ЭПОПЕЯЛЫҚ РОМАНДАР ЦИКЛЫНЫҢ АВТОРЫ
09.08.2019
2003
0

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ақын, аудармашы

Сыншылар мен жазушылар оның шығармалары туралы жақ ашпай отыр

Әлеуметтік желілер мен ғаламтор пайда болғалы кітап оқу ісі кенжелеп қалғаны жасырын емес. Соған сәйкес, әдеби қауымның, жалпы оқырмандардың өзі оқыған қандай да бір шығарма туралы ой-пікір білдіруі де сирексіп кетті. Соның салдарынан бүгінде мидай араласып кеткен әдеби туындылардың қайсысы асыл, қайсысы жасық екенін ажырата да алмай қалдық. Екшеу дегенді ұмыттық. «Қаламгер» дейтін қадірлі атауды иеленген қауымның ішінде жүйріктермен қатар шабан-шардақтар да бой таластырып әуре… «Талғам-таразымыз өз қызметіне адал болсын» деген ниетпен «Қазақ әдебиеті» газеті осы нөмірден бастап «Талғам-таразы» дейтін жаңа айдардың шымылдығын түрді. Айдар аясында редакция дайындаған сұрақтар бойынша, өздеріңіздің Қаламгер һәм Шығарма туралы ой-толғамдарыңыз жарық көретін болады. Сонымен, бұл жолғы сауалдарымыз былайша өрілді:
1. Жиі оқитын жазушыңыз кім? Ол жазушы өзге қаламгерлерден несімен ерекшеленеді?
2. Жазушының әсіресе қай шығармасы сізге ерекше әсер еткен еді?

1. Әрине, жақсы көріп оқи­­тын жазушыларымыздың са­ны біреумен шектелмесе керек. Іздеп жүріп оқитын қалам­гер­лердің маңдай алдында Мұх­тар Мағауиннің тұруы да заңды деп білемін. Сонымен қатар соң­ғы онжылдықтарда қазақ жазу­шыларының алдыңғы шо­ғы­рынан үзбей көрініп келе жат­қан Тұрысбек Сәукетайдың шығар­машылығына деген ыстық ықыласымды айтпай тұра алмаймын. Өзгелерден ұстанымы да, ұсталығы да ерекше. Нақ осы күндердегі өнегесі мол, өрісі кең, шынайы суреткер. Осыдан ­жиырма жылдың арысында «Құзғын тойған қыс» хикаяты бастаған серек-серек салиқалы повестері топтастырылған «Көлеңкелер патшалығы» кітабы Тұрысбек шығармашылығындағы үлкен бір белес болып еді. Ал Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қазақ қоғамы­ның қатпарларына үңілген, алма­ғайып шақтың қараңғысында қарманып жол іздеген халық рухының жаңғырықтарын аулаған «Айқараңғысы» және «Желқайық» сияқты кең тынысты, биік өрелі, соны сипатты күрделі романдары бүгінгі кемел жазушының қазіргі әдебиетіміздегі орнын осылайша биік бағамдауға негіз береді. Бұған қоса, «2016 жылдың үздік романы» атағын еншілеген «Мен – жындымын» траги-комедиялық сипаттағы шығармасы оқырман талғамының биік үдесі­нен табылды, қазақ прозасы оқылымдылығының биік қияларын нұсқады, «кітап оқыл­майды» деген қасаң қағиданы бұзды. Бұл жайдан әдеби орта, әлбетте, хабардар.
«Несімен ерекшеленеді?» дегенде, Тұрысбек Сәукетайды дәс­түр­лі қазақ романындағы қа­­ғи­даттарды мұзжарғыш кемедей бұзып-жарған жаңашыл қаламгер ретінде елестетеміз. Әрине, бұрынғы алыптарымыз ұлы шығармалар тудырды. Бірақ олар көп шындықты бүркемелеуге, әділет пен ақиқат тұрғысында «жауырды жаба тоқуға» мәжбүр болды. Т.Сәукетай қазақ романындағы дәстүрлі романның барлық жақсы қасиеттерін өз стиліне сіңіре отырып, бұл жанрды мүлде өзгеше қырларынан дамытты, байытты, өмір мен қоғам айсбергінің астыңғы ағыстарын көркем шын­дықпен қабыстыра терең зерделей білді. Иә, нағыз жазушы замана зарын шертіп, өз қоғамына кірпіш болып қаланғаны мақұл. Соған қоса, таланттың тағы бір жалғыз өлшемі сол, оқылатын шығарма жазуы керек. Шын һәм шынайы талант тартымды болмақ керек. Жазғанынан жан дірілі, өмір тынысы мен алуан бояуы көрініп тұрмаса, ол шығарма емес. Олай болса, Тұрысбек Сәукетай өз шығармаларында ақиқат өмірді мейлінше дәл, шынайы, нанымды көрсетуге, қайткенде де өмір болмысына барынша жақындатуға тырысып баққанын және сол мұратқа жеткенін көреміз.
2. Тұрысбектің барлық шы­ғар­­маларын жақсы қабылдап ке­лемін. Әйткенмен, өзінен бұрынғы алыптармен шендестіре сөйлеуге тиянақ боларлық толымды дүниесі «Қилы тағдыр» романдар циклы екені даусыз. Бес роман етіп жоспарланған бұл аса ірі көркем полотноның алғашқы екеуі – «Айқараңғысы» және «Желқайық» оқырман қолына тиді, ал «Бұлағай» бөлімінің тарау­лары «Жұлдыз» журналына жарияланып, жақсы бағасын алып та жатыр. Осы орайдағы ойымызды тарқатсақ, қазақ өміріндегі үлкен бір соқталы кезең – Желтоқсан оқиғасы мен одан кейінгі жыл­­дарды айқын көркемдік тұ­жы­рыммен, тарихи мән-ма­-
ң­ы­зына һәм психологиялық астарлы иірімдеріне терең үңіле, талқандалған адам тағдырлары арқылы, солардың жан дүниесі мен сана-сезіміндегі қасіретті өзгерістер арқылы көрсететін ірі көркем полотноға тәуекел етуін Т.Сәукетайдың суреткерлік батылдығы деуіміз керек.
Алтын арқауынан әсте ай­ныма­ған, бірінен бірі тартым­ды осынау романдарда айқараң­ғы­сындай өтпелі уақыт та, түлкі бұлаңға салған бұлағай заман да, жалған дүниенің желқайық тағдырлары да бар. Уыз махаббат­тарының қуанышына у құйылған Әзиз-Сұлтан мен Сәбираның күйреген бақыты, Қонаев, Олжас Сүлейменов, Горбачев, Лигачев ақиқат аясында өте нанымды бейнеленіп, роман әсерлілігін арттыра түскен. Мойнына бұ­ға­­лық түспеген шу асаудай бұла жастықтың алаңға селдей ақ­тарылып шығуы керемет-ақ. Бұрынғы дәстүрлі роман түсінігінен формасы да, мазмұны да бөлек, композициялық түзілімі, психологиялық шегіністері, жанама желілері, әрқилы кейіп­кер­лердің жан-жақтан жосылып аққан бұлақтардай ақырында бір арнада тоғысуы таңдай қақтыр­ғандай. Еркін қалыпталған романдарда баяндау жоқ, бәрі суретпен, оқиғамен өріліп беріледі. Мінезге бай, бейнелі сырбаз тіл. Ағыны байсал, шым-шымдаған шымыр тегеурінді, толқындаған иірімі мол, қазағымның қаптал тілі.
Эпопеялық мақсат көздеген осы романдар циклы әдебиетімізге олжа салып келгені анық. Тек сыншылар мен жазушы ағайындар «көрмес түйені де көрместің» кебімен жұмған ауыздарын ашар емес. «Тәуелсіздік жылдарын көрсететін дәнеңе жоқ», – деп аузымызды қу шөппен сүртеміз. Ке­зінде марқұм Бекежан Тіле­генов­тың көп шындықты алғаш шырылдатып айтқан «Қара жел», «Сексен алтыншы жыл» сияқты кесек те кемел романдарына Мұхтар Мағауиннен басқа ешкім жылы лебіз айтпап еді. Сол сияқты, Тұрысбек Сәукетайды да жиындарда жақсы жазушылардың тізіміне қоспаудан әдебиетіміз опа табады, жақсылық көреді деп айта алмаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір