Төрт кітаптың тұсаукесері
Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Түркі дүниесінің әдебиет айдынында бірегей төрт кітап жарық көрді: «Манас. Сағымбай энциклопедиясы», «Манас» эпосының түсіндірме сөздігі, «Тоқтағұл Сатылғановтың таңдамалы шығармалар жинағы» мен «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі». Кітаптардың тұсаукесері Бішкек қаласында, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының үлкен залында өтеді. Салтанатқа Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиетшілері қатысады.

Белгілі манасшы Сағымбай Оразбақов нұсқасы негізінде дайындалған бұл еңбектерді әзірлеуге қырғыз академигі Абдылдажан Ақматалиев ғылыми жетекшілік етті. «Манас. Сағымбай энциклопедиясын» теңдессіз деп атауға толық негіз бар. Себебі, бұл ел арасында «Чоң манасчи» деген атпен белгілі манасшының шығармаларын бір жүйеге біріктірген алғашқы еңбек. Энциклопедияда Сағымбай Оразбақовтың өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеулер мен барлық дерлік мәліметтер жинақталған.
Бұдан бөлек аталған энциклопедияның, яғни ұлы мұра «Манас» эпосының сөз байлығын оқырмандарға кеңірек түсіндіруге септігін тигізеді деген игі мақсатпен «Манас» сөздүгү» де баспаға әзірленді. Ұсынылған басылымда этнонимдерге, топонимдерге, салт-дәстүрлерге, антропонимдерге, зоонимдерге түсініктер берілген. Кітап Ы.Абдрахманов, К.Юдахин, С.Мусаев, Р.Сарыпбеков, Э.Абдылдаев, Р.Кыдырбаева, К.Кырбашев, А.Жайнаков, Х.Карасаев сынды авторлардың еңбектері негізінде құрастырылып, толықтырылды.
«Тұғырлы тұлғалар» сериясымен жарық көрген байырғы түркілер поэзиясына тән төкпе жырдың шын жүйріктерінің бірі, қырғыздың халық ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың таңдамалы шығармалар жинағы да әдебиетсүйер оқырмандарды қуантары хақ. Өткен жылы Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен ақынның 150 жылдық мерейтойы түркі дүниесі кеңістігінде ауқымды аталып өткен. Сол шараның жалғасы ретінде Академия Тоқтағұл ақынның таңдамалы өлеңдерін қазақ тіліне аудартып, тұңғыш рет толық жинақ етіп шығарып отыр. Қырғыз тілінен аударған – ақын Жанат Әскербекқызы.
Қырғыз халқының ғана емес, адамзаттың Айтматовы атанған көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына орай Халықаралық Түркі академиясы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізген болатын. Сол конференция материалдары мен ұлы қаламгер туралы мақалалар топтастырылып «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі» деген атпен көлемді кітап боп жарық көрді.
Аталған төрт кітап Халықаралық Түркі академиясының қаржыландыруымен жарық көрді.