«ШАБЫТ» БАЙҚАУЫНДА ЖУРНАЛИСТЕР ДЕ БАҚ СЫНАЙДЫ
Елорда төрінде XXI «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің шымылдығы ашылды. Байқаудың салтанатты ашылуы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысушыларға сәттілік тілеп: «Шабыт» елордамызбен бірге дүниеге келіп, бірге жасап, өркендеп келеді, шығармашылық пен өнер шыңдарын бағындыруда. Жыл сайын көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалын бар жас таланттарымызды қарсы аламыз», – деді. Фестивальдің салтанатты ашылуы биылғы аталымдар бойынша бәсекеге түсетін үміткерлердің өнер көрсетуімен жалғасты. Жалпы, байқауға қатысуға барлығы 613 жас талап ниет білдірген. Олардың арасында өз елімізден бөлек, Ресей, Беларусь, Украина, Грузия, Израиль, Башқұртстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан мемлекеттерінің де өкілдері бар. Байқау бағдарламасы бес негізгі аталымды қамтиды: классикалық музыка, халық музыкасы, эстрадалық вокал, хореография және 2011 жылдан кейін қайта енгізіліп отырған журналистика аталымы. «Шабыт» қалам ұстаған жастардың шабытына қанат бітіргені анық.