РИНАТ ПЕН МҰХТАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ
Жақында ғана ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласының 20 жылдығы аясында өткен «Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық ақындар айтысы тыңдарман қауымды бір желпінткен айтулы дода болды.
Дүбірлі жыр сайысының қатысушылары да осал болған жоқ. Көршілес Қырғызстаннан Асылбек Маратов, Мундузбек Усупбек, Моңғолиядан Рашат Айдос, Қуантқан Аманжол сынды шашасына шаң жұқпас жүйріктер арнайы ат терлетіп келсе, елімізден айтыстың ақ туын желбіретіп келе жатқан Айбек Қалиев, Ринат Заитов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев, Мейірбек Сұлтанхан және өзге де ақындар қатысты. Сөз додасына айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның Халық ақыны Әсия Беркенова, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, ғалым Дихан Қамзабекұлы және Түркиядан келген ғалым Әбдуақап Қара, моңғолиялық ақын Шынай Рахметұлы қазылық етті. Екі күнге созылған айтыстың бірінші күнінде 20 ақынның ішінен 12 ақын келесі кезеңге суырылып шықты. Ал ақтық сында Аспанбек Шұғатаев пен Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртай мен Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұлов пен Асылбек Маратов, Мейірбек Сұлтанхан мен Шұғайып Сезімхан, Ринат Заитов пен Айдос Рашат, Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев өзара бақ сынасты. Алты жұп айтысты аяқтағаннан кейін қазылар алқасының ақылдасуымен бас жүлдеге таласу үшін шешуші айтысқа Ринат Заитов пен Мұхтар Ниязов жіберілді. Көмбеге алқынбай жеткен қос өнерпаздың айтысы – нағыз айтыс болды. Екеуі де аянып қалмады. Шын жүйрік екендіктерін танытты. Сөйтіп, қазылар алқасының қатарына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келіп қосылғаннан кейін, өзара ақылдасу нәтижесінде екі ақынға да бас жүлде берілді. Екеуі де 7 миллион теңгеден қанжығалады. Иә, бұл бір естен кетпес, сөз құдіретін аспандатқан айтыс болғаны анық.