Нұрғисаның көз жасы
21.08.2019
1125
0

(«Отырар сазы» Қараой жазығына барғанда)
(Эссе)

Әлдеқайдан ат тұяғының дүбірі естілді. Алыстаааан… Күн түбінен… Әуелі жалғыз, сосын екеу, үшеу… Көбейіп, көтеріліп келеді… Жер шетінен жаңғырыққан үн әлден соң қуатты сарынға айналды. Қара жердің апшысын қуырып, айтақырдың есін алып, табан астынан жентектеп топырақ лақтырған мың сан аттының тұяқ сарыны… Боз даланың изені мен жусаны зар күйіне келіп уілдейді. Үдей соққан қайсар жел әуенге әуен қосады. Үрей сазы емес. Салтанатты, сәнді жортуыл. Мың сан атты жорық әбден бабына келгендей екпіндеп өтті тұсыңнан… Дүниенің бауыры солқылдады…

Әскер жиып аттандық,
Бекетай еді тұрағым.
Айғайлап жауға тигенде
Ағатай беріш – ұраным!
Уа, құдірет! Иә, Аруақ! Біздің іс – әділ!
Бір тұстан емес, дүниенің төрт бұры­шынан бұғатты бұзған асау өзендей ақтарылды. Жолындағының бәрін жапырып, жаншып өтті. Ілескені ерді, ілесе алмағаны қалды…Теңіздің көкшулан алып толқындарындай меңіреу жартастардан әрі шапшып, ақкөз ашуға бел буды.
Бекетай құмның басында,
Ағаш үйдің қасында…
Түніменен түйіндік,
Таң атқанша тарандық.
Таң ағарып атқан соң
Төңірек жаққа қарандық.
Қарап тұрсақ, әр жерден
Жау бір өрттей қайнайды,
Қайнағанмен қоймайды –
Мылтығын қардай боратып,
Жетіп келді қамалға…
Жалаң қылыш жарқылдады… Ақ найза аймен шағылысып жарқ етті… Балдағы алтын құрыш болат балдағынан қанға боянды… Қорамсаққа қол салды… Білтеліге оқ салды… Адырна ала өгіздей мөңіреді… Ұшқан жебенің ащы үні жүйкеңді қытықтады… Кеуделей соғысқан аттардың көзі аларып, ауыздығын шайнап, аспанға басы кегжиді…
Мылтығын қардай боратып,
Жетіп келді қамалға –
Қамалды бұзып аларға.
Әскердің алды бөгелді,
Қырдан ойға төгілді,
Орыс добын үш атты…
Доптың үні шыққанда,
Сонда батыр жөнелді.
Жөнелмей батыр неғылсын? –
Ерсары менен Қалдыбай –
Екі арыстан тең өлді…
Қап! Қап! Қапы кетті ме, қайтті?.. Әттең! Аспан мен жердің арасын ащы жоқтау алып кетті. Көкжиек қызыл түске боянды… Ашынған ердің көзінің шарасы қанға толды. Ащы жас сақалынан аттың жалына сорғалады…
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн,
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн…
Арқаулының бойынан теріскей дауыл соқты. Оң қанатын теріс жайып, лашын қуға төнді. Желпілдеген ала ту жиырылып ойға түсті… Адыра қалғыр Нарынның шағылдары ішін тартып өкси ме-ау?.. Бір бүйірден Көкілдің зары бебеулей ме-ау?.. Талауға түскен қатын-баланың құлындағы үні Құдайдың құлағына жеткен шығар… Еділ мен Жайық арасына есірік жел хабар айтып барады… Ох! Жоқ! Олай емес!.. Есіңді жи, азамат! Әрайна, Жігіттер, Әрайна! Әрайна, Жігіттер, Әрайна!
Астыма мінген арғымақ
Найза бойы жар келсе,

Н.Тілендиевтің Қараойға сапары

Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?
Күшіген жүнді шал жебе
Жауына қардай борай ма?
Ел шетіне жау келсе,
Азамат ердің баласы
Намысына шыдай ма?
Жаттан көмек сұрай ма?..
Арғымақ жалғыз, Ер – малсыз,
Алланың не берері болжаусыз,
Жолдастарым, мұңайма!
Рух аспандады… Еңсе тіктелді… Жаңағы қуатты сарын тұншығып барып, өз үнін қайта тапты. Жойқын күшке ие болды… Ақ Жайық арнасынан лықсыды… Аспан мен жердің арасын алапат үн баурады… Мың сан қол күңіреніп күн түбіне жортып барады… Мың сан дулыға ай сәулесіне шағылып, айбат шегіп барады… «Бізге дейін де болған, бізден кейін де келеді», – деп арттағыға салмақ тастап барады… Аруақ! Аруақ!
Бұл – қазақтың Нұрғисасының «Махамбет» поэмасы… Алла-ау деймін… Жетісудың жалынды перзентін жердің бір шетіндегі Қарой даласына, алдаспан Махамбетке ғашық қылған қандай құдірет десеңші… Тірлігінде-ақ тосын мінезімен елге әйгі адуын таланттың ақыл-есін жаулаған рухтың бірлігі шығар…

Нұрғисаны жақсы білетіндер оның тірлігінде «Менің пірім – Махамбет!» – деп өткенін естеріне жиі алады. Тіпті сайын даланың жолбарысы дәулескер күйшінің түсіне де маза бермепті деседі. Шабыты шамырқанған тұста ауыр толғақпен, асқан махаббатпен «Махамбет» поэмасын өмірге әкелді. Нұрғисаның ендігі арманы төл перзенті – қазақтың әйгілі «Отырар сазы» ұлт аспаптар оркестрін Қарой жазығына әкеп күй дауылын орнату болды.

1986 жылдың сәуірі. Қарой жазығы. Табиғат-Ананың мейірімі алғаусыз төгілетін сәт – осы сәуір айы. Алты ай қыстан арқасы құрысып шыққан иен жазық ақ жаңбырға малшынып, жайма-шуақ самалға еміреніп жатыр. Тіпті ол өзінің мәңгілік қасіретін де бір сәтке есінен шығарып алғандай… Топырақ астынан тебіндеген көк майса аз уақыттан соң дүр етіп көтерілуге асық. Махамбеттің де он жеті жылғы түсініксіз сергелдеңнен соң, жер бесігіне жайғасқанына тура үш жыл болды. Нұрғиса ғұмырлық арманы болған Қаройдың қара жазығына толғана көз жіберді. Махамбет зиратына тізе бүкті.
Әшейінде де тынымсыз, тәкаппар болмысы бүгін тіпті беймаза. Шашын қайта-қайта желп еткізіп, асау аттай бір орында тұра алмады. Ал бұл кезде оның «Отырар сазы» Қарой жазығына дөңгелей орналасып үлгерген еді. Ұлы Күйші қанатын жайды. Қанаты сәл көтерілді де, ауада ілініп тұрып қалды. Сыралғы оркестр даңқты ұстаздарына кірпік қақпай телміріп қарап отыр. Сәлден соң Нұрғисаның сол қолы сәуірдің мамыражай ауасын тіліп өткендей шалт қимыл жасады. Басталды!.. Күй кетті!.. Ұлы күйші бүкіл денесімен жиырылып-жазылып, ақсары жүзінің әрбір әжіміне дейін сөйлеп, біресе серіппедей шиыршық атты. Біресе маң даланың момақан қалпымен елжіреп шуақ төкті. Біресе қабағынан қар жауғандай айбатты пішінге енді. Біресе өз ойымен, өзіне тән арманды құпиясымен ғасырлардың қойнауына сүңги жөнелді. Оркестр ойнап жатты… Қарой қасіреті күй тілінде сөйлеп жатты. Қара жердің астынан сең жүргендей, аруақтардың ауыр күрісініс демі естілгендей болды. Көз ұшында жайылып жүрген жалғыз жылқы құлағын жымитты. Тұяғымен жер тарпыды. Әуеде қызғыш айналды… Қаралы жазық көз алдында төңкеріліп бара жатты.

Сол кезде Нұрғисаның жанарынан жас парлап тұрған еді-ау… Ұлы мақса­тын орындаған жанның тәубе-тілегі, құбы­ласына қарап айтқан құмбыл арманы, тәкаппар кеудесін жарып бара жатқан шексіз мақтанышы – бәрі, бәрі оның көздерінен моншақтай төгілді.

Шабыт буғанда, шалық қысқанда өзін пайғамбардан кем көрмейтін асау таланттың айдарынан жел ескен шағы еді ол. Сөйтіп, Қаройдың қара жазығында Жыр қабыланы мен Күй тарланы жолықты. Айтпай түсіністі. Арыздасты.
Ал арада тоғыз ай өткенде Алматының алаңына қазақтың әділет аңсаған жас өркені көтеріле лап қойды. Азаттықтың алқынған үні естілді. Әлде, Нұрғиса сол сапарында ұлы далының рухын оятып кетті ме екен?! Кім білген?..

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,
Махамбет сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір