деп ойлаймын. Керек десең, өлім батырлар мен данышпандарға арқа сүйейтін қорған, демеу болған сияқты көрінеді маған. Олар өзінің жанкешті тірліктерін «көп болса өлермін» деген ұғыммен бетінен қайтпағандықтан, табаны таймағандықтан жасаған. Мүмкін сол жекпе-жекте, сол ісінің үстінде ажал келсе кеткен де болар біреулері. Бірақ бұлар негізі өлімнен қорықпағандығынан, өлімге жақын жүргендігінен ғана жетістікке жеткен. Сол тірліктері – кейінгі, бүгінгі біздің игілігіміз, мақтанышымыз. Өлмейтін пенде жоқ. Азды-көпті, жақсылы-жаманды өмір кештің. Соныңа ризалық етіп, енді қор болмай кетуді, жарық дүниеге хош айтуды, «есің барда еліңді тапты» ойлаудың несі күнә? Біреуге кесір, зияның тимей, өз жаныңның қамы үшін жасаған бір әлсіздігіңді – кінәңді кеңшілігі шексіз Алла өзі кешірер, бәлкім.
– Біреу өлемін десе, өлгісі келсе, дәрігерсіз-ақ, дәрігерге обалын аудармай-ақ, у іше ме, әлде басқа да нәрселерді қолданып-ақ кете бермей ме?
– Ол өз тарапынан жасаған әрекетімен қиналмай жан тапсыра қоюына қандай кепілдік бар? «Жылап келіп, еңірегенге тап болдым» дегендей, сол өзі жасағанының салдарынан басқа азапқа ұшырап, жарымжан, кембағал, мүгедек болып қалуы мүмкін ғой.
Осы кезде бұлардың қасына таянып келген баланың:
– Аға, ағалар! – деген даусы естілді.
Екеуі өздерін кешкі асқа іздеп, ауылдағы­лардың шақыртып жатқанын сезіп, орындарынан тұруға қамданды.
– Жарайды. Сенің пікірлерің мен сұрақтарыңа менің қайтарар жауаптарым мен уәждарым таусылды. Айтқан күнде де бәрібір сенің оған тоқтар түрің жоқ. Бұл әңгімелердің тұжырым, түйінін, шешімін жұртшылықтың таразысына қалдырайық. Қайсысы мақұл, қайсысы не мақұл – көпшіліктің қалауы білсін, – деді Қоныс.
– Оның да дұрыс шығар, – деп келісті Өркен.
Бұл сол бір кештегі әңгіме еді…

