Мағжан Шойын жолдан неге шошыды?
30.11.2018
1196
0

Мағжан өлеңдерінің сыр­шыл­дығы терең қасиетке ие. Мұ­ны алғаш байқағандардың бірі Жүсіпбек Аймауытов сонау 1923 жылы, яғни кедейді жыр­лаған ақындардың үстемдік ала бастаған уақытында-ақ «ол ке­дей­дің ақыны емес, ұлт ақыны» деп кесіп айтты. Шынында да Мағжан қаңқу сөздерге емес, мәңгілік тақырып – өз ұлтының тағ­дырына ден қойды. Тіпті, мұны замана келбетін тұспалдап суреттеген туындыларынан да кө­руге болады.


Жүсіпбек Аймауытовтың «Мағ­жанның ақындығы туралы» мақа­ласында «Жұмбақ» өлеңінің мәті­нін толық келтіре отырып, «Қа­ра­пайым қазақ осы өлеңнен не ұғар еді? Түк ұғуға болмайды. Қа­рапайым адам түгіл, осы өлеңді өзіміз қалай ұғамыз? Бәрі­міз бірдей осы жұмбақты шеше алар ма екеміз?
Сыртынан қарағанда, «сап-са­ры бел, еседі жел, еседі. Көшеді жел, көшеді» дегендерді қайта-қайта ай­та берген біртүрлі сөз­дер, пә­лен­дей мағына жоқ тәрізді. Бірақ, аны­ғында мағына бар. Мағынасыз сөз, сөзсіз мағына болмайды», – деп көп­ші­лікке осылайша салмақты ой тас­тауы жай­дан-жай емес еді. Яғни, ақынның негізгі ойы астарлап бе­ріл­гендігін айтқысы келгені бел­гілі.
Расында да бұл өлеңде «сап-сары белде ескен жел, көшкен елмен» бірге «дала» мен «бала» бейне­лері тізбектеле суреттелген. Ақын бұл арада қазақ сахарасында болып жатқан аумалы-төкпелі заманға бір сәт көз жүгірткендей көрінеді. Олай дейтініміз, сөз орайында Жүсіпбек­тің өзі «Мағ­жан­ның өлеңi дыбысымен, күйi­мен, ырғағымен қазақ даласын суреттейдi. «Сап-сары бел» деп за­ман өтiп бара жатқанда, кү­пi­сiне оранып, бұйығып жатқан қазақ елiн жырлайды» деген емеу­рінімен-ақ ақын сырының бір ұштығын ашып өткен еді. Демек, мұндағы «сап-сары белі» – оянбаған елі болатын.
Ал ақынның «еседi жел» де­гені кеңестік идеологияны меңзесе, «Көшедi ел, Көшедi» дегені қазақ жұртының көп ұзамай сол жаңа көшке ілесіп, соған қарай толықтай бет бұратынын хабарлап тұрғандай. Сондай-ақ, «Дала бұйық» дегенін «күпiсiне оранып, бұйығып жатқан қазақ елi» (Ж.Аймауытов) десек, «Бала тұ­йық, Екi үнсiз» дегенін қа­лай тү­сінуге болады? Мағжан Дала­ның үнсіздігін «Жазғы жолда» өле­­ңінде де сөз еткен. Мәселен, қам­­сыз жатқан қазағының хәлін си­паттауда «Дала – өлік. Жоқ бір үн» деп, тіпті оның үнсіздігін осы­лайша өлі тыныштыққа ба­лаған болатын.
Сонымен, ақын тіліндегі Бала бейнесіне келсек, осы арқылы Со­вет өкіметімен қатар қазақ да­ласында жаңадан еңсесін көтер­ген ұлттық автономиялық үкі­мет­тің жа­йын айтқысы келетін тәрізді. Өйткені, ұлттық мемлекет құру мәсе­­лесінде алаш зиялы­ла­рының бұрынғы Ресей аумағын­дағы аз да болса билік құрған бір­неше үкі­мет­термен келіс­сөз­дер жүргізіп, нә­­тиже шығара ал­май тұйықталуы, соңғы үміті Совет өкіметімен мәмі­леге келу­дегі келіссөздерінің үнсіз­дік­ке ұла­суы сынды белгілер осы­ған сая­ды. Яғни, жаңа өкімет то­­лық­­тай орныға бастағанда
Алашорда үкіметінің тұйықталуы да, үнсіз­дікке бой алдыруы да заң­ды­лық еді.
Міне, олардың ендігі тағдыры бұлыңғыр, болашағы жұмбақ бо­ла бастағынын түпкілікті сезінген ақын:
Дала жұмбақ,
Бала жұмбақ
Шешусiз, –
демей не дейді? Қазақтың билігі қай­тадан өзге ұлттың қолына көш­кенде қалай болатыны сол уақыт­тағы барлық Алаш азаматтарын толғандырған мәселе екені белгілі. Мағжанның да «Дала жұм­бақ, бала жұмбақ Кім шешед?» деп сауалын ойлана тастауы да осыдан. Жалпы, осы сауалы арқылы қазақ ұлтының келешегін жұмыла шешуге үндеп отырғаны анық.
Мағжанның қазақ даласын жыр­ға қосқан шығармаларының бірі – «Шойын жол» өлеңі еді. Бұл туындысы қазіргі уақытта экология тақырыбына жатқызылып жүр. Мәселен, мағжантанушы Ш.Елеукенов: «Тақырыптық жа­ғы­нан Мағ­жанның әдебие­тімізге, қала берді әлем поэзиясына енгіз­ген жаңа­лы­ғы – экология тақы­ры­бы. Бұны өмір жыры етіп алғаш жыр­лаған­дар­­дың бірі осы өзіміз­дің қазақ ақы­ны («Жазды күні қа­лада», «Ай­да атыңды, Сәрсем­бай», «Шойын жол») – Мағжан­ның поэзиялық ба­ғынан филосо­фиялық лирика­ның шоң шы­на­рын кезіктіреміз» («Қазақ», 2006, №6, 6-б.) – деген пі­кір айтады. Негізінен осы «Шойын жол» өлеңінің басты идеясы қан­дай?
Алдымен бұл шығарма туралы ақынның көзі тірісінде айтылған пікірлерге тоқтала өткен жөн.
С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қа­зақ әдебиеті» (1932) деген еңбе­гінен М.Жұмабаевтың «Шойын жолы» Түріксіб пен Ақмола теміржолына байланысты шыққанын аңғарамыз. Сондай-ақ, өлеңге қарсы пікір біл­дірген мәліметті, яғни «Бұл туралы жолдас Бухарин комсомол­дардың сегізінші одақтық съезінде былай деген:
«Қазақ ақыны Жұмабаев көр­кем сөзбен Қазақстанда шойын жол жүргізуге қарсы болды. Он­да­ғы дәлелі шойын жол қазақ да­ла­сына бұзықтық, жаңа жұқпа­лы аурулар әкелді дейді. Шойын жолдың бұлай істеген уақыты болды. Бірақ, қазір шойын жол ауруы көп Қазақстан сияқты көш­пелі, мәдениетсіз елге ауру апар­майды, ауруға дәрі апарады» дегенді кездестіреміз. Сонымен қа­тар, бұл өлеңнің кезінде саяси қу­ғын-сүргінге көп түскенін ға­лым Ш.Елеукеновтің «Мағжан темір жол­ға қарсы деп, Бухаринге жамандатып жүрген де осы Голощекин бе деп ойлайсың. Өйткені, Қызылорда қаласында өткен партия активі жи­налысында Филипп Исаевич Мағ­жанның «Шо­йын жол» өлеңі туралы мынадай пікір айтты: «Мен бұ­ған дейін қазақ­тардың арасында Түркістан-Сібір теміржолына қарсы болатындар бар дегенге сенбей келіп едім. Міне, енді өлеңді оқығанда ондайлардың бар екеніне анық көз жеткіздім, бұл олардың «буржуазияшыл» теріс түсінік шыр­мауынан шыға алмай отыруынан деп есептеймін» («Алматы ақ­шамы» газеті, 1990 жыл, 17 тамыз). Әри­­не, Мағжанның «Шойын жолын» Филипп Исаевич атанған Шая теріс оқыды. Мағжанның алыс­ты болжайтыны, парасаты не­ше Го­лощекинді орап алатыны осы өле­ңі арқылы тағы да көрінеді. Мағ­жанның теміржол тигізетін зар­даптардың алдын алу керек­тігіне назар салып отырғанына білімі шала-шарпы Голощекин байғұс қалай көз жеткізе алсын…» (Мағ­жан. Алматы: Санат, 1995. 80-б.) деген пікірінен де білуге болады. Жалпы, ақынның осы «Шойын жол» өлеңі туралы өзі тірі ке­зін­де жаңалыққа, теміржолдың салынуына қарсы деген пікір қа­лыптасса, бүгінде ол экология та­­­қы­рыбын­дағы өлеңдер қата­рына жатқызы­лып жүр. Алайда, бұл өлеңде экология­дан бұрын, елі­нің сая­си-әлеуметтік жағдайы басым жатқаны байқалады. Тіпті, мұнда табиғат­тың, ауаның ластануы туралы түсі­ніктің ұшқыны да жоқ. Өлеңнің өн бойынан ел өмі­ріне жаңадан енген тосын жайт­қа қазақтардың қалай қа­рай­тынына және ауыл тіршілігіне алаңдаған ақын уайымын аңға­рамыз.
Өлеңде ең алдымен ауыл мен қала арасын жалғау үшін салына бастаған шойын жолдың талай жыл қаржы болмай тоқтап қал­ған­дығы, оған елеңдеген ақын­ның елге баратын інісінен соның жайын білгісі келетіні сөз етіледі. Одан әрі:
Басқан анау жол жайын,
Басылған анау ел жайын,
Әдейі көріп қайтқайсың, –
деп ел жайын күйттеген ақын сы­рына куә боламыз. Осы екінші шу­мақта кездесетін жолдарды өлең­нің соңғы он төртінші шу­мағында қай­талап беруінің мәнісі де тегін емес. Өйткені, «басқан жол», «ба­сылған ел» жайы ақын­ды қатты толғандырады.
Қара айғыры ырсылдап,
Қара табан қорсылдап,
Елді басып өтіп пе? −
деп шойын жол арқылы өтетін паравоз, вагондарды ырсылдаған қара айғырға теңейді. Ал «қор­сыл­даған қара табандардың» та­би­ғатқа әсерін «Солқылдатып бел­дерін, Толқындатып көлдерін, Ұшқын бүркіп кетіп пе?» деп суреттей келе:
Бұла қырдың бұланы,
Қазағымның құланы,
Жылқы үркіп кетіп пе? –
деп әрі қарай сиыр мен қойдың тұ­рысын сипаттап, тыныштық мүл­гіген далада арсыл-күрсіл дау­сымен азан-қазан күйге түсір­ген поезға адам түгіл жан-жануар­лардың да үр­ке қарайтынын жасырмайды. Сондай-ақ, қа­ра­пайым ауыл адамдары, со­ның ішінде қой баққан қой­шы­ның да, үйдегі қыз-келін­шек­тер­дің де осы өзгеріске тосыр­қай қа­райтынын әсерлі жеткізеді.
Одан әрі ақын сол шойын жол­ға үйренісе бастаған елдің кү­йін көз алдына елестетіп, «Қо­лын­да мал бар ма екен? …Қабы толған дән бе екен?» деп ел-жұр­ты­ның жағдайына алаңдаушылық танытады.
Екеуінің бірі жоқ,
Қалың қайғы, ойға тоқ…
Қайран ел тозып жүр ме екен?
Кемпір, шал, бала, азамат,
Станция біткенді аралап,
Көзін сүзіп жүр ме екен? –
деп ең сорақы күдігін де жасыра ал­майды.
Сұр кетіп жұрттың жүзінен,
Сары қымыз көзінен,
Бір-бір ұшып жүр ме екен?
«Қымызды жасық су ғой…», – деп,
Ендігі жас жеткіншек
Ащы су ішіп жүр ме екен?
Жастардың қымыз орнына «ащы су» ішіп кетпеуін, өз ұлты­ның бойындағы асыл қасиетінен алыс­тамауын қалаған ақынның рухани болмысынан да хабардар боламыз.
Кешегі маңғаз бәйбіше,
Қолында құрттай бір кесе,
Қатық сатып жүр ме екен?
Сорлының жанын жаралап,
Саудалап тұрған бір сары ит
Қалжыңдап, шатып жүр ме екен?!
Бұл арада ақын не себепті ке­шегі маңғаз бәйбешенің бүгінгі сорлы кейпін, жанын жаралайтындай оған қалжың айтып тұр­ған «сары итті» көз алдына елес­тетеді екен? Өлеңнің соңғы жол­да­рына назар аударайық.
Алпыстағы аналық
Сатарына заты жоқ,
Көзін сатып жүр ме екен?
Көзін сатса, дариға,
Жанында бір қыз бала…
Қызын сатып жүр ме екен?
Мінекей, осы өлең жолдары­ның бәрі де «басылған елдің» жайынан хабардар етілгендей. Ал елді «бас­қан анау жол» деп ақын нені мең­зегендей еді? Голоще­кин­нің «Кіші Қазан» саясатының кесірінен 1921-1922 жылдар ара­лы­ғында қазақ да­ласына ауыр зо­ба­лаң, естен кетпес қайғылы оқи­ға ашаршылық келгенін тарихтан білеміз. Бұл туралы уақы­тында Ж.Аймауытов та жоғарыда аталған мақаласында «21-шi жы­лы зор ашаршылық, дүние тап­шы­лықтан, сауда тоқтал­ғаннан шыққан жалаңаштық – осының бәрi ұласып, ел қазасына зор ауыртпалық болды», – деп жаз­ған болатын. Осы аштық та асау елді басатын бірден-бір жол еді. Бұл жыл­дардағы қолдан жасалған аш­тықтың зардаптары ақынның есі­нен кете қоймағаны «Шойын жол» өлеңінде аңғарыла түседі. «Сатарына заты жоқ» адамның қа­лай күнел­тетінін айтқанда, «Қы­зын сатып жүр ме екен?» деп ауыр да болса да ащы шындықты жасырып қала ал­майды. Ашар­шы­лық тауқы­метінен айыға қоймаған қазақ жұртының бей­несі бүкпесіз шынайы берілген. Жалпы, ақын бұл өлеңінде шойын жолды суреттеген болып қазақтың ауыр хәлін бедерлеуге ұмтылады.
Түйіп айтқанда, Мағжан қай тақырыпты сөз етсе де, ұлтының тағдырын бір сәтте болса есінен шығарған емес. Сондықтан болар сары даласын, ауыл өмірін жыр­ла­ғанда ерекше күйге бөлене су­рет­тейді. Бұл тақырыптағы өлең­де­рінен тұспалды ойларды ашуға бет бұрғанда ең алдымен ұлт қа­мын көп ойлайтын адал қасие­ті­мен ай­рық­ша бағаланатыны да сөзсіз.

Күнімжан Әбдіқалық,
ҚазмемқызПУ-дың профессоры

ПІКІР ҚОСУ