«Алуан түсті Ауғанстан»
08.02.2019
1110
0

(Халед Хоссейнидің орыс тіліне аударылған романына қысқаша шолу)

Тегі ауғандық американ жазушысы Халед Құсайынның екінші романы орыс тіліне «Тысяча сияющих солнц» деп аударылды. Әдебиет әлеміндегі жаңалықты жалма-жан, қолма-қол аудара қоятын орыс тәржімандары Құсайын жазушыны өз жұртына, сөйтіп, бізден бұрын жеткізіп үлгерді. Халедтің романдары өзбек, тәжік тілдерінде де басылып шығып жатса, оған, сірә, таң қалып, таңдай қақпай-ақ қойыңыз. Өйткені, өзбек, тәжік қаламгерлерінің де бізден бұрын әм әбжіл, әм қапысыз қимылдайтыны анық.

…Халед Құсайын – батыстық әдеби ағымдардың орайындағы озық үлгілерді меңгерген шығысшыл жазушы. Оның шығармалары шығыстық леппен басталады да, сөйлемдерінің әр жолын шығыстық баяндау тәсілі мен тәмсіліне бағындырады. «Алуан түсті Ауғанстаннан» біз соны аңғардық. Қараңыз: автор бір оқиғаны бастап келеді де, әлгі оқиғаны аяқтамастан, оған еш қатысы жоқ тағы бір оқиғаны кірістіре қояды. Қапелімде «бұл не болып кетті өзі?» деп отырғаныңызда бастапқы оқиға өз жүлгесіне оралады да, кимелеп ортаға кірген оқиғамен өзек тауып, өріле жөнеледі. Есіңізге түсіріңізші, «Әлқисса» да осылай емес пе еді? «Сонымен бұлар жайы­на тұра тұрсын, біз енді алыс бір патшалық­та­ғы мына бір іске келелік» деуші еді ғой біздің қиссашылар. Халедтің де романдағы баяндау формасы – қисса. Бірақ заманы­мыз­дың жазушысы қисса формасын дамы­тып, түрлендіріп қолданады.
Жазушы ұшынған оқиғалардың байла­мын қасиетті Құран сүрелерімен де тиянақ­тап отырады. Ал біз бұны автордың Құранды құрғақ оқымай, бүгінгі замана хикметтері­мен сабақтастыра біл деген талабы ретінде ескереміз.
«Желге сырыңды айтсаң, жапырақты кінәлама». Бұл – жазушының Ләйләнің аузымен айтқан Халил Жебранның сөзі. Халил Жебран – ливан-американдық философ, эссеист, мистик ақын. Қожа Ха­физ­ден үзінділер келтіруді ұнататын Халед Құсайын мұсылман байтағындағы Халил сияқты тұлғаларға да иек артып қояды.
Халилдің шығармасында түркіге, араб-парсыға ортақ сөздер де түпнұсқа күйінде кездесіп қалады. Мысалы, неке, инкилаб, айна, зиба ватан, дада ватан, заман, т.б. Осындай сөздерімен де ол бізге жақын жазушы болса керек…

Дәурен ҚУАТ


(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір