Ол кезде кітап оқымау – күнә болатын
Менің алғашқы әңгімем студент кезімде, «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Шілденің ыстық күндерінің бірі еді. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында практикадан өтіп жүргем.
Нұрғали ОРАЗ,
жазушы
Таңертеңгілік әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мархабат Байғұт ағам жылы жымиып, қуана қарсы алды. Қолымды қысып: «Құтты болсын, оқып шықтым. Жақсы екен. Жаңа осында Нәсіреддин (Сералиев) ағаң келіп еді. Ол кісі де мақтап жатыр», – деді. Осыдан соң төбем көкке жеткендей боп қалдым.
Сол жылы күзде КазГу-дің журналистика факультетінде бірге оқитын студенттер де маған ыстық ықылас білдіріп, әңгімемді оқығандарын айтып жатты. О-о, ол кезде әдебиетке, өнерге деген қызығушылық ерекше еді ғой.
Әлі күнге дейін іштей: «Шіркін, сол бір жетпісінші-сексенінші жылдардың қойнауына барып, бір күн серуендеп қайтар ма едік!», – деп армандайтын сәттерім жиі болады.
Осыдан біраз жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 2008 жылы «Атамұра» баспасынан «Түнгі жалғыздық» деп аталатын таңдамалы әңгімелер жинағым шықты. Міне, осы таңдаулылардың қатарына менің сол баяғы алғашқы әңгімем – «Долана» да енді. Оған өзімнің көптен бері білетін достарым, әріптестерім, оқырмандарым қуанбаса, ренжіген жоқ. Олардың біразы тіпті, қайта оқып шыққандарын айтып, «сенің «Доланаң» біздің баяғы балалық шағымызды, қазіргі уақытта көзден бұлбұл ұшқандай болған қайран ауылды еске түсіреді», – деп жатты. Бұл әрине, мұң аралас бір нәзік сағыныш секілді әсер қалдырады.
«Доланаға» өзек болған оқиға – нағашы атам екеуміздің жаз бойы шөп шауып, пішен тасығанымыз еді. Бір күні Өлмес әпкеме көрші ауылдың кісілері құда түсіп келді. Көп өтпей-ақ, той жасап, ұзаттық. Сонда үйге келген жұрттың легі тарқап, өзіміз ғана қалған кезде атамның есік алдындағы бір дөңбектің үстінде қамығып, көзі жасаурап отырғанын көрдім.
Расында да, атам мен апам гүлдей мәпелеп қыз өсірді. Оның жат-жұрттық екендігін әу бастан-ақ білді. Енді міне, құда-жекжат болып, өрісі кеңіп жатыр. Бірақ әке жүрегі бәрібір өз перзентін қимайды. Оның бұдан былай басқа ауылда, бөтен үйде тұратынына және солардың отымен кіріп, күлімен шығатынына сенбейді…
Сол күні менің көңілімді осындай бір ойлар толқытты. Кім білсін, сәл ғана сіркіреп өте шығатын бір шөкім бұлт секілді мұндай мөлдір, таза, аңғал сезімдер әлі де болса адам баласына керек шығар.
Таяуда, түн ортасында Астанадағы бір қымбат кафеде бас қосып отырған екі досым – суретші Сейсенхан Маханбет пен жазушы Мақсот Ізімұлы телефон соқты. «Әй, біз бүгін кешкі сағат сегізден бері сенің әңгімелерің туралы айтып отырмыз, құлағың шулап жатқан жоқ па», – дейді әзілдеп. – «Сол баяғы «Доланадан» бастадық. Шын айтамыз».
Мұндайда әрине, қуанасың. Бірақ көңіл шіркін сол баяғы жетпісінші-сексенінші жылдардағы әдеби ортаны аңсайтыны да рас. Ол кезде кітап оқымау – күнә болатын.