«Қазақ емшілігі». қазаққа керек кітап
23.08.2019
133
0

Қазақ емшілігі – ұлтымыздың қадау-қадау ғасырлардан бергі медициналық тәжірибесінің жиынтығы. Сақара төсін емін-еркін жайлаған Қазақ халқының озық мәдениеті, әдебиеті, музыкасы, спортымен қоса өзіне тән емшілік өнері де болғаны шындық. Сонау замандардан бері жалғасып келе жатқан емшілік өнер кешегі Кеңес кезінде өз бағдарынан адасып, ел ішінен жоғалып кетті. Ал Тәуелсіздіктен кейін там-тұмдап болса да, көнекөз қариялардың айтуы бойынша, ұлтымыздың ем-дом жасау, ұлттық емшілік, аң-құс, жәндіктерді, төрт түлік малды емдеу сияқты ежелгі шипагерлік өнеріміз қайта жаңғыра бастады.

Жуықта, Қайрат Айдархан­ұлы­ның «Қазақ емшілігі; төрт тү­лік мал өнімдері», «Аң-құс жән­діктердің емдік қасиеті», «Қазақ емшілігінің энциклопедиясы» атты үш томдық кітабы қолыма тиді. Аталған еңбектерді парақтап отырып, емші ғалымның осы кітапты жазу үшін бірталай ізденіске барғанын пайымдадық. Ен жайлау мен кең қыстауда төрт түлікті мыңғыртып баққан елдің әрине мал түліктеріне арналған медицинасы болатынын, табиғатпен етене өскен қазақтың аң мен құс­тың, жәндіктің адам баласына нендей емдік қасиеті бар екенін зерттеп-зерделегенін жоғарыда аталған үш кітап арқылы білдік, түсіндік, түйсіндік.
Қайрат Айдарханұлының «Қа­зақ емшілігі энциклопедиясы» – қазақтың халықтық емдеу әдіс-амалдарының бізге жеткен тірі нұсқасы. Бұл кітапта ұлтымыздың ата-бабаларымыздан мұраға қалған емшілік өнері мен шығыс медицинасының көп­те­ген емдік тәсілдері кеңінен талданып жазылған. Автор осы еңбегінде сақара төрінде өсетін шипалы деп танылған шөптердің, аңдардың, табиғат жыныстарының қандай дертке ем екенін анықтап түсіндіреді. Мысалы, ақ шомыр туралы оның тамақ сіңіруге, желді айдауға, зәрді жүргізуге, ісікті қайтаруға ем болатынын айтса, кезқұйрықтың тұяғының балалар шошымасына, көтеуге бас айналып, көз қарауытуға табылмас ем екенін, сонымен қоса, жыл­қы тезегінің, қымыздың, жыл­қы етінің, терісінің, зәрінің ал­уан түрлі емдік рөлін әдіс-тә­сілдерімен қосып, нақтылап жазған.
Қорыта айтқанда, тә­жіри­белі дәрігер, емші Қайрат Айдарханұлының осы үш томдық шипагерлік еңбегінде қазақтың емшілік өнерінің бізге жеткен нұсқалары жүйеленіп, оқырманға ұсынылған деп айтуға әбден болады. Лұқпан хәкімді пір тұтқан емші 2004 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін «Шипалы емдеу орталығын» ашып, көптеген сыр­қаттарды сауықтырған. Тәні күйзелгендердің сырқатын емдеп жазсам деген жетелі арманның жолымен жүрген дәрігердің әр туындысы еліміздің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі деп білеміз.

Дүйсенәлі Әлімақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір