АҚЫННЫҢ МӨЛДІР ӘЛЕМІ
Әлқисса, біз әпсанамызды баян етейік. Кейіпкері – моншақтай мөлдіреген өлеңдердің авторы Марфуға Бектемірова. Мөлдір демекші, бұл ұғым Марфуға поэзиясындағы басты атрибут екенін баса айта кеткен жөн.
Жұлдызды түнге тамсанған арман,
Мөлдірлік көріп масайдың.
Талшыбық тәні тымақта тоңған,
Жәудіреп қарар жас айдын.
Мұңайтты бір ән төгіліп таудан,
Анашым айтқан әлди ме?
Дариға жырдың дәурені қалған,
Айдыным, мені әлдиле…
Рух аңсарын мөлдірліктен, мөлдірлік тұнған тазалықтан іздеген ақынның жанарында ай мен жұлдызды жүздірген аспан әпсана-әлем болып іркіледі. «Аспан жақты аңсап жүрген бір қыздың» назарына үнемі жұлдыз ілігеді. Ол жырлаған жұлдыз – сол бір әпсана-әлемнің, мөлдірліктің заттанған, нысанды бейнесі тәріздес. Сондықтан да болар:
Суық сөзді естімесін жұлдыздар,
Жауратпасын
Жұлдыздарды түнгі ызғар…
Немесе:
Биіктен жұлдыз құлады қымбат,
Жылады түнгі тыныштық…
Қалғыған түннің кірпігі сынып,
Кеудеме келіп қадалды…
Тағы да:
Тұрған кезде жұлдыздарын төгіп түн
Есігімді қағар екен келіп кім?! –
деп, табиғаттың, түннің бейнесін жұлдызбен айғақтап, жұлдыздың ағуын түнгі тыныштықтың жылауымен, түннің кірпігінің сынуымен шендестіре суреттеу, көңіл күй құбылыстарын жұлдызбен үндестіре жырлау – Марфуғаның мәнерін танытады.
Күнделікті көзбен көрер қарапайым тіршілік суреттері, жыл мезгілдеріне тән көріністер ақынның қиялында жаңаша сипатқа ие болады. Көктемнің гүл атып құлпырған кезі, жаздың жадыраған мақпал сәті, күздің сағынышқа толы сазды мезеті, қыстың аязды, боранды шағы поэзияның өзегіне айналғанына қанша ғасыр өткенін ешкім де біле алмас. Мифтерден бастау алған антропоморфтік сипат ертегілерге көркемделіп жетіп, одан поэтикалық ойлау кеңістігінде жаңғырып, түлегеніне келтірер ғажайып мысалдар жетерлік… Осы бір дәстүрлі суреттеу қаншама рет қайталанса да, бір-біріне ұқсамайтын бояуымен, түрлі бейнесімен ерекше. Табиғаттан өлеңіне қуат алмаған ақынды кім айтып бере алар екен… Марфуғаның өлеңдерін оқып отырып, осы бір ойға еріксіз ораласың.
Қыс бүгін бар қайғымды қозғап шығар,
Алдымнан ақ борандар боздап шығар…
Боран да жылап бүгін жатқан шығар,
Жылатқан оны ақылсыз ақпан шығар.
Жүрегім қорқыныштан зу етті ғой,
Бір жұлдыз түнгі аспаннан аққан шығар…
Қыс табиғатын көңіл күймен егіздей отырып, тағы да өзінің сүйікті жұлдызын еске алған ақын қыздың сезімтал, сыршыл үні қаһарлы мезгілдің өзін жылытқандай әсер аламыз.
Бажайлап қарасақ, жұлдыз – жай ғана табиғи нысан емес, ақын үшін адам өмірінің бағдаршамы, жақсылыққа, ізгілікке жол көрсетер шырағы екен. Оны мына өлең жолдары айқын таныта түседі. Жұлдыз – адалдықтың шырағы деп түйсінген ақын жаны былайша толғайды:
Жұлдызы жоқ өмірдің түнектері,
Еске түсіп, жақсыны жүдеткені.
Олардың да қайғыны белден кешіп,
Жылап жатар бір күні жүректері…
Осы бір поэтикалық пайым ақын тілінде тағы бір қырымен түрленеді. Жұлдыздың ағуы – жай бір табиғи құбылыс емес… «Жаралы ай» өлеңінде осы ой бейнеленеді…
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)