«ҰЛЫ ДАЛА КЕМЕҢГЕРІ – ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН» АТТЫ КӨРМЕ АШЫЛДЫ
05.07.2019
924
0

Апта басында Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Ұлы Дала кемеңгері – Елбасы және Түркістан» атты көрме ашылды. Тұңғыш Президенттің Түркістанға сіңірген еңбегі зор. Қазір Түркістан ұлттық рухтың қайнар көзіне айналды.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назар­баев­тың жоғары мемлекеттік қызметке келгеніне 30 жыл толу мерейтойына арналған кезекті «Ұлы Дала кемеңгері – Елбасы және Түркістан» тақырыбындағы көрменің мақсаты – Елбасымыздың елі үшін атқарған қызметі мен рөлін, өз қаламынан шыққан кітаптарын, ой-толғамдарын насихаттау, кең байтақ жеріміз бен мәдениетімізді төрткүл дүниеге танытудағы ерен істерін өскелең ұрпаққа жеткізу.
Шараға Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қала қонақтары, музей қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркіс­тандағы тарихи кездесулерінің маңыз­дылығын жастарға көрсетуді мақсат тұтқан көрмеге қорық-музей қорынан 50-ден аса жәдігер қойылды.
Жиында «Әзірет Сұлтан» мемле­кет­тік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Бақытжан Нұрханов құнды жәдігер­лер­дің маңызы мен тәрбиелік мәніне тоқталып, көрменің ашылуымен құт­тықтады.
– «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жыл са­йын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еліміз үшін атқарған орасан зор қызметі мен өнегелі ғұмырына арнап көрме өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Бүгінгі күнге дейін «Елі сүйген Елбасы», «Елбасы өнегесі», «Елбасы тағылымы», «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында көрмелер өткізілді. Елбасымыздың әрбір сапары мен Түркістанға қатысты ой-толғамдары тарих алдында құнды мұралардың бірі болып табылады», – деді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Бақытжан Нұрханов.
Шараға қатысушы қонақтар да Елбасы және Түркістан жайлы естеліктерімен және пікірлерімен бөлісті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір