Студент күнделігінен
02.10.2018
1828
0

1973 жылы мизам шуаққа бөленген Алматы шаһарында әлем әдебиетінің жылнамасына еніп, тарих бетінде қалып қойған бір сәтті кездесу болды. Ол кездесуде Азия-Африка құрлығының әйгілі қаламгерлері бас қосты. «Азия-Африка жазушыларының конференциясы» аталған жиында С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқитын Мылтықбай Ерімбетов те жүрді. Қазақ поэзиясына «никарагуалатып» келген Мылтекең ұқыпты студентке тән керек-жарағын асынып алып, конференция барысынан күнделік жүргізіпті. Әдебиеттің игілігі үшін жазудан ерінбеген ерімбетовтердің еңбегі бүгінгі жас қаламгерлер мен жалпы оқырманға үлгі болсын, әрі сол конференцияға қатысқан аға буынның жадын бір жаңғыртып өтсін деген оймен «Студент күнделігін» қаз-қалпында жариялап отырмыз.
1973 жыл, 4 қыркүйек.

…Алдында радиодан естігенмін, ай бойы газеттер тоқтаусыз жазды. Баспалар аударма кітаптар шығарып, көрмелер ұйым­дастырылып, дүкендерге түсе бас­тады. Іздеп жүріп талай кітап алдым. Ал­тын реңді сентябрь айының тамаша табиғатына бөленген ару қала – Алматы бұрынғысынан да әсем. Мәдениет және әдебиет мейрамына дайындық өте күш­ті. Бүгін республикамыздың аста­насы Алматы көшелерінде бірнеше ұлттардың тілінде жазылған жалынды ұрандар жарқырайды. Сөйтіп, көптен күткен Азия мен Африка елдері жазушыларының V конференциясы 4 сентябрь күні сағат 4-те В.И.Ленин атындағы сарайда ашыл­ды. Оған Азия мен Африканың барлық елдерінің дерлік өкілдері келіпті. Тіпті Европаның, Американың бірқатар елдерінің жазушылары да келіпті. Азия мен Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Совет комитетінің председателі Камил Яшен бастаған делегацияны Әнуәр Әлімжанов бастаған қазақ қаламгерлері қарсы алған. Әбділдә Тәжібаевтің достыққа шақырған өлеңі­мен айтқанда
Ассалаумағалейкум,
Азиялық, достарым,
Африкалық достарым,
Өздеріңсің алыстан аңсап тосқаным,
Алдарыңда әппақ басымды иемін,
Әрбіріңді бауырыма басып сүйемін.

Есігім ашық,
Төрімде төсек салулы,
Өздерің үшін бар жылу, барлық жарығым…
Президиумда – Азия және Африка жазу­шылары ассоциациясының тұрақты әзірлік комитетінің мүшелері, жазушы­лар ұйымының басшылары мен өкілдері, мәдениет қайраткерлері, республика жұрт­шылығының өкілдері отыр. Пре­зи­диум­дағы қонақтардың арасына – КПСС Орталық Комитетінің саяси бю­­росының мүшесі, Қазақстан Ком­пар­тия­сы Орталық комитетінің бірінші сек­ретары Д. А. Қонаев, Қазақ ССР Жо­ғарғы Советі Президиумның предсе­да­телі С. Б. Ниязбеков, Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетінің бюро мү­шелері, мүдшелікке кандидаттар жай­ғасты.
Конференцияны СССР Жазушылар ода­ғының бірінші секретары Г. М. Мар­ков ашты. Ол дүниежүзіндегі саяси жағ­дай­ларды кеңінен толғап айтты. Сөйтіп сал­танатпен ашылған конференция екі континенттің сөз зергерлерінің үлкен маслихатына айналды.
Д.А.Қонаев баяндама жасады. КПСС Орталық комитетінің бас секретары Л. И.Брежневтің құттықтау хатын оқып бер­ді.
«Әдебиетші саясаттан сыртқары тұр­ған адам, оның қызмет саласы біреу ғана: ол – творчество деп босқа айтылады. Ал шынында творчество адамдардың не жақсы, не жаман болуына көмектесіп отыр­май ма? Шынында әлеуметтік әді­леттіліктің, барлық халықтардың теңдігі мен бақытының жаршыcы болған твор­чество бүгінгі заманнан бейтарап қала ала ма?» деген Д. А. Қонаев сөзін конс­пектілеп алдым.
Мінбеге Азия мен Африка елдері жазу­шыларының халықаралық тұрақты бюросының бас секретары Юсеф эс-Сибай көтерілді. Ол осы өтіп жатқан кон­ференцияны ұйымдастырушы­лар­дың бірі екен.
Сибай: «Біздің ұйым жиырмасыншы ға­сырдың орта кезінде туды. Жазу­шы­лар­дың Ташкент пен Каирдегі, Бейрут пен Делидегі тарихи кездесулері жақсы дәстүрге айналды. Творчестволық ын­тымақ эстафетасын енді Алматы қа­был­дап отыр. Шап-шағын әңгімелесу үстін­де ұзақ сөйлеуді өз басым ұнатпаймын», – дей келіп, байсалды пікір алысудың барысында қос құрлық қаламгерлері Азия мен Африка елдерінің қазіргі әде­биетінде жаңа адам образының қалай бейнеленіп келе жатқаны, реакциялық және империалистік идеологияның қалай әшкереленіп жүргені, өз елдерінің мәдени-әдеби өміріне осындай кер­тартпа идеологияның еніп кетуіне қарсы күресті көркем сөз шеберлерінің қандай әдіс-тәсілдермен жүргізіп келе жатқаны жөніндегі өз ойларын емін-еркін білдір­ді. Сондай-ақ, Азия мен Африка халық­тарының классикалық мәдени мұрасы, оның әлемдік мәдениеттегі ролі туралы, бұл бағыттағы байланысты қазіргіден де нығайту үшін әдеби аударма ісін әлде­қайда жақсарту қажет екендігіне ерекше көңіл бөлді.
Бұл кісіден соң Конго Халық Респуб­ли­касының өкілі драматург Летамбе Амбили Антуан, Нигер жазушысы Диадо Амаду, үндістандық, осы комитеттің төрағасы, Субхаз Мукерджи, Куба ақы­ны Эфраин Надеро, Жоғары Вольтадан келген жазушы Жак Гегане, палестиндық Муин Бсису, алжирлік Мулуд Маммери, Сенегал ақыны Мамаду Диоп т.б. сөй­леп, ғажайып құнды пікірлер айтты, бә­рін орысша аудармадан асығыс конс­пектілеп отырдым. Дагомеяның пре­зи­денті Юсташ Прюденсио деген ақын-прозаик екен. Аты-жөні жазылуы қиын адамның сөзі қызық шықты. «Мен бұ­рын қазақтарды көшпелі, тағы, артта қалған халық деп естуші едім. Енді, Қа­зақстанның астанасы Алматыны, аса қонақжай қазақтарды көріп таң-тамаша қалдым. Ашық аспан, күндей күлімкөзді мәдениетті киінген қазақ жанға жайлы, жүрекке жылы сезім ұялатады».
Қазақстан жазушылар одағы бас­қармасының бірінші секретары Ә. Т. Әлім­жанов сөз алды. Біздің бұл жиыны­мыз, – деді ол, – іс-қимыл бірлігінің, мә­­дениеттер достығының, бүкіл адам­заттың үштен бір бөлегі мекендеп отыр­ған Азия мен Африка жазушылары қа­тарын топтастырудың жиыны болып отыр. Конференцияға жер жүзінің адамдары айрықша назар аударып отыр. Адресімізге жолданған хаттар мен те­лег­раммалар үздіксіз ағылып келіп жатыр.
Якут Жазушыларының басшысы Семен Данилов, Лениндік сыйлықтың лау­реаты Мирзо Тұрсын-заде, Социа­лис­тік еңбек ері Берді Кербабаев, Па­лестин ақыны Махмуд Дервиш, Па­кис­тан ақыны Фаиз Ахмад-Фаиз, Ресейден Ни­колай Тихонов, Лениндік сыйлықтың лау­реаты Шыңғыс Айтматовтың сөздері ғажап әсерлі шықты.
Фаиз Ахмадша айтсақ:

О, айтып қал!
Өмір жібің егерде әлі қиылмаса – айтып қал!
Сөз айтудан тілің тиылмаса – айтып қал!
Шындық та бар, оны жоқ деу жалған бол­са – айтып қал!
Қаншама ойың айтылмастан қалған болса – айтып қал!

Тіпті, Солтүстік Вьетнамның Те Лан Вьен деген ақыны Алматы туралы жаз­ған жаңа өлеңін Аманхан құсап ұмытып қалып, біз түсінбесек те, толқып оқып шықты.

1973 жыл, 5 қыркүйек.

Мен үшін ең толғанысты сәт осы күні болды. М. Ю. Лермонтов атындағы театр үйінде интернационалдық поэзия кеші болып өтті. Екі құрлық қаламгерлері қатысқан поэзия мерекесін совет жазу­шысы Анатолий Софронов ашты.
Поэзия мерекесінде ақындар: Диадо Амаду (Нигерия), Зүлфия (СССР), Мах­муд Дервиш (Палестина), Олжас Сүлейменов (СССР), Хариваншрай Бач­чан (Үндістан), Жан Бриер (Гаити), Мохаммед Монируззакман (Бангладеш), Эфраин Надеро (Куба), Гассу Диавара (Мали), Явухуулаи (Монгол Халық Республикасы), Атуквей Окай (Гана), Адонис (Ливан), Евгений Евтушенко (СССР), Башқұрт Мұстай Кәрім, Ли­вандық Адолис, Алим Кешоков және басқалары өлеңдерін оқыды.
Қонақтар өз мұраттары жолындағы күресі туралы жалынды шумақтарын сан тілде оқыды. Көптеген өлеңдер жасыл бақтай жайқалған Алматыға және кең байтақ Қазақстандға арналды. Менің қуанышым бірқатарының өлеңдерін мен аударып, олар газеттерде жарық көрді.

1973 жыл, 6 қыркүйек.

Ашылған кітап көрмесін тамашала­дық. Алматыда, В.И. Ленин атындағы Сарайда Азия және Африка елдері жазу­шыларының V конференциясына арнал­ған кітап көрмесі ашылды.
Қазақ ССР Министрлер Советінің бас­палар, полиграфия және кітап сауда­сы ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің председателі Ш. Р. Елеукенов көрмені ашты.
Байырғы қазақ жазушыларының бірі, СССР Жазушылар одағы басқар­ма­сы­ның секретары Ғ. М. Мүсірепов Қа­зақ­стан Жазушылар одағының тап­сыры­сы бойынша жиналғандарға арнап құттықтау сөз сөйледі.
Мұнда барлығы екі мыңнан астам кі­тап қойылған.
Азия және Африкада басылып шық­қан кітаптар, сондай-ақ Азия және Аф­рика елдері жазушылары ассоция­сы­ның органы «Лотос» журналының ағылшын, француз және араб тілдерінде шыққан но­мерлері мен қосымшалары көптеп қойыл­ған. Ертеңіне делегаттардың бір то­бы жыр алыбы Жамбылдың музей үйі­не аттанды.

 

Мылтықбай Ерімбетов,
С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетінің 2-курс студенті
1973 жыл, қыркүйек.
Алматы

 

 


Осыдан 45 жыл бұрын – 1973 жылы 4-9 қыркүйек күндері Азия – Африка жазушыларының V конферен­циясы өткен еді. Сол халықаралық жиын Сырбай Мәуленов қол қойған «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір