ӘМІРЕ ӘНДЕРІНІҢ ФЕСТИВАЛІ ШЫМЫЛДЫҚ ТҮРДІ
Қазанның 17-сінде Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің бірлесуімен Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында Өскеменде Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестиваль басталды.
Әйгілі әншінің 130 жылдығына орай ұйымдастырылған мерейтойлық шара облыс орталығындағы «Юбилейный» кинотеатрында шығармашылық интеллигенция мен басты рөлдерді сомдаған актерлардың қатысуымен өткен «Әміре» көркем фильмінің көрсетілімінен және «Ертiс» концерт залында фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінен бастау алды. Ал 18-і күні Халық әртістері, ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестиваль өз шымылдығын түрді. 21 қазан күні Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында Қазақстанның мәдениет қайраткерлері мен өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт және қатысушыларды марапаттау рәсімі өтеді.