АЗАМАТ АҚЫН АЛПЫСТЫҢ АСҚАРЫНДА
Қарашаның 3-і күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы, ғалым, ұстаз, ақын Сағатбек Медеубекұлының 60 жасқа толу мерейтойына орай «Рухани жаңғыру: замансөздегі ғылыми стиль және журналистік таным мен талғам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Республикалық БАҚ басшылары мен баспа директорлары қатысатын алқалы басқосуда қазіргі ақпарат кеңістігінің тыныс-тіршілігі, жай-күйі, бүгінгі қоғамның райы мен реңін көрсетудегі жаңа медианың мүмкіндіктері жан-жақты сөз болады. Журналистік білім берудің ерекшеліктері, болашақ қалам иелерінің дағды мен білікті қатар ұштастырып, толыққанды маман болып шығуы үшін не қажеттігі де әңгіме арқауына айналады. Конференцияға дейін сағат 9.00-де Журналистика факультетінің «Ұстаздар сабақтастығы» аллеясының ашылу салтанаты өтеді. Сағат 9.30-да С.Медеубекұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ашылады. Сағат 10.00-де басталатын конференция аясында мерейтой иесінің «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген бірнеше кітабының тұсаукесері өтеді. Аталған іс-шаралар сағат 15.00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Сағатбек Медеубекұлының «Алатауым менің» атты шығармашылық кешімен жалғасады.