БЕЛГІЛІ РЕЖИССЁР САУРАНДЫ АРАЛАДЫ
05.07.2019
820
0

Жуырда киносүйер қауымға белгілі қоюшы-режиссёр, «Ертұғырыл» теле­хикаясының авторы әрі режиссері Гюнай Метин орта­ғасыр­лық Сауран қалашығын аралады.

Елбасының арнайы шақыруымен Қазақстанға келіп, даңқты батыр – Қасым хан жайлы көп бөлімді фильм түсіруді қолға алған режиссёр жобаға лайықты тарихи орындарды іздестіруде.
Режиссёр елге белгілі, өңірге танымал тұлғалармен, министрлік өкілдерімен бірге Отырартөбе қалашығын аралады. Фильм­ге дайындық жөнінде пікір білдіруден басталған сапар тарихқа бай Сауранның сырлы әлемімен танысуға ұласты.
– Фильмнің сценарийін жазу барысында Қазақстандағы тарихи жерлер жайлы да көп іздендім. Түркістан – қазақтың хан­дары мен батырларының сүйегі жатқан жер. Сондық­тан Отырартөбе мен Сауран­ның деректерге негізделген тарихи орындары фильм­де көрініс тапса деген ой туындады. Осы мақсатпен алдын ала танысып көру жұмыстарын бастадық, – деді режиссёр Метин Гюнай.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан облысындағы тарихи орындарға жасаған сапары барысында Сауран қалашығының тарихи келбетін сақтай отырып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, туристік орталыққа айналдыру істері бойынша арнайы жоба әзірлеген болатын.
Режиссёрдің Қазақ Ордасының негізін салушы, қол бастауда да, ел басқаруда да ежелгі ата-дәстүрін меңгерген Қасым хан жайлы түсірілгелі отырған 75 бөлімді фильмі белгілі сұлтан, даңқты баһадүрдің қайраткерлік жолын көрсетпек.
Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қал­анған, Түркіс­танның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі.
Биіктігі 6 метр қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай 800 метр, солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай 500 метр аумақты қамтиды. Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық аймақ әрі сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында: «Сауран – жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар», – деп жазылған. Шыңғыс, хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Cауранда үлкен мешіт болған. Діни ғұламалар осы қала арқылы ислам дінінің қазақ даласына тарауына ықпал еткен. ХIV ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен зерттеушілер «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауранның орны қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 метр дөңгелек алаңға айналған. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII-XVIII ғасырларға жататынын дәлелдейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір