Ақыннан туған ақын
Биыл қазақтың көрнекті қаламгері Қалижан Бекхожиннің 105 жылдығы. Атаулы күнге орай Қалекеңнің шәкірті – белгілі сатирик Мыңбай Рәш ой-толғау жазып әкеліпті. «100 жылдығында жазып едім, соны тағы бір қарап, өңдеп, толықтырып, өздеріңе ұсынып отырмын» дейді. Қабыл алыңыздар!
Тау қатпарынан жондана жөңкіліп желкесіне дейін жалғасқан құлама суды еске түсірердей қоп-қою қара шашты, келісті келбетіне жараса қалған кездік қынабындай түп-түзу танауы, әлдене айтуға оқталғандай құбыла ойнақшыған қоңырқай көзді, қияқ мұртты Қалижан ағаны естен шығару әсте мүмкін емес. О, Мезгіл… содан бері пайғамбар жасынан да асыңқы жылдар жылысып өте шыққанын қарашы! Иә…, ақша қар қапалақтаған қаңтар айының сол бір кешінде кәдімгі сүлей жазушымыз Сәбит Мұқанов бастап келген қаламгерлер санатында Қалижан Бекхожин де бар екен. Бұл менің Қалекеңді жүзбе-жүз тұңғыш рет көруім болатын. Бірге оқитын студенттер Бердібек, Серік, Ғафу, Айқын, Нығмет, Баламер…бәріміз дәріс тыңдап жүрген, о кезде Совет көшесі бойындағы (қазіргі Қазыбек би көшесі) ҚазПИ-дің клубына асыға-аптыға келгеніміз әлгінде ғана еді. Ине шаншар орын жоқ, сығылыса жайғастық-ау, әйтеуір. Толық денесін қозғалта, қарлыға да жарықшақтана шығатын дауысына басып ақын-жазушылар легін басқарып сөз сөйлеп тұрған әйгілі Сәбит Мұқанов Тайыр Жароковтан кейін сөз тізгінін Қалижан Бекхожинге берді. Қалекең мінберге көтерілді. Ерекше толқыныс, тебіреністе тұрғанын бірден байқадық. Сөйтсек, оның да гәбі бар екен. Осыдан аттай он жыл бұрын осы оқу орнының тіл-әдебиет бөлімін тәмамдапты. Алғашқы өлеңінің тақырыбы да «Өнерге қанат қақтым ҚазПИ-імнен» деп көзге ұрып тұрғаны содан болса керек. Жұрт абыр-дабыр бола бергенде, төралқада отырған Сәбең орнынан қозғалып қойып:
– Алдияр қауым, студенттер, айтушыдан тыңдаушың күшті болсын деп ұлы ақынымыздың өзі ескертті емес пе, шуламай, қаламгерлердің лебізін ден қоя тыңдауларың сұралады, – деп қалды. Сол-ақ екен, студент атаулылар құлаққа ұрған танадай жым-жырт болды. Сәл-пәл тосаңсып қалған Қалекең ағамыз көтеріңкі дауыспен көсіле жөнелді:
«Өмірге, өнерге де жас күнімнен
Құлшынып, қанат қақтым ҚазПИ-імнен.
Біліммен, өлеңіммен өрге басып,
Алатау биігінде қасқидым мен.
ҚазПИ-дің түлегімін ұшқан шыңға,
Аз емес талаптылар тұстасым да,
Ақындық өнерімен шығып дара,
Көтерген ҚазПИ даңқын құз басына.
Өмірге өзек болған ҚазПИ едің,
Сенімен серпілді ғой жас жүрегім.
Тұсыңнан өткен сайын күмбезіңе
Әлі де шәкірттердей бас иемін».

Ақын-жазушылар (солдан оңға қарай): Сырбай Мәуленов, Әди Шәріпов, Қайсын Құлиев, Қалижан Бекхожин, Асқар Тоқмағамбетов
Өлең оқуын аяқтады. Жұрт дүркірей қошаметтеп, дүркірей қол соғумен болды. Әлден соң оқуын жалғастыра жүріп, газет-журналдарда зерттеу сыни мақалаларын жиі бастыра бастаған Айқын Нұрқатов көзілдірігін маңдай тұсына жылжытып қойып:
– Қалеке, оқырмандар сізді әсіресе эпикалық шығармаларыңыз арқылы жақсы біледі. Мүмкін болса «Ақсақ құланнан» үзінді оқыңызшы, – деп өтінді.
– Әу, дастан көп уақытты алып кетіп жүрмей ме? – деп Сәбең күмәнданған еді.
– Онша созбаймын, Сәбе, опық жемеңіз, – деп күлімсірей қарады Қалижан.
Қатарласа отырған Әбділда, Жұмағали, Сырбайлар да жайраң қағыса құптап:
– Бұл ғажап дастан, студенттерге оқымағанда қайда оқысын! – десіп жатты.
– Ендеше мейлілерің білсін, кәне, сілте Қалижан! – деп Сәбең де көңілденіп кетті.
– Оқысын, оқи берсін! – тұс-тұстан атойлаған дауыстар толастай бастағанда ақын да жыр тізгінін еркіне қоя берген еді:
«Ақсақ құлан»
Жанымды жаңа жырға иген едім,
Қалай сен, баба, мұны кимеледің?
Еріксіз елжіредім естігенде
Елімнің ертедегі күй бебеуін.
Аңызын аталардың жете тізген
Бұл жырды естіп едім әкемізден.
Сол күймен күңіренген көне қобыз
Өткеннің қайғысына жеке дүзген.
Сол күйге замандардан зар қосылған,
Тіл қатты обалар да қан жосыған.
Ертеден ескен желмен күбірледі.
Көр болып қалған іздер хан Жошыдан.
Сол күймен сазы басқан сарыдаланы,
Онда жас қаламым да жорғалады.
Білмедім күйдей үнім еспеді ме
Теңселтпей тұнған жырды арнадағы?
Оралып өктем күйдің өр нәшімен
Ағыттым жарауымды кермесінен.
Ағыттым құйқылжыған құланымды
Желідей, жырдың жаңа пернесінен.
Маңғұлдың маңғыт қыр ғой қоналқасы,
Қалыпты қалалардың қараң тасы.
Адырда, алау жұтқан Сығанақтың
Әлі де суыған жоқ қоламтасы.
Шығысты шеңгелімен уыстаған
Шыңғыстан ұлыс бар ма ығыспаған?
Өзіндей ажал түсті обыр ұлы
Жошы Хан мұнда келіп тыныстаған.
Жошыға асыр болған осы мекен,
Үркіп жұрт, қарасынан шошиды екен.
Аламан аңдай шулап жөнелгенде,
Ізінен өзендей қан жосиды екен.
Жел айдап, қонарын тек сайлар білген,
Атой сап ат үстінде айлап жүрген.
Қаптаған қара құрттай жойқын жасақ
Жұртында өлгендердің ойнап-күлген.
…Сұс беріп қасқыр бөрік хан басына,
Аю тон айқарылған арқасында.
Ырсиып тұлып басы жолбарыстың
Қызыл көз қыран отыр дәл қасында.
…Қарысқан хан қолында аса ғана,
Ашуын бұрқ етсе бір баса ала ма?
Хан ойын бұзбасын деп тұр қақшиып,
Сырттандай қос жасауыл босағада.
Көз тікті сүлдесіне киіздегі,
Хан қандай тәңірінен сый іздеді.
Жарқылдап жылан көзді зүбәржаттар,
Арқардың сілкінгендей мүйіздері.
– Жалығып кеткен жоқсыздар ма? Осымен доғара қойсам қайтеді? – деп еді Қалекең:
– Қалеке, Ханзаданы құлан теуіп мерт еткен тұсынан оқыңызшы! – деп Бердібек Соқпақбаев қояр емес. Ақын бұған Сәбең қалай қарай екен? – деген күдікпен төралқа жаққа көз қиығын тастап еді:
– Уай, поэзия көрігін қыздырдың, Қалижан, сілтей бер! – деп Сәбең ризашылықпен басын изеді. Қалекең дастанды жалғастырып кетті:
«Ай өтті сұмдыққа бұл шырмалғалы,
Сол хабар суық желдей сумаңдады.
Құлансыз, хан ұлыңсыз бейуақытта,
Оралған қырық жігіт шығандағы.
– …Жұлдызы құдіреттің ағып түсті
– Тәңірдің айы жерге жанып түсті.
– Жай түсті жолбарыстың саяғына,
– Жошының жүрегінен жалын ұшты.
– Шыңғыстың бәйтерегін дауыл жықты,
Көрген жоқ маңғұл мұндай ауырлықты.
Өлтірді құлан теуіп ханзаданы,
Жошыға сен жауап бер дауыл, мықты.
– Түспейміз ханның ажал құрығына,
Бармаймыз оның қанды тұғырына.
Қопаға ханзаданы кеттік көміп,
Зытамыз енді өзіміз қыр құмына…
Солай деп қырық жігіт болды ғайып,
Сұмдық қой сыры мынау таңғажайып.
Құланын жоқтап шыққан күйші сонда,
Азасын аңызғақ жел жонға жайып.
Шығанға қиялменен аңсар қарап,
Есімнен кетпейді сол сарсаң алап.
Жапанда жануардың ізі ғана,
Кетіпті аяғынан қан сорғалап.
Қанды ізін сүйіп күйші тебіренген,
Мұңдасқан ебелекпен, еру желмен.
Жүгірген құланым деп күйші талай,
Құйындап шаң тұрса да қоңыр белден.
Көрінбей кетті қайда шоқырағы,
Құраулап қырдан күнде шақырады.
Түн болса елігіне мұңын шағып,
Күрсініп таңды көзбен атырады.
…Жошы Хан шамырқанды шатырында,
Сәті жоқ шабуылға шақыруға.
Терісін сұр қабанның жамылды да,
Көмілді көрдей шерге ақырында…
– Пах, шіркін қалай еседі-ей!
– Ақын болсаң осындай бол!..
Қуаныш қолпашымен қанаттанған Қалекең қызу қол шапалақтың ыстығы суымай жатып төралқадағы Тайыр Жароковтың қасындағы орнына барып жайғасты.
***

Қалижан Бекхожин Жұбан Молдағалиевпен
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз рас. Кереку өңірінде осыдан бір ғасырдан астам фәни есігін ашқан Қалекең буыны қатайып есейе бастаған кезден-ақ аңыз-әңгіме, жыр-қисса, ақындар айтысына ерекше елеңдеп, еліктеумен күн кешті. Керек десеңіз, әкесі Нұрғожа ескіше сауатты, сөзге шешен, жыраулар жырын жаттап өскен ақын болған адам. Сәкен Сейфуллиннің тікелей қолдауымен Ақан Серінің жарыққа шыққан өлеңдер жинағында сүйіндік Нұрғожаның Ақан Серімен айтысы да жарияланғанын байқаймыз. Асылы, Ақан Сері аты белгісіз, әрі жасы 25 жыл кіші Нұрғожамен айтысқа түсуді қомсынып, бастапқыда келісімін бермепті. «Ашықауыз деген молдамен күш сайыстыр әуелі» – депті. Сонда Нұрғожа бірден қолына домбырасын алып Ақан Серіге қасқая қарап:
«Мен өзім тот баспаған асылдаймын,
Ешкімге жалынбаймын, бас ұрмаймын.
Ашықауыз молдамен айтыс дейсіз,
Мен оған көктен түскен жасындаймын» –
десе керек. Сонда Ақан:
«Атығай қарауылдың тобын жардым,
Түрленіп топта сайрап, үлгі салдым.
Қаңғып кеп сүйіндікті көп мақтайсың
Мен іздеп сүйіндікке қашан бардым? –
деп жауап қатқан екен. Ақан Серінің алғыр да адуынды ақын екенін бірден сезген Нұрғожа айтыста өзінің жеңілгенін бірден мойындайды. Асылы, ертеректе айтысқа түскен ақындар бүгінгі кейбір айтыскерлердей сөздерін ащы ішектей шұбырта бермей, тапқыр сөз тапқан қарсыласын бірден мойындап, тоқтай қалған.
Көзі тірі кезінде Қалекең ұстазымның отбасымен жиі араласып, әңгіме-дүкен құрған кезімізде өзінің ақындықпен айналысуына әкесінің әсері мол болғанын есіне түсіретін еді. Нұрғожа Мәшһүр Жүсіппен, арқалы ақын Иса Байзақовпен де сан рет сайысқа түскен көрінеді.
– Мен алты жасымнан бастап сауат ашып, хат тани бастадым, – дейтін Қалекең, – молдалардан дәріс алдым. Ал өзімнен үш жас үлкен туған ағам Қайыржанды әкем араб әліппесін үйренген соң орыс мектебіне оқуға түсірді. Қайыржанды ерекше жақсы көретіні сондай, оған жыр да арнады:
«Нұрғожа бас жігіттің болған бірі,
Тарқаған қалам алса көңіл кірі,
Құдайға қазір алса ризамын
Артымнан Қайыржаным қалса тірі»…
Қайыржан ағама өсиет айтқан жырында былай тебіренгені де есімде:
«Кел, балам, ғылым оқы, өнер серік,
Хақ жолға иқтихатың болсын берік.
Ізденіп, талпынып бақ көзім барда,
Мақсұдың ден сау болса тапсын ерік».
Әкесінің айтқан өсиеті мен артқан сенімін айтқанындай ағам ақтап, тарих ғылымының докторы, ҚазГУ-дің профессоры болды, – деп еміріне есіне түсірген еді Қалекең.
Қалижан Бекхожин 20-дан астам эпикалық шығармалардың авторы бола тұра сан салалы жанрда сын, драматургия, тәржіма жасаумен де белсене айналысқан қаламгер еді.
Жоғарғы оқу орнына түспей тұрып-ақ қазақ әдебиетінің тарихын оқып үйренуге талабы зор болған озат студенттің қарым-қауқарын байқап қалған Сәбит Мұқанов орта мектеп оқушыларына арнап өзі жаза бастаған оқулықтың авторлығына қоса автор етіп Қалижан Бекхожинді де қосты. Классик жазушымыздың әлі қанаты қатайып үлгермеген студенттің талап деңгейін ескеріп, жасаған ағалық қамқорлығын қалай ұмытарсың! (Қ.Б) Ал драматургия саласында «Егер жүрек шын берілсе», «Ұлан асу», «Нөсерден кейін», «Гималай сарыны» іспетті көкейінен шыққаны кәміл. Ал, сын саласында өз тұстастары, үлкенді-кішілі поэзия жанрымен шұғылданған авторлар туындылары хақында жазған зерттеу еңбектерін құрайтын «Дәстүр және жаңашылдық» атты көлемді кітабы жарыққа шыққанын білеміз.
Тәржіма жөніне келсек, қырғыз эпосы «Манастан» бастап әлем әдебиеті, туыстас елдер классиктерінің қыруар шығармаларын қазақша сөйлетті.
…Сұрапыл соғысты толарсақтан қан кешіп басынан аяғына дейін өткерген майдангер ақын қыруар тақырыптарға арнап өлеңдер, балладалар да жазды. Оның «Томаға киген тау бүркіт» деп аталатын бас-аяғы төрт-ақ шумақ өлеңінде аты аңызға айналған қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлының бейнесін былай суреттейді:
«Томаға киген тау бүркіт
Қадайды көзін құздарға.
Сонда бір шыңды жаңғыртып,
Саңқылдап ұшқан мұз-қарда.
Сабалап сонда қанатын,
Қиқулайтын дауылда.
Шүйілсе бұғып қалатын
Аң да, құс та, тауың да.
Енді маңы тып-тыныш,
Жоқ дауыл да, тықыр да.
Отыр тарлан сұсты құс,
Топшысын бүгіп тұғырда.
Мүмкін қалған із бар ма,
Құзында қарлы қияның?
Қарайды қыран құздарға,
Қиялар тербеп қиялын».
Ақын қай тақырыпқа жазса да көңілдегі көрікті ойын кестелі көркем суреттеу, тапқыр ойға құрып, бейнелеу арқылы бере білді. Өзінің туған топырағы Тәттімбетті тебірене жырлағанда оқырман кір жуып кіндік кескен туған жерлерін көргендей әсерде болады.
«Шуағындай балғын бөбек жазымның
Сағындым мен Тәттімбеттің жазығын.
Саумал көлдің қамыстарын сырнай ғып
Өстім сонда естіп аққу, қаз үнін.
Тынысындай ерке бала шағымның,
Тәттімбеттің тәтті лебін сағындым.
Желмен ойнап жүгіріп ем ұстауға,
Жарқылдаған сәулесінен сағымның.
Көк майсада көбелектей ойнадым,
Жалғыз ғана бір бақытты ойладым.
Сол бақытым – өткен сенде ойыным,
Жалғыз ғана сол қызыққа тоймадым.
Өзге алаң жоқ, жоқ айғай да, ызың да,
Берілдім мен сол балалық қызуға.
Өзім де жоқ, өзгелерден қызғанып,
Қараушы едім құлын-тайға қызыға.
Жатса мейлі, қой-қозылар маңырап,
Кетсе мейлі бұзау біткен жамырап.
Мәз едім мен
Шатырласа нажағай,
Төксе нөсер, сықырласа шаңырақ…
Отбасы атаулының мәні мен сәні де аналар мен балалар ғой. Туған анасы мен жарасты отбасына өлең жазбаған ақын кемде-кем. Қалекең құдай қосқан қосағымен қуаныш құшағына бөленіп көзі жұмылғанша Ерланын еркелетіп, Мирасгүлін мәпелеумен өтті. Оның және бір дәлелі – жан-жарына арналған «Тереземді бүркемеші» өлеңі.
Тереземді перделеме, Зайдахан,
Күлімдеген жұрттың көзін көрейін.
Тыңдап бақтан бұлбұл даусын сайраған,
Бәйтеректей көтерілсін мерейім.
Әйнегімді бүркемеші, Зайдахан,
Батар күннің шырайына қарайын.
Нажағайдың бұлтты қуып ойнаған
Жанарыма түсірейін арайын.
Тереземді ашып қойшы, Зайдахан,
Түнде тұрып жұлдыздарды байқайын.
Бір досымның талайына жайнаған
Жұлдыз көрсем соны жыр ғып айтайын.
Әйнегімді айқара ашып, Зайдахан,
Шолайыншы шың-құздарды ерте мен.
Самал таудан толқындасын ой маған,
Биіктесін жырмен өрлеп мәртебем.
…Қалижан Бекхожиннің шабыты шарықтап, айдай әлемге әйгілі болған шағы осыдан 65 жыл бұрын, яғни 1947 жылы сол кездегі кеңестік ел астанасы Мәскеуде өткен КСРО Жазушылар одағының кезекті пленумы еді. Жазушылар одағының төрағасы А.А.Фадеев жасаған баяндамасында қазақ балладаларын Отан соғысынан кейінгі елеулі шығармалар қатарына жатқызды. Ақиық ақынның есімі одақтың бас газеті «Правданың» шілденің 30 жұлдызындағы санында жарқ ете қалды. Кешпей Александр Фадеев Қалижан Бекхожинді арнайы қабылдап, оған шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектестігін білдірді. Араға көп мезгіл салмай-ақ жұлдызы жанған ақынның таңдамалы туындылары «Под звездами Москвы», «Мария дочь Егорь», «Сказания о славных», «Избранные стихи и поэмы» деген айдармен бірінен соң бірі көп тиражбен басылып шықты.
«Мариям Жагорқызы» поэмасын өз тілінде оқыған орыстың әдебиет сыншылары екі елдің айнымас достығын бейнелеген, көркемдік дәрежесі жоғары шығарма деп бағалады. Дүйсен мен орыс қызы Мариямның махаббатын тебірене жырлаған бұл дастанды қазақ әдебиетінің көрнекті сыншылары М.Қаратаев, С.Қирабаев, Ә.Нарымбетов, М.Дүйсенов мазмұнды мәнді, көркемдік бояуы қанық шебер туынды деп мойындады.
Қалижан ақынның 20-дан астам поэмалары, толғаулары, балладалары, көл-көсір тақырыптарға жазған өлеңдерінің қай-қайсысын алсаңыз да оқырман жүрегін ерекше толғантып, терең ойға шомдыратын, нақышы, сөз саптауы бөлек шұрайлы шығармалар. Өлең шығару техникасын терең меңгерген қаламгер шығармаларынан «Әттең-ай» дегізер тұстарын да өте сирек ұшыратасыз. Хас шебер қолынан шыққан әдемі мүсін, хас суретшінің қыл қаламынан туған әдемі сурет іспетті автордың өзіне ғана тән ерекше бір әлем.
Сондықтан да шығар Қалижан бойындағы даңғайыр дарынды бірден танып, өмір бойы бауырына тартып, қастерлеп өткен Сәбит Мұқанов оның еңбектеріне арнап жазған «Өршіл ақын» деп аталатын мақаласында: «Ол ерен шабытты ақын, дарыны мол, қаламының өзінше өрнегі бар, шығармаларында лирикалық саздар, романтикалық серпіндер, философиялық толғаныстар басым. Лирикалық терең тебіреністерге ұштастыра Қалижан шопан туралы, кенші туралы да шабытпен шалқи жырлайды. Сонымен бірге, Қалижан сөз өнерінде өзінше жаңалықтар жасаған шебер ақын» – деп жазды.
***
«Әлі де тарланбоздың бар асауы,
Өлеңім талайлармен таласады»…
«Өмір деген сахнада осынау
Кейіпкерміз сынға түсіп байқалар.
Пердең мәңгі жабылғанша досым-ау,
Сәт пен сәтсіз көрінісін қайталар,
Өмір деген құж-құж тауда осынау
Мен де шынар қараңдаған қатпарда.
Қырау шалар шынар басын досым-ау,
Қар да түсер шыңы биік шатқалға».
***
«Басы қырау ақсақал!
Ұмыт бәрін –
Терме еске көңілдің сынықтарын,
Күміс шашпен күлімде жазғы күндей
Жадыратқан заңғардың суық қарын.
Ұмыт – тұрмыс күйбеңін, күйгелегін,
Жетер енді, жылдарды кимеледің.
Бақыттысың сау жүрсең алшаң басып,
Өзіңді-өзің ерікті билегенің»…
…Иә, қысқа ғұмырдың ащысы мен тұщысына ақылгөй Абыздай ой жүгірткен ақын тебіреністеріне бас имеске шара жоқ. Әрқилы мінезді пенделерге қарата айтылған «Ұмыт бәрін» деген өнегелі өсиеттері қандай ғажап! Көздегенде көзлерінен тигізіп-ақ тұр емес пе? Ақиық ақын ағынан жарыла, қияс қылық атаулыны қанша ұмыт дегенімен, біз Қалижандай айбарымыз бен қаймағымызды, отауызды, орақ тісті ойшыл да оқымысты ақынымызды ешқашан ұмыта алмаймыз. Оның қиялыңды қиянға жетелеп шарықтаған жауһар жырлары қашан да жарқырап тұрары ләзім.
Қылышынан қан тамған қызыл империяның қырсығы Қалижан ақынды да қақас қалдырған жоқ. Қолына қалам ұстағаннан жыраулар жырымен сусындап, қазақ батырлары хақында жазылған эпостық туындылар дарынды ақынның делебесін қоздырған тұста ата-баба арманын – тәуелсіздікті айнымас намысы деп санаған сарбаздар Кенесары – Наурызбай хақында жазған «Батыр Науан» дастаны үшін өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында қудалау қыспағына қатты ұшырады. Оны айтасыз-ау, ұлттық ғылымымыздың қаймақтары саналған танымал тарихшылар, ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев, майталман жазушымыз Мұхтар Әуезов, әдебиет теориясын жазған профессор Қажым Жұмәлиев, қайсар ақын Қасым Аманжолов, эпик һәм өрен жүйрік әдебиетші Қалижан Бекхожин – кеңестік дәуірдің зиянды өкілдері, ұлтшыл, сарыуайымшыл делінгені белгілі.
Ол кездері үй тұтқынында болған екі ақынның шығармаларын басылымдарда басуға тыйым салынды. Қасекең мен Қалекең бұл қиястыққа қабырғалары қайыспай, рухтары майыспай қасқая қарсы тұра білді. Солақай саясаттың сеңі сөгіліп, ақиқат көктемі келетініне сенді. Көп ұзамай солай болды да.
Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреатын төрткүл танымал тәуелсіз елі, кір жуып кіндік кескен Кереку өңірі мәңгі ұмытпақ емес.
***
Есіме түсті ақынның туған өлкесі Павлодар әкімшілігінен телефон соғып, Қалижан Бекхожинға ескерткіш ашылатынын алдын ала хабарлап, мені шақырған еді. Бақытжамал деген қарындасқа денсаулығыма байланысты жол сапарына шыға алмайтынымды өкіне айтып едім. Осы естелікті жазуыма Зайда жеңгеміз себепкер болған еді. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар. Ал, Қалекеңнің артында қалған тұяқтары: жоғарғы билік құзырына қарасты лауазымды мәдени қызметтерді абыроймен атқарып жүрген қаламы жүйрік қайраткер Ерлан Бекхожин әке сенімін ойдағыдай ақтап келеді. Туған қызы Мирасгүлі ше? Көзі көрмесе де көкейінде кеткен немерелері ше? Атасын олар қалай ұмытсын!
***
Ери-ери серейе қатып қалған суық мұз сүмбілеріндей күміс селеу шаштары сиреп, селдіреген. Айналасына нұр шашып тұратын бадана көздері бастабында лапылдай жанып, келе-келе қоламтасы ғана қалғандай көмескі кіржиіп, жақтары әжімдене жүдеу тартып, ашаң жүзі онан сайын жұқарып, қабақтарын қартаңдық қырауы басқан, бір кездегі бәйтеректей тіп-тік денесі шөге бастағандай, ұмытшақтық меңдеген, сегіз көзі сыздап, тоқпан жіліктерінің шеміршек майы түгесіліп, тізелері сырқыратып, қолына таяқ ұстағанына да талай мезгіл болған, қаттырақ айтпасаң мүкіс құлағы қалқайып, «а?…» деп сұрауды шығарған….
Бұл Қалекеңнің 75-ке келгендегі қалпы еді. Сексеннің сеңгіріне таяқтастам қалғанда жауһар жырлы ақынымыз бақиға озды (1990). Қайран дүние-ай десеңші, егер тірі жүрсе қызу қанды, балажанды, қарымы бөлек ақынымыз 105-ке келген тойын бізбен бірге масайрап атар еді-ау! Әрине мұнымыз құрғақ қиял, орындалмас арман секілді. Өмір заңы дегеніміз де осы ғой. Саптыаяқтың сабындай қысқа ғұмырда Қалекең қазақ әдебиетінің алтын қорына құлашы ерен, тынысы терең эпикалық құндылықтар қалдырып кетті. Титан қанатты, қырқа қарар қырандай кесек туындылар берген Қалекең келер ғасырлармен да үндесіп, бірге тілдесіп мәңгі жасай бермек.
Күркіреп ғарышкердей аспандағы,
Дүркіреп дарынды ақын дастандары,
Жүректі жаулап алған жыр-жауһары,
Ағындап ақиқаттың астарлары…
Мыңбай РӘШ