Жарыққа құштар жауқазын
19.08.2019
1300
0

Сүюші ең
Сұлулықтың асқақ әнін,
Күнім-ау,
Гүлге неге пәс қарадың?
Қарашы гүл көркіне қыз көркіндей,
Иісі аңқып тұр ғой одан жас баланың.

Марфуға АЙТХОЖИНА

НӘЗІГІМ МЕНІҢ…

Өткен өмірімді есіме алсам, бір қылығым үшін өз-өзімнен әлі күнге дейін өлердей ұяламын. Мен бір …гүлдің алдында айыптымын. Иә, иә, көңілінде ән құйқылжыған сезімтал жанның бәрі «нәзігім» деп еркелететін дала сұлуының алдында. Ол нендей қылық екенін айтып, ағымнан ақтарылмас бұрын балалық шағымды аз-кем шолып шықсам деймін…
Мен кішкентайымнан гүлді өте жақсы көретінмін. Қолыма қағаз-қалам түссе, көбіне гүлдің суретін сала жөнелетінмін. Туып-өскен жерім экологиялық жағдайы әлемге мәшһүр Сыр елінің Арал өңірі болғандықтан, гүл мен үшін қол жетпес ерекше дүниедей сезілетін. 1 қыркүйек – Білім күнгі дәстүрлі «Алғашқы қоңырау» жиынында кей құрбы-құрдастарымның ұстаздарымызға гүл шоқтарын сыйлап жатқанын көріп, айран-асыр болатынмын Кейін білдім, аулымыздағы санаулы орыс ұлтының өкілдері амалын тауып, аулаларына гүл отырғызады екен, ата-аналар солардан сатып алатын көрінеді.
Ақ бантигі желбіреген он бес-он алты жастағы оқушы кезім еді. Мамыр айы. Бір күні мектепке келсем, партамның үстінде бір тал сары жауқазын жатыр. Кімнен екенін бірден біле қойдым. Әлгі… өзім ұнатпайтын, бірақ қайта-қайта сөмкеме хат салып кете беретін, тіпті, бәлесін қарай көріңіз, сабақ аяқталысымен салпақтап құрбым екеуміздің соңымыздан еріп отыратын, үйіме жеткен бойда басы салбырап кері қайтатын әне бір қара бала ғой. Жасыратын несі бар, гүлді көріп жүзіме күлкі жүгірді. «Шынымен мен де гүл алатын жасқа жеткенім бе? Бойжеткенім бе?» деген қуанышты ой да қылаң беріп өтті. Артқы парталардың бірінде отыратын әлгі сыныптасыма қарасам, «мен ғой» дегендей ыржиып күледі. Жақтырмағансып жорта қабағымды түйе қойдым. Алайда гүлге тиіспедім, сол орнында жата берді. Арасында апайымнан ұрланып қарап қоямын. Ол кісі де менің алуан түрлі сезімдер ойнаған өңімнен бәрін байқаған болар, әлде өзінің де бір кездегі бойжеткен шағы сағынышпен есіне оралды ма, әйтеуір, ештеңе демеді.
Біраз уақыт өткен соң, ұлпа сезім мен ақ арман жетелеп, Алматыға да жеттім. Жеткеннен-ақ қаланың әр жерінен көздің жауын алып құлпырып өсіп тұрған сан алуан гүлдерді көріп, қиялымдағы жұмаққа тап болғандай қуанға­ным-ай. Кейде баратын жерімнің алыстығына қарамай, автобус­тан ерте түсіп қалып, қызылды-жасылды гүлге толы алаңқайдың жанымен аяңдай басып, «көз жұмулы, көңіл мас» күйде хош иісті сіміре жұтатынмын. «Қандай әдемісіңдер!» деп мамықтай жұмсақ күлтелерінен сипап өтуге шақ қалатынмын да, лезде ол ойымнан бас тартатынмын. Аяйтынмын. «Ауырсынып қалатын қимыл жасап қоярмын» дейтінмін.
Әйтсе де, көп ұзамай өмірімде ұзаққа созылған көңілсіз күндер басталып, мен оларды ұмыттым. Мүлдем ұмыттым. Ұмыту былай тұрсын, нәзіктерімді қатты өкпелеттім де…
Бір жылы, 8 наурыз мейрамында, өзім қызмет ететін ұжымдағы ер-азаматтар барлық қызға бір тал жауқазыннан сыйлады. «Гүліңізді суға салып қойған боларсыз?» – дейсіз бе? Жоқ. «Енді…». Айтуға аузым бармайды… Мен жұпар иісін шашып, ару қыздай майысып, үлбіреп тұрған балауса гүлді «белін» майыстырып, ортасынан бүктедім де… сондай бір немқұрайлылықпен қол сөмкемнің ішіне тастай салдым. Ертеңіне жұмысқа келген соң, жаныма әріптесім Әлия келді. Сөмкемнен қажетті заттарды алып, үстел үстіне қойып жатқанмын. Кенет «Мәдина! Мұның не?» деген Әлияның жан даусы шықты. Сөйтсем, байқамаппын, кешегі гүлді басы салбырап, екі бүктелген күйі сөмкемнен шығарып жатыр екенмін. Сыйлыққа гүл алғанды да, үйінде гүл өсіргенді де жақсы көретін құрбыма не айтарымды білмей, қып-қызыл болып кеттім. Сонда ғана жайқалған бір гүлді өз қолыммен еш аяушылықсыз өлтіргенімді түсіндім. «Бірақ оны өсіп тұрған жерінен сізден бұрын да өзге бір адам жұлып алып, ары қарай күнге еркелеп, өмірге еркелеп өсуіне мүмкіндік бермеді ғой» … «Өзіңіз айтпақшы, сіз ол кезде жаныңыз дертті боп, жабырқап жүрмеп пе едіңіз?»… «Е-е, осыны да сөз етіп… Гүл деген толып тұрған жоқ па? Несіне қиналасыз?» – дейсіз бе?» Өтінемін, бейшара гүлдің бейкүнә ғұмырына бұлайша қатыгездік танытпаңызшы. Қалай болғанда да, менің бұл ісім адамшылыққа жатпайды…
Осы оқиға маған періштедей пәк гүлдерді көргенде көңілім селт етуден қалғалы нәзіктігімді, сұлулыққа құштарлығымды жоғалтқанымды ұғындырды…
Көктемнің жаймашуақ күнінде, қоңыр мұңнан арылып, аппақ арманға қайта бой алдырып жүрген шадыман шағымда, кездейсоқта бір жігітпен жолымыз тоғысты. Таныстығымыз қыз бен жігіт болып оңаша кездесуге – біздің алғашқы кездесуімізге ұласты.
«Гүл сыйлар ма екен?» – деп алабұртып келемін. Үмітім алдамапты. Жаңа танысым қол қысысып үлгерместен «мынау – сізге» деп аппақ раушан гүлдерін ұсынды. Қуанышымды жасыра алмай, «ақ көйлекті аруларды» сүйріктей саусақтарыммен аялай сипалап, құшағыма баса беріппін…
Бүгінде тек мейрам күндері ғана емес, жай күндері де, еш себепсіз үстелімде гүл шоқтары тұрады. Енді мен оларды баяғыдай «көз жастарын мөлт еткізіп», қоқысқа лақтыра салмаймын. Су құйылған, тіпті, тәтті қанты да бар әдемі құмыраға салып қоямын. Сосын… өз-өзімнен күлімдеп, нәзіктеріме мейірлене, сүйсіне, аялай қарап отырамын…

ТЕРЕЗЕ

Бала күнімде терезенің алдына отырып алып, беймәлім сыры көп сыртқы дүниені бақылағанды жақсы көретінмін. Әсіресе, қыстыгүні қардың жапалақтап жауып тұрғанын. Сондай шалқымалы сәттерде жақсы бір шумақтар да туып қалатын.
Студент кезімде де сол «біртүрлі» әдетімді жоғалтқан жоқпын. Таңертең ұйқыдан ояна сала бөлмемнің терезесін айқара ашып (әрине, күн жылынғанда), таза ауамен тыныстап, құстардың үнін тыңдап, ағаштарға, жапырақтарға… қарап тұратынмын. Әлденені күтуден, іздеуден жалықпайтын жас жаным содан ерекше бір рақат табатын. Мені күнде осы «масаң» кейіпте көріп қалатын ауылдас бір құрбым (күнде таңертең біздің жатақхананың тұсынан өтеді екен), кейін өзінің айтуынша, «Мына қыз есінен ауысқан ба, әлде қияли ма? Не істеп тұр?» – деп таңғалады екен. Мейлі…
Көңіл-терезеңнің ашық болғанына не жетсін! Табиғаттың көркемдігін, тазалығын, тыныштығын жаны­ңа сіңіруден асқан ғанибет бар ма, сірә?! Ал көңіл-терезесі жабық адамның жан дүниесін бірте-бірте кір басары анық.
Бүгінде терезенің алдында жалғыз өзім тұрмаймын. Жанымда екі жасар балам Рамазан бар. Балапанымды терезенің алдына отырғызып қойып, қыз-қыз қайнаған тіршілікті тамашалау қандай әсер сыйлайтынын жүрегім лүпілдей соғып бақылаймын. Құдды баяғы өзім. Аузы ашылып, аң-таң боп, терезеден көз алмайды. Кішкентай томпиған саусақтарымен маған әлденелерді нұсқап көрсетіп қояды. Далаға ойнауға шықса, жерде сынып жатқан бұтақтарды жинастырады. Құстардың ұшып-қонып жүргенін қызықтайды. Өзі жан-жануарлардан қорықпайды. Көршіміздің үй қоянына дейін басынан сипап, әлдебір жәндіктерді ұстап алып, маған әкеп беруден шаршамайды. Көшедегі иттің де, мысықтың да жанына жүгіріп барып, былдырлай сөйлеп, өзінше қарым-қатынас жасауға тырысады. Қой не сиыр көрсе, көзден әбден ұзап кеткенше бір орында тапжылмай тұра беруге бар. Шалшық су кезіксе, тіптен мәз болады. Тас лақтырып ойнайды, маған байқатпай аяғын малып та алады. Әйтеуір, баламның айналасына бей-жай қарамайтынын байқаймын…
Көңіл-терезең әрдайым ашық болсын, құлыным!

ЖАРЫҚ

…Ауылда Махмуда деген қарт көршіміз болды. Талай жыл мектепте ұстаздық еткен, байсалды, жүзінен шуақ төгілген жан. Жолдасы ерте қайтыс болған. Әйелінен ажырасып кеткен ұлы жалғыз баласымен қолында тұрады. Анда-санда ащы судан татып қоятынын байқаймыз. Ал, ерге шықпаған қызының кекештігі бар. Несін айтасыз, жұпыны тірлік кешіп жатқан өте қарапайым отбасы.
Апа жаздыгүні күнде кешкісін сыртта жалғыз өзі серуендеуді ұнататын. Бірде кешқұрым анам­ның әжеймен жол бойында әңгімелесіп бара жатқанын байқа­дым. Үйге келген соң толқи сөйлеп: «Махмуда апамен бұрын неге жақын араласпағанмын? Кімнің де болсын сыртын көріп, ішіне үңілмейтін әдетіміз емес пе? Маған: «Күнде осылай демалып жүріп көршілердің терезелеріне қараймын. Терезесінен жарық көрінсе, қуанамын. Ал алда-жалда біреуінің шамы сөніп тұрса, «Бірдеңе болып қалмады ма екен?» деп мазам кетеді. Көршілеріңнің амандығына не жетсін!» – деді. Өмірдің нендей сынағына тап келсе де, жанының ізгілігін жоғалтпаған қандай жақсы адам!» – деген еді. «Пейілі кеңнің – ризығы кең» демей ме? Бүгінде қария қиын күндер артта қалып, бейнетінің зейнетін көріп отыр: немересі жан-жағы түгел үлгі тұтатын, ақылды, тәрбиелі, білімді азамат боп өсті; жоғары лауазымды білікті маман.
Сол бір әзиз жанның бейнесі де, анамның үлгі ғып айтқан ақыл сөзі де әлі де жадымда. Ешқашан ұмытпаймын да… Жазда көршілерімнің бәрі кеш түсе далада жүреді. Күнде көремін. Ал күз және қыс кезінде әлебір шаруаммен сыртқа шыға қалсам, міндетті түрде көршілерімнің терезесіне қарап өтемін. Әне, Аня сіңлім терезесінің алдында гүлдеріне су құйып тұр, Баян тәтей терезесінің пердесін айқара ашып жатыр, Вадим атай тарғыл мысығын құшақтап, ойға батып кетіпті. Ал Ләззат құрдасым мені көріп, күлімдеп басын изеді.
Иә, мен үшін әрбір үйдің терезесінен көрінген жарық – сол үйдегі отбасының амандығының белгісі іспеттес. Лайым, әрбір үйдің шамы жарқырап жанып тұрсыншы!

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір