Теміржолшылар әулетінен шыққан

OLYMPUS DIGITAL CAMERA
Саналы ғұмырын еліміздің білім және ғылым салаларында өткізіп келе жатқан Ілияс Абылайұлы Әйтімбет Алматы темір жолы техникумын аяқтаған бетте Шу темір жол депосына жұмысқа тұрып, алдымен машинистің көмекшісі, сонан соң қазақ темір жолындағы ең жас машинист болып еңбек жолын бастайды. Аңырақай стансасында өмірге келген Ілиястың әкесі – Сталинград шайқасының ардагері Абылай Әйтімбет те, ағасы Әбілмәмбет те темір жолшылар-тын. Яғни ол теміржолшылар әулетінен болады. Білім мен ғылымға деген ынта оны Қазақ Ұлттық университетінің философия факультетіне алып келеді.
Университеттен соң аспирантураға түскен Ілияс енді ғылым арқылы жұмысшы тақырыбына жаңа сапада оралып, тәуелсіз даму жолына түскен Азия және Африка елдеріндегі жұмысшылар табының қоғамдық санасы мен ұлттық бірегейлік ұстанымының қалыптасу негіздері мен барысын зерттеді. Ғалымның диссертациялық зерттеуінде жасаған батыл да тың тұжырымдары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Ілияс тынымсыз ізденісте жүретін педагог. Оның бұл қасиеті қырық жылдан асқан оқытушылық қызметінде өз жемісін беріп келеді. Философия және социология ол үшін абстрактілі, өмірден алыс жатқан ғылым салалары емес, қайта күнделікті өмірде туындап жататын сан-қилы сауалдарға жауап табуға көмектесетін құрал. Профессор Ілияс Абылайұлынан дәріс алатын студент жастардың социология пәніне зор ықылас танытып, ұстаздарына құрметпен қарайтындығы да соған байланысты болса керек.
Ілекең асыл жары, ол дағы педагог Гүлбағдат (марқұм) екеуі Ләззат, Дос, Әлия сияқты перзенттеріне жақсы тәрбие және білім берді, олар қазір жемісті еңбек етуде, өз ортасына қадірлі азаматтар.
Білім мен ғылымдағы еңбегіңіз ұзақ та нәтижелі бола берсін, Ілеке!
М.Қ.Қойгелдиев.
Газетіміздің белсенді авторы
І.Әйтімбетке арналған бұл жүрекжарды құттықтауға
«Қазақ әдебиеті» ұжымы да қосылады.