«АСТАНА» ТАҚЫРЫБЫ – АСТАНА САХНАСЫНДА
Қыркүйек айының 7-8-і күндері Астана жұртшылығы елордаға гастрольдік сапармен келген Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры әртістерінің өнерін тамашалады.
Белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлының қос драмасы көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Алғашқы «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» деп аталатын қойылым 2017 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің «Тәуелсіздік толғауы» атты байқауында жүлдегер атанған. Онда қазақ елінің тәуелсіздігін нығайту кезеңіндегі қажырлы күрес пен Астананың сәулетті қала болып бой көтеруі жолындағы қиындықтар жайлы айтылады. Пьесаның бас кейіпкері – Сәулетші жігіт арқылы түрлі тартыстар өрбиді. Негізгі идея әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатынан алынған. Жалпы, қойылымда қазақ елінің қала салу жолындағы арманы Әбунасыр әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абылай хан заманынан желі тартқаны туралы нанымды баяндалады. Режиссер Ержан Қауланов бұл пьеса елорданың 20 жылдық тойына тарту екенін айтады. Ал екінші «Мұңмен алысқан адам» драмасының басты тақырыбы (режиссері Ерсайын Төлеубай) – оралмандар тағдыры. Онда өткен ғасырдың 30-жылдарындағы аласапыранда атамекенінен жыраққа көшуге мәжбүр болған бір отбасының тарихы арқылы бүкіл қазақтың бастан кешкен ауыр жағдайы арқау болған.