Тығырықтан шығу және алпысыншы жылдар
18.06.2019
1068
0

Темірхан МЕДЕТБЕК

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық кітабынан)

… Бұл – сәл кейінірек болған оқиға. Ал оған дейін жаңа Әбіш ағам айтып кеткендей, Әбу ақсақал мені, қолымнан жетектегендей болып, ҚазПИ-ге қарай, академик Қажым Жұмалиевке ала жөнелді.


(Басы өткен сандарда)

Қазір Құдайдың құдіретіне таң қалам. Қайсысына барсаң да, бізді әдейі күтіп отырғандай, бәрі орындарынан табыла кетеді. Қажекеңе барғанда да солай болды. Ол кісі тапал бойлы, төбесіне дейін шашы жоқ, кең маңдайлы, дауысы қарлығыңқырап шығатын кісі екен. Сұсты. Әбекең мен туралы айтып кеп, менің өлеңдерімді тыңдауын өтінді. Қажекең алдында жатқан «Казбек» папиросына қол созып, бір данасының бос түтігіне мақта тығып тұтатып, түтінін бұрқ еткізіп сорды да, жөткірініп: «Ал, оқи ғой», – деді. Паң. Маңғаз. Мен шамалы қобалжыңқырап қалдым. «Қысылма, оқы», – деді Әбекең маған дем беріп.
Мен лезде-ақ үш-төрт өлеңді оқып тас­тадым. Қажекең үнсіз. Мақтаған да жоқ, даттаған да жоқ. Тек бір кезде ғана:
– Өлеңдеріңдегі образдар жақсы екен, тек техникалық жағында ақаулықтар бар, – деді.
– Ойбай, Қажеке-ау, техникалық жағын өзіңіз үйретесіз ғой, – деп жатыр Әбекең де.
Әрине, мен өзім де жақсы дайындықпен келгем. Мектепте де қазақ тілі мен әдебиетінен жақсы оқығам. Шығарма жазудан кілең «бес» алатынмын.
– Жігіттерге айтармын. Бас-көз болар, – деп, Қажекең әңгімесін басқа арнаға бұрып жіберді… Сәлден кейін қоштасып, Әбу ақсақал екеуміз сыртқа беттедік.
Сонымен емтихан да басталды. Барлық сабақтарды дерлік жақсы тапсырып, студент атандым. Сол бір ақ бұлттай тап-таза қуанышты арқалап, ауылға келдім. Өкінішке қарай, көп балалар оқуға түсе алмай қалыпты. Көкем де, апам да, апайларым да мәз. Енді бірер қағаздарды реттеп, Алматыға қайту керек.
Кенет түу желкемнен бүре түскен, тағы да бұлқынғаныңа да, жұлқынғаныңа да қаратпайтын бір құрсаулы жағдайға тап болғаным. Әскери комиссариатқа барып тіркеуден шығайын десем, олар тіркеуден шығарудың орнына қолыма армияға шақыру қағазын ұстата қойғаны. Тура қолыма кісен салғандай болды. Менің айналамда атқа мінерлермен аралас-құралас жүретін, сол арқылы жеңұшымен жалғасатын ешкім жоқ. Бәрі – қарапайым адамдар. Не істеу керек? Газетте істейтін бірер ағама айтып көріп ем: «Армияңа барып қайт, одан қорықпа, қайта сыптай болып ысылып қайтасың», – дейді. Әрине, мен армиядан түк те қорқып жүргем жоқ. Әңгіме басқада. Егер ең болмаса бірер жыл (сонан кейін сырттайға ауысармын) оқымай, бірден армияға кетер болсам, онда бәрі де әдіре қалады. Өйткені, кәрі қойдың жасындай ғана жастары қалған әке-шешемнен шыға алмай қалам. Бұл – ақиқат.

Мәлік Ғабдуллин

Не істеу керек? Ойлай-ойлай басым дағарадай болды. Одан қашып құтыла алмайсың. Отан алдындағы борыштан бас тарту – қылмыс. Бұл күніңе де зар боп қаласың. Оқудан да қуыласың, сонан кейін соттап жібереді. Ешкім де ара түсе алмайды. Айналамда да ара түсетін ешкім жоқ. Мүлде жабығып, қамығып қалдым. Енді ұстадым-ау деген бақыт құсым пыр етіп ұшып кеткелі тұр. Ойлай-ойлай, ақыры бір тоқтамға бел будым. Тәуекел! Шақырған күніне бардым. Қолтығымда – өлеңдерім шыққан «Лениншіл жас» газеті. Комиссия басталды. Әрине, денсаулықта кінәрат жоқ. Тек бір дәрігерден бір дәрігерге өтіп бара жатқанда біреуі болмаса, біреуі қолымдағы газетке жармасып, алып қала ма деп қорқам. Әйтеуір, Құдай жарылқап, әскери комиссар, полковник (фамилиясы әлі есімде) Абдуллаевтың алдына жеттім-ау. Қасында үш- төрт адам отыр. Әрине, бәрі де мені бірден «армияға алынсын» деп «үкім» (мен үшін солай) шығаратыны даусыз. Сондықтан бірден полковникке тік қарап:
– Жолдас полковник, менің тікелей өзіңізге айтар бір ауыз сөзім бар. Өтінем, тыңдаңызшы, – дедім.
Полковник те, қасындағылары да бір «какой-то призывниктің» ересек адамдай, тіпті терезесі тең жандай ап-анық қып рапорт бергендей нақ-нақ айтқанына (әбден жаттыққам ғой) жапырыла маған қарап қалды.
Полковниктің рұқсатын күтпестен, тағы да:
– Мектеп бітіргеннен кейін қарт әке-шешеме қарайлап үш жыл оқуға бара алмай, биыл ғана барып түсіп ем. Мына газетте менің өлеңдерім шықты, көріңізші, – дедім.
Полковник болса, газеттегі өлеңдерге және ондағы суретке бір, маған бір қарап, айналасындағыларға бұрылып:
– Мына баладан жап-жақсы солдат шыққалы тұр екен. Сөздері нық. Бір жыл оқысын, сонан кейін көрерміз, – деді. Бәрі де бастарын изеп, қостай жөнелді.
– Жақсы, – деді, сонан кейін маған қарап. – Мақсатыңа жет!
Сол кезде ғана жүрегімнің дүрсілдеп соғып тұрғанын байқадым. «Рахмет, аға!» – дедім де, сыртқа беттедім.
Сөйтіп, мені армиядан өлеңдерім алып қалған. Әттең, сол нөмір бүгінде қолымда жоқ. Көшіп-қонып жүргенде жоғалып кетіпті.
Алматыға келген бойда, бізді Алматы облысының бір ауылына құрылыс салуға жіберді. Барған жеріміздің жігіттері қыздарымызға қырындап, біраз әлекке салды. Бізде қыздар баршылық, ал жігіттер төрт-бес-ақ. Алдымен ұстасарға дейін барып, артынан бірте-бірте тіл табысып, достасып қайттық.
Сабақ басталды. Алғашқы тыңдаған лек­циям әлі есімде. Қазақ ауыз әдебиеті. Мұғаліміміз – анау-мынау емес, Совет Одағы­ның батыры, профессор Мәлік Ғабдуллин. Ол кісінің аудиторияға кіргеніне дейін көз алдымда. Есікті зор денелі, науша бойлы, қызыл шырайлы кісі баппен ашып, баппен жапты да, орындарымыздан жаппай көтеріліп тұрған бізге байыптылау үнмен: «Отырыңдар», – деп, кафедраға қарай жүрді. Қолтығында көп газет. Газеттерін кафедра үстіне қойып: «Оқуға түскендерің құтты болсын, айналайындар!» – деді. Біздің «рахмет» деуге де шамамыз келмей қалды. «Жағдайларың қалай?» Бұл жолы бәріміз жамыраған қозыдай боп, бір ауыздан «жақсы» дедік. «Жақсы болғаны, жақсы. Ал, айналайындар, мен Мәлік Ғабдуллин деген ағаларың болам. Естулерің бар ма?» Біз «иә» деп шу ете түстік. «Олай болса, мен сендерге ауыз әдебиетінен дәріс оқимын. Алдымен мына газеттерді қарап шығыңдар». (Алдымен студенттерге газет таратып беру ертеден әдеті екен). «Студент деген – кәмелетке келген адам. Жаңалықтарды жан-жақты біліп, не нәрсеге де құлақтары түрік болулары керек». Біз газеттерді олай-бұлай аударыстырған болдық… Мәлік ағай: «Ауылнайларың кім?» – деді. «Бұл кісі нені айтып тұр?» – деп бір-бірімізге қарастық. «Старосталарың кім? – дегенім ғой». Мен орнымнан тұрдым. «Атың кім»? «Темірхан». «Ауылнай, атың жақсы екен. Балалар түгел ме?» «Иә». «Ал онда сабағымызды бастайық», – деді де, бәсең, бірақ анық етіп сөйлеп кетті. Қайта-қайта жөтеліп, келген қақырығын бір орамалдан соң бір орамал шығарып, сүртіп алып отырады. Соғыстың зобалаңы ғой деп ойладық біз…

(Толық нұсқасын газеттің №24 (3658) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір