Ақынға әкім темір тұлпар мінгізді
14.12.2018
1652
0

Таразда көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шешен Республикасының ең жоғары мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ресейлік Сергей Есенин атындағы Алтын медаль­дің, «Түркі әлеміне қызметі үшін» Халық­ара­лық сыйлығының иегері Рафаэль Ниязбектің 75 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтті.

Облыстық қазақ драма театрына жырсүйер қауымды жиған «Жүрегімде ғасырлардың салмағы» атты шығармашылық кештің ұйымдастырушысы – Жамбыл облысы әкімдігі. Сал­танатты шараның шымыл­дығы айтыскер ақын Шорабек Айда­ровтың мерейтой иесіне арнау жырымен ашылды. Сосын Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып Рафаэль Ниязбек шығармашылығы жөнінде баяндама жасады. Баяндамашы мерейтой иесінің тек ақын ғана емес, проза әлемінде де орны ерекше екенін айта келіп, «Отағасы», «Қаңтар», «Қызыл үй», «Тасқұдай» сынды қуатты прозалық кітаптарын айрықша атап өтті. Ақынға Парламент Сенатының төрағасы Қасым­Жомарт Тоқаевтан, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан, Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттен, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтан құттықтау хаттар табыс етілді. Облыс басшысы А.Мырзахметов темір тұлпар сыйлады.

Бет қатталып жатқанда Жамбыл облыстық мәслихатының ұйғаруымен ақын Рафаэль Ниязбек «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атанғаны туралы хабар жетті. Құттықтаймыз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір