АҚЫННАН ӘДЕМІ СӨЗДЕР ҚАЛАДЫ
10.04.2019
1401
0

Авут МӘСИМОВ

Елбасымыз еліміздегі түрлі ұлт өкілдері, олардың мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі туралы ұдайы айтып келеді. Соның ішінде бауырлас ұйғыр халқы назардан тыс қалған емес. Біз де осы санымызда ұйғырдан шыққан шайырдың ғибратты ғұмырын аз-кем сөз еттік.

Өмірден ерте кеткен атақты ақын Абдумежит Дөләтов туралы жазып отырып, есіме Елбасымыз­дың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы түсті. Онда жекелеген халықтардың, соның ішінде туыс­қан қазақ халқының атақты адамдары аталыпты.
Елбасының мақаласындағы тізімді жалғас­ты­рып, Қазақстанда тұратын ұйғыр әдебиетінің өкіл­дері Өмәр Муһәммәдий, Һезим Искәндәров, Абдул­һәй Муһәммәдий, Нәзәрғожа Абдусемәтов, Нур Исрайилов, Турди Һәсән, Исмайил Саттаров, Һебиб Закирий, Зия Сәмәдий, Һезмәт Абдуллин, Абдулһәй Рози, Жамалидин Босақов, Илия Бәхтия т.б атап өтсем, мақала бұдан да созылып кетер еді. Осы­лардың қатарында ұйғыр әдебиетіне еңбегі сің­ген белгілі талант иесі, ақын, журналист, пу­блицист Абдумежит Дөләтов те бар.
Осыдан он бір жыл бұрын, 2008 жылы 26 нау­рызда 1982 жылдан Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, түрік ақындары фестивалінің, Қазақс­тан жазушыларының Илия Бахтия атындағы сыйлықтың лауреаты, атақты ақын Абдумежит Дөлә­тов ұзақ науқастан кейін өмірден өткен еді. Мәйі­ті кіндік қаны тамып, балалық шағы өткен Байсейіт ауылына қойылды.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары мен ұйғыр әдебиетінде лирикаға толы өлеңдерімен қалған Абдумежит Дөләтовпен кездейсоқ таныстым. Баспаханада барлық газеттердің беттері жасалып жататын. Сонда ғимаратты басына көтеріп жататын әріптестеріне күліп қана шеткі орында бір жігіт отырушы еді. Бұл – Абдумежит Дөләтов болатын. Сырты қызыл түсті темекі шегетін. Өзі баспаханада отырғанмен, ойы шартарапқа кетеді екен ғой.
Ол пәтер жалдап тұратын. Ал, мен ата-анам са­тып әперген үйде жалғыз тұрып жатқам. Жағдайын естіп-білген соң: «Бірге тұрайық» дедім. Басында келіспеді. Менің дәлелді сөздерімнен кейін екі бой­дақ бірге тұрып жаттық. Жұмысқа түске таяу барып, кеш қайтамыз. Мен оны аға тұттым, ол да інісіндей көріп, бір-бірімізге сүйеніш болдық…

Ұйғыр тілінен тәржімалаған
Зүбайда Иминова

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір