ӘДЕБИЕТ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ ЖАРШЫСЫ
12.04.2019
890
0

Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, Президент сайлауының маусымның тоғызына белгіленгенін айтқан болатын. Көзі қарақты жұрт түрлі болжам жасап, өз үміткерін үкілеп жатқан тұста, Қазақстан Жазушылар одағында танымал ақын-жазушылар бас қосты. Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің жетекшілігімен өткен отырысқа Қабдеш Жұмаділов, Марал Ысқақбай, Бексұлтан Нұржекеұлы, Дулат Исабеков, Мереке Құлкенов, Ғұсман Жандыбай, Нұрдәулет Ақыш, Бауыржан Жақып, Жұмаш Кенебай, Маралтай Райымбекұлы, Ақберен Елгезек сынды қаламгерлер қатысты. Жиын барысында сайлауға қатысты ойлар және тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет мәселесі талқыға түсті. Назарларыңызға қаламгерлер пікірін ықшамдап ұсынып отырмыз!


Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ:

Ел потенциалын толық пайдалануымыз керек!

Тәуелсіздік кезеңі ұлт руханияты мен әдебиеті үшін айтарлықтай жетістіктер дәуірі болды. Алдағы уақытта әдебиетіміз бұдан да іргелі биіктерге ұмтылып, қазақ сөзінің құдіреті мен киесін әлемге әйгілейді деп сенемін. Ол үшін қоғамда әділеттілік, сана тәуелсіздігі қажет.
Алда келе жатқан сайлау – ұлтты ұйыстыратын, еліміздің барлық потенциалын пайдалануға мүмкіндік беретін, демократиялық құндылықты паш ететін, «алақойды бөле қырқуға» жол бермейтін, кейбір іс-әрекеттері мен көзқарастары үшін шетқақпай көріп жүргендер болса, олардың да сайлауға түсуіне мүмкіндік туғызып, бір ел екенімізді әйгілейтін ұлттық сайлау болғаны жөн. Құрғақ сөз, жалаң ұранның дәуірі өткен. Халық оған сенбейді. Ел өзі қалаған, мемлекет болашағына күйінеді деп білген адамға дауыс беруі керек. Сайлау – елдің болашағы. Өз болашағы үшін күреспеген халықтың ертеңі бұлыңғыр.


Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ:

Халық өз болашағына жауапты тұлғаны таңдайды

Мен президенттік сайлаудың мамыражай уақытта өткенін қалаймын. Бұл –дұрыс шешім. Жалпыхалықтық сайлау болғандықтан, барынша әділетті, ашық, досқа күлкі, дұшпанға таба болмайтындай жағдайда өткені, қоғамның барлық саласы қатысып, әртүрлі әлеуметтік топтардың пікірін ашық айтқаны керек. Сонда ғана халық өз болашағына жауапты тұлғаны таңдайды.
Қазір әлдекімдер Атазаң бойынша соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрмаған адамдар сайлауға қатыса алмайды деп жүр. Айталық, қазіргі уақытша президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі-үш жыл БҰҰ-да қызмет атқарды. Иманғали Тасмағамбетов Ресейде елші боп жүр. Сонда олардың сайлауға қатысуға мүмкіндіктері жоқ па? Олар ел мүддесі үшін, Мемлекеттің тапсырмасымен сонда қызмет еткен жоқ па?! Біз қоғам болып ондай шетқақпайлыққа жол бермеуге тиіспіз.
Өз басым Қасым-Жомарт Кемелұлын зиялы, білімді, ұлтқа, елге жаны ашитын азамат деп білемін. Сол үшін де құрметтеймін. Егер сайлауға түсер болса, қолдар едім. Әкесі Кемел Тоқаевты көрдік, өте мәдениетті кісі еді.
Егер сайлауға түсуге ынталы басқа да лайықты тұлғалар болса, жазушылар қауымы қолдайды деп ойлаймын.

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір