ҚазҰУ-дың мақсаты – әлемнің жетекші оқу орны болу
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің жетекші ЖОО-лары қатарына енуді көздеуде. Мұндай университеттер өз елінің, сондай-ақ бүкіл аймақтардың дамуын айқындап, жетекші экономикалардың негізгі салалары мен бағыттарын мамандармен қамтамасыз етеді», – деп атап өтті университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов халық алдындағы есептік кездесуінде.
Ректор университет қызметінің бағыттары, қол жеткізген жетістіктері және мыңдаған ғалымдар ұжымы, оқытушылар мен студенттер алдында тұрған стратегиялық міндеттер туралы егжей-тегжейлі баяндады. ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытымен мақсатты түрде келе жатқаны аталып өтті. Биыл университет QS халықаралық рейтингісінде тағы да алға жылжып, әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары арасында 220-орынға ие болды. Бұл топқа ТМД елдерінен ҚазҰУ мен Ломоносов атындағы ММУ ғана кіріп отыр.
«ҚазҰУ өзінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін көтеру және әлемнің 200 үздік топ университеті құрамына ену жөніндегі ел Президентінің тапсырмасын орындау жолында белсенді жұмыстар атқаруда. Университеттің оқу бағдарламаларының 90%-ы халықаралық аккредитациялық агенттіктердің аккредитациясынан сәтті өтті. Бірнеше оқу бағдарламалары «EUR-ACE® Label» еуропалық сапа белгісін иеленген. ҚазҰУ – қос диплом бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен 70-тен аса бағдарламаны жүзеге асырып отырған жалғыз университет», – деді ҚазҰУ басшысы өз баяндамасында.
Экономиканы жаңғырту және өндіріске мамандарды даярлауға бағытталған «4.0» мемлекеттік даму бағдарламасы аясында осы оқу жылында ҚазҰУ-да қағида тұрғысында «Е-коммерция», «Сандық лингвистика», «BIG DATA», «Жасанды интеллект», «Геоинформатика», «Интернет бұйым», «Биоинформатика» және т.б. жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Сондай-ақ, АХҚО және Бенхалиф Университетімен (Катар) бірлесе ислам қаржысы және банкинг бойынша бағдарламалар енгізілуде. Ағылшын тілінде 162 мамандық оқытылады.