«Қазақ әдебиетіне» арналған «АШЫҚ ӘҢГІМЕ»
19.08.2019
837
0

Дәл осындай тақырыппен «Тоғанай Т» баспасынан белгілі қаламгер Болат Шарахымбайдың кезекті кітабы оқырманға жол тартты. Қаламгердің бұл жинағына қазақ тарихы, халық тағдыры, ұлт әдебиеті мен руханиятына, денсаулық мәдение­тіне қатысты есімі елге белгілі тұлғалармен әр кезеңде жүргізген сыр-сұхбаттары топтас­тырылған. Айта кететіні, автор аталған кітабын бір кезде өзі қызмет істеген «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдық тойына арнапты.

Ізденіс жолын өткен ғасыр­дың 80-жылдарынан бастап, бірнеше жыр және тарихи-та­ным­­дық кітаптардың авторы атан­ған ақын Болат Шарахымбай – публицистика жанрында да өзіндік қолтаңбасымен танылған қаламгер. Алғашында «Ана тілі», «Қазақ тілі мен әде­биеті» секілді түрлі басылымдарда жұмыс істеп, қаламын шыңдаған ол кейіннен Қазақ­с­тан Жазушылар одағы қара шаңы­ра­ғындағы «Қазақ әде­биеті», «Әдебиет айдыны» га­зет­терінде он жылдай қызмет атқарды. Бөкеңнің таланты ер­ек­ше ашылып, бұрқырата жыр жазумен бірге, көсемсөз са­ласында да көсіліп қалам тербеп, өнімді еңбек еткен уа­қыты – осы кезең. Әсіресе, «Аш­ық әңгіме» айдарын ұйым­дастырып, онда елімізге кеңі­нен танымал тұлғалармен емін-еркін жүргізген сыр-сұх­батта­рын оқырман жылы қабылда­ға­ны есімізде. Міне, пуб­ли­цист-қаламгер кезекті кітабына, негізінен, басылым беттерінде «Ашық әңгіме» айдарымен жарық көрген осынау сыр-сұхбаттарды арқау етіпті.
Кітап «Әдебиет және руханият», «Денсаулық және мә­дениет» деген екі бөлімнен тұ­рады. Бірінші бөлімде ұлтына, еліне, халқына қалтқысыз қыз­­мет еткен, әдебиетке, ғы­лым­­ға, өнерге, журналис­ти­ка­ға өлшеусіз еңбек сіңірген, осынау идея-мұрат, мақсат жо­лында жоғары жауап­кер­шіліктің үлгі-өнегесін та­ныт­­қан тұлғалармен жүр­гізіл­ген сыр-сұхбаттары орын алыпты. Атап айтсақ, әде­биетші ғалым­дар Р.Бердібаев,
М.Мырзахметов, Ш.Сарыбаев, тарихшы ғалымдар К.Нұр­пейісов, К.Бай­пақов, Қ.Сар­т­қожаұлы, Ш.Әбдіраман, ақын-жазу­шылар Қ.Жұмаділов, Г.Бельгер,
Қ.Тұрсынқұлов, М.Ыс­қақбай, Н.Оразалин, ау­дар­­ма­шы К.Юсупов, Мемле­кеттік Тудың авторы Ш.Ниязбековтер сыр шертеді. Және кімдер туралы сыр толғайды десеңізші?! Кілең қазақтың «сен тұр, мен атайын» алыптары туралы, мысалы, ішінде әлем ұстазы атанған әл-Фара­биден бастап, Абай, Шәкәрім, күш атасы Қажымұқан, күй анасы Дина Нұрпейісова, Ақ­жан Машани, Шәмші Қал­даяқов, Төлеген Айбергенов, Нұрғиса Тілен­диев, тағы бас­қа­лар бар. Ал екінші бөлімде қа­зақ денсау­лық сақтау мәдение­тінің кори­фейлері – Халық Қаһарманы М.Әлиев, профессор-кардиолог Н.Арын, эмбри­о­лог-ғалым С.Бай­қошқарова, академик М.Тойшыбеков, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі болған Н.Ысқақов, «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының міндетін артқарған Б.Жұмағұлов, тағы басқалармен жасалған сыр-сұхбаттары нақышталыпты. Кітаптағы қай сұхбатты алып қарасаңыз да, оқырманның ой-санасына сәуле себелеп, тақы­рыптың жан-жақты және терең ашыл­ғандығымен баурап алады.
Жалпы, тұлғалар – қоғам­ның айнасы екені белгілі. Тұл­ғалардың қоғам, әдебиет, мә­дениет, руханият, ұлт ден­­сау­­лығы туралы айтқандары оқыр­­манға орасан зор әсер ете­ді. Сондықтан да мына жи­нақ­тағы небір кестелі ойлар мен пікірлер, ұсыныстар мен тұс­пал­дар ешкімді де бейтарап қал­дыр­масы анық. Қалай десек те, қоғам бар жерде – қоғамдық жүйе болады. Қоғамдық жүйе бар жерде тұлға болмай тұр­майды. «Жүйені жасайтын – тұлғалар» деген сөз де ертеден белгілі. Яғни, қан­дай қоғамдық жүйе болсын, тұлғасыз жасалмайды. «Тұлға – қоғамның айнасы» деп отырғанымыз сол. Бұл бізге тұлғаларымызды танып, біліп, солардан оқып, үйренуді парыз етеді. Тұлғата­нудың бір төте жолы – сұхбат жүргізу. Сұхбат арқылы тұлға­ның азаматтық, әлеуметтік және кісілік болмысы ашылады. Болмыссыз тұлға болмайды. Болмыс жоқ жерде – тұлға да жоқ. Тұлға болмысы – қоғам болмысы. Қоғам болмысын танығың келсе, тұлғаны сөйлет. Тұлғаны тану – сонымен бірге, уақытты сезіну. Уақытты сезінгің келсе, тұлға­мен сұхбат жаса. Сонда өзіміз өмір сүріп отырған кеңістік пен уақыт тынысын, қоғамның артықшы­лықтары мен кемшіліктерін танып, білуге толық мүмкін­дік туады. Өйткені онда сұхбат беру­шінің көңіл-күйі, ішкі эмоциясы мен мәдениеті, мәселеге көзқарасы арқылы қоғамның бүкіл бет-бейнесі түгелімен көрініп тұрады.
Қазақ публицистикасында, ұлт әдебиетінде тынбай ізденіп, еңбектеніп жүрген қаламгер Болат Шарахымбайдың мына кітабы біз үшін осындай өзге­шелігімен құнды.

Ерлан ҚАСЕН,
әдебиеттанушы, филология
ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір