«Менің ісім – өлеңді қорғау…»

…Әлеуметтік желілердің бірінен көзім шалып қалды: «Арман Қани, журналист» деп қана жазып қойыпты. Айналайындар-ау, Арман Қани – ең алдымен ақын. Өзі күйінішпен айтатындай әдеби ортаға кеш қосылып, кеш танылғанынан басқа жазығы жоқ. Ал жазуы – көп жазарманнан көш ілгері еді. Бұның басты себебі – ақын жырларының «Компартия саясатына қарсылығы». Арлы ақын Арман Қанидің өлеңіндегі өршілдік пен сыршылдықты дер шағында таныған қазақтың Жұмекені ақ батасын беріпті. Бұл жайлы ақын Ғалым Жайлыбай: «Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, отаншыл, азамат ақын Жұмекен Нәжімеденов Арманның «құлын жырының кекілін сипағаннан» кейін ғана шығармашылық бастауын құрсаулап тұрған көбе сөгіле бастаған еді. Сөйтіп, қысталаң кезеңде аға ақынның шарапатын көрген ол бодандықтағы елінің егемен болашағына деген ұстанымынан таймай, Ертіс-Баянауыл өңірінде ұлттық мұрат-мүддені көздейтін қоғамдық-саяси істердегі белсенділігінен танбады», – деп жазды.
Жұмекен ақыннан оң баға алу – зор бағалану деп білемін. Қызыл импарияның қыспағында жазылған жырлар жайлы Арман аға өзі: «Ол кезде цензура өте күшті болды. Ойды жеткізу үшін түрлі образдарды, бейнелеулерді қолданатын едік. Ол поэзияның көркемдік сапасын арттыратын. Ал, қазіргі ашық саяси алаңда ой да ашық айтылады, өлең де ашық жазылады», – дегені бар-тұғын. Жас буынға артқан өкпесі емес, айтқан назы деп ұқтым. Сонда да, аға буыннан «ашық-шашық» жырларымызға жабу болатын жылы пікір күтетініміз бар. Соны ойласам, Жұмекен Нәжімеденовтың бір ғана пікірі – қыспақтағы құлын-жырға болған екен құт ұлы…
…
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
Павлодар облысы
Баянауыл ауданы
(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)