Баян таудың көлінде балалы үйрек
22.03.2019
1059
0

Аскерхан Ақтай

УГАЙ, УГАЙ, ӘЙ УГАЙ
(Халық әнінің сарынымен)

Маусым, мамыр дегенде, маусым, мамыр,
Естіледі сазды сыр даусыңнан бір.
Себезгі нұр себелеп бозбеткейге,
Селеу басы шайылсын жаусын жаңбыр.

Баян таудың көлінде балалы үйрек,
Көл жүзіне сол үйрек салады ирек.
Мамық бұлттар асылып иығына,
Манаурайды Бесбоғда ала бүйрек.

Боз беткейдің белінен есер желі,
Тор жорғаны кермеден шешер ме еді.
Балдыр тұнған арнасы балбұлақты,
Балақ түріп балтырдан кешер ме еді…

Күміс жүген жарасқан торы қасқа,
Жолығатын жерің бір, жолың басқа.
Қара жолдың бойына қарайлаған,
Қайырылып қарай жүр қауымдасқа.

…Угай, угай, әй угай…

ЖОЛАУШЫ ҒҰМЫР…

Кербез жоталар, кертік қыр,
Керуен сазға елітіп бір.
Себезгі жаңбыр себелеп,
Сезімнің қылын шертіп тұр.

Пана бола ма, тор құсқа,
Қолдауға сені қол қысқа.
Жолықпай кетсең қайтесің,
Жолаушы ғұмыр-жол қысқа.

Жайғанда көңіл желкенін,
Табама жаның дерт емін.
Кездеспей кетсең қайтесің,
Керуен дүние-келте күн.

Көсемсігендер көз аңдыр,
Шешенсігендер сөз аңдыр…
…Бозбала ғұмыр секілді-ау,
Бозала мұнар, бозаң қыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір