БІЗДІҢ СЕРЁЖА
26.06.2019
1548
0

Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы

Ел-халықты ұйқы-тұйқы жусатып кеткен соғыстан кейін Серікпен бір сыныпта оқып, жетілдім. Екеуміз де жақ жүніміз үрпиген сары едік, екеуміз де кедей отбасынан ек. Серіктің кедейлігі менен де басым. Өйткені ол тым ерте жетім қалған-ды.

Мектеп қабырғасында тайдай тебісіп жүргенімізде атын атаған болармын, ес білгелі оны Серёжа дейтінмін. Сергей Есенин бауырлас оқырмандарына – Серёжа. Бұл атта еркелік мағына бар екендігі бір бөлек, тағы бір мәні – көп жағынан біздің кластасқа үндес, тағдырлас келетін Сергей Есенинді еске салады. Қыршын кеткен ақынды өзі де ұнататын, еліктеп те қоятыны бар-ды.

Жазушы Жақсылық
Түменбаевпен
Суретті түсірген Б.Омарәлиев

Әскерден келген қысқа қара тонды дөңмұрын Ақниет десе, ақниет, ұшып-қонып жүретін «өшетіл» орыс тілінен сабақ бастасын. Станса бастығы – Хрущевтен айнымайтын Быковтан өзге орыс көрмеген бізге өзге тіл жат. Ағайымыз түсіндіріп-түсіндіріп, ертеңіне сабақ сұрайтын. Алдымен: «Кім айтады?» – дейтін сауал бар, қол көтеретін адам жоқ. Өлі тыныштық. Өшетілдің қабағы түйіліп, бөксесін орындыққа егеп, әй, бір бұзылады-ау. Тұнжырап, қаламсапты уқалап әрі отырады, бері отырады, қырық бес минут болса, біздің пайдамызға сыртылдап өтіп жатады. Дайындалып келген бір пенде табылмайтыны анықталған кезде барып: «Өшетіл, «По долинам, по взгорьямды» айтайыншы», – деген дауыс естіледі сырт жақтан. Бұл – Серіктің дауысы. Класымызда екі үздік оқушы бар-ды. Соның бірі – Серік. «Үһ, Тәңірі жарылқасын сені! Құтқардың». «Читай», – дейді өшетіліміз. Серік тақтаға маңғаздана шығып, қызара бөртіп тұрып, әлдеқашан өтіп кеткен «По долинам, по взгорьямды» аңыратады-ай. Тақтаға шығуы, мұрнын тартуы, кебеже сүйегі көтеріліп, басылып айтуы, одан қайтуы бар, оншақты минутты неге алмасын?! Өшетіліміздің өңіне жылылық еніп, аз да болса қан жүгіреді. Тағы да «бес». Бұл өлеңнің «бесін» бұрын да талай алған. Ұмытпасам, осы «По долинам, по взгорьям» бізді бір тоқсан асырады.
Жетіжылдық тәмамдалған соң жол айрығы келді. Балалықтың базарындамыз, дос іздейтін ақыл да, мәдениет те жоқ.
Орта мектеп те тәмамдалып, жақсы адамдардың демеуімен 1958 жылы Шымкент педагогикалық институтына түскенмін. Ұмытпасам, 1959 жылы «Лениншіл жас» газетінен Серігім көзге оттай басылсын. Бір топ өлеңін беріпті, өзі әскери киімде. Оның да әдебиетке бейімділігі әрі қуантып әрі қызықтырып тастады. Студенттерге көрсетіп, «кластасым» деп марқайып қалдым.
Елге келіп, жұмысқа орналасқаннан-ақ ауылдастардан білдім, Серёжа әскерін бітіріп, Қызылордадағы педагогикалық институтқа түсіпті. Әскерден бұрын Қазалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумында оқып та көрген.
Қызылорда Қазалыға таяқ тастам. Оның үстіне облыс орталығы. Іссапарға бір жол түскенде пединститутқа арнайы іздеп барып, тауып алғам. Балалық доспен табысып, апақ-шапақпыз. Сонан кейін іргелес Арал, Қазалы аудандарында қатар қызмет атқарысып, өле-өлгенше арамыз үзілген емес.
Сатирик ақын, кейін радио, мәдениет салаларында көп жыл қызмет атқарған, ауызша әңгіменің шебері, әсіресе қыңыр әңгіменің бабын келтіретін Жанұзақ Қожабергеновтің үйінде тұрды Серік. Қызылордаға бір жол түскенде Серёжаның туған күніне дөп келіппін. Шәкіртақы болса да жетпейді. Суыртпақтап жағдай айтқан соң, осы Жанұзақтың үйіне бес-алты адам жинап, «день рождениесін» өткізіп бергенім есімде.
Қызылордадағы дәурен Серёжаның өміріндегі бір өркешті, елеулі кезең болды. Бұнда әдеби орта, сөз қадірін білетін ақын-жазушылар бар. Жастарды айтпағанда, Асқар Тоқмағамбетов, Зейнолла Шүкіров, Нәсіреддин Сералиев, Қомшабай Сүйенішев, Саид Баязитов, Жанұзақ Қожабергенов. Барлығы да Серёжаны еркелететін. Серёжа да бәріне ерке еді. Серіктің де қанаттанып келе жатқан дәуірі. Бұның тіршілік көзі – шәкіртақы ғана. Ол кезде қаламақы төленетін жер – облыстық радио мен «Ленин жолы» газеті. Бұлар – шәкіртақыдан кейінгі Серёжаның жүрегін жалғайтын екінші бұлақ. «Ленин жолында» алғаш Нәсіреддин, кейін Қомшабай ағаларымыз өлеңдерін бастырып, қаламақы бергізіп тұрады. «Өзімді асыраған Нәсір ағам», – дейтіні сол Серёжаның. Зейнолла Шүкіровпен тіпті жақын болды. Аға өлімі бұны қатты жетімсіретіп, Зекеңнің монологы ретінде шығарған өлеңі бұл күндері ауыздан түспейді.
Серёжа өзі қос тізесін сабалап, мәз-мәйрам боп айтып отыратын. Бес жыл бойы ақындық леппен ұшып-қонып жүрген студент мемлекеттік емтиханда оңтайы келіп, бір сұраққа айтарлықтай салмақты жауап қайтарса керек. Ондайды күтпеген Әукең – Әуелбек Қоңыратбаев аң-таң қалып: «Осы біздің Серік те мұғалім болып кетуі мүмкін-ау», – дейтін көрінеді. Творчествоның қадір-қасиетін білетіндіктен, оның үстіне екеуі де көңілдің адамы, Әукең мен Серёжа өте тату болатын. Ұстаз бен шәкірт кәдімгі қатарластардай емін-еркін әзілдесіп, пікірлесе беретін. Серік Әукеңе әкесіндей еркелейтін.
Оқу тәмамдалған соң Арал ауданына келді. Алғаш Құмбазарда, кейін Ұялы, Қаратереңде мұғалім болып, өлеңдері мен мақалалары маза бермеген соң, күндердің күні, жазарманның табиғи кәсібі, «Толқын» газетіне ауысты. Аудан орталығы, бір ауданның үні тұншығып жүрген Серёжаға айтарлықтай өріс болды. Ұзақ еңбек етіп, нәпақа тауып, бала-шағасын асырап, елге танылған қарашаңырағы – «Толқын» газеті. Ойы ұшқыр, шалт мінезді ақын газетпен үйлесе кетті, бұл да аянған жоқ, барын салды. Ұжым да Серіктің қадірін білді.

Төменгі қатарда: С.Сейітмағамбетов және М.Қаназ

Күндердің күні Аралдан жақсы хабар жетті. Серёжа үйленетін болды. Бір қызбен сөз байласқан. Дайын отырған қызды Қаратереңнен екеуміз алып қашуымыз керек. Ақын, автоинспектор Мешітбай Құттықов ағамыз машина дайындаған. Дереу Аралға жеттім. Мешітбайдың уағдаласқан машинасы аяқасты болмай қалып, күйеуің бұнда қалып, қолда – жеңгетайға бір көйлек, бір келі кәмпит, Қаратереңге менің ұшып кетуім; енді қос қанатты айырпланға мініп, оталып ұшқалы тұрған кезде, кинода болатын еді ғой, мотоциклге мінген қарулы үш неміс, тап сол еңгезердей жеті-сегіз жігіт үш бірдей «Уралмен» келіп, ауылнай қатынның қашып бара жатқан қыздың қолынан ұстап, жетектеп алып қалуы; бұдан бейхабар Серёжаның Қазалыдан өң-түс жоқ күтіп алуы, қашатын қыз – Қаратереңде, шабаданы – менде; Адольф деген жүргізушімен тап сол жерден бірден Қаратереңге қайта тартуымыз, Күләйді дәл сол күнгі апақ-сапақта алып қашып, асығып жүргенде бір мал қораға сүңгіп кеткеніміз, дария өтіп, Қазалы асып, одан құмға батқанымыз, қайтадан Бөрлі көпірінен өтіп, таң қылаң бере, әйтеуір Бекбауылға жетуіміз – шағын қағазға сыймайтын бөлек бір хикаят. Киноға жарайтын хикаят. Қаратереңнен әкеліп беретін сол Күләй – бұл күндері ұл-қыз өсіріп, Серёжаның түтінін түтетіп отырған сарықарын бәйбіше, мейірімді әже. Бала тапқыш, нан жапқыш қана болып қалмай, жарының жоқтаушысы, қалған мұрасын түгендеуші де.
Серёжа бала тәрізді, тым ақкөңіл, кісіге сенгіш, қулық-сұмдық атаулыдан мақұрым, жұрттың бәрін өзіндей көретін және болмашыға өкпелей қалатын. Соған сай қайтымы да тез.
Сексенінші жылдары Серёжаның Аралда өзіне-өзі келіп, оң-солын таныған кезінде республикалық «Жалын» баспасының «Өркен» редакциясын басқардым. Редакция бүкіл республика бойынша прозасы, поэзиясы, сатирасы бар, тұңғыш кітаптарды шығарумен айналысатын. Авторларды жеке кітаптарының алдында жинақтарға енгізіп, жұртқа таныстырып алу дәстүрі болды. Талай айтқанымда ол осы мүмкіншілікті де пайдаланбады. Әйтеуір, айтсам болды, мұрнын тартып жіберіп, кейін сырғыта беретін. Меніңше, ол поэзияны тым биік қойды. «Әлі де шыңдала түссем» деп ойлады, өзіне көңілі толмады.
Халқына құлдай қызмет атқарды, ештеңе міндетсінген емес. Көкірек кермей, тобырдың соңында бұқпантайлап қана өмір кешті. Бізде бұндай сорттың қадірін біліп, қолтығынан демейтін мәдениет қайдан болсын… Ол қатардағы қарапайым достарынан қуат алып өмір сүрді. Солардың демеуін медет тұтты. Серёжаның өмірі – барға қанағатшыл пенденің өмірі. Өмір бойы да иіні бүтін киім кие алмады. Әйтсе де, ондайға мойымайтын, дүние жағын уайым етпейтін, «ашпын, жалаңашпын, қызметтен өспедім» дегендерді аузына алмаушы еді.
Соғыс түлегі Серёжаның талантына екі бірдей сор – жетімдік пен кедейшілік мөрдей басылған. Екеулеп оның өрісін жаздырмай, үнемі желкелеп отырды. Ақыры кедейшіліктің меншікті дерті – құрт ауруы жеңіп тынды, перзенттерін жетілдіремін деп дұрыстап емделуге де мұрсасы болған емес.
Күндердің күні суық хабар жетті…
Тумысында шағын адам шөкімдей болып қалыпты, жеп-жеңіл. Өмірге жұпыны күйінде қалай келсе, сол жұпыны күйінде кетті.
Тіршіліктегі қадір тұтқан ағасы Зейнолланың қасына жетті…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір