Тау суындай тұнық жырдың иесі
28.06.2019
1255
0

Қазақтың мәртебелі ақыны Ғафу Қайырбеков 1981 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде: «Мен Бақытжанның балдырған дауысты өлеңдеріне шын қуаныштымын. Жас ақындар осылай жазса керек. Бұл өлеңдерде ақындық шынайы сезім, ол туғызған өрнек бар.
Талапты жастың болашағынан үміт етіп, ақ жол тілеймін» деп, жас ақынға батасын әрі бағасын берген еді. Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті.

Бақытжан 1976-1981 жылдарда Алматы қаласындағы қазақтың маңдайалды білім ордасы – Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің филология факультетінде оқып, оны қызыл дипломмен бітірді. Ол университетке дейін де, оқып жүргенде де қолынан қаламы түспей өлең жазды. Жай адам бір ғұмыр кешсе, ақын қыз Бақытжан екі ғұ­мырды қатар кешті. Ол Жыр-ғұмырында өзін еркін сезінетін. Тау суындай мөлдір жырларын жазғанда арайланып, көзі тұңғиық бір сырға толып, ұшатын құстай қомданып, ерекше құлпырып кететін. Ал адам бойындағы кемшілікті, сатқындықты көргенде, бүгін өмірден кетіп қалатындай қамығатын, жас баладай ызаға булығып, ешкімге білдірмей жылайтын. Сондай кездерде ол қолына қалам алатын еді…
Оқуды бітіре сала, Бақытжан «Қазақ уни­верситеті» газетіне қызметке тұрды. Алғашқы бастамасына бәріміз, әсіресе достары қатты қуандық. Бірақ Тағдыр деген батыр кім-кімді де өз дегеніне бағындырады ғой. Бақытжанға отбасылық тағдыр өзінің туған еліне қарай жол көрсетті. Болашақ жары Бауыржан Қана­пин Семей қаласындағы мал-дәрігерлік инс­титутты бітіріп, Алматыға келіп, Бақытжанға жүрегін ұсынды. Бақытжан поэзиядан алыстаймын деп еш ойламады, Алматыға оралам деген арманмен күн кешті. Осы жөнінде Бақытжанның жерлес қаламгер ағасы, қатон­қарағайлық Әлібек Қаңтарбаев: «Баяғыда өнер Олимпі Алматыны талақ етіп, Алтайға қашпауың-ақ керек еді. Әттең…» – деген екен. Қанша «әттең» десек те, Бақытжан жар сүйді, екі баланың анасы атанды, мектепте ғажап ұстаз болды. Әдебиет сабағынан ақын­ның дәріс оқуы бір ғажап дүние ғой. Өске­менде мектеп мұғалімі болып қызмет істейтін Бақытжан қаншама бала ақынды баулып, томағасын сыпырды. Оның оқу­шылары қандай сөз өнеріне немесе ғылыми бағыттағы сайыстарға барса да жүлдемен оралатын еді. Себебі, олардың ұстаздары қарапайым мұғалім емес, Ақын – Ұстаз болатын. Ал, екіншіден, ақынның ұстаз болуы өзі үшін де өте пайдалы. Мектеп оқушылары бүгін бала болғанмен, олардан ертең-ақ терең ойлы, биік мақсатты тұлғалар шығады. Талантты шәкірттердің таза жүрегі, балауса балғын сезімдері де ақынға қатты серпіліс, көңіл күй сыйлайды. Ұстаз да зергер ұста сияқты, әр шәкірттің талантын ашқанда, өзі де қуанып, еңбегінің бал дәмін татқандай болады. Сондықтан болар, Бақытжанның қаламы қолдан түскен жоқ. Еліміздегі беделді баспалардан «Ай мен Алтай», «Ай патша­лығы», «Сезім сәулесі», «Шағылға біткен шы­нар­мын», «Кәусар дүние» атты жыр жинақтары жарық көрді. Сонымен қатар, өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Дидар», «Арай» газеттерінде, «Жұл­дыз», «Ақ Ертіс», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Адырна», «Таңшолпан» журналдарында, «Балауса» студент-жастар топтамасында, «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» жинағында, «Алтай әуендері» атты топтама-хрестоматияда жария­ланған.
Ақын туралы, сөз сұлуы – поэзия туралы қара сөзбен пәлсапа соғу сондай қиын екен. Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаны­ң­ыздың сәулесі өзіңізден шығып тұрғандай сезінесіз, айнала шуаққа бөленіп жүре береді. Сенбесеңіз, оқып көріңіз:
Бабаларды хан көтерген киізі,
Аттың жалы, арқар, киік мүйізі.
Өлең оқып жусаны мен жуасы,
Қайда барсаң шашырайды нұр исі.

Мейірімді бұйрат-бұйрат белдері,
Қайырымды жылы жүрек сенгені.
Тазалықты көк аспаннан көшірген
Төңкерілген құралай көз көлдері.

Қарын қамы туралатын намысқа,
Дат дегізген азуы алты қарысқа.
Жалаң сөзге жарты көмбе жасырған,
Домбырада шебер жүйрік қағысқа.

Қазақ осы – жан ғылымын игерген,
Айран ұрттап, қымыз ішіп күн көрген.
Сабыр түбі – сары алтынын сақтаған,
Әлі де сол – асықпайтын сұрмерген…

Телегейден туып еді күй-дастан,
Әміре ән боп кетті өмірге сыймастан.
Көз алмайтын болып алды Жер шары
Көкірегінде Аққуы бар Димаштан, –
деп жыр төгеді ақын…

Гүлтас Сайынқызы,
Назарбаев университетінің профессоры,
«Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры

(Толық нұсқасын газеттің №26 (3660) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір