«Бибі-ана» қайырымдылық қоры үй сыйлады
08.05.2019
1090
0

Белгілі жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті Бибігүл Иманғазинаның қамқорлық істерде оқ бойы озық жүретіні көпке аян.

Бұла шағынан өмір­­дің тауқы­метін арқалаған қайсар қыздың туған жеріне деген құрметі әсте бөлек. «Тауқымет» романында бір кейіпкердің өмірін баян­дау арқылы күллі қазақ қыз-келіншектерінің тағдырына алаңдаған қарымды қаламгердің, әсіресе, мүгедек ана­лардың пробле­масына келгенде жүрегі байыз таппайды. Оның осындай қайсар қасиетіне жақында жерлестері де куә болды. Ұзақ жылдардан бері баспана қиындығын көріп келген Шалқар қаласындағы Бекішовтер әулетіне ол 7 бөлмелі жер үйді сыйға тартты. Құны 6 миллион теңгеге бағаланған үлкен үй ауызсумен, көгілдір отынмен қамтылған және бірнеше сарай­лары, ауласында шегенделген құдығы бар, мал ұстауға қора-жайлары сақадай сай.
– Осыған дейін баспана қиын­ды­ғын бір кісідей көріп келдік. Ота­ғасы Алдаберген екеуіміз ке­зін­де «Шетырғыз» кеңшарында мал шаруашылығында еңбек еттік. Ол совхоздың тракторын жүргізді, мен малшыларға жәрдемші, шөп­шілерге аспаз сияқты жұмыс­тар­­ды атқардым. 2000 жылы ау­дан орталығына көшіп, бала-шағамызбен 3 бөлмелі үйде 17 жылдай тұрдық, табыс мардым­ды болмағасын оны кеңейте де, жөндей де алмадық. Бертін келе ол да апатты жағдайға тап болды. Жергілікті жерде баспана кезегіне тұрғанымызбен, заң талаптарына сай жақын арада қол жеткізу мүмкін болмады. Біздің осы мұқтаждығымыз «Бибі-Ананың» назарына ілігіп, мінеки, жерлес апа­мыздың арқасында сан жылдар бойғы отбасылық арманымыздың орындалған сәтіне куә болып отырмыз, – дейді қуанышын жасыра алмаған «Алтын алқа» иегері Бағила Бекішова.
Алдаберген ағай мен Бағила апай өмірге 7 қыз, 1 ұл әкеліп, олардан 15 немере сүйіп отыр. Кенжесі Гүлшат – І топтағы туабітті мүгедек. Жалғыз ұлы Сағыныштың жүрегіне ота жасалған, ауыр жұмысқа жарамсыз. Бағила апайдың да денсаулығындағы кінәратына байланысты ІІІ топтағы мүгедектік тағайындалған. Әзірге бұл әулетке кіретін тұрақты кіріс көзі осы екі санатпен берілетін жәр­демақылар ғана.
– Шүкіршілік етемін. Ең бас­ты­сы, баспанаға қол жеткіздік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, зәулім үй алып берген Бибігүл апаға отбасымыздың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Деніне саулық, істеріне береке берсін! – дейді риза кейіппен көпбалалы ана Бағила.
Дегенмен жұмыссыздық мә­се­лесі бұл шаңырақтың да босағасынан «сығалап тұр». Балалардың ішінде дипломдары бар бір-екеуі: «Бізге енді тұрақты жұмыс болса екен…» – деген тілегін айтып қалды. Арбаға таңылған кенжесін бағып-қағатын аналары «отбасымызға тамшыдай болса да кіріс болсын» деп соңғы кезде тары салып, сатуды кәсіпке айналдырған. Ауладағы кең қазан үйде тары қуырып, түйіп, елеуге үйдегі балалардың барлығы кө­ме­к­тесіп жатқанына біз де куә болдық.
– Қайырымдылық жасап, бір-бірімізді демеп, жығылғанға таяныш болу – әркімнің де қолынан келетін іс. Ол үшін адамға алдымен пейілдің кеңдігі, жүректің жомарттығы қажет. Бекішовтер әулетіне алып берген бұл үйдің қар­жысы өзімнің жылдар бойғы халыққа қайта басылып, та­ратып келе жатқан «Тауқымет» романының таза қаламақысынан құралды. Қайырымдылықтың қа­дір-қасиетін көріп, санама түйіп өскен адаммын. Күні бойы арба­да отырсам да, қол-аяғы бүтіндер­ден қалмауға тырысып, маңдай тіре­генге шама-шарқымша көмектесуді парыз санаймын. Осы кезге дейін өзім тағдырлас 580-дей баланың жоғары оқу орнына түсуіне септес­кен екенмін. Соны көңіліме үлкен медеу тұтамын.
Маған халықтың алғысынан артық баға жоқ. Кішісі сыйлап, үлкендері батасын беріп жатады, құрметтің осы түрінен өзім қуат аламын, – дейді бізбен тілдескен Бибігүл Қабиқызы.
«Бибі-Ана» қоры басшысының еліміздің әр аймағында тұратын шын мұқтаждарға жасап жатқан көмегі көп. Енді туған жері Шалқар қаласының орталығынан мүгедек балаларды сауықтыру орталығын салуды көздеп отыр.

Мұхтар МЫРЗАЛИН
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір