Әдебиет – алтын көпір
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Рухани жаңғыру» тұғырнамасын ұсынып, қандай бағыттар бойынша жұмыс істеу керектігін нақтылап берді. Өткен аптада «Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық Баспа компаниясы аталған тұғырнама аясында «Әдебиет – алтын көпір» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, шығармашылық өкілдерінің басын қосты.
Шараны ұйымдастырушы Баспа компаниясының да алға қойған мақсаты Жібек жолы бойындағы елдердің әдебиетін қазақ тілінде сөйлетуді көздейді. «Елбасы Н.Назарбаев «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» деп атап көрсетті. Баспа компаниясын ашуымыздың да басты себебі – шетелдің экономикалық, мотивизациялық, ғылыми-әдеби еңбектерін қазақ тіліне аударып, жас ұрпаққа ұсыну», – дейді Баспа компаниясының Бас редакторы Гүлнұр Юсупбаева. ашылғанына бір жыл толған компания оннан астам қытай тіліндегі тарихи-әдеби еңбектерді қазақ тіліне тәржімалап үлгеріпті. Шара барысында аудармамен айналысу оңай шаруа емес екендігі айтылды. Әсіресе, мамандар мәселесі оңайға соқпай тұр. Оқу, ойға түю – бір күндік жұмыс емес. Ендеше, болашақ үшін жүгі ауыр жұмысты қолға алған ұжымға сәттілік тілейміз.
Н.Сахов