Жаңаша көзқарас қалыптастырады
21.12.2018
1538
0

Иә, біздің қазақта «Өткен тарихыңды білмей, болашағыңды болжай алмайсың» деген сөз бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында, міне, осының бәрі жан-жақты, терең талданып, айтылған.

Әр халықтың рухани және адами қасиеттері тарихи ұлттық құндылықтары арқылы қалыптасады. Қазақ дүниетанымы, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат даламызға ғасырлар бойы шыңдалып жетті. Тіпті, бір замандарда бабаларымыз әлемдік мәдениетке, өркениетке өзіндік үлестерін қосқаны да рас. Бұл біз үшін мақтаныш. Мұны білу арқылы өскелең ұрпақ өзінің кім болғанын, қайдан шыққанын түсінетін болады. Осы орайда Елбасымыз «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қа­жет­ті дәйектеріміз де жеткілікті. Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр. Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді» деп өте орынды айтып отыр.
Шынында да, қазақ халқының тарихы тым тереңде жатыр. Елбасы айтқандай, біздегі кейбір ру-тайпалар атауының сыры тым әріден айтылатыны да шындық. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Түрлі себептерге байланысты айтылмай келген дүниелерді жарыққа шығарудың, түп-тамырын тереңірек зерттеудің сәті түсті. Сондай-ақ, әртүрлі жағдайлармен қазақ даласына келіп қалған этностардың да өзіндік тарихы, өзіндік шындығы бар. Елбасымыз өз мақаласында оған да ерекше мән беріп, жаңа көзқарас қалыптастыру керек екенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, бұл мақала тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдауға жетелейді.

Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ,
ақын, «Құрмет» орденінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір