Наурызды 300 миллион халық тойлайды
22.03.2019
886
0

Наурыз – алты алаштың ғана емес, күллі түркі, парсы дүниесінің ортақ мерекесі. «Жаңа күн» – күн мен түннің теңелу тұсына тура келеді. Наурыз – құт пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың мейрамы.
Тәуелсіздіктен кейін Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мен осы аймақтың тағы басқа елдері Наурызды ұлттық мереке ретінде атап өтіп келеді. Деректерге сүйенсек, Наурызды әлемнің 300 миллионнан астам халқы тойлайды екен. Өзге жұрт бұл мерекені қалай атап өтеді? Олар мереке қарсаңында неге мән береді? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде сауалнама жүргізіп едік.


Айнаш ҚАСЫМ:

«Парсылар Наурызды ай бойы тойлайды»

Наурыз мейрамы­ның шыққан жері – еж­ел­гі Иран. Наурыз мей­ра­мымен Иранда жаңа жыл басталады. Кеңес Одағы құла­ған­ға дейін әлемде Нау­рыз мейрамын өз күнтізбесіне ұлттық ме­ре­ке ретінде тіркеген жалғыз ел Иран бола­тын.
Наурыздың шығу төркіні мен нақты уақыты анық болмағандықтан, бұл мереке әртүрлі аңыз-әпсанамен астасып кеткен. Парсы тіліндегі аңыз-әпсаналарда Наурыз­дың пайда болуы Иранның аты аңызға ай­налған патшасы Джамшидтің есімімен тығыз байланысты. Сондай аңыздардың біріне сәйкес, 3000 жыл бұрын осындай күні Джамшид Урумие көлінің оңтүстігіндегі сарайынан шығып, жарқырап тұрған күн мен кеңістіктің тазалығы мен сафтығына таңырқап, сол күнді Наурыз – «жаңа күн» деп атаған. Содан бастап жыл сайын осын­дай күні арнайы мерекелік шаралар өткізуге шешім қабылдапты-мыс.
Иранның кейбір көне мәтіндерінде, соның ішінде Фирдоусидің Шаһнамесінде Наурыздың шығу төркіні туралы былай деп жазылған: «Джамшид Әзірбайжан­нан өтіп бара жатып, өзіне сол жерде тақ қоюға бұйырған. Басына алтын тәжін тағып, таққа отырған. Тәжіне күн сәулесі түскенде жаһан нұрла­нып, адамдар шаттыққа бөленіп, сол күнді «жаңа күн» деп атаған».
Ақын, астролог, математик Омар Хайям Нишабури «Наурызнаме» еңбегінде аңыз-әпсанадан бойын аулақ салып, Наурызды астрономия­лық тұрғыдан зерттеп, Джамшидтің күн мен түннің теңелген уақытын дөп басып, анықтағаны туралы тұжырым жасады.
Куруш – Наурызға ресми сипат берген алғашқы патша. Тарихи деректер Наурыздың басталуын бабылдықтармен байланыстырады. Куруш Бабылды жаулап алудан бұрын, яғни 537 жылы Наурызды сол жерде тойлаған деген дерек бар. Сол дерек­терге сәйкес, Наурыздың Иранда таралуы милади жыл санағынан бұрынғы 537 жыл­дан басталады. Бұл Куруш Бабылға шабуыл жасаған кезге сәйкес келеді. Ол әскерилері­нің шенін өсіру, сарбаздардың сап түзеуі, қылмыскерлердің жазасын кешіру, қорша­ған ортаны тазалау осы күндері өткізілетін істердің қатарын құрасын деген жарлық шығарған.
Иранның көптеген қалаларында адам­дар Наурызға бір ай қалғанда дайындықты бастап, жылдың соңғы айы – есфандтың төрт аптасын табиғаттың негізгі төрт эле­мен­тінің атымен атайды. Олар сол апталар­да табиғатта өзгерістер байқалып, Наурыз­дың жақындап қалғанынан хабар береді деп санайды.

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір