ЖҮРЕГІ ЖЕР ДЕП СОҚҚАН…

(Күнделіктен үзінді)
Жазушы Қайсар Әлімнің белгілі қаламгер, өмірінің ұзақ бөлігін қазақ жерінің тағдырына арнап өткен Сапабек Әсіпұлы туралы әр жылдары жазылған күнделіктерінен үзінді жариялап отырмыз. Сапабек Әсіпұлы өткен ғасырдың соңында «Жер туралы» Заңға қарсы шығып, «Жер тағдыры» комиссиясының құрылуына атсалысқан топтың басында болды. Өмірінің соңына дейін жер туралы бірнеше кітап жазды. «Қазақтың басым бөлігі шөл және шөлейт жерлерде отыр, оларды шұрайлы, құнарлы топыраққа орналастыру керек», – деп дабыл қақты. Сәкең аттан сап қарсы шыққан шикі заңның зардабын ауыл халқы, қараша жұрт әлі тартып келеді… «Жер туралы» Заңның да олқы тұстары әлі көп. Күнделіктерден «Жер тағдыры – ел тағдыры» деп өткен жазушының қайсар рухын, қайтпас жігерін анық аңдаймыз.
«Жанкелдиннің мойнынна кісі қаны жоқ»
06.03.1993 ж.
Алматыға телефон шалып Сапабек Әсiповпен (филология ғылымының кандидаты, кезiнде Қазақ Кеңес Энциклопедиясы Бас редакторының орынбасары болған, Жанкелдин аудандық партия комитетiнiң хатшысы және осындағы «Жаңа өмiр» газетiнiң редакторы, Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетi редакторының орынбасары қызметтерiн атқарған қаламы қарымды журналист, бiрнеше кiтаптың авторы) сөйлестiм. Фарида жеңгей қайтқалы арнайы телефон шалсам да, үйiнде болмай (ауруханада жиi жататын) тiлдесе алмай жүр едiм.
– Сәке, жеңгейдiң артының қайырын берсiн! Марқұмды жерлейтiн күнi қоңырау шалғанымда Серiкпен (баласы) сөйлескенмiн, Сiз келе алмадыңыз және хат арқылы да көңiл айтқанмын. Сол хатпен «Торғай таңының» тоғыз нөмiрiне шыққан «Аңшының әңгiмелерi» циклiн қоса жiбергенмiн.
– Рақмет, көңiлiңе, – дедi Сәкең. – Ол хатты алғаным жоқ.
– «Халық кеңесiндегi» Бәкира Қарағұлованың қолында болуға тиiс, берiп жiберген адамым соған табыстауы керек едi.
– Е, онда алдыртайын.
Одан әрi Сәкең өз науқасының жанына батып жүргенiн айтты.
– Оң аяғымды ортан жiлiктен кестi. Әр түрлi ауруханаларды жағалап жүргенiме бiр жылдан асты. Жеңгең 7-8 ай ауырып қайтты… Дәрi-дәрмектi уыстап iшемiн деп, асқазанымды бүлдiрiп алдым. Ендi соны емдеп әлекпiн.
Бiр сөзiнде Сәкең: «өзiңнiң жазғандарыңды оқып тұрамын. Жақсы жазып жатырсың. Торғайдың ой-толғанысы сенiң жүрегiң арқылы өтедi ғой. Еңбектене бер», – деп ақжарма тiлегiн қосып қойды.
Өзiнiң шығармашылығын сұрағанымда, сарыуайымға салыныңқырап алды. «Аңшының әңгiмелерiн» түгел басты ма екен, соны бiл. Түгел болмаса, толық шығуын қадағала», – дедi.
Әңгiмемiз ойда-жоқта Жанкелдинге ауысып, «Ана тiлi» газетiнде жарияланған «Қазақ халқының дұшпандары» деген мақалаға ойысты. Онда Әлiби Жанкелдинге қатысты өткiр сын айтылған едi.
– Сол нөмiрдi салып жiбершi,– дедi Сәкең ынтығып. – Мен кiтапханаларға бұрынғыдай шыға алмаймын ғой. Жанкелдин жөнiнде «Егемен Қазақстанның» төрт бетiн аларлық көлемдi мақала жазып қойып едiм. Соның мұрағат құжаттарымен дәлелденетiн тұстары ашық күйiнде тұрғаны. Ауру ырық бермей тұр. Сосын «Қазақтың аш балалары» деген 35 бет дүние жазып едiм. Соларды жариялатуым керек.
Әлiби Жанкелдин туралы кiтап жазған Сәкең өзiн тежей алмай қазымырланып сөйледi.
– Жалпы, өткенге бiрыңғай топырақ шашуға қарсымын, – деп алып, ғалымдық дәлдiкпен сыналап саптады сөздерiн. – Жанкелдиннiң аруағына тиiсе бермеген жөн. Алашқа не iстедi ол? Оның үш еңбегiнiң өзi неге тұрады? Бiрiншiден, Алашорданың Торғайға кiруiне Тәшкенде жатқан Әлiби Жанкелдиннiң өзi көмектескен. Екiншiден, Мiржақыптан басқа Алаштың
19 өкiлi қолға түскенде соларды қорғап, босатып жiберген де Әлiби едi. Үшiншiден, алғаш ұлттық ымыраны жасаған кiм – Жанкелдин. Түн жамылып отырып айтайын, Жанкелдиннiң мойнында бiр кiсiнiң де қаны жоқ.
Сәкең қыза-қыза қалааралық телефон байланысының өзiн ұзын-сонар әңгімеге айналдырып бара жатты. Көсiле сөйлеп, тереңнен тартып, дәл бiр өзiнiң қасында отырғандай менi нұқып сөйлегендей болып, бастырмалатсын.
Сөзiмiздiң арасында Жанкелдин ауданының атын бұрынғы Торғай қаласы мәртебесiне өзгерту туралы айтылып қалды бiлем, Сәкең жұлып алғандай қылып:
– Қайтесiңдер, өнбейтiн әңгiме қуып, Жанкелдиннiң атын өзгерткенмен Торғайда қой көбеймейдi,– дедi, жұмсақ дауысы қатқылдана түсiп.
«Жерді сатуға болмайды!»
09.07.1999 ж. Сәкең (Сапабек Әсіпұлы) үйге кешкiлiк қоңырау шалды. Парламент депутаттарымен кездесiптi. Өзiнiң «Қатерлi дерт, қалжыраған халық» деген кiтабының 96 данасын депутаттарға таратып берiптi.
– Оқыр ма екен олар! – деп қояды Сәкең мысқылдап. – Оқыса, әрқайсысына коньяк құяр едiм-ау!
«Неткен қажымайтын жан», – деп тұрмын iшiмнен.
…10 шiлде күнi Сәкең «Егемен Қазақстанда» сөз алды. «Жердi сатуға болмайды!», – деп түйiндейдi мақаласын.
Қаламына тыным бермейтiн Сәкең осы!
…12 шiлде күнi Сәкең «Хабар» арнасынан «Бетпе-бет» пiкiрлесу бағдарламасына шықты. Онда да жердi саттырмауға бел буып бақты.
…Мiне, «Егемен Қазақстанның» 1999 жылғы 16 шiлдедегi санын қолыма алып отырмын. Бiрiншi беттегi «Қабылдануға жарамайды» деген тақырыппен жарияланған мақала астына Қазақстан Жазушылар одағы «Жер және халық тағдыры» комиссиясының мүшесi Сапабек Әсiпұлы қол қойыпты. Бас алмай оқып шықтым… «Жер туралы» Заңға қарсылық бiлдiрген мақаладан үзiндi: «… Екiншiден, «Жер учаскелерiн мемлекеттiк меншiктен жеке меншiкке беру, ақы төлеу арқылы жүргiзiледi» (8-бап, 1-тармақ) деген де дұрыс емес. Зардабы аса ауыр, зиянды қате. Бұлай болған жағдайда, ауылдар мен селоларда тұратындар былай тұрсын, қаладағы қалталылар жапатармағай аттанып, ең шұрайлы учаскелердi пышақ үстiнен бөлiсiп алып кетедi. Қазақ резервацияларының тұрғындары бұрынғыша өздерiнiң маңдайына жазылған шөл және шөлейт аймақтарда о дүниедегi тамұқ азабын тiрiдей тартқан күйiнде қала беретiн болады. Жаңа заң жобасын жасаушылар мұны бiлмедi дейсiз бе?» .
Сәкең сонымен бiрге: ««Жер туралы» заң жобасында санақта бар, санатта жоқ шөл және шөлейт дала «Қазақстан жерiнiң құрамына» (6-бап) енбей қалғандықтан тұрған жерiнiң шаруаға жарамсыз, қонысқа қолайсыздығына, яғни сапасының төмендiгiне байланысты оның есесiн толтыру үшiн тұрғындарға берiлетiн жеңiлдiктер мен төлемақылар туралы да ештеме айтылмаған. Мысалы, өркениеттi елдерде, солардың бiрi АҚШ-тағы үндiстер резервациялары тұрғындарына округтiк, штаттық, федералдық бюджеттерден олардың табыстарының 250-300 процентi мөлшерiнде қосымша төлемақы берiлiп тұрады…» – деп, әдiлдiктiң үстемдiк құруы үшiн жанайқайын салады.
Сапабек Әсiпұлы мақаласын былай түйiндейдi:
«Бiрiншiден, республика резервацияларының тұрғындары – қазақтардың мүддесi ескерiлмеген деп танылып, «Жер туралы» заң жобасын Парламент қабылдамай, керi қайтаруға тиiс.
Екiншiден, оның есесiне «Геноцид зардаптарын жою немесе республика резервациялары тұрғындары жағдайын қолайлы аймақтағылармен теңестiру шаралары туралы» арнайы заң жобасын дайындауды үкiметке тапсыру керек.
Бүгiнгi күн талабы осындай!».
… Ал, ендi Сапабек Әсiпұлына – менiң ұстазыма сүйсiнбей көрiңiз!
18.10.1999 ж. Жазушы, ғалым Сапабек Әсiпов министрлiкке менi iздеп келiптi. Министрдiң әлдебiр шұғыл тапсырмасын күйттеп жатыр едiм. Бөлмеме шақырғасын келсем, Сәкең отыр. Құшақтасып жатырмыз. Алматыдан келе жатқан беті ме деп ойласам, Қостанай, Торғай өңірлерін бiр айдай аралап, депутаттардың насихатын тәмамдап келе жатқан бетi екен.
Ертеңінде тағы соқты маған. Әлiбекке (департамент директоры Асқаров) жолығып, баспадағы кiтабының жайын бiлмекшi болып едi, ол кiсi iссапарға кеткендiктен кездесе алмады. Сәлемiн мен арқылы айтып кеттi.
Алматыға жүрерiнде Сәкең, бiраз әңгiменiң тиегiн ағытты. Негiзiнен жер тағдыры жайлы. Аманкелдi ауданының орталығында 30 үй аштық алдында отырса керек. 10 үйде 6 бала мүгедек бар екен. Әскер қатарына шақыруға бала жетiспейдi: салмағы аз, бойы төмен, арық-тұрақтар.
Сәкең Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Қазақ тағдыры» жер комиссиясының төрағасы болып тағайындалыпты. Бұрын «Жер тағдыры» аталатын комиссияның мүшесi болатын. Жер туралы, оны қазақ игiлiгiне шындап айналдырудың амалдары туралы тұшымды еңбектерiмен жүйелi көрiнiп жүрген 73-тегi қаламгердi жер киесi желеп-жебеп жүргендей көрiнедi маған.
«Сәкең күткен заң еді…»
20.04.2018. Таңсәріде (06.30.) Алматыдан қоңырау түсіп, Зинахан апай ері Сапабек Әсіпұлының өмірден озғанын естіртті. Ұстазымыз еді. Баулыған, демеген… 93-ке қараған жасында… Жүрегі Жер деп соққан… Тек жер тақырыбына ғана арнап бірнеше кітап жазды.
Жағалай (Астана, Қостанай, Аманкелді, Жанкелдин) қайғылы хабар салдым.
Сағат 15.30-да Алматыға пойызға отырдым. Ағаның жаназасы 22 сәуірде екен…
22.04.2018. Қазақстан Жазушылар одағында С.Әсіпұлымен қоштасу митингісі (10.00-10.40.) өтті. Оны басқарма төрағасының орынбасары Б.Жақып ашып жүргізді. Одақ басшысы Ұ.Есдәулет Түркиядағы демалысын үзіп, ұшып келіп сөз сөйледі. Сәкеңнің туған ауданы Аманкелдіден Е.Дауылбаев көңілін білдіре отырып, бір шөкім топырақты қабірге салатынын жеткізді. Жанкелдин ауданының қаралы пікірін Т.Әмір айтты. Біраз қаламгерлер (Ғ.Қабышев, С.Тұрғынбеков, Х.Біржанов, Ж.Қуанышбаев, т.б.) естеліктерімен бөлісті. Өзім де ұстазым туралы айттым. Мұрат Әуезов «Сөзіңіз ойлы болды», – деп қолымды қысты.
50 минөттей жүріп барып, Ащыбұлақтағы (Жәпек аулы) зиратқа Сәкеңді мәңгіге табыстадық. Әкесі Әсіптің (99 жас: 1885-1984, руы жазылмапты), зайыбы Фариданың қасына жантайды. Таяқ тастам тұста ақын, сатирик Марат Нұрқалиев орнығыпты.
«Еуразия» мейрамханасында асы берілді.
Зинахан апай Сәкеңді 20 жылдай бағып-қақты. Жағалбайлының қызы екен. Еңбегіне елі разы…
24.04.2018. Облыстық «Қостанай таңы» газетінің бүгінгі санында С.Әсіпұлы туралы некролог (12 әріптесі қол қойған) жарияланды. «Егемен» басшыларына 21 сәуірде айтып едім, әзірге үнсіз. Белсенді авторы ғой, екі ауыз сөзін қиятын шығар…
…Парламент Сенаты : «Жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді», – деген түзетулермен Жер туралы Заң қабылдады. Сапабек Әсіпұлының бақилыққа аттанғанға дейін күтіп кеткен Заңы еді бұл! Ақыры, жамбасы жерге тигеннен соң ғана қабылданыпты. Бұған да шүкір! Сәкеңдікі шынайы ерлік екен ғой…

Қайсар ӘЛІМ