«Төле би» телесериалы көрерменмен қауышатын күн жақын
14.12.2018
1873
0

«САҚ» киностудиясы өткен жылы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясымен 3 анимациялық фильм және 10 сериялы телехикая түсірген болатын. Биыл киностудия Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Оқсыз», «Түркістан», «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмдері мен «Төле би» атты телесериал түсіруде.

Бұл жайында «Төле би» теле­сериалының режиссері, «Оңтүс­тік­фильмнің» директоры Батыр­хан Дәуренбеков:
– Білесіздер, 1726 жылы Ор­дабасы тауында қазақтың үш жүзі­нің игі жақсылары бас қосып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмыл­дыру жайын талқылаған. Бұл жиын – қазақ елі тарихындағы аса күрделі кезеңде халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бой­ға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға саналады. Сол жолы біртұтас қазақ әскері құры­лып, Кіші жүз ханы Әбілқайыр үш жүздің біріккен жасағына бас қолбасшы болды. Ордабасыдағы сол баталасу нәтижелі болып, қазақ қолы жеңіске жетті. Ел Жоң­ғар шапқыншылығынан азат етілді. Фильмде осы Ордабасы тауының қазақ тарихындағы рөлі сөз болады. Жалпы, Ордабасы тауы еліміз үшін береке-бірліктің бастауы іспетті. Ордабасы тауы­ның шыңында 1993 жылы үш елдің президенттері кездескен та­рихи оқиғаға биыл 25 жыл толды, – дейді.
Батырхан Қалдарбекұлының айтуынша, киностудия ұжымы осы оқиғаға орай облыс әкімі Жан­сейіт Қансейітұлымен ақыл­даса отырып, 10 сериядан тұра­тын «Төле би» телесериалын тү­сіруді қолға алыпты. Оның сцена­рийін жазушы, журналист Шойбек Орынбай мен бұдан бұрын да бірнеше анимациялық фильмнің сценарий авторы Бақытжан Құлжабай жазған. Олар Мархабат Байғұт, Момбек Әбдәкім, Сәрсенбі Дәуітұлы мен Жамбыл Артықбаевтың «Төле би» туралы еңбектерін бас­шы­лыққа алған. Телесериалдың тарихи кеңесшісі – профессор, та­рихшы Жамбыл Артықбаев, әдеби-көркемдік жетекшісі – кинорежиссер, Қазақ­стан­ның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сатыбалды Нарымбетов.
Түсірілім Төлеби ауданының Қасқасу елді мекенін­дегі тау бөктерінен басталып, Түр­кістанда, Боралдайда және Ташкент қаласында жалғасқан.
«Оңтүстікфильмнің» редак­то­ры Айнұр Бексейітованың мә­лім­деуінше, жыл соңында облыс әкімінің қатысуымен «Төле би» телесериалының тұсаукесері өтеді деп жоспарланып отыр. Теле­сер­иал жергілікті және респу­бли­калық арналардан көрсетілетін болады.

Үмітхан АЛТАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір