Аспаннан алтын жауған жаз
Бұл – Ұлу жылы, 2012-нің шілде-тамыз айларының қол ұстасқан тұсы болатын.
Қазақстан – егемен, еркін, өз бостандығын өз қолына мәңгілікке алғаны талассыз шындық. Бүгінде Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл деп жатсақ, осы бір мыңжылдықтың жартысынан асатын уақыт белесінде қалуымыз шын мәнінде «мың өліп, мың тірілген» қилы заманды бастан өткізді. Тәуба, бүгінде қазақ елі өз жер көлемі, өз шекарасы, Көк Туы, рухты Әнұраны бар дербес мемлекет. Аты мен абыройы жұмыр жердегі 200-ден аса елдердің ішінен өзіне лайықты айтулы орнын иемденіп, атағы ғаламға жайла бастаған ел!
Бұл күнге Қазақстан оңай жолмен жеткен жоқ! Өзім көрмеген арғы тарих туралы дерек келтіріп, көзім көрмеген дүниені әңгімелеу табиғатыма жат. Мен тек көргенімді айтамын! Бүгін тура сондай бір тарихты тарқатудың сәті түсіп тұр…
Тарихты халық жасайды. Бұл – көп дәлелді керек етпейтін ақиқат. Тарихтың басты қаһарманы да – Халық! Халықтың даму, орнығу кезеңдері, басынан өткен «тар жол, тайғақ кешуі», жеңісті күндері мен «ел басына күн туып, етігімен су кешкен», көзден жас парлаған сәт-сағаттары ұлттың ұлы жанын құрайды. Ұлт тарихы бір адамның, жеке отбасының, бір ғана ауыл, аудан, облыстың қуаныш-қайғысынан емес, тұтас халықтың ортақ қуанышы мен өкінішті сәттерінен тұрады. Мұны біз тарихтың ащы сабақтары деп жатамыз. Ал тарихтың күнгейі мен көлеңкесі қатар жүрері белгілі.
Қазақ қазақ болғалы ондай шуақты күндер мен бұлтты түндер аз болған жоқ. Осы ғұмыр кешкен алпыс бес жылда талай тарихқа куә болдым. Ішінде тәттісі де, ащысы да бар. Әңгіме өз бостандығын алған қазақ елі жайлы болғандықтан тізгінді солай қарай тарта сөйлейін. Бұл ширек ғасырға таяу жылдарда елімізде шын мәнінде тұтас жүз жылға татитын тарих қалыптасты.
Мен бір нәрсемен келіспеймін: бүгінде билік басында жоқ, іс басынан шеттетілген, басына кездейсоқ болса да таяқ тиген жанмен әңгімелесе қалсаңыз – дүниенің бәрі жаман, басшылардың бәрі оңбаған, тұрмыс-тіршіліктің бәрі қараң боп елестейді. Бірақ олай емес! Алла тағаланың аузымызға салған алғашқы сөзіндей, бәрін «тәубамен» бастаған жөн болар. «Тәуба! Ел аман, жұрт тыныш, Отанымыз соғыс өртінен аман, жейтін нан бар, ұрпақ өсіріп жатырмыз». Адамзат баласы өзінің даму барысында, ел, мемлекет өзінің құрылу – тұрақтану кезеңінде небір сұмдықтарға ұшырағанын ұлан-ғайыр тарихқа көз салған жандар біледі. Біз жаңа дәуірде жаңаша қалыптасып келе жатқан мемлекетпіз. Орнығу жолында желге, құзға ұрынбау мүмкін емес. Тарихтың өркендеу заңы қатал, Көшбасшылық кез келгеннің қолына беріле бермейді. Ұлы тарихта батырлық, шешендік, би, бек, мансаптық категория секілді Елбасылық тағдыр аса сирек жандардың маңдайына жазылады.
Еркіндіктің еркін ауасымен демалған Қазақстан халқы даму, тұрақтану кезеңінде небір қиындықтарды бастан кешірді. Жиырма жылдың белесінен жаңа асқан біз түгілі, құрылғанына 200 жылдан асқан АҚШ та осындай астаң-кестең тарихты басынан өткізуде. Өзге елдерде тек май шайнап, қаймақ түкіріп отырған жоқ.
Мен саясаткер емеспін, журналистпін. Мен нақты жағдайды, яғни өнер, спорт, адамдардың көңіл күйі, арман-мүддесі, куанышы мен ренішін таразылайтын базардың сатушысы мен алушысымын. Кеудеме соны түсінетін жүрек қонып, алақанға сала білер сезім берілген. Мен де пендемін, бірақ ес біліп, етек жапқан күннен бастап пендешілектен биік тұруға уәде берген, соны өмірімді сертке тіксем де орындап келе жатқан Жазғанмын!
Аждаһадай ақырған жаһандану заманында дербес елдердің өз алдына бөлек өмір сүруі сірә мүмкін емес. Жалғыз қалған елді саяқ жүрген құлын-тайдай кез келген күшті ел екі толғап, бір-ақ жұтады. Ешкім оған «неге бұлай еттің?» демейді. Бүгінгідей біреу-біреуге соғыс жарияламаған күннің өзінде бір ел бір елді гүмпілдетіп бомбылап, гүрсілдетіп атқылап жатқанда, кім-кімге тыйым болып отыр?! Мүйізі қарағайдай мемлекеттердің өзі Еуроодақ, Британодақтары, ШОС, Еуроазия одағы, Латынамерика мемлекеттерінің одағы, Кариб бассейні елдерінің одағы деп бірігіп жатқандары сондықтан. Бұл жаһандану әсерінен төніп келе жатқан алапатқа бірігіп қорғану, соның әсерінен әлемді буып тұрған дағдарыстан күш жинап аман қалу шаралары.
Біз қуаныштан гөрі реніш атаулыны кеудемізде ұзақ сақтайтын әдетіміз… Ал халықтың қуанышын, шын қуанышын кім біледі? Кім есіне түсіре алады? Ел боп қуанған сәтті, күнді, жылды? Нағыз елдік, халықтық қуанышты… Әрине, біреудің шаңырағында нәресте дүниеге келеді, біреу үйленеді, біреу оқу бітіреді, енді біреу марапат алады, тұтас ауыл төл мен егінге кенеледі, бір аудан үздік атанады, облыс көш бастайды. Бұл да қуаныш. Әйтсе де, олар жеке немесе топ жанның қуанышы. Ал бүкіл Қазақстан халқы ел болып, мемлекет болып қуанған кезін кім көрді? Ел болып қуанған, мемлекет болып мерейленген, бүкіл Қазақстан халқының шын бақытты болған сәтін білесіз бе, Сіз – Оқырман?!
Мен білемін! Және сол Бақытты күндерді қағазға қондырып, сол бақытты сәттердің куәгері болып, оттай ыстық оқиғаның қақ ортасында жүрдім! Енді сол бір бүкіл ел бақытқа кенелген 16 күн жайлы айқайлап айтайын! Бұл – Ұлу жылы, яғни 2012-нің шілде-тамыз айларының қол ұстасқан тұсы еді.
Бұл кезеңде мен сыпырылып түсіп қалған атыма қайта мініп, спорт атты шексіз әлемге еркін қанат қаққан сәтім еді. …Жазықсыз жазаланып, жеті жылдай теріс қарап жатып алған мені спорт министрлігінің басшыларының бірі ауыл спорты Қоғамын құрып, соны басқаруға Астанаға шақырды. Бардым. Қоғам құру қандай қиын – «мойным ырғайдай, битім торғайдай» боп азып-тозып жүргенде, таяуда ғана министр болған Талғат Ермегияевке кездейсоқ кіріп қалдым. Мен де оны, ол да мені ұзақ жылдар бойы білетінбіз. Кірген бетте Талғат Амангелдіұлы маған қолқа салды. Шаруа жағдайымен, әрине. «Аға, «Спорт» газеттерін жеке қолдан министрлікке қайта алып жатырмыз. Спорт секілді ел мерейін, ел намысын қорғайтын салаға өз ведомстволық газеті керек. Газеттердің жағдайы тым төмендеп кеткен екен. Қазақша газетіміз мүлдем жоқ, шықпай қалыпты… Сол газеттерді Сіз қолға алып, қайта түлетіңіз!» – деді. Жылап жібердім! Соңғы 1991 жылдың қаңтар айында осы республикалық газетке бас редактор боп келген екенмін. Содан бері он спорт министрімен қызметтес болыппын. Жүрекжарды шындығымды айтайын, солардың ішінде газетке «мемлекеттік маңызы бар» деп қараған басшы аз болды. Мінез-әрекетінде кедір-бұдыр көп болғанымен газеттің ролін марқұм Аманша Ақбаев терең түсінді. Одаң соң газетке, журналистерге ақылмен, парасатпен қарағандар – Қаратай Тұрысов ағамыз бен Қырымбек Көшербаев ініміз. Өзгелердің газетті ат-шанасы, ал журналистерді соған жеккен аттары санағанына осы 23 жылда қөргенім мен естігенім куә. Содан да болар, Талғат Ермегияев газетке осынша мән беріп, мәселе етіп көтергенде өлгенім тірілгендей қуандым.
…Газетті қайтарып алдық, Астанаға көшірдік, қазақшасын қайта аштық. Жеті жыл іште бұғып жатқан жігер мен құштарлық аққайнардай атқақтап, дүркіреген өмірге араластым да кеттім.
Әне-міне дегенше Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиадалық ойындар жақындап қалды. Талғат Амангелдіұлы мені жиі қабылдап, ой-пікір, идеяларын ортаға салып тұрды. Ешқашан «мынау жайлы жаз, жазба!» деп нұсқау берген емес. Олимпиадаға қатысы бар сұрақтарды сала басшысының тіке өзіне сан рет қарша боратып қойдым. Енді сол сырласулардың қадау-қадау деген бір екеуін ортаға салайын.
Олимпиада таяп қалған кез. Кезекті кездесу. «Дайындық қалай, Талғатжан?» – деймін сынай қарап.«Аға, мен бапкер емеспін, сондықтан әр спортшының даярлық дәрежесін дөп басып айта алмаймын. Мен бүгінде негізінен ұлттық құраманың стратегиялық шаруасымен шұғылданудамын. Олимпиадашыларды қаржыландыру толыққанды болды, олардың оқу-жаттығу жиындарын, ірі-ірі, аса маңызды Олипиада қарсаңындағы жарыстарға қатыстыру мәселелерін түгел шештік, оларға киім-кешек, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек, фармакологиялық қажеттіліктер толық сатып алынды. Төрешілермен жеребе тастау мәселелері бойынша рұқсат етілген дәрежеде жұмыс жүргізілді. Мен спорт саласының басшысы ретінде өзімнің бар міндетімді орындадым. Ендігі салмақ спортшыларда!
– Талғатжан, әйтсе де қанша алтын ала алатынымызды анықтап айтшы. «Иә-иә, ресми түрде үш алтын медаль аламыз дегеніңді естідік».
– Мен таяуда Қазақстан Президентінің қабылдауында болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы мені өте жылы қабылдап, кең отырып әңгімелесті. Журналистермен болған кездесуде үш алтын медаль аламыз дегеніммен мен Президентке Лондоннан бес алтын медаль әкелуге уәде бердім.
– Қалай?! Бес алтын медаль?! Ол қайдан келеді, жаным-ау?! Бұл жайлы Президентке уәде беру…
– Саспаңыз, аға! Мен бұның бәрін ойдан шығарып отырған жоқпын. Біз бапкерлермен бірігіп әр спортшының мүмкіндігін қарадық, талдадық, ақыры осындай қорытындыға келдік…
– Жоқ, Талғат Амангелдіұлы, мұныңыз бекер болған! Оның үстіне Президентке уәде беру… Ойбай-ау, бес алтын медаль қайдан келеді? Кім әпереді оны бізге?
– Аға, тек қана ауыр атлеттеріміз алты алтын медаль ала алады!
– Алуын ала алады ғой, бірақ соны бере ме?
– Сондықтан да ауыр атлеттерге аманат – 4 алтын!
– Алла сақтасын!
– Аға, бұл менің Президентке берген уәдем ғана. Ал жоспарда қанша алтын тұрғанын айтуға қорықтым…
– Талғатжан, Елбасына Олимпиададан бес алтын медаль әкелеміз деп уәде беру – нағыз жүрек жұтқандық! Біз, Қазақстан олимпиадашылары, ең атқа мінген жылдары Олимпиададан үш алтыннан көп алған емеспіз.
– Онда мен Сізге айтайын, ағасы, біз Лондоннан жеті алтын медаль әкелеміз!
– Не? Не дедің? Валидол! Карвалол! Нитроглицерин!..
– Бұлардың ешқайсысын жұтудың қажеті жоқ. Талдау – терең, жоспар – нақты. Бұдан көп болуы мүмкін, аз болмайды!
– Талғат Амангелдіұлы, мына болжамыңыздан мен қорқайын дедім. Құдай үшін, бұл жайлы ешкімге айтпашы.
– Сіз де ешкімге айтпаңыз.
– Жарайды, келістік. Тек Олимпиададан кейін осылай болып жатса және кітап жазсам айтамын. Ал енді осының құпиясы бар ма?
– Бар! Ең бастысы даярлық кезеңі өз дәрежесінде өтті. Спортшыларға ішетін тамақ пен суды өзімізбен ала кетеміз. Алтын медальдан үміті бар спортшылардың бәрі Олимпиада қалашығында емес, мен тұратын отельде орналасады. Олимпиада қалашығына мойындарына алтын медалін тағып бір-ақ оралады. Осылай сенімдірек.
– Ал жалпы медальдар саны қанша болады?
– Он бес медаль алуды жоспарлап отырмыз.
– Құлашты көкке сермеген-ақ екенсіз! «Жығылсаң түйеден жығыл» дейді қазақ.
– Біз ештемеден жығылмаймыз, аға! Түйеден де, самолеттен де.
– Онда, мақалды былай деп өзгертейдік: «Ұшсақ – космос кораблімен ұшайық, Астанадан Лондонға, Лондоннан Астанаға, штурвалда – Талғат Амангелдіұлы!».
– Рахмет, аға, бұл жоспарды орындаудан жанымызды аямаймыз. Тек штурвалда ел Президенті, біз Елбасының көмекшілеріміз!
Министрдің кеңсесінен теңселіп шықтым. Мені теңселткен Талғат Амангелдіұлының батыл жоспарлары: елге айтқан 3 алтын медалі былай тұрсын, Елбасына уәде берген 5 алтын жүлдесі. Неғылған жүрекжұтқан шешім?! Неғылған мықты деген белдің өзін қайыстырып қана қоймай, үзіп жіберетін міндеттеме?! Өзіне дейінгі дүниенің бәрін біледі деген Аманша Ақбаев, төрт құбыланың тізгіні қолында деген Темірхан Досмұханбетов, даңқты спортшы Дәулет Тұрлыхановтар жете алмаған жетістікке қалай жетпек?! Бұл не деген феномен? Ақылы орнында ма осы жігіттің?! «Түу, қойшы, өзіңе біреу сеніп сырын айтса, сан-саққа жүгірту деген не әдет осы? Аспаннан алып жатқан жоқ шығар осынша биік нәтижелерді? Мамандарды жинап зерттеп, талдаған шығар. Айтса – сенімі бар болар. Ал уәдесін қалай орындайды – ол өз жұмысы, өз құпиясы. Тәуекел етсе, себебі белгілі – Қазақстан халқының арман-мүддесі мен Елбасының тапсырмасы тұрған жоқ па алдында?! Белің бүгілсе елің үшін бүгілсін де!». Мен министрді осылай түсіндім.
…Лондонға ертең-бүрсүгіні аттанамыз деп отырған күні спорт министрі журналистермен брифинг өткізді. Талғат Амангелдіұлы дәл осы күнге дейін белгілі болған ақпараттарды қысқаша баяндап берді:
– Әзірге 115 спортшымыз лицензия алды. Олимпиада қорытысында 13 медаль жеңіп алуды жоспарлап отырмыз. Оның 3-уі алтын!
Сөз тиген бетте менің әріптестерім көл шайқайтын сұрақтарды қарша боратты дерсіз:
– Сіз бір жерлерде үш, бір жерлерде бес алтын әкелеміз депсіз. Жеті алтын уәде берді деген де сыбыс бар. Олай болмаса қызметтен кетем депсіз, сол рас па?
– Тағы да қайталаймын: біз он үш медаль жеңіп алуды жоспарладық, оның 3-уі алтын.
– Жақсы, алтын жүлдеден үміткерлер кімдер?
– Сегіз ауыр атлеттің бесеуі алтыннан үміткер. Дайындықтары өте жақсы, психологиялық кедергіден өте алғаны алтын алады!
– Жаңадан қосылған екі ауыр атлет жайлы айтсаңыз?
– Архи мен Чонтей соңғы екі жылда Қырғызстандағы спорт базамызда дайындалды. Көрсеткіштері күшті болған соң оларды командаға қостық.
– Лондонда біздің спортшыларымызға эстрада жүлдыздары барып өнер көрсете ме?
– Спорт министрлігі мұндай шаруамен шұғылданбайды.
– Спорт формасы жәйлі?
– Форманың дизайнын жасаған итальяндар, тігілген жері Түркия. Тапсырманы орындаған Құралай Нұрқаділованың фирмасы.
– Олимпиадаға Қазақстаннан баратын және Ұлыбританияда тұратын қазақстандықтардың жарысқа баруына Спорт министрлігі қолғабыс ете ме?
– Міне, бұл тамаша сұрақ. Олимпиадаға Қазақстанның кез келген азаматы бара алуына Спорт министрлігі қолдан келген мүмкіндігін аямайды.
– Дегенмен… Егер айтқан жоспарыңыз орындалмай қалса қызметтен кетесіз бе?
– Келіңіздер, былай келісейік. Егер Лондонда үш алтыны бар он үш медаль ала алмасақ, осы сұрақты маған сол кезде қойыңыздар. Жауапты да сол кезде аласыздар! Ал қазір бәріңізге рахмет, осымен брифинг аяқталды!
Кездесуден риза болып шықтым. Әшейінде езуінен күлкі кетпейтін, жұмсақ мінезді Талғат Ермегияев бұл жерде тастай сенім, өзі жоспарлары, жұртқа хабарлаған ақпаратының тағдыры үшін басын беруге бар басшы ретінде танылды. Халық күн сайын патриоттық болмыс көрсете бермесе де, осындай ел намысы сыналар тұста қатал талап қоя алады. Оған шыдас беріп, сөзден де, істен де жаңылмау көпті көрген тісқаққан басшыға да оңай емес. Аттандық Лондонға! Жазғы ХХХ Олимпиадалық ойындарға аттандық. Олимпиада салтанатты түрде ашылды. Қазақстан спортшылары бұл ашылу кезінде әдемі көрінді. Салтанатқа Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев арнайы барып, спортшыларға дем берді. Содан кейінгі бақытты күндер өң емес түсіміздей, бір-бірін қуалап, жетіп жатты Туған жерге…
Бірінші бақыт. Ертеңіне тас жолға велобәйгешілер шықты. Әлемдегі теңдесі жоқ абыройлы жеңіс саналатын бұл велобәйгені қарт Қызылжардың түлегі Александр Винокуров ұтып алды! Кешкісін «Қазақ ауылында» жиналдық. Тойға жиналған мың адам арасында риясыз қуаныштан жүзі балбұл жанып, спорттық формамен шауып жүрген Талғат Ермегиявты жолықтырдым. Екі езуі екі құлағында, кеудесі шалқақ, сөзі тастай: «Біздің бұл Олимпиадаға қалай дайындалғанымыздан ел хабардар. Міне, соның алғашқы жемісі. Ешкім Винокуровтың жеңісін кездейсоқ деп ойламасын! Еркін ел болғалы бірде-бір Олимпиада дәл бұлай сәтті басталған емес. Бұл – Қазақстан үшін спорттағы ұлы күн! Бұл Қазақстан халқына бақыт сыйлаудың басталған күні. Алтын жауынмен басталды ХХХ жазғы Ойындар! Алтын жауын толастамайды! Бұйыртса, біз, спортшылар мен спорт мамандары Елбасы бастаған көшке қуаныш пен бақыт сыйлауды жалғастыра береміз!».
Таң-тамаша қалдым. Әрине, тек Винокуровтың жеңісіне емес. Винокуровты сонау Сидней Олимпиадасының мәресінде қарсы алғанмын. Кеудесінде мың аттың күші бар жүрек дүрс-дүрс соғып тұрғанын білемін. Сенемін! Сүйсінемін! Бас иемін!
Талғат Амангелдіұлының шешендігіне қайран қалдым. Сұраққа да, жауапқа да қиналмайтынын білетінмін. Дегенмен, Олимпиаданың беташар күні айды аспанға шығарып тұрған елдің спорт министрі не дер екен деген ерекше қызығу жанның бәрінде болды. Соларға жауабы қандай сәтті болды спорт киімін киген басшының.
Екінші бақыт. Ертеңіне темір көтеруден Зульфия Чиншанло чемпион болды. «Қазақ ауылында» той жалғасты. Айтылған мың сөздің тобықтай түйінін Талғат Ермегияевтан естідім: «Достар! Бүгін Елбасымыздан және республика Парламентінен құттықтау жеделхатын алдық. Телефон, телефакс арқылы құттықтап жатқан жандар қаншама?! Халқымыз қуаныштан теңселіп тұр, достар!»
Үшінші бақыт. Зіл көтерудің екінші күнін де Қазақстан туын ең биікке көтерген Майя Манезаны «Қазақ ауылында» қарсы алғандар қарасында есеп жоқ. Өрттей ыстық құшақтар, қанат байлап елден жетіп жатқан жеделхаттар.
Сол кештен құлақта қалған қымбат сөз мынау болды. Т.Ермегияев: «Майя жеңген бүгінгі күн – биік белеске шыққан күн. Бүгін біз елге, Президентке берген уәдемізді орындадық. Яғни үш алтын медальді жеңіп алдық! Осындай қуаныш құшағында тұрғанда айтуым керек: спортшыларымыздың бұл табыстарының қайнар көзі – Елбасының әкелік қамқорлығына тікелей байланысты. Бұл қамқорлықты ұлттық құрамадағы әрбір спортшы толық сезінді. Дәл бүгін одан да терең шындықты ортаға сала аламын: аса күшті спортшыларымыздың жолына ешкім тосқауыл болмау үшін, Президент тапсырмасы бойынша, бүкіл халықаралық федерациялар мен техникалық төрешілер құрамымен заң аясындағы бүкіл мәселелер талқыланып, шешілген. Әсіресе, біздің командамыз үздік саналатын ауыр атлетикада! Міне, достар, Қазақстан халқы бүгін қуаныштан да асып, бақытқа кенеліп отыр. Құтты болсын! Біз халқымызға бұдан да мол бақыт сыйлауға күш-жігерімізді, жанымызды аямаймыз!
Төртінші бақыт. Ауыр атлетика помостында зілтемірге қоса кешегі командалас құрбылары Заболотная мен Евстюхиналарды бір-ақ «көтерген» Светлана Подобедованың жеңісі Лондонды төңкеріп кете жаздады. Бұл кеште Т.Ермегияев ғажап төрт ауыз сөз айтты: «Қымбатты, Светлана! Сен бүгінгі чемпиондығыңа қоса ел рекордшысы атағын да алдың. Егемен Қазақстан тарихында бір Олимпиададан төртінші алтын алған рекордшы сенсің. Құттықтаймын және Алғыс айтамын! Достар! Зілтеміршілердің құрама командасының бапкерлері Алексей Нимен, Энвер Түрклериге ерекше құрмет көрсетемін. Бүгін помостта нағыз бапкерлердің Олимпиадалық шайқасы өтті. Қандай тактикалық «ойын» болды десеңізші?! Сол шайқаста Сіздер жеңіп шықтыңыздар. Сіздерге рахмет және бас иемін! …Біз ауыр атлетикадан ғана үш алтын медаль алдық. Бұл да жеңістің соңы емес. Мұның бәрі жоспарланған жеңіс. «Өтірікшінің куәсі жанында» деуші ме еді?! Міне, менің куәм Алексей Ни. Біз күніне екі рет кездесіп, бар жағдайды талқылап жүрміз. Бұйыртса, ертең тағы жиналамыз осы «Қазақ ауылында», достар! Бәріңізге рахмет! Жаратқанның біздің Отанымыз бен Халқымыздың Бақытты болған күніне куә қылғанына тәубә!».
Талғат Ермегияев көпшілік алдында еріксіз көңілі босап, қуаныштың көз жасын ірке алмады.
Бесінші бақыт. Илья Ильиннің Олимпиададағы бұл жеңісі тура бір Айды көлегейлеп, Күнді ұялтқандай құдіретті болды. Бұл күні Лондондағы бүкіл Олимпиада тоқтай тұрып, Ильяның ғажап жеңісіне тамсанғандай, қол соққандай әсерде болдық. «Қазақ ауылдағы» той кешінен екі-ақ сәтті су бетіне шығарамын. Т.Ермегияев: «Илья, қымбаттым! Құттықтаймын! Сен бір мемлекет – Қазақстан тарихындағы екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш әрі жалғыз атлетсің! Сен – дарасың! Саған бұл жеңіс оңай келген жоқ. Бұл Олимпиада тұғырына сенің қандай тар жол, тайғақ кешумен келгенің менің көз алдымда. Сен жеңдің! Әуелі өзіңді жеңдің! Содан соң әлемнің бар мықтысын тізерлеттің! Сен ғажап атлетсің, ғажап адамсың, ғажап спортшысың!».
Илья Ильин: «Талғат Амангелдіұлы! Сізге ерекше рахмет! Осы Олимпиадаға даярлық кезеңінде мен Сіздің арқаңызда ешқашан ештемеге алаңдамай жаттықтым. Білесіздер ме, достар! Мен Талғат Амангелдіұлымен былтырдан бастап тізе қосып жұмыс жасай бастадым. Ол – уәденің адамы! Айтты ма, орындады дей беріңіз. Нағыз басшы! Қарапайым, мейірімді, қамқорлығы мол, кез келген сәтте жолығып, сені тыңдайтын әрі іс шешімін дөп табатын министр! Қөрдіңіздер ме, бүгін біз Талғат Амангелдіұлы екеуміздің Отанымызға қандай Жеңіс сыйлағанымызды?!».
…Лондан төріндегі бұл кешті мен жүргізіп отырғанмын. Министр мен спортшының бір-біріне деген қылаусыз сыйы, құрметі жүректі ерекше кернеп, келесі кейіпкерге сөз беретін кезде дауысым жарықшақтанып, тұла бойды баураған ризалық сезім денені балқытты. …Ә, ұмытып барады екенмін, Талғат Ермегияевке мынадай сұрақ берілді: «Сіз өткен жолы, үш алтын алған кезде, нысананы бес алтын жүлдеге жылжытып едіңіз. Бүгін ол меже де алынды. Ендігі нысана қандай?».
– Шешінген судан тайынбайды, ендігі нысана 7 алтын медаль болады! Сол күні жүздескенше, достар!
Зал соғылған шапалақтан бір аунап түсті.
– Жарайсың, Талғат Амангелдіұлы!
– Жасасын, Елбасы! Алға, Қазақстан!
– Спорт министрі жасасын!
– Халық қуанышына ортақпын!
Алтыншы бақыт. Үш қарғып барып Олимпиаданың алтын медалін қағып түскен Ольга Рыпакова «Қазақ ауылына» келіп кездесу өткізгенше Қазақстанда таң сарғайып қалған еді. Бірақ Лондондағы бірде бір адамның қалта телефоны тыным алған жоқ. Бүкіл Қазақстан аяғынан тік тұрып, чемпиондарға қол шапалақтап тұрғандай әсерде жүрміз. Бір таяп қалғанда министрдің құлағына сыбырладым: «Талғатжан, Қазақстан мол бақыт құшағында! Енді не арманың бар?!». «Аға, білесіз ғой ендігі арманымды, кеше де айттым, бүгін де қайталаймын… Соған жетсек!». «Білемін, білемін, Талғатжан! Сенің еңбегіңе халықтың осы ниетіне құдай береді тілекті. Әумин де, айналайын!». «Әумин, аға!».
Рыпаковаға арналған кештегі Талғат Амангелдіұлының балбұл жанған жүзін әлі ұмытпаймын: ол бүгін министр ретінде бақытты еді; бүгін ол Қазақстан Азаматы ретінде бақытты еді; бүгін ол шын бақыттыдан да бақытты еді!
– Ольга! Қайталанбас Ольга! – деді Т.Ермегияев сөз алып. – Сенің бүгінгі жеңісіңнің арқасында Қазақстан ұлттық құрамасы өзінің алтыншы медалін жеңіп алды. Әрі оның алтауы да алтын! Бұл табыстар бүкіл әлемге Қазақстанның қаншалықты экономиқалық, әлеуметтік қарыштап дамып отырғанын дәлелдейді!
Жетінші бақыт. Жетінші бақыт! Қандай керемет! Қандай тәтті! Қандай көп боп күткен бақыт! Бұл күні бүкіл Қазақстан халқымен бірге біздің де – менің де, Талғаттың да, Сіздің де армандарыңыз орындалды.
– «Қазақ ауылында» той басталмай тұрып Талғат Амангелдіұлы қарсы жолықты. Ағалық-інілік ыстық сәлемнен кейін дереу министр мен журналистік қасиет шарпысып қалды.
– Талғатжан, дәл қазір деміңмен темір балқытар сәтте не айтар едің?
– Қазақстан халқына рахмет, бас иемін! Бұл жеңістердің бәрі сол Халықтың қуатымен келді. Оны біз осы он алты күннің бәрінде сезініп отырдық. Қазақстан Республикасы Президентінің әкелік қамқорлығына зор алғыс білдіреміз. Жеңістердің бастауы – Халық пен Президент!
– Талғатжан! Үш алтын, бес алтын, жеті алтын дедің. Бәрі де орындалды. Орындадың! Енді бақыттысың ба?
– Бақыттың шыңындамын, аға! Сөз беріп, оны орындай алған басшы мен ер-азаматта не арман болушы еді?!
– Талғат Амангелдіұлы! Бүкіл елге 13 медаль, оның 7-і алтын болады деп қаққан қазықтай уәде беру – дәл солай орындау – не құдірет?
– Мұның бәрі ұзақ жылғы жұмыстың, терең талдаудың нәтижесі, аға! Енді құпияны аша берсем де болады: бұл чемпиондарды мен Астанадан аттанбай тұрып-ақ
Елбасымызға нақты аты-жөнімен баяндағанмын!
– М-м-м… А-а-а … Ой-ой-ой… Иә-иә-иә,
Серік Сәпиев «Қазақ ауылына» келген бетте бұл Лондондағы Олимпиаданың соңғы жүздесуі болды. Кездесуді жүргізу бақыты тағы маған бұйырды. Қуанышпен бақыттан есіміз кіресілі-шығасылы боп жүрсек те той кешін дәстүрге сәйкес Талғат Ермегияевке сөз беруден бастадым. Талғат Амангелдіұлы сөзін аса салмақты оймен аяқтады: «…Бүгін мен қазақстандық спортшыларды Лондондағы ғаламат жеңісімен құттықтай отырып, бәріне зор алғыс білдіргім келеді! Бұл жеңіс ел Президенті мен үкіметінің зор қамқорлығына қоса біздің спортшылардың жанкешті ерлігі, спорт түрлері бойынша федерациялардың министрлікпен тонның ішкі бауындай тығыз, бірлескен жұмысының арқасында келді. Енді біз Пекиндегі жалпыкомандалық 29-шы орыннан 12-ші орынға бір-ақ секірдік. Біздің бұл табысымызға әлемдегі төрт миллиардтан аса жан куә болды: туымыз 13 рет желбіреп, Әнұранымыз жеті рет шырқалды. Қазақстан спорты үшін жаңа меже – жалпыкомандалық 12-ші орын дүниеге келді. Халық арманы, Президент тапсырмасы орындалды! Ендігі міндет – осы биіктен төмендемеу!»
…Олимпиада аяқталды. Жеңіс буын ұшақ етіп мінген бәріміз елге қарай қанат байлап ұштық. Ортамызда Отанға сол жеңістерді сыйлаған оғландар, жеңіс жоспарын құрған бапкерлер мен басшы-бағландар бар. Ал алдымызда осы Олимпиада Жеңістерінен осы Ұлу жылының жайдары жазында шын бақытты болған Қазақстан халқы күтіп отыр еді!
***
Содан бері үш жыл өтіпті. Рио-де-Жанейродағы кезекті жазғы Олимпиада да есік қағып, терезеден сығалап тұр. Спортшыларымыз сол бір биік нәтижеден төмен түспеу үшін жанын салып даярланып жатыр. Халық та, бір сәт осы жылдары көрген қиындық атаулыларынан серпіліп, сол Олимпиада кезінде ел болып қуанамыз деп алақандарын ысқылап отыр. Тек, ұлттық құрамының аты аңызға айналған тізгін тартушысы Талғат Ермегияев болмайды бұл жолы іс басында… Осы Олимпиада қорытындысына орай жазған «Золотой Олимпийский маршрут» атты кітабымда ел спортына «Жеңімпаздық ілім» әкелген, «Жеңімпаздық мектеп» қалыптастырған қайраткер» деп ат қойған Азамат бастамайды команданы… Осыдан үш жыл бұрынғы Олимпиадада аспаннан алтын жаудырған іскер ұлды сағындым мен де. Спортшылар да алаңдаулы секілді. Халық та бөркін аспанға атуды аңсап отыр. Халқына қуаныш, бақыт сыйлағаннан асқан абырой бар ма екен Азаматқа?! Сондай Азаматын дүбәра дауға бермес болсашы! Сондай Азаматтың алтын басын қор етпеші, Жаратқан! Сондай Азаматын бағалай алар болсашы, Қазақ қоғамы! Бәрінен бұрын Құдайдың көзі түзу болсашы! Әумин!
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Лондон Олимпиадасының шежірешісі,
журналист-жазушы,
әлемдік спорт журналистері Қауымдастығының мүшесі,
ҚР спорт баспасөзі Қауымдастығының Құрметті президенті,
спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Астана қаласы.