ТАУ – МЕНІҢ МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫБЫМ
01.03.2019
1075
0

Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ:

Қалам ұстаған жандардың өз табиғаты, өз тақырыбы, өз ерекшелігі болады. Талантпен қоса тақырып жымдасып, ойдағы дүние қағазға түседі. Міне, бұл – жазушының таңдап алған жолы. Жазушы, сыншы Тұрлыбек Мәмесейіттің шығармаларының дені тау туралы болып келеді. «Неге олай?» деген сұрағымызға жазушының жауабын сұхбат барысынан оқи аласыздар.

«Абай жолын» түсінбейтін студенттерді де кездестірдік

– Қазір жоғары оқу орнында ұстазсыз. Жастардың әдебиет пәніне деген ынтасы қалай?
– Жоғарыда айттым. Кітап оқы­майтын ұрпақ дегенім – бүгінгі сту­дент­терге де қатысы бар сөз. Олар­дың ара­сында әдебиетке, кітапқа көңіл аударатын бірлі-жарымы кездесіп қалады. Кездеспесе, ол да жоқ. Көп­шілі­гінің көркем әдебиетке деген ықы­ласы тым жұтаң. Сондай кез­дер­де ең болмаса мектеп бағдар­ламасын­дағы шығармаларды оқыған шығар деп әдейі сұрақ қоямын.
М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұс­тафин­­нің белгілі туынды­ларын көп­шілігі оқымаған болып шығады. «Абай жолын» бастап оқып едім – түк түсінбедім. Тілі ауыр екен», – де­ген студентті де кездес­тірдік. Осын­дай­лардан кейін: «Бұлар мектепті қа­лай бітірген?! Мектеп­тердегі оқу-тәрбие жұмысының жұрттың көңілінен шықпай жүргені рас екен ғой!» деген ойға қаласың. Білімнің негізі мектеп қабырғасында мықтап қаланбаса, оқушы бойында бір ұм­ты­лыс, білуге құштарлық қалып­тас­паса, осылай немқұрайды қожырау­дың шырмауында қала береді. Сондай-ақ көркем әдебиетті оқуды да сол мектеп қабырғасында бала­ның дағдысына сіңірген жөн.
Осыдан екі жыл бұрынғы бір рес­ми деректе қазақтар кітапты аз оқи­тын халықтар қатарында екен. Әлі де оңала қойған жоқ. Бұл күнде журналистика факультетінде оқи­тын­дардың 90 пайызы қыздар. Олар­дың кейбірінен «бұл маман­дықты неге таңдадың?» деп сұрасаң: «Мен журналист болмаймын, теле­жүр­гізуші болғым келеді», – дейді. Байқадыңыздар ма?! Әдемі болып телеэкраннан көрініп отырмақ. Осын­дай оймен журналистикада оқудың не қажеті бар?!
Сұрақ әдебиетке деген ынта-ықылас жайында еді ғой. Көркем әдебиетті былай қойғанда, қазіргі студенттер оқулық кітаптардың өзі­не соншалық ықыласты емес. Онан да интернеттегі ақпараттарды пай­далану оп-оңай. Көпшілігі осы тақ-тұқ еткен қан-сөлсіз ақпаратқа малданып жүр. Тегінде, Рухани жаңғырудың бастау көзі кітапта екенін түсінетін кез келді.
– Драматургия саласында да бірнеше еңбектер жаздыңыз. Жазу­шы­лық пен драматургияда өзіндік үн­дестік бар ма?
– Соңғы жылдары драматургияға қалам тартып, 4-5 пьеса жаздым. 2-3 шығармам сахналанды. Дайындалып жатқандары да бар. «Таңжарық» ат­ты драмам республикалық «Тәуел­сіздік толғауы» конкурсында жүл­делі орынды иеленді. Сыбайлас жем­қорлық тақырыбына жазылған «Құлқынның құлы» атты пьесамды үш театр сұратып алды.
Драма – күрделі де қиын жанр екені белгілі. Таңжарық тақырыбына көп дайындалдым, екі томдық ро­ман жаздым. Қашанда ақын тағдыры – халық тағдыры. Аю мен айдаһар­дың қыспағында босқындық өмірді бастан кешкен халқымыздың қиын кезеңіндегі тағдырын Таңжарық ақынның азапты ғұмырымен көр­сет­­кім келіп, оның түрмедегі тау­қы­метке толы ширығысты сәттерін алдым. Қиракезік заманда қиын тағдыр кешкен Таңжарық ақын да Елбасы айтқандай, («Ұлы даланың жеті қыры») Ұлы даланың ұлы тұл­ға­ларының бірі ғой. Олардың ұлы­лы­ғын ұмытпай, есімдерін жаңғырту кейінгі ұрпақтың – біздің парызы­мыз болса керек.
Драматургияда қандай тақырып­ты қозғасаң да оңай емес. Жанр та­ла­бы өте жоғары. Прозадағыдай кең көсіліп суреттей алмайсың, баян­дау­ға, түсіндіруге жол бермейді. Артық деталь, орынсыз айтылған бір ауыз сөздің өзі бәрін бүлдіреді. Сондық­тан тереңнен толғап, құпия қалта­рыс­тарға жіті үңіле түсуді талап ете­ді. Кейде 30-40 беттік драмадан гөрі 300-400 беттік проза жазу оңайы­рақ көрініп кететіні бар. Де­ген­мен шұқшия іздену қай жанрға балса да керек.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

(Сұхбаттың толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір