Жазылған жайттың жалғасы
Кемінде екі жүз жылдық тарихы бар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейдің (әрі қарай – Орталық музей) сау басы тағы да саудаға түсіп отыр. Бұл тұста сау басы деп отырғаны-мыз – Орталық музейдің дәл қазір ел-жұрт арасында да, халықаралық деңгейде де өзінің қарымды еңбегінің қомақты табыстарымен үлкен беделге ие болғандығын білдіру. Шынтуайтында, Орталық музей 2005 жылы ресми мемлекеттік аккредитация мен аттестациялаудан ойдағыдай өтіп, отандық музейлер арасында шынайы ғылыммен айналысып отырған бірден-бір музей десек, асырып айтпаспыз. Музей ұжымы жарыққа шығарып, бұл күндері сирек басылымдар қатарына еніп үлгерген өз қорындағы тарихи-мәдени құндылықтардың онға жуық ғылыми каталогтарының танымдық тағылымы өз алдына, түрлі-түсті сан алуан тарихи суреттер һәм кескіндермен көркемделген әрқайсысы 100 б.т. құрайтын бес томдық ғылыми-этнографиялық энциклопедияның жарыққа шығуы ғылым әлеміндегі толымды табыс ретінде бағалауға әбден тұрарлық еңбек. Ал музей қызметкерлерінің мәдени және білім саласындағы жетістіктері – өз алдына әңгіме.
2012 жылы Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімовтің Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған хатындағы аталмыш музей мен оның қорын қаланың коммуналдық меншігіне беру жөніндегі өтініш-талабынан басталыпты. Дәл осы құралыптас төртінші хат тағы да осы жылдың 28 шілдесі күні аталмыш адреске жөнелтіліпті.
Расында да, дүйім жұртшылықты дүрліктірген һәм музей ұжымын әрі-сәрі пұшайман күйге түсірген осынау «гөй-гөйдің күйі» күні бүгінге дейін толастаған емес. Қатарынан төрт жыл!
Ең «жұмбақ» жайт – қызметін ауыстырып жатқан әкімнің әлгі соңғы хатқа да қол қойғандығы… Бұл хаттағы да айтылған негізгі уәж – Орталық музей Астанадағы жаңадан бой көтерген Ұлттық музейдің экспозициясының мазмұнын қайталайды-мыс?! Алайда, білікті мамандардың айтуына қарағанда, құрылымы мен ауқымы жағынан екі музей бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Тіпті, олардың өзара ұқсастығы да, халықаралық музейлік тәжірибеге ден қойсақ, Орталық музейдің мемлекеттік деңгейдегі статусын төмендетуге негіз бола алмайды. Себебі, өнегесі озық елдерде бір мемлекет тұрмақ, бір елді мекеннің, бір қаланың аумағында аты да, заты да өзара ұқсас музейлер аз емес. Қайта мұндай «параллелизм» музей жұмысын жандандырудың ілкімді механизмі – бәсекелестікті күшейтеді екен.
Сонымен, Орталық музейдің ғимараты мен оның қорын, Алматы әкімшілігі көксегендей, қаланың меншігіне беру оның меншік субъектісі мен меншік формасының мүлдем өзгеруіне алып келеді. Бұл дегеніңіз жап-жақсы жұмыс істеп тұрған Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы қария музейдің жоғарыда айтылған екі жүз жылдық тарихының аяқталуы деген сөз. Ал Алматы әкімшілігінің аталған хаттардағы Орталық музейдің орнына көп функционалды мәдени орталық құру жөніндегі пікірін жоғарыда айтылған жай бойынша музейдің жойылатындығын ашық айтқандығы деп қабылдаған ләзім (осыған орай, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасымен Орталық музей қызметкерлері Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелері қиылысындағы бұрынғы НКВД, кейінгі КГБ орналасқан ғимаратта жасақтаған саяси қуғын-сүргін тарихы атты республикалық музейінің қала балансына өткеннен кейінгі сатылып кетуі жайты еріксіз еске түседі).
Алматы қаласына дербес музей қажет болып бара жатса жаңа ғимарат тұрғызу я болмаса соған лайықты үй табу Алматы тәрізді алып шаһарға түк те емес. Есесіне еліміздегі ең көне музейдің шаңырағын шайқалтпай, іргесін бүлдірмей болашақ ұрпаққа бүтін күйінде табыстаймыз. Ел-жұрт емеспіз бе. Осынау алмағайып заманда қазақ мәдениеті мен ғылымындағы орны толмас ойсырауға апаратын мұндай келеңсіздікке елдің бетке ұстар зиялылары қатты алаңдаушылық білдіріп отыр. Төменде отандық ғылымның саңлақтары академиктер Әбдуәли аға Қайдар, Рабиға апа Сыздық, һәм Мұрат Әуезов, Дулат Исабеков, Сейдахмет Құттықадам, Бақыт Қайырбеков, Тимур Сүлейменов, Марат Сембі сынды барлығы он мыңға жуық қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілдері қол қойған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтің атына жолдаған Ашық хаты жарияланып отыр.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
К.Қ.Мәсімовке
Аса құрметті
Кәрім Қажымұқанұлы!
Ғаламторда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейін Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру, сөйтіп оны қалалық музей ретінде қайта құрылатындығы туралы ақпарат пайда болды.
Біз мұндай қайта құру, шынтуайтында 200 жылдық тарихы бар, жемісті жұмыс істеп жатқан музейдің қол-аяғын құрсаулап, «сал күйге» түсіретін жайт деп санаймыз. Қазақстанның ең «қария» музейі тәуелсіздік жылдары отандық музейлері арасынан бірінші болып ғылыми-зерттеу мекемесі атанған еді. Мұндай статусқа қол жеткізудің бірегей нәтижесі ретінде энциклопедиялық еңбек – «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» бестомдығының жарыққа шығуын көрнекі айғақ ретінде келтіруге болады. Бұл еңбек отандық және шет елдік мамандар тарапынан аса жоғары бағаланып жатыр. Соңғы жылдары музей қызметкерлері тарапынан 20 ғылыми басылым мен 500-ден астам мақала жарияланды. Әлеуетті шығармашылық ұжым қалыптасты. Қазіргі кезде музейдің ғылыми қызметкерлері алты ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыруда. Олардың екеуі – халықаралық жоба. Мұның барлығы, сайып келгенде, ғылыми кадрлардың мұқият іріктеу жолымен музейді толыққанды ғылыми-зерттеу мекемесіне айналдырудың жемісі болды. Жыл сайын музейге келушілер саны 130 мыңнан асып отыр.
Музейдің статусын төмендетуді қалайтын бастамашылар Елордадағы мемлекеттік статус алған Ұлттық музейдің ашылуын тілге тиек етеді. Олардың ойынша бір мемлекетте екі «орталық» музей болмауы керек көрінеді. Біздіңше, Қазақстан үшін мұндай дәрежедегі екі музей артық емес, керісінше аздық етеді. Мәселен, Ресейде федеральдық деңгейдегі 200-ге жуық мемлекеттік музей бар. Біз осы музейлердің бірі – Омбы музейімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз.
Премьер-Министр мырза, Сіз 2012 жылы біздің үндеуімізді қолдап, ҚР Мемлекеттік Орталық музейдің қалалық балансқа берілуін, сөйтіп оның базасында «көп салалы мәдени-сауық орталығын» құрудан құтқарған едіңіз. Бұл жолы Сізге тағы да зор үмітпен хат жаза отырып, Сіздің пәрменді көмегіңіз бұл мәдениетсіздендіру актісіне тосқауыл қояды деп сенім артамыз.