ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҚАРАКӨЗ ҚЫЗЫ-АЙ!..
22.05.2019
292
0

Қабдешов Қалиғұмар аға 1966 жылдан бастап сурет түсіреді. Сексеннің сеңгіріне таяп қалғанына қарамастан, әлі күнге қолынан фотоаппаратын тастамаған. Кезінде АПН ақпарат агенттігінің, республикалық Қазақ телеграф агенттігінің (ҚазТАГ) тілшісі болған. «Қазафильм» студиясы шығарған «Алматы – менің астанам», «Алғашқы ұстаз», «Туған жерімнің табиғаты» сияқты он диафильмнің авторы. Сондай-ақ, «КСРО халық әртістері» (әрине, қазақстандықтар) атты кітап және 50-ден аса спектакль бойынша түсірілген суреттерден құрастырылған үш кітап және қазақ театр өнерінің тұғыры биік тұлғалары Асанәлі Әшімов, Әзірбайжан Мәмбетов, Досхан Жолжақсынов туралы көркем безендірілген көлемді кітап фотоальбомдар шығарған. КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов қойған екі сериялы «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» кинофильмінің фотосуретшісі.

Өмірден көргені көп, түйгені мол, кәсі­бінің арқасында дүниенің талай түкпірінде аяғының ізі қалған, небір жақсы-жайсаңды, үлкен тұлғаларды, талай тарихи сәтті суретке тартқан Қалиғұмар аға әңгіменің де майын тамызады. Бізге айтып берген әңгімесінің бірі мынадай:
«…Өзімнің туып-өскен өлкем, шығыстың інжу-маржаны атанған асқар Алтайға 1969 жылы, тамыз айының орта шенінде КСРО Халық әртісі, қазақтың тамаша әншісі Роза Бағланова гастрольдік сапармен келді. Бұл біздің Марқакөл аймағы үшін де үлкен мерей, қуаныш еді. Ол, шын мәнінде бәрімізге де көз тұндыратын кескін-келбетімен, ертегідегідей ғажайып сұлулықтың бейнесіндей әсер етті. Біреу сонда Розаны көгілдір көлде қамсыз қалқып жүзген аққуға теңесе, енді біреуі орман-тоғайда таң алдында талмай сайраған бұлбұлға теңеді. «Әкем-ау, Розаны көріп, ән­ін тыңдасам, бүгін өмірден өтіп кетсем де өкінбес едім», – деп өзіндік арман-аңсарын ашық айтқан ауыл адамдары да кездесіп еді сол кезде.
Ал, Роза Бағлановаға да аспанмен таласқан заңғар биік тауыменен, өзінің қайталанбас көркіменен барған адамның аузын аштырып, көзін жұмдырып қайран қалдыратын бұл өңірді аралау да қатты әсер еткендей. «Арғы жұртымыздың атақонысы, алтын бесігі, бүкіл түркінің ежелгі мекенін көргеніме қуаныштымын әрі өзімді өте бақытты санаймын!» – деп басын игеніне де куә болдым ғой, мен.
…Марқакөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Есәлім Серікұлы Кенжин бастаған басшылар, ел азаматары Розаны ыстық ықыласпен, аса үлкен құрметпен қарсы алды. Ол кезде мен аудандық «Шамшырақ» газетінің фототілшісі едім.
Дәл, осы тұста айта кетерім, бұрын, 1960 жы­лы Алматыда оқып жүргенде «Қазақ­концерт» ғимаратында өткен Роза апайдың концертіне барғанмын. Соңына қарай «Ах,Самара городок!» әнін шырқаған соң, алдыңғы қатарда отырған академик-жазушы Сә­бит Мұқанов орнынан атып тұрып: «Роза, сен қазақтың бұлбұлысың, алда да бұлбұл боп сайрай бер, халқыңа қызмет ете бер!» – деп дауыстаған кезде залдағы бүкіл халық та дүр көтеріліп, тағы да көпке дейін қол шапалақтағаны әлі есімде.
Енді, міне, біздің елге келгенде суретке түсіріп, тура көз алдымда тұрғанда Сәбеңнің «Халқыңа қызмет ете бер» деген сөзін қайта-қайта ойыма алдым. Ауданның Мәдениет үй­лерінде, еңбеккерлер ортасында бір апта бо­лып, соңғы концертін «Боран» кеңшарында өткізді. Ары қарай Зайсан ауданына барады екен.
Қара Ертіс – ғасырлар куәсі, бұл өңірдің Алтай – атасы болса, Ертіс – анасы. Екеуі де ежелден құдіретті, мықты. Бай, қазыналы өңір. Ертіс – кең тынысты, байсалды, сабырлы өзен, алайда, биік тау жағындағы кей тұстарында ағыны өте қатты, үйдей-үйдей тасыңның өзін домалатып, төңкеріп тастайды. Сол кезде осы қара Ертіс бойында «Боран» кеңшары орналасқан-ды. Мұндағы ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы Зәкеш Қабдешов, кеңшар директоры Т.Жұмақанов болатын. Иә, Боран ауылы Марқакөл ауда­нын­дағы ірі шаруашылықтың орталығы еді. Сондықтан Мәдениет үйі де үлкен.
…Концертке жиналған халықтың көптігі сонша, залда ине шаншар орын жоқ, көбі түрегеп тұрды. Барлығы да әрбір әнді теңіздей тербеле тыңдап, ұзақ-ұзақ қол шапалақтап, шат күйде отырды. Әсіресе, Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлымы», «Ақсұңқары» айтылғанда орындарынан тұрып, көпке дейін Розаны сахнадан жібермей қойды. Концертінің соңында әнші әдетінше «Ах, Самара городокты» шырайлана шырқағанда халық қосыла айтты. Сол шақта, әсіресе, әйелдер қауымының көздерінен мөлтілдеген жас көрдім… Ғажап! Керемет керім дауыс, әдемі үн, әсем әуен жан-дүниеңді айрықша күйге келтіріп, адамға зеңгір көкке көтерілгендей әсер етеді екен!
Ах, Самардың қаласы-ай,
Жүрекке жай таптырмас.
Жай таппаған жүректің,
Өзің тап та дертін бас!
Концертке аудан басшылары түгел келген, қазақтың атын айдай әлемге танытқан үлкен өнер иесіне алғыс айту партком хатшысы Төлеміс Нұржановқа жүктеліпті. Төкең жасы келіп қалған, ірі денелі кісі еді. Бірақ, бұл жолы ерекше сезімде болды ма, орнынан тез тұрды да қимылының бәсеңдігіне қарамай сахнаға атып шықты. Содан ұшуға қомданған бүркіттей құшағын кең жайып: «Қазақ халқының бұлбұлы, бермен келші!» деп екі қолын созған қалпында жедел жүріп кетті. Сонда Роза да орнында тұра алмай жымия күліп, өзі де оған қарай беттеді. Жақындағаны сол екен, Төкең Розаның екі иығынан қапсыра ұстап, бетінен сүйді. Сонан соң: «Роза, саған мына халықтың атынан мың да бір рахмет!» – деді үлкен толғаныспен…

Жазып алған
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Алматы облысы, Қарасай ауданы

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір