Абай мұражайының шығармашылық байланыстары
75 жылдық тарихы бар Абай қорық-мұражайы республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы үлкен рухани мәдениеті қалыптасқан қарашаңырақ деп айтсақ, артық болмас. Ұлы ақын атын иеленген киелі де тарихи орда бүгінде Абайдың 170 жылдық мерейтойымен бірге өзінің 75 жылдық мерейтойын тойлау үстінде. Әрине, бұл да бір өзіндік бір үндестік үйлесімін тапқан мерейлі той. Мұндай мерейлі датаны елеусіз қалдыру біздер, яғни мұражай қызметкерлері үшін үлкен сын болар еді. Абай мұражайының қазақ мәдениетінің өркендеуіне аянбай үлес қосып келе жатқандығы баршамызға аян. Абай мұрасын, оның ақындық айналасын жан-жақты насихаттап, сан жылдар бойы асыл сөздің атасы Абайдан қалған асыл қазынаны барша ұрпаққа дәріптеп, ел назарына ұсынуда. Жыл өткен сайын мұражайға келушілер де, атқарылған жұмыстар саны да артып келеді.
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы Қазақстандағы ірі мәдени орталық. Қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абайдың өмірі мен шығармашылығын және оның ақындық өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау.
Жалпы, Абай мұражайы бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Соның бір бағыты – мұражайдың шығармашылық байланысы. Яғни қаламыздағы білім ордаларымен, әртүрлі мекемелермен бірге атқаратын жұмыстарына тоқталып өтпекпін.
Ең басты шығармашылық байланыстағы музей педагогикасын дамыту мақсатында мұражайда біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Соның дәлелі ретінде музейімізде ашылған «Өлең – сөздің патшасы…» атты мәнерлеп оқу мектебін, «Асыл қазына» ақындар клубын атап айтсақ болады.
Музей педагогикасының қажеттілігі бүгінгі күні еліміздегі музей қызметінің жүйесіне мектеп оқушыларының көптеп тартылуымен байланысты. Жалпы алғанда, музей педагогикасы бұл музей мен мектеп арасындағы қарым-қатынасқа бағытталған пән болып табылады, өйткені музейдің мәдени білім берудегі деңгейі өте жоғары болып келеді. Осының негізінде жаңағы атап өткен мектептердің маңыздылығы ерекше. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына үлкен ықпал жасаймыз. Бойында ақындық қабілеті, өлеңге құштарлығы бар оқушылар ақындар клубына мүше болу арқылы өз талабын ұштай түссе, мәнерлеп оқу мектебінен сөз шешендігі, поэзия, проза, көркемсөз оқу шеберлігі бойынша мектептен тыс бағдарлама бойынша көптеген бағыттар алып, шеберліктерін шыңдай түсуге мүмкіндік мол. Клуб мүшелері мұражайда өтетін әр- түрлі шараларға, әдеби-танымдық кештерге, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Абай, Мұхтар, Шәкәрім оқуларына қатысып жүлделі орындарға ие болып жатады.Бұл да осы музейлік педагогиканың нәтижесі деп білеміз.
Осы бағыт негізінде мұражай қызметкерлері әрбір мерейлі күндерге, мемлекеттік мереке күндеріне арналған кешенді іс-шаралар, танымдық сабақтар, лекциялар, тақырыптық экскурсиялар, тарихи жерлерге экскурсия, жылжымалы көрмелер тағы да басқа жұмыс түрлерін ұйымдастырып, қаламыздың барлық мектеп оқушылары мен студенттерін қамтуда. Сондай-ақ, қаламыздағы «Жас қанат» балалар орталығы, №4 нашар еститін балаларға арналған мектеп интернатымен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, жыл сайын мұражайда осы аталған орталықтардың жеке көрмелерін өткізіп келеді. Биылғы жылы Абайдың 170 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдығы, мұражайдың 75 жылдығына арналған «Жас қанат» орталығының «Қазақстан – алтын бесігім» және №4 мектеп-интернаттың «Мерейлі белестер және рухани құндылық» атты көрмелері ұйымдастырылып, мұражай экспозициясынан ерекше орын алды. Оқушылардың өз қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдары, картиналары осы көрмелер арқылы көпшілік назарына ұсынылып, өз бағасын алып жатады. Осындай мұражай мен мектеп арасындағы екі жақтық шығармашылық келісім-шарт негізінде түрлі бағыттағы қызмет түрлері арқылы оқушыларға қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасын, шәкәрімтану, мұхтартану, алаштану, саласындағы еңбектерді кеңінен насихаттаймыз, терең білуге ынталандырамыз.
Мұражай қызметкерлерінің өткізетін іс-шараларының мектеп бағдарламасынан тағы бір ерекшелігі – мұражай қорында сақтаулы Ұлы Абайдың өмірі шығармашылығы, ақындық айналасына қатысты архивтік құжаттар, қолжазбалар, сирек фотосуреттер, мектеп бағдарламасынан бөлек тың материалдар, деректерді бейнебаян көрсету арқылы оқушының қызығушылығын арттырып, ой-өрісін, сөйлеу шеберлігін дамытуда, әдеби қорын кеңейтуде, шығармашылыққа баулуда маңызы зор.
Қалалық білім бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі және мәдениет бөлімімен де бірлесе көптеген шаралар ұйымдастырылып отырады. Атап айтсақ, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Абай оқулары», биыл облыстық деңгейде өткен «Абайды оқы, таңырқа…» білім сайысы, семинарлар, дөңгелек үстелдер, то-ғызқұмалақ және дойбыдан жекелей біріншіліктер, жергілікті ақын- жазушылардың шығармашылық кештері, кітаптардың тұсаукесері, т.б. көптеген мәдени шаралар осы Абай мұражайынан бастау алып жатады. Оқушыларға ұлы ақынның мұрасын танытуда, интеллектуалдық пайым-парасатын арттыруда мұндай шаралардың да өзіндік маңызы бар.
Бұл мұражайдың білім ордаларымен шығармашылық байланысының бір қыры болса, екінші – ол мекемелермен байланыс орнату. Бұл ретте де үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Қаламыздағы әр мекемені қамту мұражай қызметкерлерінің еншісінде. Осы орайда музейде арнайы экскурсия ұйымдастыру, ұсыныстар бойынша арнайы мекемелерге барып лекция, жылжымалы көрмелер апарып, Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұраларымен таныстырып, насихат жұмыстарын жүргізу – мұражай қызметінің бір бағыты болып саналады. Жыл басынан Абайдың 170 жылдық мерейтойы бастау алғаннан бастап «Абай әлемі» тақырыбындағы іс-шаралар қаламыздағы Қорғаныс істер жөніндегі басқармасы, Шығыс әскери қолбасшылығында, қалалық Салық басқармасында, түрлі мәдениет ошақтарында, жоғары оқу орындарында, т.б. мекемелерде жүзеге асып жатыр.
Қазіргі кезде елімізде мұражай – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме.
Жалпы айтқанда, жас жеткіншектерге білім беру, шығармашылыққа баулуда, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде мұражай қызметінің атқарып отырған үлесі зор екенін айтып өткеніміз жөн.
Музей – ел тарихы, ұлттың мәдениетінен хабар беретін тарихтың қайнар көзі. Музейде сақталған әрбір құндылықтан жеке мұра тарихын ғана емес, сол мұраға байланысты кезеңді, оны жасаған халықтың мәдени деңгейін, тарихын көруге болады. Абай мұражайына келген әрбір көрермен осы құндылықтарды өз көздерімен көру арқылы үлкен рухани азық ала алады.
Гүлжан Құдайбергенова,
Абай қорық-мұражайының
ғылыми қызметкері.