АЛ, АЛАМАН БАСТАЛДЫ
18.01.2019
1356
1

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, жоба жетекшісі

«Сүйінші» деген сөзге тау елітіп, тас егіліпті» дейді бағзыда. Біреу «сүйінші» сұраса, сүйінбейтін жан кем де кем шығар. Ендеше, сүйінші, қазақ! Қазақ әдебиеті үлкен айдынға бет алды. Нақтылай айтсақ, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне: ағылшын, араб, француз, испан, қытай, орыс тіліне аударылып жатыр. Әрине, қай елдің ақын-жазушысы болсын, алдымен өз оқырманын ойлайды, өз оқырманының ықыласына бөленгісі келеді. Жапон жазушылары, тіпті, әлемге түсінікті болудың «әлегінен» қашып, өзінің ішкі дүниесінде қалғанды қалайды. Әйтсе де, әдебиет – адамзатқа ортақ рухани құндылық. Сондықтан әр замандағы дәуір әдебиетінің көшіне ілесуге әркім үмітті. Сондай үлкен үміт жетегіндегі әдебиет – қазақ әдебиеті. Өкінішке қарай, қазақ әдебиеті үлкен кеңістікке шыға алмай келген еді, енді міне, орайлы сәт туды: қазақ ақындары мен жазушылары шырын шығармаларын алты тілдің оқырманына ұсынуда. Ал, аламан басталды… Сілкін, қазақ!

Сөз реті келген соң айта ке­тейік, әдебиетіміздің дамуына, өркендеуіне, жер-жаһанға танылуы­на мұрындық болып жатқан ұйым – Ұлттық аударма бюросы. Бұл жоба Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге аса бастаған «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі.
Жобаға қатысушы елдер: Ұлыбритания, Испания, Фран­ция, Ресей және Қытай аударма­шы­лары мен әдебиетшілері, Аударма және баспа ұйымдарының өкілдері шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлармен кездесу үшін Қазақстанға арнайы сапармен келді. Биылғы жылға аударманың көркемдік сапасын арттыруға бағытталған бірқатар арнаулы шаралар жоспарланған екен. 14 қаңтарда Астанада,16 қаң­тарда Алматыда сол шаралардың алғаш­қы жиындары өтті. Жиында Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытайдан келген аудармашылар мен әріптес ұйым­дардың өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, автор­лар­мен пікірлесті. Аударма – қотар­ма емес, ыждаһат­тылық пен білімдарлықты, табан­дылықты талап ететін өнер. Оның үстіне бір тілдегі ой, дүниетаным, әдет-ғұрып, салт-сана, көркемдік әлем екінші тілге со қалпы көше қоймайды. Ал оп-оңай көшіре қоямын дей­тіндер …көже жасай­ды. Сондай «көжені» аудармашы­лар мен авторлардың бас қосуын­да мәдениеттанушы Әсия Бағ­дәулет­қызы айтып берді.
Әсияның айтуынша, әуелгі жаңсақтық шығарманың орыс тіліне аударылған нұсқасында кететін көрінеді. Мысалы, қазақ ақынының Сарыүйек «жойқын» дегені – «нечистая тварь», «тварь на плече» деп аударылған. «Осы сөз осы қалпында ағылшын тіліне аударылса, түпнұсқадан не қала­ды?» – дейді Әсия. Сөзді емес, мағы­наны, идеяны аудару мен түсіндіру де аударма барысында қиындық тудырады. Қазақта жігіт адам жасы­ның мөлшері. Кейде ол адамның мінезіне, болмысына қатысты да айтылады. «Жігіт!», «Нағыз жігіт». Қа­зақтың «жігіт», «қал­қам» деген сөз­дері тұманды елге «baby» болып барыпты. Яғни, «балақай».

Дүйсенәлі Әлімақын

(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір