ҚАЗАҚ – ӘРТІСТІККЕ БЕЙІМ ХАЛЫҚ
02.10.2018
1362
0

Мәскеуде өткен «Золотой Витязь» конкурсы. Әлем елдерінен жүз қырықтан астам театр қатысуда. Конкурс соңында әлдебір театр журналының бас редакторы сахнаға қазақтың жас актер жігіті шығуын өтінді. Сахна төрінде ол жігіттің қолын алып тұрып, «Бұл – Гений!» – деді. Көрермендер ду қол шапалақтап, ұзақ тұрып алды. Бұл жігіт – белгілі өнер қайраткері, актер Тілектес Мейрамов болатын.

Тілектес Мейрамовты алғаш көрген жан оның сырбаз, тәкаппар болмысты үлкен өнер иесі екенін жазбай таныса керек. Талай қойы­лым­дардың басты рөлдерін ойнап, халықтың қалаулысына айнал­ған актердің өмірі өнегеге толы. Ол қазір Елорда­мыздағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде өнер әлеміне қанат қаққан шәкірттерге ұстаздық етеді.
26 қыркүйек күні өзі алғашқы еңбек жолын бастаған Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Тілектес Мейрамовтың 70 жасқа толу мерейтойы өтті. Шоқтығы биік өнер иесінің асқақ беделін, замандастар арасындағы орнын көріп қуанып, құрметіміз артты. Кеш алдында ағамызды аз-маз әңгімеге тартқан едік.
– Тілектес аға, жетпіс жасқа келіпсіз. Ал, өнерге келгеніңізге неше жыл болды?
– 1967 жылы Өнер инс­титутына түстім. Қазіргі Құрманғазы атындағы кон­серватория ол кезде Өнер институты деп аталатын. Белгілі қайраткер, атақты Асқар Тоқпановтың класына қабыл­дандым. Ол кісі көп ұзамай Таразға бас режиссер болып ауысып, орнына Халық әртісі Шолпан Жандарбекова келді. Сол кісінің бөлімінде оқып шықтым. Төртінші курста оқып жүрген кезімнен Қазақ­тың М.Әуезов атындағы драма театрына қызметке қабылдандым. Іле-шала маған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу­дағы» Қозының рөлін берді. Ең бірінші, тырнақалды рөлім сол болды.
– Бала жастан әдеби туындылар оқып өскеніңіз байқалады…
– Бала кезімде әнші болуды армандадым. Жетінші сыныпқа дейін қазақша оқыдым, одан кейін орысша оқыдым. Бірақ менің кітап оқуымда ешқандай жүйе болмады. «Ананы оқы, мынаны оқы» деп бағыт сілтеп, ақыл айтатын аға болмады. Әкем үкіметтің жұмысында, шешем үй шаруасындағы адам еді. Кейде маған қиял-ғажайып ертегі, аңыздар айтатын. Соның әсері болса керек, әлі күнге әдеби шығармаларды сүйіп оқимын.
– Образдарыңыз соншалық шынайы шығады. «Отеллода» Дездемонаның әкесі болып ойнадыңыз. Жаныңызға қай кейіп­кердің жан дүниесі жақын?
– «Шағала» спетаклінде Сорин деген кейіпкер бар. Өзі аурушаң, тізесі ауыратын, науқас адам. Трагедиясы бар кейіпкер. Аяғының ақсақтығын көрсету үшін тіземнің артқы жағына тақтайша байлап алатынмын. Өзіме сол рөл ерекше жақын көрінеді. Жас кезімізден рөлді режиссердің айтуымен, қақпақылдауымен жасап үйреніп қалғанбыз. Ал осы рөлді бастан-аяқ өзім жасап шықтым. Ойымды, идеямның көбін осыған салдым. Режиссер Болат Атабаев та өз қиялыммен жасауға мүмкіндік, еркіндік берді. Басқа да қойылымдарда Шыңғыс хан, Еділ патша және Жәңгір ханның рөлдерін ойнадым. Жәңгір хан боп ойнаған спектаклінің режиссері Әбубәкір Рахимов еді.
Үкіметтің шатқаяқтап тұрған шағы. Өлара кез. Сонда айттым, егер Жәңгір ханның рөлін ойнасам, өзімше ойнайын, идеология санамызға сіңірген жемқор не қатігез емес, тарихта болған Жәңгір хан болып ойнауға тырысамын. Мектеп ашқан, халыққа талай жақ­сылық жасаған жағымды кейіпкер ретінде. Осы рөлім өзгешелеу болып, өз көңілімнен шықты. Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов секілді тұлғалармен бірге көптеген спектакльдерде ойнадым. Осы тұғыры биік талантты орта шыңдалуыма көп әсер етті.
Белгілі режиссер Талғат Теменов сахналаған «Тыраулап ұшқан тырналар» атты спек­такль бар. Сонда жап-жас қазақтың баласы үшін өз басын қатерге тіккен полковник Лукьяновтың рөлінде ойнадым. Осы рөл де жаныма жақын болды. Мәскеуде өткен «Золотой витязь» деген үлкен фестивальге қатыстық. Жүз қырықтай театрдың ішінен фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алдық.
– «Бір басқа адам әртісі, ал актер адам бір басқа», – дейді Қадыр ақын. Бүгінде тек әртістер ғана емес, әншілер де, басқа да өнер жұлдыздары кино түсіре беретін болды. Актер актер болып туа ма, әлде еңбекпен жететін шеберлік биігі ме?
– Екеуі де бар. Қарап отырсаң, қазақ – әртістікке бейім халық. Егер орыс бір әңгіме айтса, анық әрі қысқа етіп, «мен бардым, барсам жоқ екен, содан қайтып келдім» деп қана қайырады. Ал қазақтар «ойбай, аға, барып едім, есікті ашып кіріп барсам, ешкім жоқ екен. Үйде, пәленше қайда, – дедім, ол жоқ деді арғы бет­тен» деп күйінеді ғой әртістікке салып. Егер жас шәкіртті қырандай баулып, бағыт бере алсақ, ол жақсы актер болып шығады. Ал, қазіргі көптеген жас артистер не өзінің мақсатын, не бағытын білмейді. Бірақ бәрі – шетінен «жұлдыз». Кезінде осы мәселені көтердік те, жаздық та. Алайда бұдан нәтиже шығып жатқан жоқ.
– Бауыржан Ибрагимов, Бекжан Тұрыс, Нүркен Өтеуілов, Данагүл Темірсұлтанова, Меруерт Түсіпбаева сынды шәкірттеріңіз халықтың қалаулысына айналды. Қазір баулып жүрген талантты жас шәкірттеріңіз бар ма?
– Әрине, бар. Өзім көптеген шәкірттерге сабақ беремін. Сонда бірінші айтарым, мен сендерді бір жерге апарып жұмысқа тұрғызып не сүйреп жүре алмаймын. Егер фестиваль болса, қатыстыра алатын шығармын, бірақ сахнадан сахнаға сүйреп жүрер шамам жоқ. Көбінің үлкен қалада жүргісі келеді. Алайда Астана, Алматы театрларында орын бола бермейді. Облыстық театрларға барып, облыс көлемінде қалып қоятындары көп. Кейбіреулері той-тома­лақта асабалық жасап, күнкөріс қамын жасайды. Барлық ауыртпалыққа шыдағандары ғана суырылып шығып, үлкен театрға қадам басады.
– Көкейіңізде орындалмай қалған арман бар ма?
– Ең бастысы, өз мамандығымды игеріп, өмірдегі өз орнымды таптым. Кейде әлдебір істерді ертеректе басқаша жасауым қажет пе еді деген де ойлар келеді. Бірақ тағдырыма ризамын.

Сұхбаттасқан Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір