«ЖИДЕЛІБАЙСЫН ЖЕРІНДЕ, ҚОҢЫРАТ ДЕГЕН ЕЛІНДЕ…»
Өткен аптада Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында Алматы қаласы әкімдігі, қалалық Ішкі саясат, Білім, Тілдерді дамыту басқармалары және «QAZAQ EPOS» қоғамдық қоры өкілдерінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндет-мақсаттарды басшылыққа ала отыра оқушылар арасында кітап оқуды, қазақ халқының батырлар жырларын насихаттау мақсатында «Тұлпар мініп, ту алған!» атты байқау өтті.
«Үй тапсырмасы» ретінде «Алпамыс батыр» жырын жатқа айту берілген әдеби және тарихи-танымдық байқауға алматылық 1300-ден астам бала өтініш білдірген. Олардың 54-і – өзге ұлт өкілдері. Жалпы, «Алпамыс батыр» жырының оншақты нұсқасы бар. Байқау ұйымдастырушылары солардың ішінен Сұлтанбек Аққожаевтың нұсқасына тоқталды. Ол жеке кітапша етіп шығарылып, қалалық білім бөлімі арқылы Алматы оқушыларының тәлімгерлеріне алдын ала таратылды. Кітаптың 106 бетінен тұратын «Алпамыс батыр» жырын ұзақтығына қарамастан басынан аяғына дейін жаттап алған жас өрендер алдымен қаланың 8 ауданы бойынша өткен іріктеу кезеңіне қатысты. Әр ауданнан үздік шыққан үш оқушыға қалалық байқауға жолдама беріліп, ақырғы сайысқа 24 оқушы ғана жетті. Байқау шымылдығын қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов құттықтау сөзбен ашып, жас қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауда жырдағы тарихи оқиғалардың тарихы да сұралды. Сұрақтарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары арнайы дайындаған. Филология ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы төрағалық еткен қазылар алқасының (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан, журналист-жазушы, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Алматы ақшамы» газетінің директор-Бас редакторы Қали Сәрсенбай, ғалым, өнертанушы, филология ғылымының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбаев, филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Тебеген, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Серікқазы Қорабай) шешімімен 1-орынды №76 ОШ-тың 9-сынып оқушысы Аружан Әбсаттар (тәлімгері Майра Айыпханқызы) жеңіп алды. Жеңімпаз жеткіншекке 1,5 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталса, байқауға дайындаған ұстазына Оксфорд қаласында ағылшын тілі курсынан өтуге жолдама берілді.
ПІКІРЛЕР1