* * *

Онан бері талай жылдар өткен. Жақында сол бір оқиғаны, Қоныс екеуінің арасында болған сол бір әңгімені есіне түсірген жағдаяттар болды.
Салқын тигізіп алып, емделуге ауруханаға келіп жатқан. Жанындағы төсектегі көршісі сырттай танитын, бұлардың жас кезінде жоғары лауазымда қызмет атқарған, үлкен, белгілі, кісі екен. Қазір кәріліктің салқын төріне ескі құдасындай болып жантайған түрі бар. Жүріп-тұруы ауыр, дәрменсіз, әлжуаз күйін байқатқысы келмей кекиген, қоразданған күй танытқысы келіп әуреленеді. Онысы қазіргі болмысымен қабыспай, сырт көзге ерсі көрінетінімен шаруасы жоқ. Әрі-сәрі тірлік. Өстіп сұстанып, қалшиып отырып сәлден кейін қылжиып, аянышты ыңырсына бастайды. Сонан соң қасындағы түймешікті басып, медбикелерді шақырады. Мезгіл-мезгіл осылай жасайды. Әлдебір дәріні сұрайды.
– Сізге оны дәрігер белгілеген жоқ. Бере алмаймын, – деп медбике шыр-пыр болады.
– Онда дәрігерді шақыр. Мен мұнда несіне жатырмын, емдемейтін болсаңдар? Аурухана деген ауруды жазбаушы ма еді?! Не істейсіңдер сендер, осы?! Ертең бас дәрігеріңе айтамын, – деп ашу шақырады. Сонан соң әлдене есіне түскендей бір сәт сабырға көшіп:
– Енді жаныма батып жатыр ғой. Бірнәрсе жасасаңдаршы, айналайын, – деп жалынады.
– Дәрігердің рұқсатынсыз қайта-қайта укол сала аламын ба? – деп шарасыздана күбірлейді медбике, Өркеннің қасына келіп, сыбырлай сөйлеп. – Өзі де тым беймаза кісі. Кәріліктің ауруы бұл. Оны Құдай жазбаса, біз қайтіп жазамыз. Үнемі ауруханадан шықпайды. Кілең осылай бізді жазғырады.
Қарияның бұл болмысы Құдайға да, адамға да керегі жоқ бір гәп дерсің. Көбіне өлген балықтай сазарып, мұздаған қалыпта сұлық жатады да, бір кез басын көтеріп, төңірегіне мәңгіре қарап алып, ойына әлдене түскендей, әлде өзінің әлі бұл дүниеде бар екенін сездіргісі келгендей оқырына жөткірініп, әлдене айтуға оқталып, бұған мойын бұра қарайды. Ентіге отырып, әлсіз дауыспен әңгіме бастайды. Бытыстырып, үзіп-созып айтатындары – өзі қатысқан мәртебелі жиындар, қызықты іссапар, кездескен, көрген үлкен кісілер…
Кейде бірді айтып, бірге кетіп, жаңылыс­тап, әрнәрсенің басын шатып отырып, әлсіреп жастығына қисая құлайды. Сонан соң ыңырсып, ауырсынып, дөңбекшиді. Медбикеге қоңырау шалады.
Өркеннің байқауынша, жаны қиналып, ауырып, мүләйім күйге түскен уақыттан басқа кезде бұл кісі «өз бағасын» төмендетпеуге тырысып бағады. Айналасына тұлданған, міндетсінген, өктемсінген қалып аңғартып, мына дүниеге ызбар шашып қояр еді. Әйтеуір, өкпелі, ызалы. Кімге? Неге? Құдайым білсін.
Медбикенің әлгі айтқан сөзін есіне алып, тірі өліктей болып жатқан қарияға қарап: «Бұл кісі мұнан әрі жүріңкіресе, қандай кейіпте, қандай халде болмақ?» – деп бойы тіксінген.
Осы сәт қай-қайдағы ойына оралып, қайсыбір үйлерде кездесетін мына жәйт – табиғатынан парасатты болып жаратылған, өмірдің не өткелінде сол кісілік болмысын, жүрегіндегі иманын, қайрат-жігерін жоғалтпаған; енді кезегімен келген кәріліктің құрсауына түскен есіл қарияның кекшиген келінге, онан туған немерелеріне, солардың ыңғайына жығылған маубас баласына басы артық жүк, масыл болып көрініп отырған бейопа тірлігі есіне түскені…
Кейде көшеде кезінде елдің көз алдында жұлдыздай жарқырап жүрген қайсыбір сұлулар мен арғымақтай желе жортқан небір жігіттердің кәрілік жеңіп, бірі таяққа сүйенген кірпі сияқтанған, бірі арса-арса маймыл тақылеттес болған, енді бірінің тасбақаша тырбаңдаған түрін көргенде, «артық кәрілік кісіге қол емес екен ғой, қор етеді екен ғой» деуші еді.
Қазір де «ит кәрілік-ай» дей берді де, осы сәт бұрын көріп жүрген бір жағдай есіне түсіп: «Әй, кісі тек кәріліктен ғана қор болмайтын шығар. Оны қайдан, қалай тап қыларын Алла білер», – деп өзіне-өзі басу айтқандай ойланып, отырып қалды. Сол бір сұрықсыз бейне, сұрқай сурет көз алдына келді.
Біраз жылдан бері бұлар тұратын үйлердің ауласындағы қалдық салатын жәшіктерді түртпектеп, аударыстырып бір кезбе, сүре­петсіз жан жүретін. Жас шамасы әрі кетсе қырықтың үстіндегі адам. Мұндай күйге қайтып, қалай түсті, оны кім біліпті. Кейде алақан жайып қайыр да сұрайтын. Кезіге қалса, бұл тиын-тебен беріп тұратын. Кім, қандай адам, онда шаруасы не. Әйтеуір, қайыршы жан ғой деп. Берген кісіні кім жеккөрсін, мұны көрсе, қалбалақтап, көңілімен сәлемдесетін, бейшара. Жәшіктен табылғанды талғажау етіп, жинаған тиындарын сыра-пыраға жұмсайтын болса керек. Көбіне «бұлғақтаған» масаң күйде болады. Кейінгі кезде көрінбей кетіп еді. Жақында ақсаңдап, шоқырақтап, жәшіктерді жағалап жүр. Қыста үсік шалды ма екен, жоқ әлдеқандай апатқа ұрында ма екен, сол аяғының саусақтары мен майтабаны орнында жоқ. Орамалдары қан ба, батпақ па, кірден сатпақ-сатпақ, кеспелтек, шор болып кеткен өкшесімен басады. Ағаштың қу бұтағын сүйеніш, таяқ етіп ұстаған.
Мұны көріп, үміттене ұмтылып:
– Көмектесе көріңіз, – деп жалбарынған.
Қалтасына қол жүгіртіп, іліккен бір көкала қағазды ұстата салды.
Кешкісін жұмыстан қайтып келе жатса, әлгі байғұс ауладағы талдың көлеңкесінде жатыр. Әлдене деп былдырлап сөйлейді. Біреулерге тісін қайрап, кіжінген сияқты. Енді бірде шықылықтап күледі.
Жиіркенішпен айтты ма, аянышпен айтты ма, өзі де аңғарған жоқ. «Мұныкі не тірлік? Бұл байғұсқа мына өмір неге керек екен, Құдай-ау», – деген еді сонда.
Бірақ, байқап қараса, осылардың ешқай­сының өлгісі келмейді. Ол үшін жазғыруға да болмас жазғандарды. Сонан соң да осылай «итшілеп» жүре беруге пейіл. Бұл не?! Өмірдің тәттілігі деген осы ма?! Жарық дүниені қимау ма?!
Ойына Бекасыл ағасының өлімі, сондағы Қоныс екеуінің арасында болған әңгіме оралған.
– Қайран Бекасыл аға! Ер екен-ау! – деп іштей толғанып, күйзеле басын шайқаған…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.09.2019 | 19:37

Тамаша,үлкен әсер алдым.Бей-жай қалдырмайды.Бүгінгі заманның жегі құрты болып кеткен əлеуметтік-қоғамдық қарым-қатынастарды зерттеуге тырысқантерең психологиялық дүние дер едім

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір