ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫМНЫҢ НЕГІЗГІ ӨЗЕГІ – «ЖАРЫҚ»
Кэндзабуро ОЭ, жапон жазушысы:
Заманауи жапон және әлем әдебиетінің классигі, белгілі жазушы Кэндзабуро Оэ 1935 жылы Жапонияның Сикоку аралында орналасқан Эхиме префектурасының Осэ қыстағында дүниеге келген. Көптеген жапондық және халықаралық әдеби сыйлықтардың иегері. Нобель сыйлығын 1994 жылы өзге шығармаларынан кейіпкерлерінің рухының мықтылығымен ерекшеленетін «Мені сулар жан дүниеме дейін қоршап алды» романы үшін алған. 1963 жылы «Өліктердің тәкаппарлығы», «Малдың күтімі» дейтін әңгімелері үшін Акутагава атындағы сыйлыққа ие болады. Әдебиетшілер қауымы оны бірден Юкио Мисимадан кейінгі әдебиетке өз қолтаңбасымен келген жас жазушы ретінде қабылдайды. Алайда сыншы Такаси Тачибана: «Хикарисыз Оэның шығармашылығы болмас еді», – дейді. Жазушының өзі де сұхбаттарында: «Менің шығармашылығымның негізгі өзегі – Хикари», – деуден танбай келеді. Хикари деген – Оэның ұлы (1963 жылы туған). «Хикари» сөзі жапон тілінен аударғанда «жарық» деген мағынаны білдіреді. Оған туа сала «бассүйек-ми жарығы» диагнозы қойылған. Ұзаққа созылған қауіпті отадан кейін дәрігерлер оның мүгедек болып қалатынын айтады. Оэ ұлының қоғамда келекеге ұшырайтынын білді. Ол кездері ақыл-ой кемістігі бар мұндай баланы көшеге алып шығудың өзі ұят саналатын. Әйтсе де, әйелі екеуі тұңғыштарынан бас тартпады. Оэ ұлын ұйықтату үшін құстардың үні жазылған аудиотаспаларды, Моцарт пен Шопеннің шығармаларын тыңдататын. Алты жасында ғана сөйлей бастаған Хикари бір күні өзін көрмей, даусынан-ақ құстың атауын жаңылмай табады. Баласының музыкаға қабілеті барын аңғарған Оэ фортепианодан жеке оқытушы жалдайды. Бүгінде академиялық жанрда музыка жазатын Хикари – Жапониядағы атақты композиторлардың бірі. Бірнеше ұлттық музыкалық сыйлықтардың иегері. Оның ішінде әкесінің «Тыныш өмір» романы бойынша түсірілген көркем фильмге жазған саундтрегі үшін алған жүлдесі де бар. Ал үлкен Оэны бір кездері жастар өздерінің кумирі санаған. Қоғам талаптарымен емес, жан қалауымен өмір сүретін, болмысы еркін кейіпкерлері үшін оны «жапон Сэллинджері» деп те атайды. Сондай-ақ, жазушы шығармаларына өмір шындығы мен ой-қиялдың бір-бірімен ұштасып жатуы тән.
– Оэ мырза, Харуки Мураками немесе Банана Есимото тәрізді жазушылар тарапынан бәсекелестікті сезінесіз бе?
– Мураками айқын да қарапайым жапон стилімен жазады. Оның шығармалары көп тілдерге аударылған. Көп оқылатын жазушы. Ол әлемдік әдебиеттен өз орнын тапты. Ал Мисима екеуміз бұл жағынан қауқарсызбыз. Менің де кітаптарымды оқиды, бірақ өткенге көз жібере отырып. Мен өзіме үлкен оқырман аудиториясын жинадым дей алмаймын. Тіпті Жапонияның өзінде. Бұл – жарыс емес. Алайда мен де шығармаларымның ағылшын, француз, неміс тілдеріне көбірек аударылғанын қалаймын. Өзге елдерден аудитория жинағым келеді. Мен көпшілік аудитория үшін жазуға тырыспаймын, дегенмен, жазғандарым адамдардың жүрегіне жетсе екен деймін. Оқырмандарға өзіме терең әсер еткен жазушылар мен туындылар жайында айтқым келеді. Мен – салмақты дүниелер жазуға тырысатын жазушылардың бірімін. Сол арқылы қазіргі уақытта Токионы басып алған мәдениет тұтынушыларының талаптарын қанағаттандырумен ғана шектелетін шығармаларға қарсы тұрып жүрмін.
– Сіздің Мисимамен қарым-қатынасыңыз кедір-бұдырлы болыпты…

Ерлі-зайыпты Оэлер тұңғыштары Хикаримен
– Ол мені жек көретін. «Он жеті жасар» дейтін әңгімем жарық көргенде маған өзіне ұнағанын айтып хат жазған. Шығарма оң қанаттағы жас студент жайлы болғандықтан, мені императорға бас иетіндер жағында деп ойлады-ау. Алайда мен ешқашан терроризмді мақтауды ойлаған емеспін. Бар болғаны үйінен қашып кетіп, қоғамнан ажырап, террористік топқа қосылған жас адамның әрекетін түсінгім келді. Әлі күнге дейін ойланамын. Мисима хаттарының жинағына енген бір хатында алғаш көргенде менің ұсқынсыздығыма таңғалғанын жазыпты. Әдетте екі тараптың да көзі тірі кезінде мұндай ар-намысқа тиетін хаттар жарияланбайды. Әйтсе де, баспагерлер үшін Мисима құдай секілді болатын. Сондықтан оның қалағанының бәрі жарияланып отырды.
– Сіздің шығармаларыңызды Джон Натан жақсы аударды деп ойлаймын. Жалпы, аудармашылар өздері аударған шығармада жазушының стилін бере алуы мүмкін бе?
– Әр аудармашының өз үні бар. Алайда олар тек менің жұмысымды ғана жақсы бере алды деп ойлаймын. Маған барлық аудармалар ұнайды. Дегенмен, ең үздігі – француз тіліне аударылғандары.
– Оқырман ретінде шет тіліндегі шығармаларды қай деңгейде түсініп оқисыз?
– Мен ағылшын және француз тілдеріндегі шығармаларды шетелдік ретінде оқимын. Итальян тілінде оқу менің көп уақытымды алады. Әйтсе де, мен оқыған кезде автордың үнін естіп отырамын. Қайбір жылы Италия радиосына берген сұхбатымда журналист менен Данте туралы сұрады. «Дантенің «Құдіретті комедиясы» әлі де әлемді құтқара алады», – деп жауап бердім. Сұхбат алушы бірден жапон тілі ешқашан итальян тілінің әуезділігін жеткізе алмайтынын айтып шыға келді. Мен бұған қарсы пікір білдіріп, «жоқ, мүлтіксіз болмаса да, Дантенің үнін белгілі бір деңгейде түсіне аламын», – дедім. Ол менен Дантенің аталған шығармасынан үзінді оқуымды сұрады. Сол арада «Маһшар» бөлімінің бас жағынан 15 жолды оқып бердім. Сонда ол сұхбатты тоқтатып: «Бұл – итальян тілі емес, бірақ, мен сіздің мұның итальян тілі екеніне сенетініңізге сенемін», – деген еді.
– Көп жазушылар оңашада жұмыс істегенді қалайды. Алайда сіздің шығармаларыңыздағы жазушы кейіпкерлер қонақбөлмеде диванда жатып алып жазады. Сіз де отбасыңыздың ортасында отырып жұмыс істей бересіз бе?
– Маған жұмыс істеу үшін оңашалықтың қажеті жоқ. Мен кітап оқысам да, жазумен айналыссам да, өзімді отбасынан бөліп тастамаймын. Әдетте қонақбөлмеде жұмыс істеймін. Ол кезде Хикари музыка тыңдап отырады. Үйімнің екінші қабатында жеке бөлмем бар. Бірақ онда өте сирек бас сұғамын. Тек жазғанымды аяқтайтын кезде ғана ойымды жинақтау үшін сонда барамын. Өйткені менің өз-өзіммен болуым басқаларды зеріктіре бастайды.
– Жаныңыз жабырқайтын кездер бола ма?
– Мен әр екі-үш жыл сайын мұңға батамын. Әдетте ондай күй ядролық қаруға қатысты мазасыздануымнан немесе қатарластарымның бірі о дүниелік болғанда туады. Кітаптарым енді ешкімге қажет еместей болып сезіле бастағанда да күйзеліске түсемін. Мен мұндай жағдайдан бір аудиотаспаны күн сайын тыңдау арқылы шыға аламын. Жалпы, менің өмірім кітап оқудан, кітап жазудан және Хикариден тұрады.
– Хикари романдарыңызда кейіпкер ретінде жиі кездеседі…
– Мен ұлыммен қаншама жыл бірге тұрып келемін. Ол туралы жазу – менің шығармашылығымның мықты бір қазығы болды. Мен мүгедек адамдардың өз-өзін қалай сезінетіні және мұның қандай қиын екені жайында жазғым келді. Хикари тым жас кезінде өзін-өзі, адамдық болмысын музыка арқылы таныта бастады. Бұл менің өзімді-өзім тану процесін бастауыма әсер етті. Жалпы, Хикари маған ел,
әлем, рух туралы жазуыма жол ашты.
– Нобель сыйлығын алғанда қандай сезімде болдыңыз?
– Журналистер үш жылдай үйімнің жанында жүрді десем, артық айтқаным емес. Жалпы, жапондық бұқаралық ақпарат құралдарына Нобель сыйлығына үміткерлерді асыра бағалау тән. Менің аталған сыйлықтан үміткер екенімді білгенде, бұған дейін әдеби еңбегімді бағаламай келгендер, саяси көзқарастарыма қарсы шыққандар маған қызығушылық таныта бастады. Нобель сыйлығының әдебиетке қатысты ешқандай маңызы жоқ деуге болады. Алайда ол адамды қоғамдық тұлға ретінде биікке шығарады, дәрежесін өсіреді. Басқаша айтқанда, адамға не істесе де өзі білетін «сиқырлы қағаз» берілгендей болады. Бірақ автор үшін ештеңе де өзгермейді. Менің өзім туралы да пікірім еш өзгерген жоқ. Нобель сыйлығын алғаннан кейін де жақсы шығармалар жаза алған бірнеше жазушылар бар. Мәселен, Томас Манн, Уильям Фолкнер.
– Сіз өз романдарыңызды өзіңіз туып-өскен қыстаққа қайта оралудың бір тәсілі санайды екенсіз..
–Мен шығармаларымда бірнеше рет өз балалығымды сипаттап жаздым. Онда шындық пен қиял бір-бірімен араласып кеткен. Бала кезім болатын. Бір күні күннің суық кезінде орманда ағаштардың суретін саламын деп ұзақ жүріп қалыппын. Содан қатты ауырып қалдым. Үйде төсек тартып жатқанымда құдды өзімді ұзаққа бармайтындай сезіндім. «Мен өлемін бе?» – деп сұрап едім, анам: «Сен өлгенмен, мен сені қайтадан дүниеге әкелемін», – деді. «Мен сонда басқа бала боламын ба?» – деп таңғалғанымда: «Мен ол баланы сен білетін барлық нәрсеге үйретемін. Оған сен оқыған барлық кітапты оқытамын», – деген еді.
– Ал әкеңіз қандай адам еді?
– Мен әкем туралы өте аз білемін. Ол кісі оңашада ойға батып отырғанды ұнататын. Қыстақтағылардың ешқайсысымен араласпайтын. Тіпті балаларымен де сөйлеспейтін. Өз өмірін тоқыма өнеркәсібінде жұмыс істеумен және кітап оқумен өткізді. Жалпы, жұмбақ адам болатын.
– Өмірде өз жолымды дұрыс таңдадым деп ойлайсыз ба?
– Мен өз өмірімді үйде әйелім дайындаған тамақты ішіп-жеумен, музыка тыңдаумен және Хикаридің жанында болумен өткізіп келемін. Өз басым қызықты карьера таңдадым деп ойлаймын. Күн сайын ұйқыдан «оқитын кітаптар ешқашан таусылмайды» деген оймен оянамын. Мен бастаған кітабымды соңына дейін оқып болғасын ғана өлгім келеді.
(«The Paris Review», №183, 2007).
Аударған
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.